Магистрант Қадырбекқызы Г.

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

 

Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы мен заңдардың ара-қатынасы

«Конституция» деген латын сөзі, қазақшаласақ, белгілі бір дүниені орнату, белгілеу, анықтау деген мағына береді. Ресми тілде – «Мемлекеттің құрылымын негіздеу, негізгі ережелерін анықтау». Осы ұғымның бәрі ықшамдалып, басты құжат ретінде Конституцияда көрініс табады. Онда қарастырылатын ең басты екі мәселе бар: біріншіден, мемлекеттің құрылымы, екіншіден, адам және оның құқы. Конституцияны бүкіл заңдардың заңы деп атаудың себебі де сол. Мысалы, біздің Ата заңымыздың 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген. Бұл – үлкен бір негіз. Барлық заңдар осыдан шығады. Мәселен, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты ретінде біздер қандай заң келмесін, осы конституциялық принциптерге сай ма, сай емес пе деген талдаулардан кейін барып талқылаймыз [1, 4].

1926 жылы қабылданған бірінші қазақстандық Қонституцияда декларациядан ешқандай өзгешілігі болған жоқ. Ол мазмұны және нысанымен РКФСР Конституциясына сәйкес келіп, декларацияның барлық ережелерін енгізген болатын. Қазақстан Кеңес Федерациясының тура субъектісінің мәртебесін алса да, нақты, заңды түрде де тәуелсіздігімен атазаңдығына ие болған жоқ. Қазақстанның өз мемлекеттік егемендігін нақты жүзеге асыруы Республикалық Жоғары Кеңесімен 1990 жылы 25 қазанда қабылданған тарихи үлкен маңыздылығы бар құжаты – Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясынан басталады. Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңызы республиканың мемлекеттік егемендігіне нақты мазмұнын бергені, көп ғасырлық тарихы, мәдениеті мен қалыптасқан мемлекеттік-құқықтық дәстүрлері бар Қазақстанның өз мемлекеттігін белгіледі. Декларация Қазақстан Республикасының егеменді мемлекетінің мәртебесін іске асырған елдің жаңа Конституциясы мен басқа да заңнамалық кесімдер әзірлеуге негіз болды.1991 жылы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» консититуциялық заңды, 1993 жылғы Қазақстан Конституцияны және қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Ата заңды қабылдауымен тәуелсіздік мемлекет ретінде біздің еліміздің конституциялық ресімдеуінің қалыптасуы аяқталды [2, 1-2].

1995 жылғы Конституцияның Қазақстан аумағында қолданылған 1924, 1936, 1978, 1993 жылдардағы Конституциялардан қандай артықшылықтары мен ерекшеліктері бар еді деген мәселеге келсек, біріншіден, заң шығарушы, атқарушы, сот билігін белгілеп, олардың құзыретін, жұмыс істеу тетігін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап берді; екіншіден, өкімет билігінің аталған тармақтарға бөлінуі мемлекеттің лауазымды адамдарының азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуына жол бермейді; үшіншіден, бұл Конституцияда құқық пен жауапкершілік ұғым­дары пара-пар көрсетілген. Осы Конституцияда бұрынғы Конституцияларда шешімін таппаған мемлекеттіліктің мәні, жер, тіл, азаматтық, Парламенттің қос палаталы жүйесі, Президенттің құзыры, сот төрелігінің қызметі сияқты күр­де­лі мәселелер заңдық тұрғысынан өз шешімін тапқан [3, 4-5].

Екінші мәселе, Ата заңымыздың басқа мемлекеттердің заңдарымен байланысы. Қазақстан Республикасы Конституциясының Франция Конститу-циясына ұқсас тұстары өте көп. Дегенмен де, еліміздің жаңа Конституциясын дайындау барысында қазақ елінің өткен тарихтағы дәстүрлерінің көрініп тұратын болуы да ұмыт қалған жоқ. Елбасы Н.Назарбаев енгізген қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу принциптері ұзақ талас пікірлерден кейін жобаға енгізілді. Аталған принциптердің ішінде Қытай халқының қоғамдық қайраткері және саяси ойшылы Сунь Ятсеннің ХХ ғасырдың басында ұсынған «халықтық үш принцип» идеяларына ұқсайтындары бар. Оларды атап айтар болсақ – қазақстандық патриотизм, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім, халық игілігі үшін жасалатын экономикалық реформалар. Бұл принциптер Конституцияның халық алдындағы рухын көтеріп ғана қоймайды, Ата Заңның барлық нормаларының осы принциптерге сәйкес келу қажеттігін де ұғындырады [4, 3]. Сонымен қатар біздің Конституциямыздағы адам және азамат құқықтарына көңіл бөлгіміз келеді. Осы құқықтарды қарастыра отырып біз Конституциямыздың дүниежүзілік маңызы бар құжаттармен байланысына назар аудардық. Адамның негізгі құқықтары мен бостандықтары жоғары құндылық ретінде мемлекеттің, оның органдары мен лауазымды тұлғаларының өктемдігінің жолында тосқауыл болуға, мемлекеттің қоғамды шексіз билеп-төстеуіне кедергі қоюға тиіс.

Адамның құқықтары – бүкіл адамзаттың ажырамас, бөлінбес игілігі. Бұл дүниеде қандай да оқиғалар мен әрекеттер орын алмасын, қандай да ғылыми жаңалықтар ашылмасын, олар адамның жағдайына, оның құқықтары мен бостандықтарына жағымсыз әсер етпеуге тиіс. Қоғамдық процестердің дамуында құндылық бағдар адам құқықтарын ұлағаттаған дүниежүзілік және ұлттық дамудың барлық процестерін адаммен өлшеудің мәні осында.

