«Нұр –Мүбарак» университетінің

Исламтану магистрі  

Қанат Қалымбет

 

Исламдағы трансплантация мәселесі

Адам өмірі – ең басты құндылық. Ықылым заманнан күні бүгінге дейін жер бетінде түзілген барлық қоғамдық, діни жүйе, ереже-қағиданың барлығы да осы құндылықты сақтап қалу үшін құрылған.

Адам баласы құрған ереже-қағидат, заң жобаларының барлығы дерлік адам өмірін сақтауға, денсаулық саласына жіті мән береді.

Алла тарапынан түскен ереже-қағидат жүйесі де адамның өмірін сақтауға үндейді. Имам Әбу Хамид әл-Ғазали өзінің «Әл-Мустасфа» атты еңбегінде: «Шариғат жаратылыс атаулының 5 нәрсесін сақтауды мақсат етеді: діндерін, жандарын, ақылдарын, ұрпақтарын және малдарын. Осы бес нәрсені сақтауға бағытталған әрекеттің барлығы – игі іс, ал бұл бес нәрсеге зияны тиетін әрекеттің барлығы зиян іс, оны тоқтатып, алдын-алу – игі іс», - деген [19]. Демек, Алла тарапынан түскен дін атаулы адам баласына тиесілі 5 ұлы құндылықты сақтау үшін құрылған. Олар:

Біріншіден, адамның дінін сақтау, яғни азғындықтан құтқарып, туралыққа шақыру;

Екіншіден, адамның ақылын сақтау, яғни надандықтан құтқарып, білімнің жарық нұрына шығару;

Үшіншіден, адамның жанын сақтау, яғни әртүрлі кесел мен дерттен сақтап, салауатты өмір салтын үйрету;

Төртіншіден, адамның малын сақтау, яғни қолға біткен мал-мүлікті адал жолмен тауып, адал жолға жұмсауды үйрету;

Бесіншіден, адамның ұрпағын сақтау, яғни жаман жүрістен адалап, адал неке құруға шақыру;

Адамның жанын сақтау, денсаулығын қадірлеу – Ислам дініне бет бұрған пенденің ең ұлы құндылықтарының бірі. Ғылым атасы медицина да толықтай осы бір ұлы құндылықты сақтау үшін құрылған. Осының өзі адам өмірінің қымбаттылығын, құндылығын көрсетеді.

Адам өмірі үшін күресу арқылы сан-ғасырлар бойы медицина саласы жаңарып, ғылым дамып келеді. Ғылым жаңарып, дамыған сайын дүние есігін бірнеше жаңа мәселелер айқара ашып, әлеуметтік, діни, заң, медицина ғалымдарының назарын өзіне еріксіз аудартады. Соңғы кездері емдеудің қарапайым тәсілдерінен енді ағза ауыстыру, жасанды ағза өсіру, жасанды ағзалар орнату сынды күрделі ем-дом жолдары да пайда болуда. Аталмыш ем-дом тізімі арасында соңғы жылдары талас пен тартыс алаңына айналып отырған күрделі мәселелердің бірі – трансплантация мәселесі.

Трансплантация мәселесі өте ертеден ғалымдар арасында қызығушылық туғызып келе жатқан мәселе, алайда оның ең алғашқы тәжірибелік әрекеті 1902 жылы Австриялық Эмерих Ульманның қолынан жануарлардың бүйрегін ауыстыру тәжірибесі жүзеге асты. Өмірлік қажетті ағзаларды, соның ішінде жүректі тәжірибелік трансплантациялаудың негізін салған Алексис Каррель, осы үшін 1912 жылы Нобель сыйлығына ие болған. Сонымен қатар адамға тұңғыш трансплантация операциясын хирург Ю.Вороной 1933 жылдың 3 сәуірінде жасаған.

1950 жылдың 17 маусымында АҚШ-та бүйрек ауыстырып салынады. Әлемдік тәжірибелерді сараптай келе трансплантациялық операциядан кейін ең азы екі жылдан басталып, ғұмыры 37 жыл өмір сүрген. Бүйрекке алғашқы ота 1954 жылы желтоқсанда Джозеф Мюррей, бауырға отаны 1956 жылы Томас Старзл, өкпеге 1963 жылы доктор Джеймс Харди жасады[6].

Трансплантация төңірегіндегі қиындықтардың азғантай бөлігі ғана медицина арқылы шешімін таба алады, ал қалған мәселе қоғам мен заңға, дінге, моральға тәуелді.

Ислам шариғаты көзқарасы тұрғысынан барлық ауру атаулы екіге бөлінеді [49, 38]:

1. Жан ауруы. Мұның өзі өз ішінде екіге бөлінеді:

а) Жанның ақиқатты көре тұра одан күмәндануы, оған сенбеуі арқылы ауыруы. Бұған Құрандағы: «Жүректерінде ақауы барларға келсек, Алла олардың ауруларын асқындыра түсті», - деген аят дәлел [2:110].

