МЕКТЕПТЕ ОҚЫТЫЛАТЫН ҚАЗАҚ ТІЛІ
САБАҒЫНДА ЛОГИКАЛЫҚ ОПЕРАЦИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУ ЖОЛДАРЫ
Қазақ тілі мен
әдебиеті магистрі, аға оқытушы Есенғазина Б.Б.,
«Қазақ тілі мен
әдебиеті» мамандығының ІІІ курс студенті Берікқара З.
Қостанай мемлекеттік
педагогикалық институты
Ғасырлар
тоғысында өзінің жаңа даму жолы мен болмысын
айқындап алған Қазақстан Республикасы ХХІ ғасырда
болашақ буын ұрпаққа білім беру мен
тәрбиелеудің жаңа парадигмаларын қалыптастыруды
алдыңғы кезектегі міндет етіп қойып отыр.
Егеменді еліміздің бүгінгі таңдағы
ең басты мақсаты – жан-жақты дамыған,
алдыңғы қатарлы елдермен теңесу. Ал оған
жетудің басты жолдарының бірі–әлемдік
білім кеңістігінен орын алу. Мұның өзі
ұлттық білім беру жүйесінің даму бағыттарын
айқындап, он тың арнаға, жаңа сапаға жеткізу
қажеттілігін міндеттейді. Сондықтан да білім мазмұнын байыту,
оқыту үдерісін жетілдіру, инновациялық технологияларды
дүниеге әкелу, жан-жақты дамыған, рухани бай, өз
елін, халқын жанымен сүйетін тұлға қалыптастыру
өз шешімін қажет ететін, кезек күттірмей, іс жүзіне
асыратын мәселе болып отыр.
Осымен байланысты мәселелер мемлекет
тұрғысынан көптеген маңызды құжаттар да
қарастырылды. Қазақстан мектептеріндегі білім беру
жүйесінің дамытушы жаңа бағытты таңдауы,
негізінен, «Қазақстан–2030» стратегиялық
құжаттарындағы «Білім беру» бөлімінде көрсетілді.
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында
және «ҚазақстанРеспубликасының 2015 жылға дейінгі
білім беруді дамыту тұжырымдамасында» білім беруді сапалы дамыту
мәселелері тек әлеуметтік қана емес, елдің
экономикалық та дамуының негізі ретінде танылған.
Білім – қазақ халқының
болашаққа бару жолындағы үлкен стратегиялық
қоры. Білім беру жүйесін заман талабына қарай өзгерту,
дамыту, жаңа талаптарға бейімдеу–қоғамдық
мәні үлкен мәселе. Қазақстандық білім беру
жүйесі тарихының жаңа кезеңі оқытудың
жаңа жүйелері мен жаңа технологияларын зерттеуді, тиімділігін
анықтап, оқу үдерісіне енгізумен ерекшеленеді.
Қазіргі кезде мектептің алдында
тұрған негізгі мақсат – оқушыларға білім бере
отырып ойлау қабілетін дамыту, қызығушылығын арттыру,
оқуға ынтасын ояту. Бастауыш мектеп кезеңінде алған
білімдерді бала өз іс-әрекетінде қолдануға машықтанады
және ой қорытынды жасай алу, себеп-салдарды анықтау,
түсінік беру, ойлау қабілетінің дамуы анық көріне
бастайды және осы кезеңде оқушының ойлауы
нақты-бейнеліден абстрактылы ойлауға қарай дамиды, заттарды
тиісті ұғымдарға жатқызып, өзінің ойын
дәлелдеуге үйрене бастайды. Дәлелдеу үшін бала тиісті
жүйе – логикалық ойлауға сүйенеді. Логикалық
ойлау анықтылығымен, бірізділігімен, дәлелділігімен
ерекшеленеді. Бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлауын
дамытуға біріншіден – айнала қоршаған ортаны танып білу,
екіншіден – баланың тапсырмаларды шешуге деген өзіндік
талаптарының күшеюі, үшіншіден – сөздік
қорының кеңеюі әсер етеді.
А.Байтұрсынов ұғымдарды қалыптастыру
үшін ойлау заңдарын, ережелерін дұрыс пайдалану керектігін
айтады.
Қ.Жарықбаевтың еңбектерінде
«Баланың логикалық ойлауын дамыту, ұғымдарын
өсіру – науқандық жұмыс емес. Ол әрбір
сабақ үстінде, мектептегі барлық тәлім-тәрбие
барысында ұдайы жүргізілетін жұмыс. Мұнда
оқушылардың жас ерекшелігі де қатты ескеріледі» - делінген.
Әрине, ойлауға үйрету – мұғалімнің ал
ойлауға үйрену – оқушының ең қиын міндеті.
