Боранбаева Ж. Қ.,
Аманқұл Б.Б.
«Астана» университеті, Астана қ.
Т.ЖҰРТБАЙДЫҢ «ТҮЙЕШІНІҢ ҚЫЗЫ» ӘҢГІМЕСІНДЕГІ
ҚАРШЫҒА ОБРАЗЫ
Әдебиет
– өмір, әрбір шығарма бетін ашып оқыған
сайын түрлі өмір
қызықтарына толы екеніне көз жеткізесің.
З.Қабдолов «Адам тағдыры жазушы үшін, шығарма
арқауы ғана емес, өмірді танудың ерекше тәсілі»
[1, 78], - дейді. Ия адам тағдыры, іс-әрекеті,
мінез-құлқы бәрі де шығармада образ арқылы
беріледі. Ал образға Қ.Жұмалиев «Адамның
мінез-құлқын, наным-сенімін, ой-пікірін, өмірге деген
көзқарасын, психологиясын, күйініш-сүйінішін
басқаларға қарым-қатынасын, сөздік қорын,
тіпті оны қолданудағы ерекшеліктеріне дейін қамтиды. Осылардың
бәрін бір адамның бойына сыярлық сипат етіп шебер
суреттеудің негізінде сол адамның бейнесі, образы айнаға
түскен сәуледей, біздің көз алдымызда тұрады,
осыны образ деп атаймыз» [2, 50] деп анықтама береді. Осы
анықтаманы тірек етіп, қаламгер Т.Жұртбайдың «Түйешінің
қызы» әңгімесіндегі Қаршыға образын ашып
көрелік. Т.Жұртбайдың бұл кейіпкерін реалистік
образға жатқызамыз. Реалистік образ әдебиеттегі адам
бейнесінің ең сымбатты, шынайы түрі. Сонымен қатар,
реалист сөзі «шындық, шыншыл, шынайы, ақиқат» деген
сияқты ұғымдарды да білдіреді. Яғни Қаршыға
образы прототип ретінде алынған,
шынайы өмірде болған кейіпкер. Қ. Жұмалиев кейіпкер
образын ашатын жолдарының қатарына ең алдымен портрет дегенді
айта кетіп мынадай анықтама береді. «Портрет-қатысушылардың
кескінін, пішінін, тұлғасын суреттейді» [2, 59]. Ал
шығарманың мына бөлімінде: «Қаршыға – ақсары, жұқа
өңді, көңілді, бар мінезі өзіне жарасатын,
сүйкімді қыз еді. Кенжесі әрі өзге
ұл-қыздары жеке үй болып отауын бөліп кеткен соң
қасындағы қалған жалғыз қызы
болғандықтан ба, Қаршыға еркелеп өсті» [3,
8]. Қаршығаның кереметтей сұлулығы, мінезі жалпы
портреті осы үзінді де көрініс табады. Сұлулық,
әсемдік, әдемілік деген
ұғымдарда үлкен
мән жатыр. Осы ғаламды ұстап тұрған бірден-бір
нәрсе ол – сұлулық. Сұлулық тек сыртқы
келбет қана емес, ішкі жан дүниенің сол сыртқы
әдемілікпен ұштасуы. Керемет сұлулығына сай, ерекше
қылық пен мінездің сай келуі. Арлылығы мен
ұлттылығы, парасаттылығы мен пайымы жоғары,
инабаттылығы мен ибалылығы жоғары, ақылы артық,
қылығы көркем қазақ қызы көз алдымызға елестейді.
Кейіпкер бойынан, қыз баласының бәрін де кездесе бермейтін
қасиеттерін аңғарумен қатар іс-әркеттерінен
еркелікті де байқайсың. Еркеліктің де өз орны, өз
түрі болады емес пе. Жалпы айтқанда ақылды ерке немесе қарама-қарсы
ұғымдағы еркелердің болатыны анық. Алайда
Қаршығаны
алғашқы еркелердің қатарына жатқызамыз. Оған дәлел
ретінде шығарманың мына үзіндісіне зер салсақ. «Біз сені күттік...Мен күттім
әсіресе, –деді де ойнақы мінезіне оралып, жанары жарқылдап
шыға келді. – Не сенбейсің бе? Міне былай, -бетімнен шөп
еткізді де, үйге жүгіре жөнелді. Кішкентай жұқа
ернінің ыстық табы бетіме мөрдей басылды» [3, 12].