ә) Жанның бірер затқа қызығып, соның соңынан нәпсіқұмарлықпен еруі. Бұған Құрандағы: «Әй, пайғамбар әйелдері! Сендер өзге қарапайым әйелдер сияқты емессіңдер. Егер тақуалық қылсаңдар, қылымсып сөйлемеңдер, әйтпесе жүрегінде дерті бар әлдебіреулер дәмеленеді», - деген аят дәлел [33:32].

Дерттің бұл түрі көзбен не өзге де құрал арқылы көрінбейтін, тек адамның жүріс-тұрысы, іс-әрекеті, сөйлеген сөзі, түйсік-түсінігі арқылы білінетін, адамның психологиялық қызметтерінің дұрыс жұмыс істеуіне кедергілік келтіретін ақаулықтар, надандық, күмән, тән азғыруына еру, еліктеушілік сынды мағыналық, рухани дерттер. Бұл мәселеде тек қана пайғамбарымыздың хадистері және Қасиетті Құран арқылы емделуге жол беріледі.

2. Тән ауруы. Бұған Құрандағы: «Ал енді араларыңнан біреу науқас болса немесе сапарда болса, онда оразаны өзге күні ұстап, өтесін», - деген аят дәлел [2:184].

Бұл тән, дене мүшелері арқылы ауырғаны сезілетін яки сезілмей, алайда адамның физиологиялық қызметтерінің дұрыс жұмыс істеуіне кедергілік жасайтын ақаулықтар. Кәдімгі бас ауруынан, қатерлі ісікке дейінгі, адам баласының тәнінің ауыруы. Бұл мәселеде пайғамбарымыздан (с.а.с) жеткен емделу жолдары арқылы да, пайғамбарымыздан өзге медицина ғалымдары мен ғылым арқылы қол жеткізілген тәжірибелер арқылы да емделуге рұқсат етіледі.

Медицина саласында кең таралған емнің түрі – ота жасау. Тақырыптың негізі болып отырған трансплантация да ота жасаудың бір түрі.

Алайда, кез-келген жаңалық қанша пайдалы көрінгенімен, Алла орнатқан ереже қағидаға сай болуы тиіс. Осы орайда ота жасаудың шариғи үкіміне тоқталып, мәселенің анығын біліп алған дұрыс.

Шариғат бойынша, ота жасау мәселесі оның мақсатына тікелей байланысты болады. Ота жасау мақсаты үш түрлі жағдайға бөлінеді [49, 11]:

Бірінші жағдай: Адамның ауруын анықтау және оны жою мақсатында ота жасау. Мұны «ем мақсатындағы ота» деп атайды. Ислам ғалымдарының барлығы бірауыздан ота жасаудың бұл түрі рұқсат етілгендігін алға тартады.

Екінші жағдай: Біреуге жасалған қастандықты не өлімінің себебін анықтау мақсатында жасалатын ота. Мұны «қылмысты анықтау мақсатындағы ота» деп атайды. Ислам ғалымдарының барлығы бірауыздан ота жасаудың бұл түрі егер де ота жасаушылар әділ, шын сөйлейтін жан болса, рұқсат етілгендігін алға тартады.

Үшінші жағдай: Ғылыми мақсатта, болашақ хирургтарды дайындау мақсатында жасалатын ота. Ислам ғалымдарының бір тобы ота жасаудың бұл түрін жасамауға шақырады. Мұның орнына осы салада жазылған еңбектер мен бұрынғы ғалымдардың тәжірибесіне сүйенуге, теледидар арқылы білікті мамандар жасап жатқан отаны бақылауға, жасанды макеттерге ота жасауға, білікті дәрігерлерге көмек беру арқылы үйренуге шақырады.

Трансплантация дегеніміз – тiндер мен ағзаларды бір адамның бір жерінен алып, екінші бір жеріне қондыру немесе донордың (ағзаны берушінің) организмінен алынып, реципиент (ағзаны алушы) организміне қондыру, көндiктiру. Аталмыш анықтаманы талдайтын болсақ, трансплантация объектілік және субъектілік тұрғыдан екі түрге бөлінеді:

Біріншісі – бір адамның бір жерінен алынған ағза мүшесін екінші жеріне қондыру. Мысалы, адамның жамбасынан алынған тері үлгісін күйік шалған, өзге де ауруға шалдыққан аймағына қондыру немесе оң жағынан алынған қанды сол жағына қайта құю сынды ота түрлері. Мұны медициналық тілде аутотрансплантация деп атайды;