Бұл мәселе оқуға деген қызығушылық
қалыстаспай шешілмейді. С.Соловейчик «мектептегі
ыңғайсыздықтан, оқуға мойын
ұсынбаудың бәрі нашар бағалар көбіне – көп
оқушылардың ойлай білмеуінен немесе ойлай білгісі келмегендіктен
болып жатады, өйткені ойлау қиынға түседі. Ой еңбегі
дене еңбегінен ауырырақ, адам тез шаршайды, нәтижелері
дәйім көз алдына келе бермейді. Әр жас, әр сынып
үшін қиыншылықтың өз маңызы бар.
Бірақ кейбір балалар осы шағын салмақты да көтере
алмайды, қатты қиналмай жатып-ақ ойлауды, ой еңбегімен
жұмыс істеуді біртіндеп қояды. Олар мектепке бос барып,
бірнәрсеге жауап береді, бірнәрсе істегенсіп жүреді,
бірақ ой еңбегіне күш түскен кезде олар тайқып
шыға келеді, есепті көшіріп алады, әйтеуір амалын табады.
Олар бірте-бірте ойлауды мүлдем қояды, міне, содан бастап оқу
нағыз азап, тозақ бола түседі. Ой еңбегінсіз, ынтасыз,
ойланбай оқу мүмкін емес.
Ал
кім өз бойында осы адалдық шеберлікті ойлай білуді бірте-бірте
дамытса, кім өзін логикалық ойлауға үйретсе, сол адамда
ең жақсы әдеттердің бірі үнемі ойлау әдеті
пайда болады. Себебі, ой еңбегі басқа ешбір еңбектей емес,
өз бойына қуаныш ұялатады және сирек қасиеттерге
ие болады» - деді.
Оқушылардың
логикалық ойлауларын дамытуда ерекше рөл атқаратыны –
пән сабақтары. Олардың логикалық амалдарды орындау
кезінде жиі қиналатынын байқаймыз. Мысалы, кейбір заттарды
жинақтап және оларды салыстыру, сөйлемді анализдеу кезінде,
т.с.с.
Бүгінгі
күні оқушылардың логикалық ойлауын
қалыптастыруында төмендегідей қайшылықтар туындайды:
-
оқушының логикалық ойлауына қойылатын талаптар мен
олардың дамуы арасындағы қайшылық;
-
мұғалімнің тапсырмаларды орындауға және
түсіндіруге қолданған әдіс-тәсілдері
арасындағы қайшылық;
-
оқушы мүмкіндігі мен мұғалім әдістемесі
арасындағы қайшылық;
Осындай қайшылықтарды шешу
арқылы оқушылардың логикалық ойлауларын дамытуға
болады.
Оқушылардың
логикалық ойлау қабілетін дамыту – білімді, дағдыны
және шеберлікті белсенлі меңгеру үрдісін мақсатты бағытталған
түрде басқару, оқушылар танымының қажетті
әдестерімен және тәсілдерімен қамтамасыз ету,
танымдық қажеттіліктерді тәрбиелеу және соның
негізінде ізгіліктік көзқарас, пайдалы еңбекке
әдеттенуді үйрету. В.Давыдовтың «Бастауыш сынып
оқушысының психикалық дамуы» еңбегінде «оқыту
үрдісіндегі оқушылардың ойлау қабілетін
қалыптастыру өзіндік мақсат емес, ол – белсенді
тұлғаны тәрбиелеу құралдарының бірі»
делінген.
Ендеше
логикалық ойлауды дамыта оқытуды негіздеу үшін
«логикалық ойлау» ұғымын терең түсіну керек. Біз
бұл ұғым және олармен байланысты мәселелер
бойынша психологиялық, педагогикалық, оқу-әдістемелік
әдебиеттерді және ғылыми зерттеу жұмыстарын қарап
шығып, «логикалық ойлауды дамыту» ұғымы «ойлауды
дамыту» ұғымын қамтиды деген пікірге келдік. «Ойлау
логиканың заңдылықтары мен формаларына бағынады.
Көптеген адамдар логикалық ойлайды, бірақ
өздерінің ойлауы логика заңдылықтары мен формалары
арқылы болып жатқанын білмейді» дейді В.Кириллова.
Күнделікті
өмірде біз ақиқаттық және дұрыстық
ұғымдарын тең мәнді ұғымдар ретінде
қолданамыз, көбіне айтылған пайымдау мазмұнының
ақиқаттығы туралы «иә, дұрыс!» дейміз.
Бірақ логикалық тұрғыдан қарасақ, бұл
ұғымдар біздің ойымыздың әр алуан түрлеріне
жатады, сондықтан олар өзара тепе-тең емес.
Ақиқаттық – бұл біздің
айтқандарымыздың шындыққа дәл келуі.
Сондықтан дұрыс құрылған пайымдау жалған
болуы да ғажап емес, сол сияқты пікірдегі ереженің
бұзылуы нәтижесінде ақиқат пайымдаудан жалған
тұжырым шығаруға болады. (Мысалы, «Жаңбыр жоқ,
яғни жер су емес». Бұл пайымдау ақиқат болмауы да
мүмкін. Мүмкін, жер суғарылған шығар немесе
қар еріген болар және т.б. кері пайымдаулар да шығады.)
