Нарын А.С.
«Астана» университеті
З.Шашкин прозасындағы тілдік-стильдік ізденістер
Өнердің
қай саласында болсын шынайы суреткер өзіндік өрнегімен,
нақышымен көрінеді. Ақын-жазушы тек өзіндік
қолтаңбасымен, даралық суреткерлігімен, өз стилімен
айқындалады. Онсыз өнер иесі жоқ. «Стилін таныту деген
сөз – жазушыны таныту деген сөз» [1,160]. Біз сіздерге
қаламынан бал тамған, әр сөздің сыры мен
қырын түсінетін З.Шашкин атты жазушының стилін
танытқымыз келеді. М.Әуезов З.Шашкинге жазған хатында былай
дейді: «Романың маған ұнады. Жәй, сәл ғана
бір ұнады емес, бүгінгі жоғымыздың бірін ала келе
жатқан елеулі, салмақты табыс-ау, деп ұнаттым... Тіл, стиль
де соған орай өз жаңалықтарымен айқын тұр.
Адамдарың жаңа теңеулер тілімен, тапқыр
жаңалықтар сездіре сөйлейді»[2,149]. Біз осы тұста
М.Әуезов сөз етіп отырған З.Шашкиннің стиліне
тоқталғанымыз дұрыс. Алдымен стиль дегеніміз не соған
тоқталайық. «Стиль – жазушының өмір шындығын
танып-білу, сезіну қабілетін, бейнелеу шеберлігін, өзіндік
суреткерлік тұлға-бітімін танытатын даралық өзгешелігі,
жазу мәнері, қолтаңбасы. Көркемдік стиль жазушының
өмірлік тәжірибесі негізінде, оның суреткерлік
талантының табиғатына сәйкес қалыптасып, дамиды»[3,
89],-дейді З.Ахметов. «Профессор Я.Е.Эльсберг стильге шығарманың
тілі, композициясы, ырғағы, сазы, интонациясымен қатар,
жанрын да, сюжетін де жатқызады. Профессор Қ.Жұмалиев те
өзінің «Стиль – өнер ерекшелігі» деген еңбегінде стильге
шығарманың формалық элементтерімен қатар жанрлық
ерекшеліктерін, тақырыбы мен идеясын жатқызады. «Стиль
ұғымы дейді ол, - жазушның тілі, сөйлем
құрылысы, мәнері, шығарманың композициясы,
оқиға даму әдістері, тақырып таңдаулары,
жанрлық ерекшеліктері тағы басқа компоненттері кіреді.
Ең ортақ мәселе – идея»[1,162-163]. Осы сияқты
көптеген ғалымдардың стиль жайлы өзіндік
таным-түсініктері бар.Ғалым Т.Ақшолақов: «Көркем
стильді шығарманың идеясынан, тақырыбынан, жанрынан іздемеу
керек. Егер онан іздесек, онда біз, біріншіден, әр ақын, жазушы
дүниеге әкелген поэтикалық жаңалықты байқай
алмаймыз, екіншіден, бір суреткер мен екінші суреткердің өзіндік
қолтаңбасының ерекшелігін, өзіндік қасиет-сапасын
біле алмаймыз. Өйткені шығарманың идеясы, тақырыбы,
жанры жағынан, жалпы көтерген проблематикасы жағынан
жазушыларда ұқсастық болуы заңды,-дей келе мынаны
мысалға алады: ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Ыбырай
мен Абай шығармасы көтерген проблематикасы жағынан бір-біріне
жақын. Өйткені бұлардың екеуі де прогресшіл мақсатты,
ағартушылықты шығармаларына өзек етіп, халықты
білім-ғылымға үндеді, адамгершілікті жырлады. Сондықтан
олардың шығармалары тақырыбы, идеясы жағынан
үндесіп жатады. Ал осы үндестігіне қарап, ол екеуінің
стилі бір деуге бола ма?Мысалы, С.Сейфулин, І.Жансүгіров, Б.Майлин,
М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтерді
алсақ, бұлардың бәрі – жаңа заман суреткерлері,
дүниеге көзқарастары да, дүниетанымдары да бір. Олар
советтік өмірдің сан алуан шындықтарын өнер
өрнегіне түсірді., феодалдық өмірдің талай
ақиқатын бейнеледі. Олардың шығармаларының
тақырыбында, идеясында ұқсастық ұшыраса береді.