Кейіпкердің бойынан еркелігімен қоса, нәзіктіктік,
сыпайылық кездестіресің. Бұл теңеулердің
бәрін жинақтап, бір сөзбен «қылықты қыз»
деп айтуымызға болады. Қазақта «Қыз
қылығымен» деп текке айтылмаса керек-ті. Шынымен де
қылықты қыз барлық қыздан ерекше, әдемі
болып көрінетіні рас-ақ. «Ұлы Гетенің айтуы бойынша «
мінез, құлық-әркімнің өзінің кейпін
көрсететін айна» [2, 60].
Жалпы кейіпкер образын кеңірек
аша түсу үшін, мінез-құлқын толықтай танып
білу үшін, шығармадағы
кейіпкерлермен тілдесуінен яғни диалог арқылы тани
түсеміз.
-
Айтшы, Жарас, сүйген қызың бар ма? Тек жасырма, шыныңды
айтшы,- деді байыппен – Сенен өтінем, алдай көрмеші...
-
Жүрегім лүп ете қалды. Не деймін. Әлі де әзілге
сүйеп: -Болады ғой, құдайға шүкіршілік. Анда-мұнда –
барлық жоғарғы оқу орындарының атын айттым, -
тіпті өздер сөз салады.
-
А, солай ма? – Ойланып жанарын төмен салды.
-
Солай де. Сен қалжыңдап тұрсың. Соның ішінде
өзің сүйген, шын сүйгенің бар ма? Мен сенен
бұрын-соңды сұрағаным жоқ қой. Шын
бақытыңның сол екеніне сенесің бе? - деді.
Жауаптан
тез құтылғым келіп кеп: «Ол-сенсің, сен емессің
бе», дегім келді де, тосылып қалдым.
Таңырқай
бетіме қарады.
-
Иә. Бар ондай қыз. – Ол бір сәт таң нұрымен алаулай
қызарып кетті.
-
Жүр, үйге қайтайық. Шешем күтіп қалар.
Жолға жиналуым керек әлі» [3, 14].
Қаршығаның
ақылды ерке екеніне тағы бір дәлел осы үзінді бола
алады. Кейіпкердің бойындағы байсалдылық, биязылық,
шынайылық қасиеттері айқын көрініс табады. Кейіпкер
әр сұрағын қойған сайын, қойылған
сұрақтарына, өзінше іштей жауап дайындап,
қорқыныш пен қуаныш бойын билеп барады.
Қаршығаның жаны қиналса да, өз
сұрағын тұспалдап қана қойып, тіпті
сұрағына қалжыңмен жауап қайырып жатса да,
төзімділікпен тыңдай білуі және қабылдауы. Байқап
қарасаң, қыздың өз сезімін білдіруі жаман
нәрсе емес, Қаршығаның бірден өз сезімін
білдірмеген себебі кері жауап есту еді. Осыдан соң Қаршығаның
биязылығымен қоса тәкаппарлығы да басым екеніне
көз жеткізесің. Осы қасиет қазіргі қазақ
қызына жетіспейтін қасиеттердің бірі, әсіресе махаббат
мәселесіне келгенде. Қаршығаның орнында дәл
қазіргі қазақ қызы болғанда, сұрағын
тұспалдап қоймақ түгілі, ойындағыдай жауап
болмаса, жігітті бір жақты етуі ғажап емес. Бұл әрекет
мүмкін заман талабына сай болар, қазіргі уақытта керісінше
жігіт қыздың емес, қыз жігіттің артынан жүріп
сөз салуы. Қыз баласының алғашқы болып сезім
білдіруі заңды құбылыс болып саналады.