Екіншісі – донордың ағза мүшесін реципиентке көшіру; Трансплантацияның осы бір түрі өз ішінде тағы үшке бөлінеді:

1. Тірі адамның ағза мүшесін екінші бір тірі адамға көшіру. Мұны медициналық тілде аллотрансплантация деп атайды. Бұл орайда қан және өзге сұйықтықтардан бастап, бүйрек, аяқ-қол, сүйек сынды жұп немесе адам өміріне тікелей қауіп төндірмейтін ағзаларды көшіру сияқты күрделі оталарды атауға болады. Бұған адам өміріне тікелей қажетті не тақ ағзалар, яғни жүрек, бауыр, ми, омыртқа сынды ағзаларды көшіру жатпайды;

2. Өлі адамның ағза мүшесін алып, тірі адмға көшіру; Бұл ретте ағза мүшелерінің кез-келгені трансплантациялық объект бола алады;

3. Жануардың ағза мүшесін алып, тірі адамға көшіру. Мұны медициналық тілде ксенотрансплантация деп атайды. Көбіне тері немесе сол үлгідегі сыртқы тканьдерді алмастырып салу әрекеттері сөз етіледі;

Трансплантация мәселесі сөз етілген кезде, шариғат бойынша «рұқсат етілетін» және «рұқсат етілмейтін» жағдайлардың ең басты шарты – зәрулік.      Замандас Ислам ғалымдары және шариғи үкімдер беруші ірі орталықтар зәрулік жағдайда ағза алмастырып салу, яғни трансплантация мәселесінде алты түрлі көзқарасты алға тартады [4]:

Трансплантация мәселесін қолдайтын, яғни тірі адамдар арасында да, өлі адамнан алып, тіріге салуда Ислам бойынша ашық мәселе деуші ғалымдар мынадай дәйектерді алға тартады:

Қасиетті Құран Кәрімнен алынған дәлелдер:

1 – Алла тағала Құранның көптеген аяттарында зәрулік қысқан жағдайда тыйым салынған кейбір мәселелер өз күшін жоятынын айтады. Мысалы: «Ол сендерге өлексені, қанды, шошқа етін және Алла атымен шалынбаған малды харам етті. Ал енді кімде-кімді зәрулік қысып, оған өзі ұмтылмай, шектен шықпайтын болса, онда оған күнә болмайды». [2:173].

Осы мазмұндағы аяттар құранда төрт бес жерде айтылады. Бұл аяттарда, егер зәрулік қысатын болса, егер адам өзі соны жасауға ұмтылмайтын болса, Алланың шариғаты шегінен шықпаған болса, харам етілген нәрселер халалға айналатыны айтылған. Демек, бірер адам өлім аузында жатып, оған ешбір ем дом жасалу көмектеспейтін болса, бұл шынайы зәрулік жағдайы және бұл жағдайда өзге адамның ағзасын оған алмастырып салуға болады.

2 – «Кімде-кім бірер жанды күнәсіз немесе жер бетінде бүлік жасай өлтіретін болса, онда ол барлық адамды өлтіргенмен тең, ал кімде-кім біреуді тірілтетін болса, онда ол барлық адамзатты тірілткенмен тең». [5:32]. Демек, бірер жанға жәрдем жасап, өлгелі жатқан халіне араша түсіп, сауығуына себепшілік жасаса, онда ол барлық адамзатқа түгел жақсылық жасап, сауықтырғанмен тең болады.

Шарапатты сүннеттен алынған дәлелдер:

4 – Алла елшісі (с.а.с): «Кімде-кім бауырына көмек бере алса, солай жасасын», – деген. [2199]. Ислам шариғаты мұсылман адамның өз бауырына жәрдем беруіне үндейді, ал ауырған адамға ағза сыйлап, оны сырқатынан айығуына себепші болу – жәрдемнің ең ұлысы саналады.

7 – Алла елшісі (с.а.с) Зубәйр ибн Аууам мен Абдурахман ибн Ауфқа денелеріндегі бөріткенге қарсы ем болуы үшін жібек көйлек киюлеріне рұқсат берген екен. [2076]. Ислам шариғаты алтын тағу мен жібек матадан тоқылған киім киюге қатаң тыйым сала тұра, емдік мақсатта жібек киюге рұқсат беретіндігін байқаймыз.

Ақыл-парасат дәлелдері:

9 – Шариғат бойынша, анасы өліп, құрсағында жатқан бала тірі жататын болса, онда әйелдің ішін жарып, баланы тірі алып қалуға болатыны сияқты, екінші біреуді өлімнен арашалап қалуда біреудің ағзасы қажет етілсе, солай жасауға рұқсат етіледі.

10 – Трансплантация мәселесі «Зәрулік жағдай тыйым салынған нәрсені рұқсат етеді» деген ережеге сай.

