тәрбиеші: Г.Т.Исагулова

 

№102 «Айсұлу» б/б КМҚК

 

Мектеп жасына дейінгі балаларды рухани- адамгершілікке тәрбиелеу

 

 

Қазіргі кездегі педагогика адамгершілік тәрбиені бала өмірінің алғашқы жылынан бастап моральдық сананы, адамгершілік сезімдер мен әдеттерді, адамгершілік мінез-құлықты қалыптастырудың мақсатқа бағытталған белсенді процесі ретінде қарастырады. Адамгершілік қасиеттің өзекті мәселесі-қайырымдылық, достық. Халық ұғымында жақсылық пен жамандық, достық пен қастандық адамгершілік қасиеттің екі түрлі белгісі ретінде, егіздің сыңарындай салыстыра суреттеледі. Елге қайырымды, бойында бар қасиетін халыққа жақсылық жасауға арнаған адамды  “Ел қамын жеген ер” деп дәріптеген. “Жақсының жаттығы жоқ”, “Жақсы ай мен күндей, әлемге бірдей”, ”Жақсы туса елдің көрк”,  “Жақсы келді дегенше, жарық келді десеңші, жақсылықтың уытын алып келді десеңші”-деген мақал-мәтелдер жақсы адамның көпшіл, халық қамын ойлайтын абзал азамат екенін дәлелдейді.

Болашақ ұрпақ тәрбиесі – ата-бабамыздан келе жатқан рухани мұралардың бірі. Себебі, артта қалған іс қандай болса, ұрпағымыздың болашағы сондай. Сондықтан бала тәрбиесі, әсіресе бүгінгі күнде, балабақшалар саны көбейіп, халықтың экономикалық жағдайы көтеріліп келе жатқан кезде, өте өзекті мәселенің бірі болып табылады.

Қазақтың белгілі ақыны Мағжан Жұмабаев өзінің «Педагогика» атты кітабында: «Жалпы педагогика екі нәрсе жайынан сөйлейді: 1/ дене тәрбиесі, 2/ жан тәрбиесі жайына»-деген. Сондықтан бұл тақырыптың өзектілігі, ол – баланың алдағы уақытта үлкен әріппен жазылатын Адам болып шығуы үшін «Жан тәрбиесінің» өте қажеттілігі туралы. «Жан тәрбиесінің» бір көрінісі – адамгершілік тәрбиесі туралы болмақ.

ХХІ-ғасыр – тоқтаусыз даму, прогресс – бәрі дұрыс, бәрі болуға тиіс, бірақ адам бойында, яғни, бала бойында адамгершілік, мейірімділік, түсінушілік деген ұғымдар қалыптаспаса адам ХХІ-ғасырдың роботына айналуы мүмкін.

Ақын-ағамыз Мағжан Жұмабаев: «бала бір нәрсеге ұмтылса, сол нәрсеге баланың денесі, жаны, ақылы, сезімі, қайраты – бәрі бірге жұмсалады.»-дейді. Балалық шақта балабақшада алған баланың әсері, оның алдағы уақытта адамгершілігі мол азамат болып қалыптасуының негізгі тұтқасы болмақ. Ал, балабақшаға бала тәрбиелеймін деп келген адам бала бойына адамгершілік қасиет ұрығын себе алмаса, ол бала тәрбиелеп, яғни ұрпақ тәрбиелеп жетістікке жетпейді, әсіресе, Қазақстанда тұрған соң, қазақ болып туған соң, өзіміздің туған баламыз қандай болып өскенін қалар едік. Ендеше барлық балаларға да сондай көзқараспен қарауға міндеттіміз. «Адамгершілік»  дегеніміз - өзі адалдық жолға құрбан бола білетін адамның қасиеті. Егер де біз бойында адамгершілік қасиеті бар адам тәрбиелесек, ол адам өмір кемесінен өз орнын тауып, өзгеге де өнеге болары хақ.

Балабақшаларда адамгершілік тақырыбын әр тәрбиеші күнделікті жұмысында жоспарлап, алдына белгілі мақсат қойып, жүзеге асырып орындап отырса, біздің қоғамның келешек ұрпағы рухани бай, адамгершілігі мол өз елінің нағыз азаматы болып шығуына барлық кепілі бар.

Жалпы, қай тәрбиенің түрі болса да отбасынан бастау алатыны белгілі. Сол сияқты адамгершілік тәрбие де отбасынан қалыптасып, одан әрі дамытылуы қажет.

Адамгершілік тәрбиенің міндеттері:

-         Мектепке  дейінгі жастағы балаларды үлкендер арасындағы саналы қарым-қатынас, кеңпейілділік, қайырымдылық, жақын адамдарға қамқорлықпен қарау және Отанға, жерге, туған елге деген дұрыс көзқарасын тәрбиелеу;

-         Барлық  халыққа туысқандық сезімін қалыптастыру;

-         Балаларды  дүние жүзі халықтарына құрметпен қарауға үйрету;

-         Балалардың  әр түрлі ұлт адамдарына сыйластықтарын тәрбиелеу. Сөйтіп, олармен бейбіт қатарлы өмір сүруге дайындау.