Ал солай бола тұрса да, суреткер ретінде Сәкен – Ілияс емес,
Бейімбет – Мұхтар емес, Сәбит – Ғабит емес»[1, 166-167].
Жазушының ерекшелігі шығарманы қалай бастауынан
көрінеді. Мысалы,
қазақ совет әдебиетінің классигі М.Әуезов
шығармаларының көбі табиғат суреттерін бейнелеумен
басталады. Айталық, «Қорғансыздыңкүні»
шығармасында:«С. қаласының оңтүстігін
жайлаған елдің қалаға қатынасатын қара
жолының үстінде Арқалық деген тау бар. Даланың
көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жатқан
керуенге арқалық алыстан көрініп, дәмелендіріп
тұрады...»[1, 167]. Ал қазақ прозасының көрнекті
өкілі – З.Шашкиннің шығарманы бастау ерекшелігіне мән
берейік.З.Шашкиннің шығарманы бастау ерекшелігі – сұлу табиғат
көріністерін баяндап келе жатып, оқырманға білдірместен тез
арада оған бас кейіпкерді қосып жіберуінде. Табиғат пен адам
жанын қатар алуы – адам да табиғаттың бір мүшесі екенін
аңғартатын секілді...Жазушының дәрігерлер
өмірінен сыр шертетін «Доктор Дарханов» атты романы былай басталады:
«Доктор Дарханов Шортанды көлінің жиегінде ойға шомып,
ұзақ уақыт отырып қалғанын байқамады.
Күн батқалы қашан... Міне, ымырт та жабылды. Тұп-тұнық
айна көл, көлді қапсыра құшаққа
алған көкшіл тау, мүлгіген жасыл орман – бірі көзіне
ілінбеді.Күлше жіптің ұшынан аңдаусызда тартып
қалсаң, тарқатыла бермей ме, сол сияқты санаторийге
емделуге келген аққұба қызды бұрын қайда
кездестіргенін есіне түсірем деп, Дарханов өткен
өмірінің қызықты да сәнді шағын,
«әттен-ай» дегізген өкініш-арманды кезеңдерін біртіндеп
көз алдынан өткеріп отыр»[4, 7].
Қаламгер
«Шортанды көлі, тұп-тұнық айна көл, көлді
қапсыра құшаққа алған көкшіл тау,
мүлгіген жасыл орман»,-деп осының бәрін айта келіп, осынша
сұлулықтың бірі де кейіпкерінің көзіне ілінбей
отқанын көрсетеді. Осы арқылы жазушы оқырманға
кейіпкер – Дархановтың терең ойға шомып
отқандығын анық көрсетеді. Автор бұны бізге жай
ғана «Дарханов Шортанды көлінің жиегіне барып ойға
шомды немесе үндеместен ұзақ ойланып отырды»,-деп те беруіне
болатын еді. Бірақ осы кезде З.Шашкин өзінің стилін көрсетті. Көз тартарлық
табиғатты бір ғана
«көзіне ілінбеді» сөзімен оқырманға көп жайтты
аңғарта білді. Ал З.Шашкиннің «Сенім» атты романы былай
басталады: «Нұрлан үйдден асыға шықса да,
жан-жағына тамашалай қарап, аулада ұзақ тұрып
қалды. Сол бір күнгі табиғат көркіне
қанағатсыз көз түгіл, тәубешіл көңіл
де тоймайды білем, әлденеге құмартып, әлденені
аңсап, алаңдай береді.Ақбеттаудың айыр өркеш
шыңында күлім қаққан ақжарқын
күн көктем лебін өзімен бірге ала келгендей бүгін.