11 – Науқас адамды емдеу, оның айығуы үшін кез-келген тәсілге бару «Зиян мен залал жойылуы тиіс» деген ережеге сай.

12 – Ағза алмастыру мәселесі «Екі зияндықтың жеңіліне қарай жүру керек» деген ережеге сай, яғни адамның өлімі – зиян, оған ағза алмастырып салу – зиян, алайда алғашқысы кейінгісінен ауырлау. Сол үшін екіншісін жасап, адамды өлімнен алып қалу қажет.

13 – «Қиындық пен машақат туған жағдайда діннен жеңілдік беріледі».

14 – Діни үкімдер уақытына сай өзгереді.

15 – Кез-келген іс әрекет өзінің мақсатына сай. Егер ағза алмастыру әрекеті біреуді өлімнен құтқарып қалу болса, ол рұқсат, тіпті жақсы әрекет болып табылады, ал құр сәнділік не өзге мақсат болса, оған қатаң тыйым салынады.

Шариғи шарттар:

1 – Біреуге ағза сыйлау әрекетін «анатомиялық сый» деп атайды. Шариғи шарттардың ең алғашқысы – анатомиялық сый жасаушы адамға зиян не залал тимеуін қадағалау, өйткені шариғат бойынша да, ақыл тұрғысынан да біреудің залалын кетіру үшін екінші біреуді залалға ұшыратуға болмайды.

2 – Ағзаны беруші адам ағзаны өз еркімен беруі тиіс, яғни өзге біреудің қыспағымен, қорқытуымен немесе қамаудағы адам болмауы тиіс. Заңының [19 бабында:33].

3 – Трансплантация жасап, медициналық килігу науқас адамның емінің жалғыз жолы болуы шарт. Егер науқас адамды өзге жолмен емдеп алу жолдары яки мүмкіндіктері болса, ең алдымен сол жолдар мен мүмкіндіктерге жүгіну ләзім.

4 – Донардың ағзасын алу отасы да, оны өзгеге салу отасы да сәтті әрі пайдалы болатынына толықтай көз жеткізу. Осыған орай Ислам ғалымдары: «Бұл мәселеде донорға келіп-кетер зиян мен реципиентке тиер пайданың ара-жігін ажыратып, салыстырған абзал. Егер де пайдасынан зияны артық болса, ота жасалмайды, ал егер зиянынан пайдасы артық болса ота жасалады» деп кесіп айтқан.

5 – Трансплантация жасау шынымен-ақ зәрулік жағдайы болуы шарт.

6 – Егер жүрек, ми, бауыр сынды аса маңызды ағзалар көшірілетін болса, онда донордың толықтай жан тапсырғандығына көз жеткізу қажет.

7 – Ағзаны қабыл алушының өзіне осындай ота жасалуына толықтай келісімі болуы шарт.

8 – Көшірілгелі жатқан ағза ұрпақ тарату жүйесіне байланысы болмауы шарт.

9 – Ота жасаушы адам өзінің ісіне берік, білікті, шариғи, ғылыми білімі мол, сенімді, иманды адам болуы шарт.

10 – Ағзаны қабыл алушы адам мұсылман болғаны шарт, яғни мұсылман адамның ағзасын Исламнан өзге дін өкіліне салуға ислам шариғаты қарсылық білдіреді.

11 – Мұндай ота түрлері мемлекеттік деңгейде расталған, қатаң бақылау аясындағы мекемелерде жасалуы шарт. Жеке емханаларда, жасырын мекемелерде жасалуға жол берілмеуі тиіс.

Ағзаны көшіруге рұқсат етілетін жағдайлар

Бірер әрекеттің пайдасы зиянынан басымырақ болса, онда біреуге пайда әкелу ұстанымы өзгеге зиян тигізбеу ұстанымынан жоғары тұрады;

Ағза – адамның мүлкі, ал адам баласы өзіне тиесілі мүлікке өз еркінше иелік ете алады. Ол өзінде бар мал-мүлікті қалай қолданып, иелік етсе, өзінің ағза-мүшесіне де солай иелік етіп, қолдана алады». [38, 16].

Адам өліміне әкелмейтін, қарапайым трансплантация түрлерінің ең қарапайымы – қан құю, қан алмастыру. Мұны медициналық терминде гемотрансфузия деп атайды. Ең алғаш қан құю әрекетін 1628 жылы, британдық ғалымдар жасаған. Содан бері сәтті және сәтсіз аяқталған әрекеттер тоғысып, бұл сала күннен-күнге жаңарып, дамып келеді.

Ислам шариғаты ғалымдары зәру жағдайда қан құю, қан алмастыру мәселесіне рұқсат береді. Әбу Ханифа мазһабы ғалымдары «егер де зәрулік жағдай туып, қан, зәрі, өлексе және өзге де харам заттан өзге нәрсе табылмаса, егер де мұсылман дәрігер аталмыш нәрседе шипа болатынын айтса, онда сол арқылы емделуге болады» деген көзқараста. [3].

