соц.ғ.к. Абдықалық
А.А.
Абай атындағы
Қазақ Ұлттық университеті. Қазақстан
ЕЛ ДАМУЫНЫҢ
БАСТЫ БАҒЫТЫ – ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫ НЫҒАЙТУ
Қазақстан
Республикасының Конституциясына сәйкес әлеуметтік мемлекет
құру қоғамдық дамудың негізгі мақсаттарының
бірі болып табылады. Яғни, мемлекет
өзінің бар мүмкіндігін, қамқорлығын
өз қоғамының дамуын, ондағы азаматтардың
өмір сүру деңгейін көтеруге міндетті. Қай
елдің тәжірибесінде болмасын саяси, экономикалық және
әлеуметтік реформаларды тең дәрежеде жүргізу өте
күрделі іс. Бұл үш бағытты үйлесімді алып
жүрген мемлекет қана тұрақты даму жолына
түсетінін ТМД құрамына енетін елдердің бүгінгі
тәжірибесі анық көрсетіп отыр. Бүгінгі
Қазақстанның әлеуметтік саласы, коммунистік
режимнің жолынан өткен басқа да елдердегі сияқты,
өтпелі кезеңнің өз ерекшелігіне қарай,
әлеуметтік саясаттың жоғарыда қарастырылған
үлгілерінің күрделі өрілімінің көрінісі
болып табылады. Мұндай жағдай, ең әуелі
тоталитарлық ескі жүйеден және саяси жүйенің
либералдық үлгісінен бас тартқан саяси режимнің
өзінің өзгеруі нәтижесінде қалыптасты.
Өтпелі режимдердің ерекшеліктері – олардың базалық
типтік сипаттамаларының бүкіл жүйе
тұрақсыздығына әкеліп соққан
әлсіздігі болып табылады. Кез-келген әлеуметтік
мемлекеттердің мақсаты – масылшылдық пиғылмен
күрес жүргізу. Қазақстан әлеуметтік мемлекетке
қарай бет бұрып келеді. Бұрын кеңестік жүйеде бай
мен кедейдің арасындағы алшақтық 7-10 есе болатын.
Қазір олардың арасындағы алшақтық көбейіп
кетті. Әлеуметтік мемлекетте – 50-60% орта тап өкілдері болуы керек,
байлар – 15%, қалғандары орта таптан үміткер кедейлер болуы
тиіс[1].
Халықты әлеуметтік
қорғау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының
маңызды бағыты. Халықтың басым көпшілігі
жұмысшылар, ал олардың жалғыз немесе негізгі кірісі еңбекақысы
болғандықтан, экономикалық тұрғыдан әлсіз
болып табылады. Сол себептен де, әлеуметтік қорғау
бағыты өте қажетті болып саналады. 1995 жылдың
ортасынан бастап жүргізіліп жатқан реформаның негізгі
мақсаты елдегі тұрақтылықты нығайту, қол
жеткізген жетістіктерімізді қазақстандық қоғам
үшін, өмірлік өлшем ретінде қалыптастыру болды.
Дәл осы уақытта, Үкімет республика халқының
әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның
мемлекеттік механизмін құруды көздейтін елдің
әлеуметтік құрылымын жасауды қолға алды.
Бұл концептуалдық құжатта әлеуметтік
саясаттың мынандай басымдықтары анықталды: жаңа
Конституцияда бекітілгеніндей Президенттік басқару жүйесі кепілдік
беретін елдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау
және нығайту; әлеуметтік саланы нарықтық
қатынастың белсенді субъектісіне айналдыру; аталған
құрылымды жүзеге асыруда экономикалық механизмдерді
пайдалану және саяси құралдарды анықтау; психологиялық,
рухани салада адамдардың құқықтық
тұрғыдан қамтамасыз етілуін қадағалау. Әлеуметтік
реформалардың бағытталған тұжырымдамасы
әлеуметтік саясаттың нақты басымдықтарын айқындап
береді. Бұл басымдықтардың алға қойған
міндеті: тұрғындардың радикалды әлеуметтік өзгерістерге
бейімділігін арттыру, халықтың экономикалық белсенді
бөлігін ынталандыру; халықтың экономикалық белсенділігін
арттыру; нарықтық механизмдер мен құралдардың
рөлін күшейту, халықтың сақталған
ақша қоры мен шетелдік қорлардың инвестициясын
әлеуметтік саланы қаржылай қамтамасыз етуге тарту; білім
беру, медицина саласында, әлеуметтік қамтамасыз етуде мемлекеттік
стандарттар негізінде әр түрлі деңгейдегі бюджетті
қалыптастыру; қоршаған ортаның бұдан арғы
ластануын тоқтату [2].
Мемлекеттің кедейшілікпен
күресі жаңа әлеуметтік саясаттың анағұрлым
маңызды басымдықтарының бірі болып табылады. Қазіргі
таңда, кедейшілік халықтың өмір сүру
деңгейіне ғана емес, сонымен бірге, бүкіл
қоғамның ахуалына да кері әсерін тигізуде. Мәселен,
барлық индустриалды дамыған елдерде үкімет кедейшілікке
қарсы күреске, халықтың күнкөрісі
төмен бөлігін тұрғын-үймен қамтамасыз
етуге, жылжымайтын мүлік нарығын әділетті іске асыруға
міндетті түрде араласады. Сонымен қатар,бұл мемлекеттің
тиісті жауапкершілігі болып табылады. Қазақстанның
мемлекеттік әлеуметтік саясаты – қоғамның
әлеуметтік-экономикалық өмір сүру жағдайын
реттеудегі маңызды бағыттардың бірі. Ол елдегі жалпы экономикалық жағдаймен
тығыз байланысты және екі жақты қызмет көрсетеді.