-
Мен білсем – сен ғашықсың. Өзің айтшы, кімге, а?
-
Ия, ғашықпын. Кімге болушы еді, жігітке...Мына сен сияқты.
-
Тура мен сияқты ма?
-
Тура сенен аумайды.
-
Көзі де ме?
-
Көзі де.
-
Мұрны да ма?
-
Мұрны да.
-
Ия, шашы, бойы, жүріс-тұрысы, сөзі, күлкісі,
даусы...Бәрі де.
-
Айтшы өзің, мен білмейтін сенің қандай сырың бар
осы?
-
Қайтесің бәрін сұрап. Бар болғаны да.
-
Па, шіркін-ай, айт, кәне, әйтпесе...Бетіңнен сүйіп
алам.
-
Әлі бала сияқтысың, Жарас. Түсінбейсің бе онсыз
да. Бәрін кейін... Мен кеткен соң білесің. Әйтеуір,
сені көрдім...Сөйлестім. Кешір достығымыз адал. Бірақ
сенен өмір бойы жасырған сырым бар еді. Оған сенің
кінәң да, жазығың да жоқ. Бәрін кейін
білесің...Мен ол жақта ұзақ аялдап қаламын ба деп
қорқам» [3, 14]. Тұншыққан
сезім, ия расымен де Қаршығаның ішіндегі сезім
көрінісі, ғашықтық деп аталады. Бұл диалог
арқылы одан әрі Қаршығаның жаңа
қырлары таныла түседі. Ол қырлар, жігіт сұрағына
дәл жауап қайыруы, яғни діттеген мақсатына
қолынан келгенше жетуге тырысып бағуы. Ұлы Абай:
«Ғашықтың тілі - тілсіз тіл,
Көзбен көр де ішпен біл.
Сүйісер жастар қате етпес,
Мейлің илан, мейлің күл», - деп
жырлайды.
Расында да ғашықтар тілі –
тілсіз тіл. Кейде адам баласы қолда бар алтынынын бағаламай,
қателікке бойалдырып, аһ ұрып қалатын сәттер
қаншама. Жарас та «күн десе көзі, ай десе аузы бар,
қылығы балдай» Қаршығаның лүпілдеген
нәзік жүрегінің иірімдерінен щыққан адал
сезімінің ұшқынын сезе алмады. Үзінді арқылы
Қаршыға бойындағы ұяңдықты,
адалдықты, пәктікті байқаймыз. Қазіргі заманның
қыздарынан табыла бермейтін қасиеттер қатарын осы
қасиеттермен толтырамыз. Бұл күнгі қазақ қызы,
сүйдім, күйдім деп қана қоймай, кіршіксіз сезім мен
құмарлықты шатастырып өзін ұсынатын
арсыздыққа дейін барады. Махаббат сезімін былай
қойғанда, өзінің арын, намысын аяққа
таптап, дүние үшін тәнін сатып, ұлы сезімді
қадірлемеуі белең алып барады. Ал Қаршыға болса ішін
қанша жегідей жеп, жүрегіне біздей қадалып, қансырап
тұрған сезімін қанша жеткізгісі келсе де, қыздың
өзіндік әдебінен аса алмай бар ішкі жан тебіренісін, кіршіксіз таза
адал махаббатын, «Мен сені сүйем,
өмір бойы сүйіп өтем, Жарас! Достығыңды адал
сақтап, аялай білгеніңе рахмет. Бірақ жүрекке
әмір жүре ме...Мен сені сүйе жүріп, сол аяулы сезімді
ұзарта түскен достығыма сүйінем. Менің бұл ғашықтығымды
айып ете көрме. Жасырып қала алмаймын.Мен сені сүйдім,
сүйіп өтем. Ешкімде сезімді жүрегімнен жұлып ала алмайды. Тек таза, адал
махаббаттың болғанын сен білуге тиіссің» [3,16] деп
қағаз бетіне түсірумен шектелді.