Ғалымдар ағзаларды үш топқа бөліп, былай дейді:

Біріншіден: донордың өміріне қатты зияны тимейтін, оны өлімге душар етпейтін, алайда науқас адамға қажетті, онсыз тіршілігі толыққанды болмайтын ағза мүшелерін алмастыру ісі шариғат бойынша рұқсат етіледі. Мұндай ағза түрлеріне қан, тері, сұйықтықтар, сүйек, бүйрек сынды ағзалар жатады.

Екіншіден: донордың өміріне тікелей қатысы бар, күрделі ағза мүшелері болса, оларды тірі адамнан екінші адамға көшіріп салуға қатаң тыйым салынады. Мысалы: ми, жүрек, омыртқа, жұлын, бауыр, өкпе, көз, кеңірдек және осы сияқты ағзалар.

Үшіншіден: Адамның өміріне аса қажетті болмайтын, сәнділік үшін жасалатын ота түрлеріне шариғат үзілді-кесілді тыйым салады. Мәселен, бетін ауыстыру, мұрнын ауыстыру, құлақ қалқаншаларын ауыстыру т.б;

Төмендегі жағдайларда ағза алмастыруға рұқсат берілмейтіндігі анықталады:

1 – Ағзаны беруші адамға зиян не залал тиетін болса, онда ағза алмастыруға қатаң тыйым салынады. Себебі біреудің залалын кетіру үшін екінші біреуді залалға ұшыратуға болмайды. Демек, адамның өміріне тікелей байланысты ағзаларды алмастырып салуға қатаң тыйым салынады. Мысалы: жүрек, ми, бауыр.

2 – Ағзаны беруші адам біреудің қыспағымен, қорқытуымен ота жасататын болса немесе қамаудағы адамды күшпен ағзасын алып салуға жол берілмейді.

3 – Егер науқас адамды трансплантациядан өзге жолмен, жасанды ағза өсіру яки өзге дәрі-дәрмек арқылы емдеп алу жолдары яки мүмкіндіктері болса, ең алдымен сол жолдар мен мүмкіндіктер қарастырылады.

4 – Егер бірер ағзаны өзгеге алып салудың пайдасы екіталай болса, отадан кейін екі адамның екеуі не біреуіне залал тиіп, одан ауыр ауруға душар болу қаупі тұрса, яки отаның өзі жемісін беруі екіталай болса, бұл әрекетке рұқсат берілмейді.

ӨЛІ АДАМ АҒЗАЛАРЫН КӨШІРУ МӘСЕЛЕСІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШАРИҒИ ҮКІМІ

 

Бірақ бізде «шикі» тұстары көп «Трансплантация туралы» Заңды енді ғана жан-жақты талқылап жатыр. Жұрт арасында екі пікір қалыптасты. Бірінші пікірдің иелері «Өлген адамның дене мүшелерін донор ретінде пайдалануды Қазақстанда да жүзеге асыру қажет» дегенді ұстанады. Олардың ойынша, адам оқыс оқиғадан көз жұмса, оның жұмыс істеуге қабілетті ағза мүшесі келесі бір науқастың өмірін арашалап қалуы керек. Бұл адамгершілік тұрғысынан алып қарағанда, адамдардың бір-біріне деген көмегін білдіреді.

Мәселенің діни тұрғысына келер болсақ, негізінен ешбір дін мәйітті бір мүшесін алып тастап жерлеуге келісім бермеген. Дегенмен қазір дін өкілдері өз мүшесін өзгеге беру мәселесіне оң қабақ танытып отыр. Жалпы, өлі адамның ағза мүшесін тірі адмға алмастырып салу жиі таралған, себебі:

а) Медицина саласында «мидың өлуі» атты түсінік пайда болды. Бұл көптеген елдердің заңнамасында адамның нақты өлген межесін білдіретін көрсеткішке де айналып үлгерген. Бұл ағзаларды трансплантациялауға қолайлырақ жағдай саналады. Мәселен, егер адамның жүрегі тоқтайтын болса, артынша 4 минуттан кейін адамның миы, 1-2 минуттан соң жүрегі, 45-50 минуттан кейін бүйректері өліп, трансплантация жасауға келмей қалады екен. Ал егер адамның миы өлетін болса, бұл жағдайда адамның қалған ағзалары 1-2 күн өмір сүреді екен. Оған тиісті ота жасалып, тиісті жағдайда сақтайтын болса, оны келесі мәрте адамға алмастырып салуға жарайды екен.