Айнала-төңірек заматта неше түрлі түске боялып,
құлпырып, біресе көгілдір, біресе жасыл тартып, өзгере
береді. Тау бөктеріне салынған кішігірім Баянауыл қаласы көк
буалдыр сағымда әткеншек тепкендей асылып, діріл
қағады. Тау үйдің іргесіне тым таяу, жақын,
қол созым жерде, оның жықпыл-жықпыл қойнауында,
тарам-тарам сайында сылдырап аққан қар суының
нәзік үні, тау беткейіне таласа-тармаса өсіп, бүршік жара
бастаған арша мен үйеңкінің сыбдыры, кәрден
шынындай шатынап сынған Сабындыкөл мұзының сытыры да
анық естіледі-ау, анық. Қала осы бір сәт демін ішіне
алып тына қалғандай, Нұрлан да құлағын
тігіп, жан-тәнімен сезіне қабылдайды. Ол бұрын осы Баянауылда
туып өсппеген, мектебінде оқып, көшесінде жалаң
аяқ асық атып жүгірмеген тәрізді, бәрі де
жаңа бір қырынан көрініп, жаңа бір сырымен
ашылғандай. Құмартуын қарашы!..» [5, 5].
Алғашқы кейіпкеріміз Нияз табиғаттың тартуына
соншалықты мән бермей ойға шомып отырса, үйден
асығыс шыққан Нұрлан бұл табиғат
көрінісін аңғарды. Оны жан-тәнімен сезінді.
Табиғатты зерделей суреттей келіп, жазушы шығарма
оқиғасының Баянауыл қаласында болатынын айтады. Осы
жердеЗ.Шашкиннің де Баянауыл баурайындағы Бозшакөл жерінде
дүниеге келгенін айта кету керек. Ендеше, кіндік қаны тамған
– Баянауыл өлкесін Шашкиннен артық кім суреттеп бермек?! Ал
қаламгердің атақты революционер өміріне жазылған
«Тоқаш Бокин» атты шығармасының басталуы былай:
«Абақтының торлы терезесінен Алатаудың ақбас шыңы
сәукелеге ұқсайды: кеуде жағы қусырылып,
ұштала біткен. Төбесіндегі ақша қарға бөленген
топ-топ көк шыршалар үкі тәрізді, алыстан көзге ерекше
түседі. Осы табиғаттан Тоқаш көзіне ілінген осы бір
алақандай ғана жер. Сонау көсілген Алатау
аңғарын, қаракөк бұлт басқан аспанды тегіс
қамтып, көз аумағына түсіре алмайды. Кешеден бері
жапалақтап жауған ақшақар бүгін
күнеңкей басылды. Дала жым-жырт. Мұңдағы реңсіз, жүдеу күндер
біріне бірі ұқсас. Бүгін міне қарашапанын
сүйретіп, ұзақ түн де келді» [6, 5]. Және бір
мән берерлік жәйт, Шашкин шығармаларының бас кейіпкерін
шығарманың алғашқы абзацнан-ақ көруге
болады. Жоғарыда «Доктор Дарханов» шығармасы Доктор
Дархановдегенсөзбенбасталса, «Сенім» атты роман «Нұрлан үйден
асыға шықса...» деп басталды. Ал қаламгердің
«Әнніңтууы» новелласы «Майра тағы да үлкен
айнаның алдына келді. Аржағынан ұзын бойлы, сымбатты, жіптік
қарасұр әйел танымаған пішінмен оған қарсы
жүрді. Өткір қоңыр көзінде толқыма
ойдың оты жарқылдайды. Жұқа еріндері Майраны кекеп мысқылдаған
тәрізді» [7, 166], - деп басталады. Ал «Шабыт» новелласы: «Әнші,
күйші, сері Сейтек аралдан қашып шықты. Домбырасын тастамай,
қолтығына қыса кетті. Жүрек кернеп, ерік билеген арман
шегіне жеткен тәрізді»[7, 169] , - деп басталады. Ал «Тоқаш Бокин»
романы «Осы табиғаттан Тоқаш көзіне ілінген осы бір
алақанның аумағындай ғана жер» деп Тоқаш есімі
аталады. Шығарманың алғашқы жолдарын оқи сала
оқырман әңгіме кім жайлы болатынын біліп, түсіне алады.
