Стилистиканың қазіргі даму аспектілері

 

                                                                      М.Қ.Қанабекова 

                                                                         ҚазМемҚызПУ

                                                                             Қазақстан Республикасы

 

     Бүгінгі ғылым-білімнің көздейтін мақсаттарының бірі – тілдің жаңа бағыт-бағдарларына негізделген стилистика ғылымының да қазіргі зерттелу аспектілерін айқындау, оның даму сипатын талдап-таныту. Жаңа теориялық зерттеу аспектілеріне қарай тілді ой-санамен, мәдениетпен, адамның таным-түсінігі, тәжірибелік қызметімен байланысты қарастыру қолға алынды. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы тіл білімі дамуындағы ғылыми бетбұрыс – стилистика ғылымының да қарқынды дамуына әсер етіп, әсіресе тілдің функционалды-коммуникативтік аспектісі жан-жақты зерттеуге алынып, жаңаша қырынан талдауға мүмкіндік алды. Оған әлемдік тіл біліміндегі, орыс тілі ғылымындағы зерттеулер, ғылыми таным-тұжырымдар негіз болған деген әр түрлі көзқарастар, болжамдар айтылуда.  В.Матезиус бастаған чех ғалымдары әдеби тілдің функционалдық сипатын зерттеуге ерекше көңіл аударды. Орыс стилистика ғылымының дамуында В.В.Виноградовтың жаңа бір кезеңнің тарихи бастамасы болғандығы ғылыми тұрғыдан дәлелденіп, негізделуде. В.В.Виноградовтың еңбектерінде тілдік-функционалдық концепция басым бағыт болса, оның теориялық базасы тілдің қатысымдық жағдайдағы қызмет ету ерекшеліктерін зерттеуге негізделеді. Қазақ стилистикасын зерттеушілер тіл білімінің бұл саласына қатысты өз ой-пікірлерін айтып, бірқатар теориялық ізденістерге барып, жаңаша тұрғыдан зерттеулер жүргізуде. Демек, ғылыми жаңаруды басынан кешіріп отырған, ғылымның  жаңа бағыт-бағдарларына сүйенетін – стилистика ғылымында да жаңа бетбұрыс, көптеген білім салаларымен тығыз байланысты даму үрдісі байқалады.

     Стилистика тілдің бейнелі құралдары мен көркем амал-тәсілдерін зерттейтін ғылым саласы болғандықтан, өзге тіл білімі пәндерінің арасында айрықша орын алады. Белгілі бір тілдегі тілдік бірліктердің құрамы мен категорияларына, олардың өзара байланыстары мен арақатынастарына талдау жүргізетін, яғни тілдің құрылымдық ерекшеліктерін зерттейтін пәндерден стилистиканың айырмашылығы – ойды жеткізуде сол тілдің  тілдік бірліктері мен категориялары қалай, қандай жағдаяттарда  пайдаланылады деген сауалға жауап беруінде. Стилистика қолданыстағы тілдің қызмет ету ерекшеліктерін қарастырады.

     Ең алдымен, стилистика ғылымы аясының кеңеюіне, жаңа бағыттарының пайда болуына танымдық бағдарларға негізделген  ғылыми ілімдердің қарқынды дамуы ықпал етуде (сөйлеу актілерінің теориясы, прагмалингвистика, коммуникативтік лингвистика, антропоөзектік парадигма, мәтін лингвистикасы т.т.). Соған орай қазіргі тіл білімінде стилистика ғылымын дамудың жаңа аспектілері тұрғысынан зерттеп-зерделеп, ғылыми тұрғыдан негізделіп, жүйелі қарастырыла бастады. Оның түрлері айқындалып, салалары орныға бастады: ортостилистика, мәтін стилистикасы, прагмастилистика, экспрессивтік стилистика, тарихи стилистика, салыстырмалы-салғастырмалы  стилистика, кодтау стилистикасы, декодтау стилистикасы, т.т.

     Тың бағыттағы зерттеулердің сипатына қарай стилистика түрлерін осылайша айқындау, мәнді белгілерін, ерекшеліктерін көрсету, ол жайындағы ғылыми ой-тұжырым, болжамдарды теориялық түрде саралау – бүгінгі ғылымның абыройлы міндеті.

     Стилистиканың тағы бір даму аспектісі адамның эмоциясын жеткізудегі тілдің экспрессивтік қызметінің ғалымдар назарын көптен бері аударып келетіндігі. Стилистиканың ғылым ретінде дамуына түрткі болған В.Гумбольдт, К.Фосслер зерттеулері дүниеге келген заманнан бері бұл бағытта көптеген еңбектер жазылды. Сол кезеңдегі тілдің эстетикалық табиғатын оның экспрессивтік қызметімен тығыз байланыста алып қарастырылған еңбектер, айтылған ой-тұжырымдар бүгінде дамытылып, стилистиканың экспрессивтік стилистика деп аталатын бағытының пайда болуына негіз болды.

