Оқушылардың дүниетанымын   қалыптастыру мәселелерінің теориялық зерттелуі

 

«Тұран-Астана» университеті

 доценті А.Ш.Танирбергенова

магистрант Г.Д.Көзейбай

 

Қазақстан Республикасының егемендік алған алғашқы жылдарынан бастап білім беру  мәселесінің дамуына аса мән берілуде. Білім беру барысында оқушының жеке тұлғасын жан-жақты жетілдіруге, олардың танымдық әрекетін дамытуға, ой-санасын қалыптастыруға ерекше назар аударылып отыр.

Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында болашақ қоғам мүшелері – жастардың қандай болуға тиіс екендігін айта келіп, білім беру жүйесін баса дамытуға, оның дүниежүзілік деңгейге көтерілуіне аса мән берді [2]. Осыған байланысты білімнің мазмұнын, оқыту әдістері мен сабақты ұйымдастыру нысандарын жетілдіруді нақтылай түсу қажеттілігі туындайды. Білімнің әрбір бөлігі оқушы оқу икемдігін  қалыптастыруға септігін тигізіп, олардың әлем туралы ой жүйесін дамытуға негіз салуы тиіс. Орта білім стандартында «Мектептің әрбір саласында жеке тұлғаны дамыту міндетіне сай білім мазмұнының толық жүзеге асуын қамтамасыз ету» талабы қойылып отыр. Мұнда әсіресе, оқушылардың оқуға деген ынтасын қалыптастыру мәслесі басты орынды алмақ [1,363 б.]

Оқушыларды табиғат туралы білімі мен қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу, жалпы тұлғаның ой- өрісін дамытудағы педагогикалық бағыттардың бірі болып саналады. Адамзат баласына табиғат туралы білім мен тәрбие берудің маңыздылығы IX – XV ғғ. әл – Фараби, Ж. Баласұғни, Қожа Ахмет Иассауи, М. Қашқари, С. Бақырғани тағы да басқа  шығыс ғұламаларының тіл, этика, психология, метафизика тағы  басқа ғылымдары жайлы жазбаларында көрініс тапқан. Сонымен қатар халқымыздың ұлы ағартушы ғалымдары, ақын - жазушылары Ы.Алтынсарин, А. Құнанбаев, Ш. Уәлиханов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Ш. Құдайбердиев еңбектерінде табиғатқа деген сүйіспеншілік көшпенді елдің өмірімен (жайлауға шығу, қыстауға қайту, аң аулау, егін салу, егін ору т.б.), ұлттық әдет – ғұрыптарымен тығыз байланыстырылып берілді.

Әл – Фараби: «Тиянақты білім аламын десең, табиғаттың ұлы кітабын оқы» деген табиғаттың құдіреттілігін білдіретін сөзі бүгінгі күнге дейін мәнін сақтап келеді.

М.Жұмабаев: «Табиғат – адам баласын дүниеге келтіріп, бойындағы бар махаббат мейірі мен шұғылалы шуағын жүрегімізге ұялатқан Ана» деп табиғат – ана жайлы өзінің терең толғанысын білдіреді.

А.Байтұрсынов: «Біздің көріп, сезіп, біліп тұрған айналамыздағы нәрселердің бәрі – не табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрсе, не адам ісінен шыққан жасалынды нәрсе...» дей келе, өзімізді қоршаған ортадағы тіршілікті сақтау адам баласының қолында екендігін ескертеді.

Ұлы педагогтар Я.А. Коменский, Ж.Ж. Руссо, И.Песталоцци балалардың адамгершілік сезімдерін қалыптастыруда табиғаттың тәрбиелік маңызына баса назар аударған. Мысалы, Я.А. Коменский «Мир чувственных вещей в картинках» деген трактаты балаларға жазылған энцеклопедиялық еңбек. Онда адам организмінің құрылысы, жер және аспан әлемндегі денелер туралы түсініктер беріледі.