«Тіл
– әдебиеттің бас мүшесі»,-дейді әйгілі М.Горький.
Шығарма тілі қандай болса, шығарма соншалықты
қызықты, тартымды, бояуы қанық суреттей болады.
З.Қабдолов: «Тілі нашар шығарма ешқашан жақсы
шығарма болған емес және бола алмайды. Демек сөз
өнерінде тілдің атқарар қызметі бәрінен ерекше,
бөлек һәм биік»[8, 194],-дейді. Сан қырлы, алуан
түрлі көл-көсір сөздерді шығармаларында пайдалану
– әр жазушыға тән қасиет. «Тіл байлығын игеру,
сөз қорын молайту бір бар да, сол бай тіл мен мол сөзді
әдеби шығармада суреткерлік шеберлікпен қолдану бір бар»[1,
213].Көркем әдебиеттегі «бейнелі сөз, көркем өрнек»
деген ұғымдарды жазушы шыншыл да сыршыл «Доктор Дарханов» атты дәрігерлер
өмірі жайлы өрілген шығармасында көрсете білген.
Оған дәлел шығармадан мына бір үзінді: «Нияз
сағатына қарады: сегізге таянып қалған. Күнде
бұл кезде корпустарды аралап, қатты аурулар палатасына кіріп те
шығатын мезгілі. Топтың арт жағын ала келе жатқан –
кешегі бота көз, аққұба қыздың ағасы
Асқар Сағатовты Нияз салғаннан таныды»[4,108]. Осы
мысалдағы «салғаннан таныды»
тіркесінің мағынасы – Қазақ әдеби
тілінің сөздігінде –«кіріскеннен, ә дегеннен, алғаш
бастағаннан дегенді білдіреді» [9, 590],-делінеді. Яғни еш
қиындықсыз, бір көргеннен таныды дегенді білдіреді. Егер
біреуді немесе бір нәрсені
бұрыннан танитын, білетін
болсаң оны кезіктіргенде көзіне оттай басылатыны анық.
Сол секілді Нияз да Асқарды бірден таныды, бірден білді, яғни
салғаннан таныды. Тағы да мына мысалға назар аударсақ:
«Неғұрлым мен бұлқынсам, соғұрлым ол
қаттырақ қысып,тырнағын батыра береді...» [4, 128]
делінген. Бұл жерде қолданылып тұрған тырнағын
батыру – адамға әсер ету, ықпал етіп мазалау,
қытығына тию. Яғни адамға қиянат жасау, өз
күшін, не дәрежесін пайдалану арқылы адамға зиянын
тигізу. Тағы да: «Сол күндері менің басыма қара
бұлт төніп, тағы да жалғызсырап, сырлас адам
іздедім»[4, ?],-деген сөйлем кездеседі. Осы сөйлемдегі басына
қара бұлт төну сөзінің мағынасы – басына
бұлт үйірілу, қиындыққа тап болу, жағымсыз
күй кешу. Осындай басына қара бұлт төнген сәтте
адамдар қайсарлықтанытып, өмір ағысына қарсы
жүзу керек.
Аз
қалды шыдышы, аз қалды,
Төбеден
көреміз шындарды.
Алдында
уақыттың еншісі,
Алланың
бітпес пе сынағы?!,-деп өз-өздерін жұбату да
артық етпес.