ә) Әлемнің түкпір-түкпірінде әртүрлі жол-көлік апаттары жиі орын алады. Апатқа түскен мәйіттердің көбісінің ағзасы донорлық мақсаттарда қолдануға жарамды болады.

б) Өлімі дәлелденген жағдайда, өлі адамның ағзасын алу ол үшін ешбір зиян болмайды, керісінше тірі адамға пайдасы тиеді.

в) Өлі адамнан жүрек, ми, бауыр, бүйрек сынды тірі адамнан алуға болмайтын ағзалар алынады.

Шариғат ғалымдары былай дейді:

«Егер де адам өзі өлер уақытынан бұрын өсиет етіп, ағзаларын трансплантация жасауға рұқсат еткен болса, онда оның ағзаларын игі мақсат үшін алуға болады. Өлі адам да ағзасы алынғаннан ауырлық сезінбейді және бұл мәселеде тыйым салушы нақты, кесімді дәлелдер келмеген. Егер де адам тіршілігінде Аллаға жақындап, Алла жолында сауап жасау мақсатында өзінің ағзаларын пайдалануға рұқсат беріп, өсиет етіп кететін болса, онда ол осы игі ісі үшін сауапқа бөленеді.

Егер де адам тірі шағында өсиет етпеген болса, алайда оның жақын туыстары, жауапты мирасқорлары өлі туысының ағзаларын қолдануға рұқсат ететін болса, бұл жағдайда да адамның ағзаларын қолдануға болады, себебі адам өлгеннен кейін оның денесі үшін оның мирасқорлары жауапты. Ендеше, өлген адамның дене мүшелерін қолдануға оның мирасқорлары тарапынан келісім берілсе, ол ағзаларды кәдеге жаратудың оқасы жоқ.

Егер де өлген адамның кім екені белгісіз, онда ол адамның ағза мүшелерін өзге адамның кепілдігі арқылы алуға, оны өзгеге қондыруға рұқсат етіледі, себебі бұл жерде өліні құрметтеу принципінен адамның өмірін сақтау принципі жоғары тұр. Осы орайда апаттан қайтыс болған жандардың кәдеге жарар ағзаларын қолдануға рұқсатты заңнамамен бекіту қажет» дейді [38, 134]. Еліміздің Заңында «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кiм екенi анықталмаған және талап етiп алынбаған адамдардың мәйiттерi де анатомиялық сый деп танылады» делінген [33].

Мысырдың бұрынғы муфтиі Мұхаммед Сайд әт-Тантауи мырза «Егер зәрулік болса, реципиентке пайдасы болатынына кәміл сенім болса, өлген адамның ағзаларын пайдалануға толықтай рұқсат. Бұлай жасауды сенімді, шыншыл дәрігер айтқан болуы қажет. Мұндай жағдайда өлген адамның мирасқорларын не өзге де қамқоршылардың келісімін күтудің қажеті жоқ, себебі зәрулік жағдайда тыйым салынған нәрсе рұқсатқа айналады» деген.

Ғалымдардың екінші тобы өлі адамның да ағза мүшелері алынғанына қарсылық білдіреді. Олар мынадай дәйектерді келтіреді:

1 – Ислам діні өлі адамды құрметті, қадірлі санайды. Өлі адамның қадіріне қол сұғу, оған қиянат жасау – тірі адамға қиянат жасаумен тең, себебі Алла елшісі (с.а.с): «Өлі мұсылман адамның сүйегін сындыру оны тірі қалпында сындырумен тең» деген. Ендеше тірі адаммен жасауға болмайтын әрекеттерді өлі адаммен де жасауға болмайды.

2 – Адам баласы тірі шағында өзінің ағза мүшелеріне иелік ете алмайды дейтін болса, онда оның мирасқорлары да өлген адамның ағза мүшелеріне келісім беру-бермеуіне құқығы жоқ. Адам баласының тәні оны қалауынша жұмсайтын мал-мүлік емес. Оған мирасқорлық жүрмейді. Егер де ол өлмей тұрып өзінің ағзаларын өсиет ететін болса, оның бұл өсиеті де орындалмайды, себебі ол өзі иелік етпейтін нәрсені өсиет етіп қалдыра алмайды.

3 – Мұсылман адамның төлқұжаты табылса да, табылмаса да ол өзінің қадірлілігі мен құрметтілігін сақтап қалады. Оны тиісті түрде қадірлеп, жер қойнына тапсыру міндет. Адамдарды төлқұжаты бар, төлқұжаты жоқ белгісіз деп бөлуге ешбір шариғи негіз жоқ, ондай дәлел келмеген.

Осылайша, шариғат ғалымдары өлі адам мәйітін қолдану тұрғысында да екіге бөлініп, екі ұдай көзқарас айтады. Біздің елдің заңнамасында өлі адамның ағза мүшелерін қолдануға рұқсат келтірілген. Онда: «Адам, адамның мәйiтi, сондай-ақ жануарлар тiндер мен ағзаларды ауыстырып қондыру жөнiнен донор бола алады» делінген [33].