Я.А. Коменский «Табиғат жер бетіндегі бақыттың, байлықтың көзі, бұл көзді иемдену үшін табиғатты білу керек, ол үшін білім қажет» деді

 [3,37б].

Ж.Ж. Руссо өзінің педагогикалық трактатында Я.А. Коменскийдің табиғат жөніндегі ойын қолдай отырып, оны тәрбиелеу идеясымен толықтырып, әрі қарай дамытты. Тәрбиелеу жұмысы балалардың  жас ерекшелігіне сай келіп қана қоймай, табиғатпен тікелей қарым – қатынаста жүргізу керектігін айтты [3, 39б].

И. Песталоцци тәрбиенің негізгі мақсаты – қоғам өміріне белсене қатысатын жан – жақты дамыған адамды қалыптастыру. Адамға пайдалы істерге баланы араластырып жаттықтыру арқылы ғана дұрыс мінез – құлыққа тәрбиелеуге болады, -  деді [3, 39б].  

К.Д. Ушинский  балалар табиғат туралы оқығандарын түсініп қана қоймай, сонымен бірге табиғаттағы заттарды дұрыс ұғып, олардың айырмашылықтары мен ерекшеліктерін байқай  білуге  үйренулері керек деп есептей отырып, оқытуда табиғат обьектілері мен құбылыстарын пайдалану қажеттілігін атап көрсетті  [3,51б].

Сонымен, педагогикада табиғат туралы білім мен табиғатқа деген қарым – қатынасқа тәрбиелеудің шешуші ролі туралы тұтас пікір қалыптасқан. Оқушылардың табиғатқа жауапкершілік қатынасын қалыптастыруда тек білім мазмұны ғана емес, оқыту және тәрбиелеу әдістері ерекше мәнде болу керектігі айқындалды.

Табиғат байлықтарын есепсіз, бақылаусыз жұмсауға болмайтынын, қоршаған орта бүлініп, істен шығуы оңай екенін адамдар ХХ ғасырдың  басында түсіне бастады. Осы кезден бастап қоршаған ортаны қорғау деген ұғым пайда болды.

Қоршаған ортаны қорғау деген ұғымға табиғат байлықтарын сақтау, ұтымды пайдалану, ортаның зиянды қалдықтармен, улы және басқа да тіршілік үшін қауіпті заттармен ластанбауын қамтамасыз ету жөнінде қабылданған мемлекеттік заңдар, қаулылар, халықаралық және мемлекет аралық келісімдер, шарттар, конвенциялар кіреді.

 «Табиғат – қоғам - адам» жүйесіндегі қарым – қатынастардың жылдан – жылға күшейіп, шиеленісуі  экологиялық білім мен тәрбие беру қажеттілігін алға тартты.

Н.С. Сарыбеков өз еңбегінде табиғатты қорғауды ең маңызды экологиялық проблема ретінде  қарастырады. Ол оқушыларға қоршаған табиғи орта туралы білімді үздіксіз білім берудің біртұтастық, жүйелендіріліп кіріктірілген ұстанымдарына сүйене отырып жүзеге асыру қажеттілігін көрсетеді.

Программалық білім, білік, дағдыларды игеру бастауыш оқытудағы ақыл – ой дамуының сипатын анықтайды. Кіші мектеп жасындағы балалар дамуының тереңірек деңгейіне ауыса бастайды. Абстрактылай және жинақтай білу – бастапқы теориялық білімдерді игерудің басты шарты. Оқу жетекші іс - әрекетке айналады.

         Адамның мінез – құлқы,  ұжымда, табиғатта өзін ұстай білуі, қоршаған ортаға айналасындағы адамдарға көзқарасы мен ықыласы, қарым – қатынастағы енжарлығы не белсенділігі оның психологиясы болып табылады. Психологиялық, физиологиялық ерекшеліктерді ескеру – тұлғада экологиялық  мәдениетті қалыптастырудың шарты. 

