Әли Б.Қ., соц.ғ.к., Абдықалық А.А. соц.ғ.к.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық университеті.
Қазақстан
ҰЛТАРАЛЫҚ
НЕКЕДЕГІ БИЛИНГВИЗМНІҢ ОТБАСЫЛЫҚ ЖӘНЕ
ҚОҒАМДЫҚ
ҚАТЫНАСТАРҒА
ЫҚПАЛЫ
Қазіргі таңда отбасы
мәселесі, соның ішінде ұлтаралық неке мәселесі
ғалымдарымыздың қызығушылығын арттыруда. Әлеуметтану ғылымында
ұлтаралық некенің өз орны бар деуге болады. Бұл
проблема тек біздің елімізге ғана тән емес, сонымен
қатар, көпұлтты елдерге де тән құбылыс.
Құрамында көп ұлты бар елдерде ұлтаралық
некеден арылу мүмкін емес. Бұл мәселе әрдайым сол елдің
ғалымдарын толғандыратын мәселе болып табылады. Ұлтаралық
некенің қалыптасуы –
бұл әлемнің әртүрлі елдеріндегі қазіргі
кезеңдегі орын алып отырған ұлтаралық
қатынастардың даму процесінің көрінісі. Бұл
процесс интернационалдық тәрбиемен, ұлтаралық
қатынас мәдениетімен, ұлтаралық байланыс деңгейімен
өте тығыз байланыста болады және де осы
мәселелердің бәрі еліміздің әлеуметтік саяси
өмірінде маңызды орын алады.
Сондай-ақ,
ұлтаралық некенің таралуы мен көбеюі біздің
елімізде билингвизм процесінің дамуына да тікелей ықпал етеді.
Өйткені, ұлтаралық отбасында қостілділік
қатынастың жекеше формасы болып табылады. Билингвизм –
ұлтаралық, демек тілдік байланыстардың даму нәтижесінде
қалыптасқан жағдай.
Ұлтаралық
қарым-қатынас мәдениеті мемлекеттік, ұлттық
және ресми тілдермен тығыз байланыста, сонымен қатар, олар
оның элементінің негізі болып табылады. Яғни бұл біздің Конституциямызда анық
көрсетілген [1].
Тіл – объективті көрсеткіштерінің бірі болып
табылады. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі жандануы
этникалық идентификацияның позитивті дамуы ғана емес,
сондай-ақ тәуелсіздіктің, ұлттық бірлік пен
дербестіктің символы. Қазақ тілі мемлекеттік, орыс
тілдің ресми тіл ретінде статусы бар екені баршамызға белгілі.
Тағы бір айта кететін жайт, орыс тілі елде «мемлекеттік мекеме мен
жергілікті басқару орындарда ресми» болып қолданылады[2].
Билингвизм отбасында
бірін-бірі түсіну қажеттілігінен (ұлтаралық некелесу
барысында) немесе өзінің өзге тілді көршілерін түсіну
қажеттілігінен туындайды, демек, билингвизм отбасылық және
қоғамдық қатынастарға ықпал етеді. Ұлтаралық
некенің билингвизмінің өндіріс саласынан отбасы таралу
тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ әртүрлі
ұлттық қауымдастық өкілдері арасында мәдени
құндылықтардың жақындасуы мен өзара алмасуы
тұрғысынан да шешуші мәні бар. Егер әлеуметтік топ немесе әлеуметтік жік
күнделікті өмірде, өндірісте немесе отбасында өзге
тілді меңгеріп жиі қолданатын болса, белгілі бір уақыттан
кейін бұл мәдениеттің кейбір салаларында көрініс бере
бастайды. Өйткені, билингвизм тек жағдай ғана емес,
сондай-ақ әртүрлі ұлттық байланыстар мен ұлтаралық
некелердің нәтижесі, ол сонымен бір мезгілде осы
ұғымның кең мағынасында алғанда,
ұлттық процестердің өлшемінде болып табылады.
Билингвизмнің
пайда болуы ұлттық процестердің басталғандығын
көрсетеді. Оның барысында сол ұлттың
халықтық мәдениеті дамиды және жаңа элементтермен,
ең алдымен тілдік өмірде жаңа элементтермен толыға
түседі. Бұл рухани мәдениет пен халық
шығармашылығы салаларына да ықпалын тигізеді.
Ұлттардың жақындасуы мен ұлт тілдерінің
жақындасуы – бұлардың екеуі де халықтардың
экономикасы мен мәдениетіндегі терең өзгерістердің
әсерімен жүреді және әлеуметтік экономикалық
дамудың шапшаңдауына қарай қаруын алады [3].
Өткен кезеңдерде
билингвизм ең алдымен бір-бірімен қарым-қатынастағы
ұлттық қауымдастықтардың шекараларында белгілі
болса, қазіргі уақытта халықтың
көші-қонының, Қазақстанның ұлттары мен
ұлыстарының арасында экономикалық, саяси және
мәдени салалардағы байланыстарды кеңейтетін барлық
облыстарда мемлекеттік тілдің қабылдануының, ұлтаралық
некенің өсуінің арқасында билингвизм
Қазақстандық адамдардың қатынас формасының
біріне айналды.
Халықтардың тілдік өміріндегі
интернационалдық пен ұлттылықтың бірлігінің іске
асырылуы – ұлтаралық некедегі қатынастың негізгі формасын құрайтын
қос тілділік болып табылады. Сонымен қатар, көптеген адамдар
екінші тілде, өзінің ана тілі сияқты еркін
сөйлейді.Орыс тілі қоғам өмірінің жағдайы
болып табылады. Ұлтаралық қатынас құралы ретінде
ол әр түрлі ұлт адамдарының арасындағы
контактілік байланыстардың
күшеюіне мүмкіндік жасайды, сондықтан да ол
ұлтаралық неке құруға мүмкіндік беретін
фактор болып табылады.