В.Г. Белинский «Махаббаттың да,
адамның өмірі секілді, өзінің даму заңдары
болады. Оның да құлпырған көктемі, жалынды жазы,
ақырында: қай біреулер үшін шуақты, нұрлы да
жемісті, екінші біреулер үшін сұп-суық, шірік те
жұтаң күзі болады», - дейді [4,77]. Шынымен де
махаббаттың үнемі көктемдей құлпырып, жаздай
жадырмайтыны рас. «Жүрекке әмір жүрмейді» ешкім де өзі
қалаған адамды ұнатамын, сол жанға ғашық
болайын деп болмайды, бәрі де жаратқанның
қолындағы дүниелер. Образдың жан-жақты мінезін,
өмірге көзқарасын, кейіпкердің әр диалогтары арқылы
білеміз. Қаршығаның махаббатқа адал, алайда сол
махаббатының баянды болмайтындығына да көндігіп,
«өзің сүйгенге емес, сені сүйгенге бар» деген
қағиданы таңдағаны анық. «Ол тоқтай, менің бетімді
қос алақанымен сипай қысып, бір түрлі ересек
қалыппен, қоштасқан, қимаған адамдай
мұңайып, өзіне тартты...» [3, 15]. Шығарманың
басындағы Қаршыға ерке қыз болып бейнеленеді.
Өміріңдегі әр сәт адамды есейтеді, өмірге деген
көзқарасын өзгертеді. Қаршығаны шығарма
барысында өмір сынақтары ересек қалыпқа түсіріп,
байыппен ойлануға үйрететінін байқайсың. Ал осы
сәттер арқылы үйінің ерке қызы
Қаршыға өмірде әркез өзіміз
қалағандай болып қала бермейтінін анық
ұқтырды. Оны мына жолдардан байқаймыз: «Ауыл мен үшін
құлазып қалғандай...Сен мені
түсінесің бе? Қашан? Каникулға келген сайын жылы
лебізіңді күтем...Қанша жыл? Көз жасы тасты да ерітеді
дейді. Қашан ерисің, қашан? Қашан?...Қашан?...
Егер түбінде сол сөзді еститінім анық болса, өмір бойы
күтер ем... Ақырғы демім біткенше...Онда да:
«Түйешінің қызы-ау» деп бастаймысың» [3, 18]. Пенде
болған соң, бәрін де бастан өткізесің, кейді
тіпті жылы лебізді аңсайсың. Сол жылы сөздерді есту
үшін неше уақыт болса да күтуге даяр боласың. Бұл
ғашықтық сезімін бастан өткерген сәтте болатын
жайттар. Сол секілді Қаршыға өз сүйгенін күте
білді. Күтумен қатар азаптанды. Өзіне керекті жауапты ала
алмаймынба, егер естіртер болсам мәңгілікке дос бола да алмай
қаламыз ба деген қорқыныш оның жүрегін жаралаумен
болды. Осындай ойға шомылуының себебі оның бойындағы
тәккаппарлық, қаншалықты Жарасты сүйгенмен сол
қасиетінің арқасында бұл махаббат баянсыз болып
аяқталды. Сондықтан да Қаршыға өзін іштей жегідей
жеген сол тұншыққан сезіміне көндікті.
Т.Жұртбайдың «Түйешінің қызы»
әңгімесіндегі Қаршыға бейнесі бойындағы
құнды қасиеттерімен және де ұлы сезімді
бағалауымен және іштегі
алапат сезімін, жүрегінің бір бөлшегіне жай ғана
естелік етіп сақтауымен ерекшеленеді.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Қабдолов З. Сөз өнері. -Алматы: «Санат», 2002.
2. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. –Алматы: «Мектеп» баспасы,
1964.
3. Жұртбай Т. Бір уыс жусан. – Алматы: «Атамұра», 2009.
4.
Асыл
мұра // құрастырған:
Теміралиева А.А. -Алматы: «Көшпенділер» баспасы.