Абдықалық А.А. соц.ғ.к., Бисенова А.З. соц.ғ.к.

 

Абай атындағы Қазақ Ұлттық университеті.Қазақстан.

 

МЕМЛЕКЕТТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ

  Адамзат жер бетінде пайда болғалы прогрессивті даму деңгейінде дін мен ғылымның қағидаларын анықтап, біртұтас тіршілік ету құндылықтарымен ұрпақ жалғастырып  ХХІ ғасырдың ақпараттық-технология ғасырының есігін айқара ашып, табалдырығынан аттады. Өмір тарихының сабақтастығының нәтижесінде  қажеттілігіне қарай, ерекше қоғам түрлерін қалыптастырды. Әлеуметтанушы ғалымдардың тұжырымы бойынша ежелгі кезеңнен бері өмір сүрген мемлекеттердің барлығында сол кезеңдердің дамуына тән әлеуметтік саясат жүргізілген.Қазіргі кезде әлеуметтік саясат мәселелері халық үшін де, саясаткерлер мен ғалымдар үшін де аса өзекті проблемаға айналып отыр. Тәуелсіз Қазақстан жүзеге асырып отырған түбегейлі экономикалық реформалар бұл өзгерістерге жауап бере алатын және соған сәйкес келетін мемлекеттік әлеуметтік саясатты қалыптастыруды талап етеді. Сондай-ақ, алдыңғы қатарлы дамыған өркениетті мемлекеттер қатарына енуге ұмтылатын әр бір мемлекет жүйелі әлеуметтік саясат жүргізуге міндетті.

Тәуелсіз мемлекетіміздің Конституциясында белгіленгендей, Қазақстан Республикасы  – әлеуметтік мемлекет. Яғни, мемлекет өзінің бар мүмкіндігін, қамқорлығын өз қоғамының дамуына арнауға, ондағы азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеру үшін бағыттауға міндетті. Тоталитарлық  басқару түрі мен экономиканың орталықтан басқарылуынан, еркін нарық принциптеріне негізделген демократиялық жүйеге өту, әлеуметтік салада көптеген проблемалардың пайда болуына алып келді. Қаржылық тұрақтылық пен экономикалық өсімсіз әлеуметтік саланың проблемаларын шешу қиындық тудырады. Сондықтан да ішкі саясаттың басты қызметі мемлекеттің экономикалық саясатына басымдық беру болып отыр [1]. Жалпы, әлеуметтік саясатты іске асыру экономикалық даму қарқыны мен әлеуметтік кепілдіктерді сақтау ісін шебер ұштастыруды талап етеді. Бұл орайда, бүгінде мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық рөлі өзгергенін есте сақтау керек. Басымдық халықтың мемлекет көмегіне шынында да мұқтаж, өз бетімен күн көре алмайтын топтарына  беріледі. Әлеуметтік саясаттың негізгі мәні -  адам, сол себепті бұл саясаттың мақсаты да, нысаны да тек қана адам болуы тиіс. Жекелеген адам мен қоғамның әлеуметтік проблемалары көп бағытты әрі көп негізді болып табылады. Бұл өз кезегінде, әлеуметтік саясаттың да көп бағыттылығы мен қызметінің әр тектілігін айқындайды. Сондықтан да, әлеуметтік саясатты негіздегенде және оны жүзеге асырғанда оған кешенді түрде келу қажет, яғни, адам өмірінің, әлеуметтік қатынастар мен қоғам дамуының барлық қырлары есепке алынуы тиіс деп ойлаймыз.  

Қазақстан жағдайында әлеуметтік саясаттағы концептуалды өзгерістер тетігі, ең алдымен экономикалық дамудың көрсеткіштерімен өлшеніп отыр. Дегенмен, бұл жерде экономикалық дамудың мемлекеттің әлеуметтік саясатын айқындаудағы ролін абсолюттендіруге болмайды деп ойлаймыз. Себебі, әлеуметтік саясат мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктеріне ғана тәуелді емес, ол көп жағдайда елдің саяси дамуына, саяси күштердің арасалмағы мен өзара қарым қатынасына да байланысты айқындалады. Әлеуметтік саясат қоғам мүшелерінің саяси белсенділігімен және саяси күштердің өз мүдделері үшін күресінің деңгейімен де айқындалып отырады. Сонымен бірге, мемлекеттің әлеуметтік саясатын қалыптастырып, оны тиімді жүзеге асыруда экономикалық ахуалмен бірге, психологиялық  факторлардың да маңызды роль атқаратынын мемлекеттің даму стратегиясын тұжырымдаған Президент Н.Ә.Назарбаев ерекше атап көрсетеді: «Әлеуметтік стратегияны іске асыру мерзімі экономикалық даму стратегиясын жүзеге асыру мерзімімен сай келмейді, өйткені әлеуметтік стратегия қоғамның әлеуметтік құрамындағы құрылымдық өзгерістермен ғана емес, сондай ақ, қоғамдық сана сезімді қазыналық тұрғыдан қайта бағдарлаумен де байланысты, ал ол экономикалық және әлеуметтік жағынан неғұрлым белсенді жаңа ұрпақ келмейінше мүмкін емес» [2]. Міне, сондықтан да әлеуметтік саясатты айқындағанда саяси биліктен жан-жақтылықтың, кешенділіктің талап етілуі заңды құбылыс. Әлеуметтік саясат  тиімді жүзеге асырылуы үшін бірінші кезекте халықты масылдық психологиядан арылту аса күрделі іс-шара болып табылады. Психологиялық масылдықтың сақталуымен бірге, Президент Н.Ә.Назарбаевтың тұжырымы бойынша «...халық пен әлеуметтік даму ресурстарының таралуының аймақтар бойынша біркелкі болмауы, өндірістік аппараттың артта қалуы тежегіш кезеңдер ролінде әрекет етуі мүмкін» [2]. Осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік саясат тек мемлекеттің немесе мемлекеттегі саяси биліктің ғана саясаты болмауы керек, ол барлық қоғамдық институттар мен саяси партиялардың бірлесіп шешетін саясатына айналуы тиіс.