 

ЖАНУАРЛАР АҒЗАЛАРЫН КӨШІРУДІҢ ШАРИҒИ ҮКІМІ

 

Мұны медициналық тілмен ксенотрансплантация деп атайды. Әдетте, жан-жануар ағзаларын алып, адам баласына салу мәселесінде медицна ғалымдары «қолжетімділік» және «адам баласы жаратылысына иммунологиялық тұрғыдан жақындық» принциптері негізінде әрекет етеді. Осыған орай ксенотрансплантацияның көп кездесетін түрі – адам баласына шошқаның және маймылдардың ағзаларын қондыру.

 

Ислам шариғаты жан-жануардың ағзасын қолдану мәселесін сөз етпес бұрын, оларды төмендегідей түрлерге бөліп қарастырады.

а) Еті желінуге жарамды, адал, үй жануарлары. Ислам шариғаты бойынша, егер де үй жануарының ағзасы медицина тұрғысынан адам үшін пайдалы болатын болса, онда «шариғат бойынша шалынған», «өлі» малдың ағзасын емдік мақсатта пайдалануға немесе адамға көшіріп салуға рұқсат етіледі. Бұл орайда «шариғат бойынша сойылған» және «өлі» сөздеріне жіті мән берген жөн. Мәселен, сиырдың жүрек қан тамырларын қолдану, адамның терісін емдеу мақсатында өзге түліктің терісін қолдану және т.б. [49, 17].

Ал егер малдың бірер ағзасы «тірі» кезінде кесіліп алынған болса, мұндай жағдайда оның ағзаларын қолдануға тыйым салынады. Себебі тірі малдан бөлініп алынған ағза өлексе болып табылады, ал өлексені қолдану шариғат бойынша тыйым салынған. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Тірі малдан кесіліп алынған бөлшек өлексе болып табылады», – деген. [17, 2546].

Ал енді «шариғат бойынша сойылмаған», өлексе үй жануарларының жекелеген ағза мүшелеріне тоқталатын болсақ, өлексе малдың сүйегінен өзге ағзасы нәжіс, лас саналады. Ал малдың сүйегін қолдану мәселесінде шариғат ғалымдары екі түрлі пікірде.

Бір топ ғалым өлексе малдың сүйегін қолдануға рұқсат берілгендігін, өлексе малдың тек етін жеуге тыйым салынғандығын алға тартады, себебі Алла елшісі (с.а.с): «Өлексені жеуге ғана тыйым салынған», – деген. Әбу Ханифа мазһабы ғалымдары да осы көзқарасты құптайды. Олардың айтуынша өлексе малдың сүйегі жуылып, қолданса болады.

Ғалымдардың екінші тобы өлексе малдың толығымен нәжіс, қолданылуы харам екендігін алға тартады, себебі малдың сүйегі де өзге ағзалары сияқты, бойында қан, май және өзге де сұйықтық жүреді.

Малдың сүйегі медициналық мақсатта қолданылуы екі жағдайдың бірінде жүзеге асады: бірі – сынған не үгітілген сүйектің орнына қолдану. Мәселен, бірер сүйегі кесіліп алынып тасталған немесе қайта қалпына келтіруге болмайтындай жағдайда сүйегінен айырылған адамға малдың сүйегін салу жағдайы; Екіншісі – құлақтың сіңір талшықтарын, құлақ қалқаншаларын малдың құлақ қалқаншаларымен айырбастау.

Қайткен күні, шариғи тұрғыдан ешбір күмән болмауы үшін, Алла тыйым салған харамға түспеу үшін, соңғы медициналық жаңалықты қолданып, сынған сүйек орнына немесе құлақ қалқаншаларын арнайы пластикпен айырбастаған немесе адал жолмен сойылған малдың ағзалараны қолданған абзал болып саналады.

Ксенотрансплантация саласында өте жиі кездесетін оталардың бірі – тері трансплантациясы. Шариғат бойынша, малдың терісінің үкімі турасында.

Біріншісі: Өлексе малдың терісі иленсе де тазармайды. Бұл Омар ибн әл-Хаттаб, Абдулла ибн Омар, Айша бинт Әби Бәкр, имам Мәлик, имамиттер мазһабының көзқарасы. Алайда Ибн Абдулбарр және Шәукани бұл пікірге қарсы көптеген дәлелдер келтіріліп, аталмыш көзқарастың әлсіздігін дәлелдеген.

Екіншісі: Еті желінетін өлексе малдың терісі ғана иленсе тазарады, қалған жан-жануардың терісі тазармайды. Бұл имам Әузағи, Ибн әл-Мубарак, Әбу Сәур, Исхақ ибн Раһауейһ көзқарасы.