Дұрыс ойлау анықтылығымен, дәлелділігімен ерекшеленеді,
мұндай дәл ерекшеліктер логиканы үйренгенде ғана
қалыптасады.
Оқушылардың
ойлау қабілетін дамыту туралы психолог-ғалымдар Н.Менчинская,
Е.Кабанова-Меллер, З.Калмыкова, Н.Велинкин, Л.Леонтьев, В.Мышин, А.Петровский
және т.б. еңбектерінде көптеген пікірлер айтылған.
Ойлауды дамытудың қажеттілігі туралы әдіскерлер А.Зорина,
Ж.Икрамов, И.Лернер, А.Усова, А.Гетманова, В.Давыдов, оқушының
логикалық ойлауын дамыту туралы Б.Ананьев, Ж.Пиаже, Л,Рубинштейн,
Н.Лейтес, И.Якиманская, Ю.Самарин, Л.Стойлова және
қазақстандық ғалымдар Д.Рахымбек,
Ә.Әбілқасымова, Ә.Қағазбаева,
С.Меңліқожаева, Н.Талпақов, Ғ.Баймадиева,
Б.Тұрғынбаева, Р.Ысқақов, Н.Иманқұл,
Т.Ғабитов т.б. еңбектерінде де құнды пікірлер бар.
Алайда, бұл проблема дидактикада жеткілікті шешімін таба алған
жоқ. Логиканың кейбір мәселелері туралы
қазақтың аса көрнекті ақыны М.Жұмабаев
өзінің «Педагогика» шығармасында оқу-ағарту
ісінің келелі мәселелерін қарастыра келе логикалық
ұғымға да тоқталған. Қазақстанда
қазақ тілінде логикалық ілімдердің таралуына және
қалыптасуына ірі ғалым-лингвист, әдебиет зерттеуші, белгілі ақын-аудармашы,
ағартушы-ойшыл А.Байтұрсынов та үлес қосты. Ол логика
мәселесіне арнап әдейі зерттеулер жүргізіп, еңбектер
жазбаса да, өзінің әдебиет тарихын, тіл мәселелерін
зерттеуге арналған «Әдебиет танытқыш» еңбегінде асыл
сөзді әдемі әдеби ұғымдарды қалыптастыру
үшін ойлау заңдарын, ережелерін дұрыс пайдалану керектігін
айтады.
Ойлау
қабілетінің педагогикалық анықтамасы үшін ойлау
түрлері туралы бұрынғы мәселенің
әдіснамалық маңызы бар. «Ойлау шындықтың жалпы
бейнесі ретінде әрқашанда мазмұнды. Ойлаудың
мазмұны адамның танымдық белсенділігінің
бағытталуына, таңдалуына, әлеуметтік шарттарға
байланысты жүргізілетін іс-әрекеттің қажеттіліктері мен
сарынына байланысты болады. Дегенмен, бірыңғай ойлау үрдісін
нақты мазмұнға байланысты әрбір жаңа
мазмұнды ойлаудың «ерекше» түрі деп бөлуге болмайды.
Ойлау әрбір жеке пәнге бөлінбейді» дейді С.Балтаұлы
өзінің «Жалпы психология» еңбегінде. Сонымен логика –
дұрыс ойлау заңдары мен формалары туралы философиялық
ғылым. Логика нысаны болып табылатын ойлау формалары дегенде, ең
алдымен, нені түсіну қажеттігін қарастырамыз. Ойлау формасы
немесе логикалық форма дегеніміз – құрылымы мен оның
элементтері байланысының амалы. Адам қай тілде сөйлемесін,
олар бір-ақ жерде бір формада әрі бірдей ойлайды.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1.
Ильясова Б. Оқушылардың логикалық ойлау
қабілеттерін дамыту // Психологияны мектепте және ЖОО-да
оқыту. – Алматы, 2007. - №1. – 2-3 бет.
2.
Рахымбек Д., Нұрбекова А. Логикалық ойлау қабілетін
дамыту // Қазақстан мектебі. – Алматы, 2008. - №11. – 53-55 бет.
3.
Төлтебаев С.Қ. Логикалық оқу операцияларын
оқу үрдісінде қолдану // Қ.А.Яссауи университетінің
хабаршысы. – Түркістан, 2010. - №2-3.
4.
Маналова З. Тіл дамыту сабағындағы логикалық ойлау //
Бала тәрбиесі. – Алматы, 2007. - №11. – 43-44 бет.
5.
Шәріпбекқызы Г. Логикалық ойлауды жетілдіру арқылы
оқушы тілін дамыту // Қазақ тілі мен әдебиеті. –
Алматы, 2010. - №5.
6.
Нұрбекова А.М. Бастауыш сынып оқушыларының
логикалық ойлау қабілетін дамытудың дидактикалық
ерекшелігі. Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми
дәрежесіналу үшін дайындалған диссертацияның
авторефераты. Шымкент, 2010. – 29 бет.