«Үлкенді-кішілі
шығарма – автордың өмір жайындағы
түйсік-танымының жарқылы деуге болады. Шығармаға
қарап отырып, автордың ой дүниесі, өмірге
көзқарасы, жан сарайы, тіпті мінез құлқы
жөнінде де пікір қорытуға болады. Көркем
шығармаға қарап автордың әлеуметтік-саяси
эстетикалық көзқарастары жөнінде белгілі дәрежеде
ой түйіндеуге мүмкіндік аламыз» [2, 169],-дейді Сапар Байжанов.
Біздің ойымызша, шығарма
авторын тек қана ішкі-сыртқы жағынан танытып қана
қоймайды. Ол сондай-ақ оның сөз саптауын, әдемі
айшықтарын, сөздік қорын көрсетеді. Оқырман
қауымға керемет шығармаларымен танылған Зейін
Шашкиннің сөздік қоры әдемі сөздерге тұнып
тұр. Жазушы З.Шашкиннің
көркем шығарманың эстетикалық нысанын, идесы мен
тақырыптарын ашуда, шығармасы арқылы көрсеткісі келген
өмірлік шыңдықты бейнелеуде, кейіпкер бейнесін сомдауда,
жалпы алғанда, шығарманың мұрат-мақсатын
айқындауда ең басты құралы – оның тілі, стилі.
«Әу демейтін қазақ
жоқ» демекші қазақ
халқы тілге бай, шешен халық.
«Бұрынғы
ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап
айтады екен, сөз қосарлап»[9, 28],-деп ұлы Абай
айтқандай, екі сөзінің бірін мақалмен айшықтап
сөйлетін қазақ халқының сөздік қоры
піл сүйегінен ойылып жасалған ғажайып мүсін секілді.
Жазушы шығармаларында тоқсан
ауыз сөздің тобықтай түйіні саналатын, сөз
маржандары – мақал мен
мәтелді орынды пайдалана білген, тапқыр қолданған.
Бұған дәрігерлер
өмірінен көрініс беретін «Доктор Дарханов» шығармасы –
сөзіміздің дәлелі бола алады. Мақал – халық
поэзиясының жанрлық түрі, түйінді ойды білдіретін, тура
мағынасына орай астарлы мағына да бере алатын ықшамды
нақыл сөз. Мақалдың тікелей мағынасы
нақтылы өмір жағдайынан туған байлам, қорытынды
түйін болады да, ал сол жағдайға ұқсас
басқа өмір құбылыстарына да қаратылып айтылу
мүмкіндігі оның астарлы,
ауыспалы мінін кеңейте түседі. Мақал
қоғамдық өмірдің сан алуан
құбылыстарын кеңінен қамтиды, тақырыбы мейлінше
бай, жан-жақты келеді. Мақал ықшамды, мағыналы, тілі
көркем, бейнелі және мейлінше қарапайым, көңілге
қонымды болғандықтан есте сақтауға, айтуға
жеңіл келеді. Мақалда сөздің ырғағы
келісті, көбінесе өлеңдік өрнектерге сәйкес
болады. Орнын тауып айтылса, мақал сөздің мәнін
күшейтіп, айтылатын ойға ажар береді. Сөздің
көркі – мақал» деген тегін айтылмаған»[3, 48],-дейді
З.Ахметов. Шынында да тоқсан ауыз сөздің тобықтай
түйінің келтіретін мақал көп сөз ұтпайды,
дөп сөз ұтады дегендей, шығармаға әр беріп,
көркейтіп тұрады. Енді орның тауып өрнектеліп
тұрған мақалдарға назар аударсақ,
шығармада: « Тегі, маған
Павлодардан басқа бір
қалаға ауысу керек шығар. Әлде Алматыға
барып, ғылыммен айналыссам ба? Сағила тұншықтырып,
шала-жансар ғып тастаған арманым қайта тірілді.
Өмірдің ең жақсы қасиеті де, тіршіліктің
мәні де – өнер. Қолдан келсе, өнеріңді
көрсетіп бақ, істе, бұл дүниеге келгесін, бос кетпе!
