Махамбет мұрасындағы мәтіндік айырымдар

 

                                                                         Әбдіқалық Күнімжан Сәдірқызы

                                                         ҚазмемқызПУ-дің доценті, ф.ғ.к., Қазақстан 

 

        Махамбет Өтемісұлы  мұраларының текстологиялық мәселелері жалпы филология ғылымы бойынша дәстүрлі ақындық поэзия өкілдерінің ішінде арнайы қолға алынып,  кеңінен зерттелгені бәрімізге белгілі. Ол бір жағынан ақын мұрасының ұлы Абай шығармаларынан кейінгі көп жарық көрген, яғни, ғылыми басылымға әзірлеуде текстологиялық жұмыстардың мол жүргізілуінен болар. Расында да, Махамбет шығармалары сонау Қазан басылымынан /1908/ бастап бір ғасырдан астам мерзімде әлденеше басылымда /1925, 1939,  1948, 1950, 1951, 1962, 1965, 1974, 1985, 1989, 1991, 2002, т.б./ жарияланды. 2003 жылы «Ғылым» ғылыми баспа орталығынан» шыққан  «Шығармаларының төрт томдық академиялық жинағын» даярлауда да зерттеушілердің ақынның әрбір сөзіне мән беріп, оқылуы қиын сөздерді қайта өңдеуде аса жауапкершілікпен қарағанын жоққа шығара алмаймыз.

         Махамбеттің ең алдымен «Мұнар күн» өлеңін «Жазушы» баспасынан шыққан «Ерулі атқа ер салмай» /1974/, «Ереуіл атқа ер салмай» /1989/,  «Ереуіл атқа ер салмай» /2002/, «Бес ғасыр жырлайды» /1984, 1989/, «Жеті ғасыр жырлайды» /2004/, «Жалын» баспасынан жарық көрген «Тарланым» /1985/, «Шығармаларының төрт томдық академиялық жинағы» /2003/, тағы басқа жинақтардағы нұсқаларымен өзара салыстырып, мәтіндік айырымдардың бар-жоғына назар аударайық.

         Өлеңдегі мәтіндік айырымдар біріншіден, өлең жолдарының қосылып, мәтіннің толықтырылуымен көзге түседі. Мәселен, «Бес ғасыр жырлайды» /1989/, «Ай, заман-ай, заман-ай» /1991/ жинақтарында кездеспейтін өлеңнің «Сағағы болат қылыштың», «Балдағынан сынған күн» деген 32, 33-жолдары 1985, 2002, 2003, 2004 жылғы жинақтарда, «Жақындағы достының» деген 37-жолы 2002, 2003, 2004 жылғы жинақтарда берілген. Сондай-ақ 1985 жылғы жинақта түсіп қалған өлеңнің «Бура атанға шөккен күн» деген 3-жолы, «Алма мойын аруды», «Ат көтіне салған күн» деген 9,10-жолдары кейінгі барлық жинақтарда басылып келеді.

         Екіншіден, өлең жолдарындағы сөздердің өзгеріске ұшырауы мен артық сөздердің алынып қалуы. Мәселен, 1974, 1989 /«Бес ғасыр жырлайды»/, 1991 жылғы жинақтардағы өлеңнің «Бұрынғы бақыт тайған күн» деген 6-жолындағы «бақыт» сөзі 1989 /«Ереуіл атқа ер салмай»/, 2002, 2003, 2004 жылғы жинақтарда  «дәулет» сөзімен ауыстырылған. Ал 1974, 1985, 1989 /«Ереуіл атқа ер салмай»/, 2002 жылғы жинақтардағы өлеңнің «Біздей тақ мейманасы тасқанға» деген 16-жолындағы «тақ» сөзі 2003 жылғы жинақта «нақ» деп берілсе, 1989 /«Бес ғасыр жырлайды»/, 1991, 2004 жылғы жинақтарда мүлем кездеспейді, яғни өлең жолындағы артық сөз ретінде алынып қалған.