     Экспрессивтік стилистиканың бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналуына қазіргі қоғамдағы жеке тұлғаны тануға деген ерекше қызығушылықтың болуы, осыған байланысты қоғамдық ғылымдардың дамуындағы жаңа гуманитарлық парадигманың қалыптасуы да ықпал етіп отыр. Бұл бағыттағы ғылыми-теориялық зерттеулер мен талдаулар психолингвистика, этнолингвистика, когнитивтік лингвистика, этнопсихология, жеке тұлғаның лингвопсихологиясы, лингвокогнитивтік психология, лингвомәдениеттану мәселелерін анықтауға қажетті ақпараттарды береді. Экспрессивтік стилистиканы ғылыми-теориялық тұрғыдан зерттеудің перспективасы тілдегі дара стиль категориясын, көркем шығарма тілін, функционалды стилистика, стилистикалық ресурстар, ортология, сөз мәдениеті, т.б. мәселелерді әр қырынан және тереңірек зерттеуге ықпал етеді(1).

     Жаңа зерттеу аспектілерін құрайтын соны ізденістер қатарында стилистика ғылымын прагматикалық тұрғыдан қарастырудың да қажеттілігі, маңыздылығы айрықша. Бұл бағытта зерттеген ғалым Д.Әлкебаева: ,,...прагматиканың «іс-әрекеті мен бітім, болмысын» айтушы мен тыңдаушының қарым-қатынасы арқылы тану стилистиканың жаңа бағытының пайда болуына негіз бола алады. Прагмастилистика - стилистика ғылымының жаңа бағыты. Кез келген айтылым адресаттарға (қабылдаушыларға) ақпарат берумен қатар, оның қабылдауына ықпал ететін тілдік бірліктерді таңдайды және оның реакциясын тудырады. Прагматика адамның белгілі жағдайда қандай мақсатпен сөйлеп тұрғанын қоса қарастырады. Адресант пен адресат арасындағы қарым-қатынас аясындағы тілдік бірліктердің ықпал ету және әсер ету мақсатынан пайда болған туынды мәтін прагмастилистика деп аталады»(2) - дей келіп, стилистиканың жаңа бағытын сипаттай отырып, өзіндік қорытынды, тұжырымдар жасайды.  

     Қалыптасу тарихы көне дәуірден бастау алған, өз қоғамына қызмет етіп отырған, мемлекеттік мәртебесін алған тіліміздің тарихын тану, функционалды стильдердің әр дәуірде біреуінің ерте, біреуінің кеш даму сатысын бастан кешіргенін жүйелеу тарихи стилистиканың міндеті екенін толық дәлелдейді. Әдеби тілдің тарихымен байланысты қарастыратын ғалымдар зерттеулері стилистика,сөз мәдениетінің нормативті-функционалдық аспектісін эмпирикалық, теориялық материалдармен байыта түсті (3).

       Ғылыми бағыттардың даму аспектісі бойынша ғалымдар диахрониялық тұрғыдан белгілі бір тарихи кезеңдегі стильдердің дамуын зерттейтін тарихи стилистика мен түрлі жүйеге жататын тілдердегі стильдердің арақатынастарын зерттейтін салғастырмалы стилистиканы бөліп қарастырады.

       Тарихи стилистика, біздің пайымдауымызша, біріншіден, бір стилистикалық амал-тәсілдер жүйесінің өзге тілдермен ортақтығын немесе ауысуын тұтастай алып қарастыруды, екіншіден, стильдер мен жанрлардың тарихын, үшіншіден тарихи поэтиканы, төртіншіден, мәтін стилистикасын статикалық және динамикалық тұрғысынан қарастыруды қамтуы керек.

       Қатысымдық әрекеттегі қатынасушылардың қызметіне қарай М.Серғалиев, Д.Әлкебаева сынды ғалымдар стилистиканың тың бағыттарының қатарына автор мен қабыдаушының арасындағы кодтау және декодтау стилистикасы да жататындығын айтады. Ғалымдардың пайымдауынша, кодтау стилистикасы – тілді айтушы не жазушының стилистикасы. Бұл туынды авторының шығармашылық стиліне баса көңіл аударуды қажет етеді. Ал декодтау стилистикасы – қабылдаушының (тыңдарманның, оқырманның) стилистикасы. Декодтау стилистикасы мәтінді түсіндірудің теориялық базасы болып табылады. Шығарманың контексіндегі коннотациялық мағынаға баса назар аудару, тілдік бірліктердің көркемдік ерекшелігін көрсету мәселесі т.б. қарастырылады.

      Түйіндей келгенде, стилистиканы ғылым саласы ретінде қалыптастыруда В.В.Виноградов бастаған бірқатар зерттеушілердің ғылыми таным-тұжырымдары  негіз болды.  Стилистиканының қазіргі таңда қызмет ету аясы кеңейіп,өзіндік ұғым-категориялары айқындалып, жаңаша бағытта қарастырылып отырғандығы – тіл білімі дамуының заңды нәтижесі деп түсінеміз.

                                Пайдаланылған әдебиеттер:

     1. Қоянбекова С. Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының негіздері: ф.ғ.д. ғылыми дәрежесін алу үшін дайынд. дисс. автореф-ты. –Алматы, 2008.

     2. Әлкебаева Д. Қазақ тілінің прагмастилистикасы (Оқу құралы). –Алматы, 2007.

     3. Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері: ф.ғ.д. ғылыми дәрежесін алу үшін дайынд. дисс. автореф-ты. –Алматы, 2007.

                                          Резюме

В данной статье рассмотрены вопросы развития аспектов современной стилистики.