Ұлтаралық отбасыларда қатынас тілі
жөніндегі мәселе оңай әрі қарапайым түрде
шешіледі, өйткені, оларда отбасының мүшелері үшін
ыңғайлы тіл таңдап алынады. Осы тұрғыдан
алғанда, біз ұлтаралық некенің дамуынан
халықтардың идеяларының, тек
құқықтылығының және өзара
құрметі мен олардың тілдерінің адамдардың
үлгі-өнегелік нормаларына айналғандығын көреміз. Отбасылық
қатынас тілі жөніндегі мәселе объективті және
субъективті сипаттағы көптеген жағдайларға байланысты
(тәуелді): тіл жағынан бір-біріне алыс ұлт өкілдері
неке құрғандығына байланысты; отбасы
мүшелерінің әлеуметтік тегі, білім деңгейі
қандай, қандай тілдік орта үстемдік танытатындығына
байланысты; ерлі-зайыптылар туыстарымен әлде бөлек
тұратындығына байланысты; қалада немесе ауылда тұратындығына
байланысты.
Ұлтаралық
некеде қарым-қатынас жасау үшін барынша ыңғайлысы
көбіне орыс тілі немесе қазақ тілі болып жататындығын
атап көрсеткен жөн. Бұл түсінікті де: біздің
еліміздегі қос тілділіктің негізгі формасы ұлттық тілде және ұлтаралық орыс
тілінде сөйлеу болып табылады. Барлық жағдайларда, тілі
жағынан бір-бірінен алшақ жатқан ұлт өкілдері
некеге тұрса, ерлі-зайыптылар үшін, әлбетте орыс тілінде
сөйлеу ыңғайлы. Сондықтан мұндай отбасыларда
олардың балалары да орыс тілін еркін меңгеріп, жеңіл
үйренеді. Көбіне балалар, егер ата-анасының қайсысы сол
өңірдің түпкілікті халқының өкілі
болып табылатын болса, соның ұлттық тілінде еркін
сөйлейді. Азаматтар өздерінің балаларын қай тілде
оқытқысы келсе, қоғам сол үшін тек
құқықтар беріп қана қоймай, толық
мүмкіндіктерді де ұсынады. Республикамызда әр түрлі
тілде оқытатын, «әр түрлі тілді» деп аталатын
мектептердің дамуы жақсы жолға қойылған.
Өзінің құрылымы бойынша олар интернационализмнің
талаптарына толықтай жауап береді: бір жағынан, мұнда
әрбір оқушы, егер өзі немесе ата-анасы қаласа, ана
тілінде оқиды, ал екінші жағынан мұнда әр түрлі
ұлт балалары бірыңғай достық ұжымына біріккен. Әр
түрлі тілде оқытатын мектептер тарихи және заңды
құбылыс ретінде – көпұлтты республикамыздағы
халыққа білім беру жүйесінің табиғи дамуы
нәтижесінде қалыптасты.
Жалпы алғанда,
ұлтаралық неке интернационалдық тәрбие беру ошақтарының
бірі болып табылады. Ерлі-зайыптылардың екеуінің де
материалдық және рухани мәдениеті
құндылықтарының
терең қабысуы, бірін-бірі өзара толықтыруы,
бірін-бірі өзара өзгертуінің өзі өскелең
ұрпақты барлық өзге ұлт адамдарына
құрметпен қарауға тәрбиелейді.
Ерлі-зайыптылардың екеуінің де мәдени байлығымен
және оның алуан түрлілігімен танысу және оларды
меңгеру ұлтаралық отбасында
балалардың психологиясы мен санасының қалыптасуына
мүмкіндік жасайды яғни, олардың интернационалдық
психологиясының қалыптасуына септігін тигізеді.
Біздің
елімізде іс жүзінде барлық ұлттар мен ұлыстардың
теңдігіне қол жеткізілген, бұл ұлттық
тілдердің еркін дамуын олардың теңдігі, өзара
бірін-бірі байытуымен өзара сенімділік қатынастарын орнатуы
жан-жақты ынтамақтастық пен ерікті жақындасу негізінде
қамтамасыз етеді.
Қорытындылай
келе, тарихтың мың жылдық тұрақсыздығында
халықтың үздіксіз араласуы орын алып келе
жатқандығын атап көрсетеміз. Ұлтаралық неке
әрбір ұлттың дамуының қажетті сатылары мен
құрамдас бөліктерінің бірі. Сонымен қатар,
ұлттар мен ұлыстардың
бір-бірімен қарым-қатынасы, түсінісуі үшін ортада
екінші немесе үшінші түсінісу тілі болады, яғни
ұлтаралық некелерде билингвизм көп таралғандығын
айта кеткен жөн. Бұл билингвизм тек ұлтаралық некелерде
емес, сондай-ақ үлкен экономикалық дамыған
қалаларда бір ұлтты отбасында да қарым-қатынас тілі
болып табылады.
Әдебиеттер
1. Конституция РК. –
Алматы: Жеті жарғы, 1998. – 100с. – С.56.
2. Б.Мулдагалиев, М.Есенгулова. Смешанные браки: за и против: Этническая
идентификация студенческой молодежи// Мысль. – 2005. - №9. С.31-33
3. Пранда А. Влияние
билингвизма на некоторые явления народной культуры //Советская этнография. –
1972.-№2.-С.18.