XX ғасырдың екінші жартысынан бастап көптеген мемлекеттер жалпы адамзаттық құндылықтардың, либералдық-демократиялық идеялардың ықпалымен адам құқықтарын қорғауды көздейтін құқықтық, әлеуметтік, демократиялық мемлекет принциптерінен бағдар алды. Адам құқықтарын жан-жақтылау процесіндегі мына төмендегідей аса маңызды кезеңдерді атап өту қажет. 1948 жылдың 10 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымы негізгі құқық қорғаушы құжат – Адам құқықтарының жалпыға бірдей деклара-циясын қабылдады. Адам құқықтарын қорғауда 1975 жылы Хельсинки және 1989 жылы Вена келісімдері де маңызды құжаттар болды.

Конституцияда адамның құқықтары мен бостандықтарының үлкен тізімі бекітілген [5, 21-27]. Бұл арада ҚР Конституциясында адамның құқықтары мен бостандықтарының адам құқықтарының халықаралық стандарттарынан бастау алып, бекітілуінің аса маңызды факт екенін атап өткен жөн.

Үшінші мәселе, Конституцияның Қазақстан Республикасы Елбасының жарлықтары мен стратегияларында көрініс табуы. Осы мәселені қарамастан бұрын, біз мемлекетіміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзіне көңіл бөлгім келеді: «Еліміздің Ата заңы «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатынын білесіздер. Конституциямыз – қабылданған күннен бастап, тағдыр тоғыстырған көпұлтты халқымыздың татулығы мен тұрақтылығына тұғыр болып келеді. Біз Ата заңға сүйене отырып қазақ мемлекеттігінің іргесін бекіттік, дамудың даңғылына түстік. Азат елдің ар-намысындай болған Ата заңымыз қазақтың ұлан-байтақ даласының кеңдігін де, елінің ерлігі мен өрлігін де бойына сыйғызған құдірет. Тәуелсіз елдің мызғымас тұғырына айналған Ата заң елдігіміздің киелі кітабы іспетті қастерлі құжат. Халықтың жүрегінен шыққан, заман сынына қапысыз төтеп берген мемлекеттігіміздің темірқазығы. Ата заңымыз қазақ мемлекетінің дамылсыз дамуына, үздіксіз өсуіне кепіл болған барша заңдарымыздың қайнар көзі, бастау бұлағы. Қазақтың: «Заңын құрметтей білген, заңына бағына білген ел ғана озады»,- деген дана сөзі бар. Біз елдігіміздің тұғыры – Ата заңымызды құрмет тұтып, оның әрбір әрпі өмірлік заңымызға айналуын қадағалап келеміз. Соның нәтижесінде асқар асулар мен биік белестерді бағындырдық, еңселі елге айналдық. Кешегі тарихтан тамыр алған, ертеңгі тарихқа тұғыр болған Ата заңымыз салтанат құрып тұрғанда еліміз толағай табыстарға бөлене бермек. Ұлы бабамыз Төле би «Халқы заңын сыйлаған елдің бағы бір мысқал артық» деген. Біз ықылым замандардан ата заңына бағына білген, ата заңын құрметтей білген елдің ұрпағымыз. Ата-бабаларымыз дала заңдарының білгірлері – билеріміздің билігіне сөзсіз бағынған. Тарихтан тағылым алған бүгінгі буын да игі дәстүрді жалғап, ұрпақ сабақтастығын үзген емес. Тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекеттігіміздің жүрегі болған Ата заңымыз мәңгілік болсын!» [6, 1].

Біздің ойымызша, Елбасының осы айтқан сөздері Ата заңымыздың Қазақстан Республикасында мәртебесі биіктігін, мемлекеттегі оның рөлін айқындайды, яғни Конституциямызға назар аудара отырып, оның біздің елдегі барлық қатынастардың реттеушісі, Негізгі заңы екендігін ұғындырады.

Сонымен қатар, Ата заңымыздың барлық заңдардың негізгі қайнары, стратегиялар мен жарлықтардың маңыздысы. Енді нақты мысалдарға келетін болсақ, Конституциямыздың рөлі ҚР Президентінің келесі жарлықтары мен стратегияларында орын тапқан.

Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру мақсатында және "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңында былай жазылған: «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес әлеуметтiк мемлекет құру қоғамдық дамудың негiзгi мақсаттарының бiрi болып табылады. Елдiң әлеуметтiк дамуы тұтасымен мемлекеттiң заңдарда белгiленген әлеуметтiк функцияларын iске асыру сапасына байланысты».

Құқықтық саясат тұжырымдамасының қағидаларын іске асыру Республика Конституциясының негізгі идеялары мен принциптерін Қазақстанда құқықтық мемлекет құрылымының жаңа кезеңінің аясында өмірімізде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Конституция – құқық жүйесінің тұғыры, іргетасы. Құқық – тәртіптің ғана емес, бостандықтың да негізі. Құқық жүйесі аясындағы бостандық азаматқа және оның мүмкіндіктеріне сеніммен қараумен қатар, оның пікірін сыйлау деген сөз. Конституция біздің сенімге дағдылануымызға, мемлекет тарапынан сыйластыққа, сонымен қатар заңды сыйлауға үйретеді.

Әдебиеттер:

1.Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы // Алматы: Юрист, 2012. - 4 бет.

2. Сейдімбеков Е. Әділет департаменті бастығы берген сұхбаты.2011.-1 б.

3. Ағыбаев А. Игілікті істердің көш бастаушысы. // Егемен Қазақстан, 25 шілде 2011. - 4-5 б.

4. Н.Ә. Назарбаев. Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференциядағы сөзі, 2012.

5. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы // Алматы: Юрист, 2012. – 5б.

6. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзі. - Астана: 2007.