Жақсы адамның аты өлмейді» дейді қазақ, ол –
жақсы адам артына үлгі қалдырған болар, әйтпесе
несімен жақсы атанады. Жақсы дәрігер болу өнерге байланысты.
Ал ол өнер менің бойымда болса, тысқа шығармай, неге
өлі сақтайым?»[4, 53],-дейді.
Шынымен
егер бұл мақалды әрі қарай жалғайтын
болсақ, « жақсының
аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейміз. Жақсы
адам артына із қалдырып, халқына пайдалы игі іс жасаса,
әлбетте, оның есімі ел аузында сақталады. Өзі
дүниеден өтсе де, артында естелік болып жасаған жақсылықтары мәңгі
қалады, себебі көрнекті іс көмілмейтіні рас... Енді мына бір
диалогқа құлақ ассақ: «Құс қанатындай
бұтақтары төмен салбыраған кәрі платанның
түбіндегі орындыққа отырды профессор. - Мифодий Сергеевич,
сізді стрептомицин сатты деп өсек қып жүрген сияқты... Профессор бетіме
таңырқай қарады. - Оны кім айтты саған? - Естідім.
-Айта берсің. Ит үреді, керуен
көшеді. - Жоқ,
Мифодий Сергеевич, олай демеңіз. Мұның аяғы
насырға шаппасың. Көрмейсіз бе, медицинаның нендей
нәндері кім боп шығып жатқанын? Осындайдан ушығады...
Осы сияқты уақиға менің өз басым да да болды...
әуелі «пленнен келді» деген өсек таратты, артынан соңыма
түсіп, ұстауға айналды... Дер кезінде қашып
құтылдым»[4, 85]. Диалогта «ит үреді, керуен көшеді»
деген мақал кездесті. Біреулердің мерейі үстем болып,
бақытқа кенеліп, жұмысы жүріп, күндері
сәттілікке толса, «күншіл адам күн бойы ренжіп жүреді» дегендей,
қасындағылар оны көре алмай, аяқтан шалады. Неше
түрлі қауесет шығарып, барынша ол адамға әсер
етуге тырысады, өйткені
күншіл адам міншіл келеді. Алайда оған «ит үреді,
керуен көшеді» деп, көңіл бөлмейтіндері де бар.
Иттің үре-үре аузы талатындай, мысқыл,
мысқылдың түбі мүшкіл деп қастандық жасап,
мысқылдаған адам да бір күні жалығады. Ал сенің
көшін тоқтап қалмай, ілгері басады. Сондықтан бос
сөзге мән бермей, тек алға ұмтылу керек деп
жалғаан сөзге мән бермеуге шақыратын мақал.
«Баяғы ауыз әдебиетінің барлық кезеңінде тіл
көркемдігі көбінесе түрлі-түсті бояу болғанда,
сөз сұлулығы – маңыраған
мақал-мәтелде жатқан»[8,196],-дейді З.Қабдолов.
З.Шашкиннің де мақалына көз жүгіртсек, тағы да
бір жерде: « Қазақ
ауылының әдеп-ғұрпын көріп отырып, дәрігер
адамның ары қалай шыдайтынына таңым бар... - Не болып қалыпты сонша жан
түршігетіндей?-Нияз шамдана сұрады. - «Не болып қалыпты?»...
Шың айтасың ба?.. Қой, қалқам, сен мысқылды
жақсы көретін жігіт көрінесің, әзілің
өзіңе, шың сұрасаң, мен сенімен айтысу түгіл,
шешініп төбелесуге бармын. Нияз көңіліне секем алып,
әлдене боп қалды дегендей, қобалжи бастады. - Қылшы мойным
талша. Айтыңыз! - Айтсам, қашанға дейін жерге отырып,
қолмен тамақ ішіп, майлықпен қол сүртпек
бұл ауыл? Қашанғы шыдай береміз?..»[4, 109]-деген мысал бар. Осындағы «қылшы мойным талша» мақалы – мен
тыңдауға әзірмін, не айтсаңыз да тыңдаймын деген
мағынада қолданылса керек. Диалогта жазушының бұл
мақалды қолдануы бір жағынан екі кісінің
әңгімесін көркейтіп тұрса, екінші жағынан
жазушының тапқырлығын, сиқырлы сұлу
өнерін көрсетеді.