Осы міндеттердің барлығының өзара әрекеттестігін жүзеге асыра отырып, педагог баланың сезім өрісіне әсер етеді, адамгершілік мінез-құлық дәстүрлеріне тәрбиелейді.

Ересек тобының оқу-тәрбие процессінде халық педагогикасы материалдарын тиімді пайдалануды, қамтамасыз ететін шарттарды анықтау біздің зерттеу проблемамызды айқындауға және «іс-әрекетте тәрбиелеу принципін қолдану арқылы мектеп жасына дейінгі балаларға адамгершілік тәрбие беру» деп таңдап алуымызға негіз болды.

Зерттеу нысаны- мектеп жасына дейінгі балаларды (5-6жас) адамгершілікке тәрбиелеу мәселесі.

Зерттеу пәні – іс-әрекетте тәрбиелеу арқылы бала санасында адамгершілік сезімінің қарапайым негіздері.

Зерттеу мақсаты – еңбекте, ойын кезінде, сабақта тәрбиелеу негізінде балаларды адамгершілікке тәрбиелеу жүйесін қалыптастыру.

Зерттеудің болжамы- егер мектепке дейінгі мекемелерде адамгершілік тәрбие комплексті түрде жүзеге асса, онда әрбір бала қандай да болмасын бір міндетті орындау үшін, өзіндік ерекше жағдайлар жасайды. Мәселен, ойында ұнамды әдеттер, өзара қарым- қатынастар, адамгершілік сезімдер қалыптасады; еңбекте- еңбек сүйгіштік, үлкендер еңбегін құрметтеу, ұйымшылдық, жауапкершілік сезім; сабақта- идеялық бағытталудың бастамалары, қоғамдық өмірдегі құбылыстар, патриоттық сезімі сияқты қасиеттерін көре білуі қажет.

Зерттеу міндеттері:

-         Мектепке дейінгі балаларды үлкендермен саналы қарым-қатынас-тарын (тұрмыстың қарапайым ережелерін орындау, кең пейілділік, қарапайымдылық, жақын адамдарға қамқорлықпен қарау, және т.б)қалыптастыру.

-         Бірлестікке тәрбиелеу мүмкіндіктерін ашып көрсету.

-         Мектеп алды балалардың өзара ұжымдық қарым- қатынасынтарының қалыптасуын негіздеу. 

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері қоғам, табиғат және ой дамуының жалпы заңдылықтары; бұқара халықтың материалдық және мінез-құлық мәдениетті сақтауы, бала тәрбиесіндегі адамгершіліктің маңызы туралы ілімі; жеке тұлға таным туралы ілімдер, педагогикалық, психологиялық зерттеулер болып табылады.

Зерттеу көздері- зерттеу проблемасы бойынша педагогтар мен психологтардың еңбектері; педагогикалық ғылыми жетістіктер мен озық педагогикалық тәжірибелерді мектепке дейінгі ұйымдар практикасына ендіру мәселесіне байланысты дербес зерттеу жұмысы; тәрбие мен оқыту үрдісінің  кешені.

Зерттеу әдістері:

-               Педагогикалық, психологиялық әдебиеттерді тақырып бойынша теориялық талдау;

-               Мектепке дейінгі мекемелердің оқу-әдістемелік кешенін талдау;

-               Балабақша құжаттарын, тәрбиешінің жұмыстарын талдау;

-               Алдыңғы қатарлы тәжірибені оқып-үйрену және жинақтап қорыту.

Ұлы ойшыл Абай адамның өсіп, жетілуіндегі тәрбиенің рөліне ерекше тоқтала келе, өзінің 19 қара сөзінде “Адам баласы туа сала есті болмайды. Естіп, көріп, ұстап, татып, естілердің айтқандарын есте сақтап қана естілер қатарында болады. Естіген нәрсені сақтау, ғибрат алу ғана есті етеді”-деп ақыл- естің тәрбиенің жемісі арқылы жетілетінін ғылыми тұрғыда дәлелдеп береді.

Түйіп айтқанда, президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде»- дейтін еңбегінде орын алған мына бір тамаша ойға жүгініс жасаған дұрыс болар: «Әрбір адам біздің мемлекетімізге, соның бай да даңқты тарихына, оның болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс-қимыл жүйесін талдап жасауы қажет. Елдің мәселелері де, келешегі де барлық адамға жақын әрі түсінікті болуы тиіс. Әрбір адам бала кезінен Қазақстан – менің Отаным, мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей істеген жөн». Міне, осы сөздің өзі – тұла бойы тұнған отаншылдық тәрбие міндеттері. Қазақстандық адамгершіліктің, патриотизмнің анықтамасы осындай ойдан туындайды.

 

Әдебиеттер:

1.     Абайдың психологиялық-педагогикалық көзқарасы және қазіргі ауыл мектебі.  Қ. Тәлімұлы.

2.     Ұлағат.  Г. Шатапова, Д. Серікбаева.

3.     Әдептілік қағидалар.  Н. Шакузадаұлы, Ж. Ерғалиева.

4.     Педагогика.  М. Жұмабаев.              

5.     Қазақ тәлім-тәрбиесі.  Қ. Жарықбаев, С. Қалиев. Алматы 1995 жыл

Өзін- өзі тану журналы 2005 ж.