Үшіншісі: Ит пен доңыздың терісінен өзге кез-келген өлексе жануардың терісі иленсе тазарады. Бұл Али ибн Әбу Талиб, Ибн Масғуд, имам Шафиғи көзқарасы. Бұл көзқарас бойынша терінің сыртқы жағы да, ішкі жағы да тазарады. Теріні құрғақ заттарды сақтауға арналған ыдыс ретінде де, сұйық заттарды сақтауға арналған ыдыс ретінде де қолдануға болады.

Доңыздың терісінен өзге кез-келген тері тазарады. Бұл Әбу Ханифа, имам Мәлик көзқарасы. Демек, ханафи мазһабы бойынша емдік мақсатта шошқаның терісінен өзге малдың терісін қолдануға рұқсат.

Шошқа жануары шариғат бойынша толығымен тыйым салынған, оны жеуге, қолдануға болмайды. Сол себепті медициналық мақсаттарда шошқаның қан тамырларын, ми жасушаларын, өзге де ағзаларын қолдануға болмайды. Имам Қуртуби: «Адам баласы мен шошқа ешбір уақытта адал болмайды» деген. Құрандағы: «Сендерге өлексе, қан, шошқа еті харам етілді» деген аятта «шошқа еті» сөзі айтылып, оның астарында шошқаның өзі толығымен меңзелген. Осыған орай Әбу Ханифа мазһабы ғалымдары шошқаның өзі де, еті де, терісі де, тіпті түктері де қолданысқа жарамайды деген. [49, 29].

Шошқа ағзаларын трансплантациялауда ол үшін ақша төленетіні белгілі. Ал Алла елшісі (с.а.с): «Шын мәнінде Алла және Алланың елшісі арақты, өлексені, шошқаны және пұттарды сатуды харам қылған» дейді. Сондықтан, шошқа ағзаларын көшіріп салу да, оларды сату не сатып алу да шариғат бойынша тыйым салынған.

Имам Әбу Ханифа «маймылды сатуға, пайдалануға болатынын айтқан», - деген.

Жоғарыда айтылған көзқарастар «маймылдың етін жеуге болмайды» деген хадистен алынған үкімдер. Сондай-ақ, сатуға болмайды деген үкімнің барлығы да «өйткені пайдасы жоқ» деген анықтауыш шартпен белгіленген. Демек, оның бірер пайдасы бола маймылды сатып алуға да, оны пайдалануға да болады. Осыған орай бір топ кейінгі ғалымдар маймылдың ағзаларын медициналық мақсатта қолдануға рұқсат етеді, себебі бұл дүниелік мақсатта қажетті іске жатады. Дүниелік мақсаттарға қажетті істе нақты шариғи дәлел келмейінше, барлық әрекет рұқсат етіледі. Ал шариғатымыз маймылды қолдануға тыйым салғандығы турасында кесімді, сенімді дәлел келмеген.

Қорыта айтсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ей, Алланың құлдары, емделіңдер, шындығында Алла ауруды түсірді және оның емін де түсірді», – деген.Алла алдында әрбір адам өз өмірі үшін жауапты болатыны анық. Ислам шариғаты біреудің дене мүшесін алып салуға рұқсат етеді, бірақ, келісім болуы шарт. Ал біреудің денесін, ол мейлі өлген адам, мейлі тірі адам болсын, оның рұқсатынсыз алып, күнәға батып жүрмейік. Сондықтан, әрбір жанның өмірі, өлген соң денесі де өте қымбат. Дінімізде оған ешкімнің қол сұғуына рұқсат жоқ.

Ендеше, сабылып аурудың салдарымен күресе бермей, бір сәт себебімен де күресейік, ағайын!

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттері:

 

1.   Мухаммед Нуруддин Әл-Мәкки. «Әдилләт тахрим нақл әл-ағда әл-әдәмия». – Каир: 1995.

2.   Мухаммад ибн Ахмад әз-Зәһәби. «Әт-Тыб ән-нәбәуи». Дәр ихия әл-ғулум баспасы, 1990.

3.   Әбу Хамид әл-Ғазали. «Әл-Мустасфа». Шәрикәт Мәдина Мунаууара лит-тыбаға баспасы. Сауд Арабиясы, Мәдина. 4 том. 2007.

4.   «Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы. 2003 жылғы 6 қараша.

5.   Әбу Дәуд Суләйман ибн әл-Әшғәс әс-Сижистәни. «Сунән Әби Дәуд». «Әл-Мағариф» баспасы, Әр-Рияд, Сауд Арабиясы. Бірінші басылым. Жылы көрсетілмеген.

6.   Библиотека по медицине. (www.sohmet.ru).