Шығармадағы мынадай
мысалға назар аударсақ: «Сағила да сезгенімен, рай бермеді,
сыпылдай сөйлеп, стол үстін реттей бастады. - Қазір папам келеді. Сонсоң
өзіміз отырамыз...-деп билеп-төстеп, басқарып әкетті. Баяғы бір айта салған
қапы сөз енді есіме түсті: уәделі күн
өткен, менің тарапымнан қайран болмаған соң,
Сағила өзі шешкен. Ал сонда қызды қалай түсінуге
болады: не айлалы қу қыз да, не әдет-ғұрып,
жөн-жобадан ада, өмірге киімшең келген қыз. Жә,
ол қыз білмей-ақ қойсын, шешесі неге ақыл айтпайды?..
Байқаймын, қыз бен шешесі де жайдары жүзбен
көтеріңкі сөйлеп, қимылдай бастады. - Сағышжан,
мен әлгі бәлішті әкелейін!-деді ол сатыдан төмен
түсіп бара жатып, маған тағы да бір көз тастап. «Черт
сним! Болар іс болды, бояуы сіңді. Бұл қызды енді үйден
қуып шыға алмаспын! Не болса да көрдім!»-деп іштей
буынып-түйініп, жеңді сыбанып жіберіп, мен де кірістім[4, 396]. Осы
сөйлемде қолданыс тапқан «болған іс болды, бояуы
сіңді» деген мақалға тоқталатын болсақ, бұл
мақал енді қайтып оралмайтын дүниелерге өкінбеуді
үйрететін мақал. Кейде біреу істеген қетелігіне,
іс-әрекетіне өкініп жатса, «Болған іс болды, бояуы сіңді, өкінгенмен
амал жоқ, қайта айналып келмейді»,-деп жұбатып жатамыз. Сол
сияқты Нияз да бір кездегі істеген әрекеттеріне өкініп
тұрғанымен нар тәуекел деп «болған іс болды, бояуы
сіңді» деп тәуекелге бел буады өйткені өткен күн
қайтып оралмасын Дарханов жақсы біледі. Біз «Доктор Дарханов»
шығармасын оқып отырып тек қана қазақ
мақал-мәтелдерін емес, сондай-ақ, көптеген орыс, латын
мақал-мәтелдерін де кездестіреміз. Айталық шығармада:
«Бокал екінші рет толтырылғанда, Шортанбаев дабырлап түрегелді.
- Доктор Дарханов менің інім
екен...-деп келе жатыр еді, бас дәрігер оны жеңінен тартып,
нұқып отырғызып қойды.
- Әкеңнен бұрын
тұзаққа мойныңды сұқпа!-деді. Әйелдер
дуылдап шаттана күлді. Бас дәрігердің ылғи
қолданатын сөзінің бірі екен. Әйелдер біріне бірі
сыбырлап, «Жұмыртқа тауықты үйретпейді» деп бас
дәрігердің екінші мәтелін айтып, тағы да күлді».