Оқушылардың табиғат туралы білімін қалыптастыру мәселесінің теориялық негізін айқындау «білім», «табиғат» ұғымдарының бірлігі мен ерекшеліктерін қарастырумен тығыз байланысты. Бұл ұғымдардың сипаттамасының маңызын белгілеу мақсатында оның ғылыми әдебиеттерде кездесетін қайнар көздерін, түпкі нәтижелерін анықтауға назар аударылды. Осыған байланысты табиғат туралы білімнің мәні, құрылымы және қызметінің мазмұны ашып көрсетіледі.

Қазақ ұлтының болмысы өмір салтымен және онымен кіндіктес төлтума мәдениетімен  де даралайды. Осы орайда Шоқан Уалиханов: «Көшпелі елдердің қай – қайсысының болсын бір өзгешелігі – олар өлең – жырға бай, шебер келеді. Мұндай қасиеттердің болуына алаңсыз көшпелі өмір әсер етті ме, әлде ұшы – қиыры жоқ жасыл дала мен моншақтай тізілген жұлдыздары көп ашық аспанды сұлу табиғат әсер етті ме кім білсін» деп жазды [4, 156-184].

Ойшыл ретінде тек шығыс мәдениетінің бесігінде қалыптасып қана қоймаған, дүниетанымында Батыс пен  Шығысты бірдей сіңірген Абайдың көзқарастарының маңызы зор. Ол адамзат мәдениетін дүниежүзілік мұхитқа құятын үлкен өзенге теңеп, онда дәстүрлер сабақтастығын қуатты тетікпен салыстырады.

             Тұтас дүние туралы ол былай дейді: «Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды». Абай үшін басты нәрсе адам мен табиғаттың бірлігі жөніндегі парық: адам ол үшін табиғаттың ең мәнді бөлшегі. Абай филоофиясы туының этикалық мәні, айналып келгенде, адамның өмірде алатын орны мен ролін бағалау. Оның ұғымынша, адамның тұла бойы парасат пен иманға, еңбеккерлік пен білімге, достық пен сүйіспеншілікке толы болмаққа керек. Күн мен ай – аспан шатырының, ағаш пен жеміс – тау – тастың өңіріне тағылған алтын болса, піл сауырлы қара жердің құты мен әшекейі  - адам [4, 156-184б].

Абай ілімін одан әрі жалғастырған қазақ халқының рухани мәдениеті мен менталитетінде өшпес із қалдырған алып тұлғаның бірі  - Шәкәрім Құдайбердіұлы қазақ елін қалай өркениетті, мәдениетті елдер қатарына қосамын деп талпынды. Оның ойынша, бұл адам азаматтық етудің басты шарты  - туған елдің бүкіл тарихи, мәдени құндылықтарын жоғалтпай, оларды заман талабына сәйкес қолдану. Тәңірі, Нұр, Күн, Табиғат  - ол үшін қасиетті киелі ұғымдар.

В.М. Межуев: «мәдениет адамның табиғатқа қарым – қатынасын жоққа шығармайды, ол адам үшін табиғатпен оның байланысының, бірлігінің арнайы формасы ретінде көрінеді. Мәдениет  - бұл алдыменен тарихтың даму барысында пайда болатын және оның белгілі бір басқышында толығымен ашылатын адамның табиғатқа қарым - қатынасы», деп сипаттайды  [8, 11б].

Біз табиғатқа «қарым – қатынас» ұғымының маңызын нақты сипаттау мақсатында экологиялық білім мен тәрбие беру проблемасын зерттеген философтардың, әлеуметтанушылардың, психологтардың, педагогтардың еңбектерін басшылыққа алдық.