         Үшіншіден, бір әріптің өзгертіліп басылуы. 2003 жылғы жинақтағы өлеңнің «Хас бәйтерек жығылып» деген 34-жолындағы «хас» сөзі 1985, 1989 /«Бес ғасыр жырлайды»/, 1991 жылғы жинақтарда «қас», 2004 жылғы жинақта «жас» деп әр жинақта әр түрлі берілген. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» /2008/  «хас» пен «қас» сөздері «нағыз» деген мағынаны білдіреді, яғни, бірдей сөздердің қайсысын қолданса да бәрібір. Ал «бәйтерек» сөзіне «жас» немесе «қас» сөздерінің қайсысын тіркестіргенде орынды болатынына текстолог көз жеткізуі қажет.

         1985 жылғы жинақтағы «Булы теңді шешкен күн» деген 12-жолындағы «булы» сөзі, «Түс қыла гөр, құдайым» деген 15-жолындағы «гөр» сөзі /1974/,  «Қуанып көңлі тынған күн» 38-жолындағы «көңлі» сөзі теруден кеткен қателер, яғни, олар кейінгі жинақтарда «буулы», «көр», «көңілі» болып түзетілді. 

         1974, 1985, 1989, 2003 жылғы жинақтардағы өлеңнің  25-жолы «Жез қарғылы құба арлан», 36-жолы «Алыстағы дұшпанның» деген өлең жолдары академиялық басылымнан /2003/ кейін жарық көрген «Жеті ғасыр жырлайды» /2004/ жинағында «Жез қарғалы құба арлан», «Алыстағы дұшпан мен» деп берілуі әлі де болса жинақ шығаруда мәтінге деген немқұрайылық  танытушылық бар екені байқалады.

         Ақынның «Соғыс» өлеңіне келсек, мұндағы мәтіндік айырымдар, біріншіден, тұтастай өлең жолдарының қосылуымен көзге түседі. 1974, 1985 жылғы жинақтарда кездеспейтін өлеңнің 36,37,38,39,40,41,42-жолдары, яғни,        

                               Толғай-толғай оқ атқан,

                               Он екі тұтам жай тартқан,

                               Қабырғасын қақыратқан,

                               Тебінгісін тесе атқан,

                               Тізгінінен кесе атқан,

                               Біздің қайсар батырдың

                               Жүрегін сөйтіп оятқан, –

деген жолдар 2003 жылғы жинақта (53-бет) енгізілген.   

         Екіншіден, өлең жолдарындағы сөздердің өзгеріске ұшырауы.  2003 жылғы жинақтағы өлеңнің «Жиылған әскер бөлінді» деген 11-жолындағы  «бөлінді» сөзі 1974 жылғы жинақта «бүлінді» деп берілсе, 1985 жылғы жинақта осы өлең жолы мүлдем кездеспейді, яғни, түсіп қалған. Өлеңнің «Бекетай  құмның басында» /1974, 1985/ деген 24-жолындағы  «Бекетай» сөзі 1989 («Ереуіл атқа ер салмай»), 2004 жылғы жинақтарда «Беке» деп берілсе, «Орыс добын үш атты, Доптың үні шыққанда»  /1974, 1989 («Ереуіл атқа ер салмай»), 2003/ деген 45,46-жолдарындағы  «орыс добын», «доптың»  сөздері 1985, 1989 («Бес ғасыр жырлайды») жылғы жинақтарда «ханның тобы», «топтың» деп берілген.

         «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңін қарастыратын болсақ, 2003 жылғы жинақта өлеңнің бес нұсқасы /1948, 1962, 1974, т.б./ қатар берілген. Барлық жинақтарда кездесетін өлеңнің «Өзіңнен туған жас бала, Сақалы шығып жат болмай» деген 8,9-жолдары 1974 жылғы жинақта:

                      Әр түйірі ат болмай,

                      Атыңды байлап келгенде,

                      Қатын-бала жат болмай,–

деп өзгеше берілген. Сондай-ақ барлық жинақтарда кездесетін өлеңнің «Арып-ашып жол көрмей» деген 12-жолы «Бес ғасыр жырлайды» /1984/, «Ай, заман-ай, заман-ай» /1991/ жинақтарында ұшыраспайды. Байқаусызда түсіп қалған деуге де келмейді. Өйткені 1948 жылғы жинақта да осы өлең жолы берілмеген. Кейінгі жинақтардағы өлеңнің «Ереуіл атқа ер салмай» деген 1-жолындағы «ереуіл» сөзі әр жинақта әр түрлі («ереулі» /1948, 1962/, «ерулі» /1974/, т.б.) басылып келсе, «Еңку-еңку жер шалмай» деген 3-жолындағы «еңку-еңку» сөзі Махамбет жырларының тұңғыш басылымы ретінде қарастырылған «Досмұхамедұлы Халел. Исатай-Махамбет» /1991/ жинағында «еңкейіңкі» деп берілген.

         «Тарланым» өлеңіне келсек, мұнда жекелеген сөздер ішіндегі әріптерді түзетуден немесе теруден кеткен қателер мен қоспаларды кездестіреміз. 1985 жылғы жинақтағы  өлеңнің «Керіскендей шандозым» деген 7-жолындағы «керіскендей» /1962, 1974 жылғы жинақтарда да/, «Садағына сары жебе салдырған» деген 14-жолындағы «жебе» /1974 жылғы жинақта да/, «Маңдайына сары сусар бөрік басқан» деген 20-жолындағы «маңдайына», «Айғайда белдік байланған» деген 22-жолындағы «айғайда... байланған», «Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан»  деген 29-жолындағы «ауыздан» /1974 жылғы жинақта да/ сөздері «Үш  ғасыр  жырлайды» /1965/, «Бес ғасыр жырлайды» /1984/, «Ай, заман-ай, заман-ай» /1991/ жинақтарында «керіскідей», «жебені», «маңдайын», «айқайласа... байлаған»,  «ауыздай» деп өзгертілген. Сонымен «керіскендей» сөзі әлде «керіскідей» сөзі дұрыс па? Негізінен «керіскедей» деп қолданған орынды. Өйткені бұл сөз «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» /2008/ бар. Яғни, «келіскен, көз тартатын, үлкен» (390-бет) деген мағынада қолданылса, ал «шандозым» сөзінің екі мағынасы берілген: «Өрен, жүйрік, жеңімпаз» және «сұлу, көркем» (901-бет). 1985 жылғы жинақта «шандозым – «кербезім» деген мағынада»,  «керіскендей – «керіске» деген мағынада, аң аты» (14-бет) деп көрсетілген. Сонда «шандозым» кербез, сұлу мағынасында алынса, онда көз тартатын кербез, сұлу жанды суреттейтін  «керіскедей» сөзінің қолданылуы жөн болмақ.

      Сондай-ақ «ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» /1962/, «Үш  ғасыр  жырлайды» /1965/ жинақтарындағы «Астына  тұрман  болсам  деп, Жұртына  құрбан   болсам деп» деген жолдардағы «астына»  сөзі  «Махамбет. Жыр-семсер» /1974/, «Бес ғасыр  жырлайды» /1989/ жинағында «атына» деп өзгертілген. «Тұрман» сөзі «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» /2008/ «ер-тоқымның жабдығы» (825-бет) деп берілсе, онда «астына тұрман» емес, «атына  тұрман»  дегені дұрыс болмақ.   

         1985 жылғы жинақтағы  өлеңнің 30, 31, 32, 33, 34-жолдары, яғни,

                     Еңселігі екі елі,

                     Егіз қоян шекелі.

                     Жараған теке мүшелі,

                     Жауырыны жазық, мойыны ұзын,

                     Оқ тартарға қолы ұзын,–

деген жолдар «Жыр-семсер» /1974/, «Бес ғасыр жырлайды» /1984/, «Ай, заман-ай, заман-ай» /1991/ жинақтарында берілмеген. Мұндай өлең жолдарындағы қоспалар мен қалып кеткен тұстарды ақынның «Қайда бар?», «Аспандағы Бозторғай», «Мен  тауда  ойнаған  қарт  марал», «Мінкен  ер»  деген толғауларынан да ұшыратамыз.