Әлеуметтік саясаттың тиімділігі халықтың тұрмыс - тіршілігі мен өмір сапасының деңгейімен өлшенеді. Ол материалдық, әлеуметтік және мәдени даму деңгейінің сапалық жиынтығымен сипатталады. Халық өмірінің сапалық деңгейінің көрсеткіштеріне азаматтардың еңбек қауіпсіздігі мен жағдайы, қоршаған ортаның экологиялық ахуалы, бос уақыттың болуы және оны пайдаланудың мүмкіндіктерінің жасалуы, мәдени деңгейі, денсаулығы, мүліктік және меншіктік қауіпсіздігіне кепілдік жатады. Бұл көрсеткіштер қоғам дамуының ерекшеліктеріне сәйкес өзгеріп отырады. Мемлекеттің әлеуметтік саясатының нәтижелі көрсеткіштері халықтың өмір сүру деңгейін сипаттайды, яғни халықтың өмір сүру деңгейінен әлеуметтік саясаттың қандай деңгейде екенін байқауға болады. Әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаттарының бірі – нарықтық экономиканың жағымсыз нәтижелерінен халықты әлеуметтік қорғау. Мемлекеттің әлеуметтік саясатында маңызды орын алатын тағы бір жағдай – экономикалық, саяси және құқықтық жағдайлар мен фактілердің өзіндік бағасы болып табылатын, қоғамда әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету. Сондай-ақ, әлеуметтік саясаттың ең басты қызметтерінің бірі, біздің ойымызша, ол стратегиялық қызмет. Өйткені, әлеуметтік саясаттың оңтайлы ұйымдастырылуы қоғам дамуының тұрақтылығы мен прогрессивті дамуының кепілі болып табылады. Қазақстан жағдайында, әлеуметтік саясаттың басты стратегиялық бағыттарының бірі қоғамда орта тапты қалыптастыру және орта таптың әлеуметтік-саяси белсенділігін арттыру арқылы мемлекеттік саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету болмақ.  Яғни «орта тап – ол демократиялық саяси құрылысы және экономикасы жағынан дамыған елдерде, әлеуметтік топтың анағұрлым көп бөлігін құрайтын, сонымен қатар, қоғамның әлеуметтік тұрақтандырушысы қызметін атқаратын, дәрежелік ұстанымы жағынан жоғарғы және төменгі таптың арасындағы қоғамның орташа  бөлігі. Орта тап өкілдерінің қатарына үкімет билігінен тәуелсіз өзінің жеке қоры бар, біліктілігі мен білімділігі жағынан ерекше адамдар тобын жатқызуға болады» [3]. Бұл дамыған елдер жүріп өткен жол, яғни әлемдік тәжірибеден өткен бағыт болып табылады. Сондықтан да, Қазақстан Республикасының қазіргі әлеуметтік саясатындағы өте маңызды мәселе орта таптың экономикалық белсенділігін ғана емес, олардың әлеуметтік-саяси белсенділігін арттыруға ерекше көңіл бөлу қажет. Мұндай шаралардың  нәтижесінде, яғни, орта таптың әлеуметтік саяси белсенділігі бірте-бірте артып,бұл олардың бойындағы әлеуметтік жауапкершілік психологиясының қалыптасуына алып келері сөзсіз деп ойлаймыз.

Сонымен, әлеуметтік саясат мемлекеттің әлеуметтік мақсаттарының, қызметі мен міндеттерінің жүйесіне енетіндіктен, бұл жүйені тиімді басқару мемлекеттің табиғаты, әлеуметтік саясат үлгілері мен оларды жүзеге асырудың тетіктері туралы ғылыми негізделген білімді талап етеді. Ғылыми тұрғыда негізделген білім, өз кезегінде, әлеуметтік саясаттың барлық деңгейде – мемлекеттік, аймақтық, жергілікті және жекелеген өндіріс орындарда ұтымды жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.

  Әдебиеттер:

1. Ахметова М.М. Социально-политические проблемы медицинского  страхования в Республике Казахстан: автореф. кандидата полит.наук.- Алматы, 1997.-24c.

2. Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы. - Алматы: Дәуір, 1992.- 56 б.

3. Нугманова К.Ж. Ценностные аспекты формирования гражданского общества в Республике Казахстан (политологический анализ): автореф. доктора полит.наук.-Алматы.-2004.-54c.