Психолог  - педагогтар А.Н.Леонтьев, И.Ф. Харламов қарым – қатынас ұғымына мотив ұғымының мазмұнын; В.Н. Мясищев оны қажеттілік ұғымының мазмұнымен теңестіреді. Кейбіреулері қарым – қатынастың бағыттылықпен (Н.Д. Левитов), позициямен (Б. Г. Ананьев, А.К. Маркова), сезіммен (С.Л.Рубинштейн),  мінез – құлықпен (Б.Н. Теплов), қызығушылықпен (П.И. Иванов, А.П. Архипов), әлеуметтік белсенділікпен байланыстылығы (Б.Ы. Мұқанова) туралы пікірлер айтады.

         «Қарым - қатынас» ұғымын педагогика мен психология ғылымына алғаш А.Ф. Лазурский енгізген. Ол тұлғаның сыртқы объектіге, адамға, рухани байлыққа, материалдық дүние мен табиғатқа, әлеуметтік ортаға қатынасын білдіретін ұғым. Ол бұл ұғымды «жеке тұлғаның сыртқы ортаға, табиғатқа, материалдық заттарға, адамдарға және олардың рухани байлығына қатынасы»,  - деп түсіндіреді [9, 10б].     

Адам мен табиғаттың өзара қарым – қатынасының адамгершілік аспектісін ашуда, ақыл – ой мен сезімін тәрбиелеуде, сананы қалыптастыруда адамның экологиялық мәдениеті жетекші орын алады.

Ғалымдар көрсеткендей, табиғатқа қарым – қатынас адам қарым – қатынасының жүйесінде, үш аспектіде көрінеді:

1.     материалдық өндірісте;

2.     экологиялық өзара әрекеттер жүйесінде;

3.     табиғи ортаны зерттеу мен қорғауда.

А.П. Сидельковский «оқушылардың табиғатқа қарым – қатынасы күрделі де, кешенді әлеуметтік құрылым ол алдымен, сыртқы – практикалық іс - әрекеттік сферада  - жеке тұлғаның өмірінде және оның ішкі сферасында  - психикасында дамиды»,  - деп көрсетті  [19,176б].

Сонымен қатар, Н.А. Рыков және Б.Г. Иоганзен  зерттеулерінде табиғатпен қарым – қатынастың төмендегідей мотивтерін айқындайды;

·        азаматтық – патриоттық мотив – Отанға сүйіспеншілік, оның байлығын көбейту мен қорғауда қоғам алдындағы борышын түсіну;

·        гуманистік мотив – іс - әрекеттерде мейірімділік, қамқорлық көрсету, табиғатты қорғауға ниет ету;

·        эстетикалық мотив – табиғаттың әсемдігін сезіну және түсіну    [20,3-6б].  

Адамдардың табиғатпен қарым – қатынастарында, олардың өзара әрекеті процесінде қалыптасып, біртіндеп ішкі өзгеріске ұласады. Осы ішкі процесс адамның ісі мен қылығын, әсерленуін, этикалық, эстетикалық өлшемдерін анықтайтын бағалау қарым – қатынасын қалыптастырады деп, тұжырымдауға болады.

Ғылым мен техника дамыған сайын әлеуметтік өмір деңгейі де өзгереді. Осының бәрі табиғат байлығын игерудегі адам миы мен күшінің жұмысы. Адам, табиғат, қоғам -  біртұтас дүние. Тұтас дүниені өз мәнінде бір-бірімен  байланысты қабылдау таным үрдісі арқылы жүзеге асады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.     Н.Ә.Назарбаев. «Қазақстан – 2030 Барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы. Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы». – Алматы: Дәуір, 1997. – 32 б.

2.     Стандарт. Қазақстан Республикасы орта білімінің мемлекеттік стандарты. – Алматы. Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы, 1998. б. 363.

3.     Жалпы білім беретін мектептің оқу бағдарламасы. /2-4 сынып/ - Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1997. – 258 б.

4.   Стандарт Қазақстан Республикасы орта білімінің мемлекеттік стандарты – Алматы. Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясы, 1998. 363 б.

5.     К.Д,Ушинский. Сборник сочинений. – М., - Л.: Академ.пед.наук, 1948. – 668с.