Бір жағынан, әлеуметтік саясатта тікелей және жанама
түрде экономикалық дамудың мақсаттары көрініс
табады, өйткені экономикалық іс-әрекет
қоғамның барлық топтарына жақсы жағдай
туғызу мақсатында жасалады. Екінші жағынан, әлеуметтік
саясат - экономикалық
өсудің факторы болып келеді. Егер экономикалық даму
халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартпаса, онда
еңбек өнімділігі төмендеп, жұмыс күшінің
сапасы кемиді, қоғамда әлеуметтік
тұрақсыздық пен қарама-қайшылық артады.
Сондықтан әлеуметтік саясат әр елде әр түрлі
әдіспен қалыптасады. Әлеуметтік саясат
қоғамның әрбір мүшесі үшін заңды
түрде анықталып, бекітілген тұрмыс деңгейін
қамтамасыз ететін табыс көлемін алу туралы кепілдік береді.
Бұл жерде әлеуметтік әділдік қағидасы
жүзеге асуы тиіс. Қазіргі кезде Қазақстанда
нарықтық экономикасның механизмдерінің қалыптасуы
барысында мемлекеттің әлеуметтік мәселелеріне ерекше назар
аударылуда. Өйткені, жоспарлы экономикадан нарықтық
экономикаға бет бұрған кезеңде мемлекеттің
алдында Конституциялық талап бойынша әлеуметтік мемлекет
құрудың күрделі де жауапты міндеті қойылды. Ал,
әлеуметтік мемлекетті қалыптастыру үшін ең алдымен,
мемлекеттің әлеуметтік саясатын жан-жақты негіздеп
жолға қою қажет. Мемлекеттік әлеуметтік саясат
конституциялық талаптарға сәйкес жүзеге асырылуы
үшін, біріншіден, әлеуметтік саясаттың
құқықтық негіздер жасалуы керек; екіншіден,
экономикалық дамудың гуманистік бағдары болуы қажет.
Қазақстан жағдайында осы маңызды екі
саяси-әлеуметтік фактор әлі де болса қалыптасу үстінде
келеді. Сондықтан да, осындай саяси-әлеуметтік дамудағы
императивпен санаспай ешбір мемлекет өркениетті даму жолына түсе
алмайды. Жалпы, Қазақстан әлемдік тәжірибеде
қалыптасқан әлеуметтік саясат үлгілерін есепке ала
отырып, мемлекеттік әлеуметтік саясаттың өзіндік үлгісін
қалыптастыру бағытында әлі
де болса саяси ізденістер үстінде.
Әлеуметтік
мемлекет құрудың негізгі талаптарының бірі –
әлеуметтік бағыттағы
мемлекеттік бағдарламалар мен оларды жүзеге асыратын
тетіктердің болуы қажет болса, бұл мәселе бойынша
Қазақстан жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Елбасы
жыл сайын халыққа ұсынған жолдауларында әлеуметтік
салаға баса назар аударып келеді. Яғни пәрменді
әлеуметтік саясат – ол халықты жұмыспен тұрлаулы
қамту саясаты болып келеді және болып қала береді. Осыған
сәйкес қазақстандықтардың жұмысқа
тартылуы басты міндет болып отыр. Сондай-ақ қолжетімді баспана,
елімізде адам капиталының сапалы өсуі,
тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің
сапасын арттыру және зейнетақы жүйесін жетілдіру сияқты
әлеуметтік бағыттар бойынша
жүзеге асырылатын міндеттемелерді ұсынды. Жоғарыда
аталған әлеуметтік мәселелер біздің дамушы
қоғамымыздағы басты проблемалар болып қала береді. Мемлекет
те өзінің халық алдындағы жауапкершілігін сезініп отыр. Әлеуметтік жауапкершілік
саясаттағы өте маңызды шарт. Өйткені, әлеуметтік
жауапкершілік пен әділеттілік қоғамның әлеуметтік
еркіндігінің өлшемі болып табылады. Бүгінгі күні еліміз
– қоғам өмірінің барлық салаларында оң
өзгерістерге қол жеткізіп,
экономикасы, білімі мен мәдениеті тұрақты дамыған, ынтымағы жарасып, берік
нығайып келе жатқан ел болып табылады. Елбасының
сындарлы саясатының арқасында әлеуметтік –
экономикалық даму үрдісіне
қол жеткізгеніміз белгілі. Елдің болашағы үшін ең
басты мәселе – ол елдегі
әлеуметтік тұрақтылық. Тәуелсіздікке
қол жеткізгелі бері, әлеуметтік саясат және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері
кеңінен қарастырылып, мемлекеттің басты саясатына айналып отыр. Қазақстан
әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасу жолында яғни, Конституция
айқындаған бағыт бойынша даму үстінде келе жатыр.
Әдебиеттер:
1. Әзімбай Ғали. Елдегі
әлеуметтік ахуал // Жас Алаш.- 2007.- 14 наурыз.
2. Тасмагамбетов И.Н. Социальная
политика в условиях независимости Республики Казахстан // Саясат.-
1997. -№ 9.- С.
21-25.