Сырбай Мәуленов
поэзиясындағы табиғат лирикасы
Миркемелова Айнұр Білісбайқызы
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай
мемлекеттік университеті
Практикалық лингвистика кафедрасының
аға
оқытушысы, филология магистрі
Әлемдік поэзия өкілдерінің шығармашылығына назар салғанда олардың қай-қайсысының да соқпай өтпейтін нысанасы бар екенін көруге болады. Ол – табиғат. Лирикадағы табиғаттың суреттелуінің өзі түрлі бейнелеу тәсілдерімен жүзеге асатынына арғы-бергі кезеңдегі поэзиялық туындылардан көп мысалдар келтіруге болады. Адам мен табиғат – күллі өнер туындысының нысаны. Әсіресе сыршыл жанр лирикада жыл мезгілдері, уақыттың әрбір сәті түрлі тәсілмен жырланып, өзгеше бітімді көркем бейнеге айналды. Соның мысалы ретінде қазіргі лирикамыздағы түннің, іңірдің, кештің, таңның бейне (персонаж) дәрежесіне көтеріліп, кескінделуін сөз етсек, көп қырлы көркемдік әлемінің терең сырына қанығарымыз анық. Өнердің ең сезімтал түрі саналатын поэзиялық туындыларда басты нысан табиғат болса, табиғатқа телінетін адами әрекеттің де түбін мифологиялық ойлау жүйесінен іздейміз.
Табиғат
жыраулар поэзиясында салыстыру, егіздеу бағытында тілге тиек болады.
Сыпыра жыраудың “Құбыладан жылы жел есер // Арқадан
суық жел есер”, Асанқайғының “Қырында киік
жайлаған // Суында балық ойнаған”, “Еділ бол да Жайық
бол”, Доспамбет жыраудың “Қоғалы көлдер, қом
сулар // Кімдерге қоныс болмаған” деп келетін толғаулары
ұлттық поэтикалық танымның алтын зермен төгілген
айшықтарындай болды. Табиғатқа, ондағы түрлі
құбылыстарға сілтеме жасай отырып,
әлеуметтік-философиялық, дидактикалық ойларды тізбелеген
жыраулар дәстүрі кейінгі жазба поэзияда жаңа арнамен байыды.
ХІХ ғасыр басындағы өлең
әлемінде Дулат Бабатайұлының “Сандықтас”,
“Сарыарқа”, “Сауыр жерден айрылып”, Мұрат
Мөңкеұлының “Үш қиян” атты толғаулары
белгілі бір тарихи кезең шындығын, тәуелсіздік, азаттық
идеяларын қазақ қонысы, туған жер, дала болмысы арқылы өрнектеген
туындылар. Бұл жерде табиғат қосалқы, жанама нысан
ретінде негізгі ойға тірек болып, салмақты көркемдік
жүк көтерді [1,5].
Адам назарын аударатын және адам тіршілігімен етене
байланысты табиғаттың тылсым құпия сыры көп.
Адамзат жаралғалы, тіпті одан да бұрын жаратылған
заңғар, биік таулар мен шалқыған айдынды көлдер,
ширатылып аққан өзендер қай заманда да ақын
қиялын тербетіп, оның назарынан тыс қалмаған. Себебі
қай ақынды алмаңыз, ең алдымен өзі өскен
жердің табиғатын жырлап өткен. Сырбай да сол дәстүрді
жалғастырушы. Ол тек тау суретін жырлауға бір топ өлең
бағыштаған. “Көк таулар”, “Қаратау”, “Алатау”, “Таулар
күледі”, т.б. Бұл өлеңдері біріне-бірі
ұқсамайды, тақырыбы бір болса да, себебі, айтар ойы алуан
түрлі. Ақынға таудың тәкаппар биіктігі,
жықпыл-жықпыл тастары, асқар шыңдары, зеңгір
көкпен таласқан шоқылары рух береді, содан барып лирик
табиғатпен сырласып өзі де бір іштей тілегендей сыр төгеді.
Ақын тауды тура табиғи кейпін жырлаудан гөрі тауды фон етіп
алып өзінің сезім дүниесін, көңіл-күй
әлемінің тебіренісін осы фонға ұштастырып жібереді.
Табиғи көрініс те, ақын сезімі де ұштасып өлең
әлемінің терезесін айқара ашып жібергендей болады. Бойды
билеген сезім қуаты табиғат құбылысымен астасып кетеді,
кейде салыстырып жібергендей, кейде теңеп отырғандай, енді бірде
тебіреніс, толғаныс сәтіндей қабылданады. Тауды жырлай
отырып, түйдек-түйдек ой айтады, философиялық топшылаулар
жасап, адам психологиясына жарасымдылық ұғымының
эстетикалық мәнін сіңіріп жібереді. Тау –
қайсарлықтың, қаһарлылықтың, биіктіктің,
сонымен қатар сұлулық пен кербездіктің,
алыптықтың да символы ретінде көрінеді.
С.Мәуленов
поэзиясының табиғатпен тұтастығы ақын
даналығының әрі ажырамас бөлшегі әрі адастырмас
өлшемі. Ол өзінің поэзиясына нәр мен қуатты
туған жер табиғатынан алады, сондықтан өзінің
сөзін де, жырын да соған арнайды.
Ақын
өлең жолдарынан табиғат құбылысының мінезін
сезесің, әрі сыршыл лирик өзінің сезімін де қоса
өреді. Ол үшін туған жердің көктемі ала бөтен ыстық.
Ақын
көктем тақырыбына әр алуан жыр арнады. Оның әрбір
өлеңі – жаңа бір дүниенің кілтін
ұстатқандай. Бірін-бірі қайталай бермейтін
көктемнің әр қилы суретін, көрінісін әр
алуан қырынан аша жырлайды. С.Мәуленовтің қай
өлеңін оқысаң да, үлкен эстетикалық
ләззатқа бөленіп, жан дүниең жадырап сала береді.
С.Мәуленовтің
туған жер табиғатының сұлулығын көруі,
сезінуі, жырлауы өзгеше. Ешкім аңғара, назар аудара
қоймаған жақтарын, сиқырлы әлемін өзінше
ашып жырлайды
Ақынның туған жерге байланысты
өлеңдері: “Туған жермен сырласу”, “Туған елдің тойында”, “Алатау”, “Қостанай –
бұл кәрі жер”, “Көкте қалқып шағала”,
“Меңдіқара - Бурабай”, “Қызылорда”, “Аманқарағай”,
“Арқалық”, “Қайыңды”, “Түркістан жотасы”,
“Қаратау”, “Көк таулар”, “Келіншек тау”, “Жетісу” т.б.
С.Мәуленовтің табиғат лирикаларының
тақырыбы әр алуан, бояу нақышы, бейнелеу машықтары,
поэтикалық ізденістері де басқа ақындарға
ұқсай бермейді. С.Мәуленов қазақ поэзиясына
айрықша өнімді еңбек етіп, жемісті жырлар
қалдырған талант.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Әскербекқызы
Ж. Көркемдік өріс. Ғылыми зерттеу. – Алматы: Таймас, 2008. –
296 б.
2. Мәуленов
C. Өлеңім – өмірім менің. Жыр жинағы. – Алматы: Санат, 1997.- 574 б.
3. Өлең өлкесі: Қазақ
табиғат лирикасының антологиясы. (Құраст.
Ж.Әскербекқызы). – Алматы: Жазушы, 2009. – 472 б.
4. Күлжамал Мәуленкеліні, Қасым
Сырбайұлы. Жыр тұлпары, сыр
сұңқары – Сырағаң. – Алматы: Атамұра, 1996.