         Мәселен, «Қайда бар?» өлеңінің «Бес ғасыр жырлайды» /1984/ жинағындағы 1,2,3,4,5,6,7-жолдары, яғни,

                       Артымда қалған алғаным

                       Қытайы қызыл көйлегі

                       Күнге қойсаң оңар ма?

                       Мұндай қорлық болар ма?!

                       Ақсұңқар құстың баласы

                       Қасқыр тартқан жемтікке

                       Ағармай көзі қонар ма!–

деген жолдары 1974 жылғы жинақта берілмесе, керісінше «Адыра қалған Нарынның» /1989, 2003/ деп басталатын өлеңінің «Еңіреген ерлердің, Жібектен желбіретіп ұстар туы бар» деген 5,6-жолдары 1984 жылғы жинақта түсіп қалған. Және де «Қайда бар?» өлеңіндегі «Бұл фәнидің жүзінде» /1974/ деген өлең жолы «Бес ғасыр жырлайды» /1984/ жинағында «Бұл заманның шағында» деп орынсыз түзету енгізілген.

         «Аспандағы бозторғай» өлеңінің алғашқы он алты жолы екі нұсқада /1974, 1984/ бірдей де, одан кейінгі жолдар мүлдем басқаша болып келеді. Яғни, 1974 жылғы жинақта:

                        Пыр-пырлай ұшқан қасқалдақ

                        Көгінде жатып көркеймес,

                        Ортайса көлдің қоғасы.

                        Аруана мая күңіренер,

                        Баурынан өлсе баласы.

                        Суда жүзген нән балық

                        Шағала құсқа жем болар,

                        Үзілсе көлдің сағасы.        

                        Атадан қалған сауыттың

                        Шығыршығын тот басар,

                        Жыртыла тозса жағасы,–

деген он бір жолдан құралса, 1984 жылғы жинақта:

                        Қалы кілем, қара нар

                        Жарасады қатарға.

                        Аруана жисаң, жарасар,

                        Ұлы күнде сапарға.

                        Қаумалаған қарындас

                        Қазақта бар да, менде жоқ,

                        Арызымды айтарға,–

деген жеті жолдан түзілген.

        

          «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі» өлеңінің 8-бөліміндегі «Шымырқансам тағы кетермін», «Өтініп алып от жақпан», «Бөліне көшкен еліңді», «Жарыла көшкен еліңді» деген 2,6,10,12-жолдары 1989 («Ереуіл атқа ер салмай») жылғы жинақта «Шымырқансам, тақсыр, кетермін», «Отын алып от жақпан», «Бөліне көшкен елдерді», «Жарыла көшкен елдерді» деп өзгертіліп берілген.

         «Махамбеттің Жәңгірге айтқаны» /1984, 1985/ деген өлеңіндегі «Хан емессің, аярсың» деген 7-жолындағы «аярсың» сөзі 1974, 1989, 2003 жылғы жинақтарда «аянсың» деп берілген. Дұрысы – «аярсың» сөзі. Өйткені бұл сөз «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» /2008/ «айлакер, қу, көлгір адам» (80-бет) деген мағынада қолданылып тұр.

         Сонымен, тұрақты мәтін қалыптастыру текстология ғылымында қаншалықты қиындықпен іске асырылатыны  белгілі десек те, Махамбет шығармаларының келесі басылымында әр жинақта әр түрлі берілген сөздер мен сөз тіркестерінің, қалып кеткен өлең жолдары, артық сөздер және сөз ішіндегі әріп (емле) қателерінің ең дұрысы  өз қалпына келтірілсе деген ниет білдіреміз.  

 

           Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Бес ғасыр жырлайды.-Алматы: Жазушы, 1989.       

2. Жеті ғасыр жырлайды.-Алматы: Жазушы, 2004.

3. Он ғасыр жырлайды.-Алматы: Дәуір, 2006.

4. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі/Жалпы ред.басқ. Жанұзақов Т.–Алматы: Дайк-Пресс, 2008.

 

 

                                                     Резюме

       Статья посвящена рассмотрению текстологических различий произведений Махамбета Утемис-улы.     

                                      

                                                     Resume

      The article is devoted to textological differences of Mahambet Utemisyly’s poetry.