Шығармада қолданылып тұрған «жұмыртқа
тауықты үйретпейді» деген қызғылықты мақал
біздің «әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше
тұрып қыз сөйлегеннен без» деген тәрбиелік мәні
жоғары мақалымызбен мәндес, мазмұндас. Үлкенге еш қарсылық
білдірмейтін қазақ халқы үлкенді
құрметтеуге, сыйлауға, қадір тұтуға
шақырады. Себебі «атасын сыйлаған абыройға бөленер»
деген сөз бар. Жас адам қанша ақылды болса да
кәрінің білгендерін білмейді. Көре-көре көсем
боласың дегендей, көп жасаған көмбенің
үстінен шығатыны рас екендігіне, кәрі білгенді пері білмесі
шүбәсіз.Осылайша қазақ әдебиеті тарихында
өзіндік қолтаңбасы бар жазушы сөз иірімдерін иіріп,
шығармасында қазақ мақал-мәтелдерін орынды
пайдалана білген. Осы арқылы шығарманы одан әрі әрлеп,
әсірелеп, көркейтіп, айшықтай түседі. Жазушы
шығармасында қазақ мақалдарын қолдану
арқылы біріншіден, тапқыр қазақ халқының
сөз өнерінің көркемдігін көрсетсе, екіншіден, өзінің де сөздік
қорының мол екендігін, мақалдан кемде емес екенін білдіреді.
Үшіншіден айтар ойың тоқсан ауыз сөздің
тобықтай түйінімен беріп, мақал арқылы
сөздің тоқ етерін айтады. «Жазушы тілі үш түрлі
ұтымдылықта – дәлдікке, ықшамдыққа,
сұлулыққа – негізделуі шарт»[8, 198],-дейді З.Қабдолов.
Осы аталған ықшамдылық та, дәлдік те,
сұлулық та мақал мен
мәтелден табылады десек, артық айтқандық емес
шығар. Себебі мақал мен мәтел – тіл байлығының
қайнар көзі іспетті. нов
жақсы біледі.
Жазушы
З.Шашкиннің тағы бір ерекшелігі – оның юмор мен сатирасы.
Көрнекті ғалым Т.Қожакеев өзінің «Сатира –
күштілер қаруы» атты монографиясында: «Сатирада ащы кекесін,
күлкі ету, мазақ қылу, жоққа шығару,
үкім айту, адам қиналысын аңлау, адам жүрегінің
түпкіріне үңілу, көңілділік пен күрсініс,
тенденциялық пен қатаң әділдік, лирикалыұ сезім
мен ғылыми талдау тоғысып жатады. Сөйтіп, сатира
қарама-қайшылықтардың бірлігінен туындайды. Белгілі бір
сатирик творчествосының ерекшелігі осылардың қайсысын
қай тұрғыда, қандай ниетпен пайдаланғанына
қарай аңғарылад. Аристофан сатирасында қайғылы
үн, Щедринде өмірді трагедиялық тұрғыдан сезіну,
Гогольде күйзеліс, Чеховта күрсініс басым дейтіні де сондықтан»[9,
13],-деген екен. Қаламгер З.Шашкин сатираны жеке бір бейне, мінездерді
болмыс, факт, елестерді суреттеп берудің құралы ретінде
қолданған. Өзінің «Доктор Дарханов»
шығармасындағы Жүсіп
атты кейіпкерді сатиралық әдіспен суреттеген: «Жүсіп
ұрда-жық, сөзге ергіш жігіт. Ойыңды айтпай-ақ,
емеурініңнен біліп, ар жағын өзі аяқтайды. Сөзге
ергіш адаммен әңгімелесу де жеңіл... Сөзіңе
қарауыл қойып, томсырайған қытымыр адамнан без. Тіл
табу қиын, жаныңды қажап, әуре-сарсаң
қылады»[4, 118].
«Көркем
шығарма – ақиқат өмірдің көрінісі. Онда
нақтылы өмірдің ізі, сәулесі, шыңдығы
барынша көрінбек» -деп [1, 286] әдебиетші, ғалым
Төлеутай Ақшолақов айтып кеткендей әрбір әдеби
шығармада бір шыңдық жатады. Әдебиет зерттеуші, белгілі
ғалым В.Новиков көркем шығарма жайлы: «Суреткер
өзінің ерекше әлемін жасайды. Ол әлем өз бойына
шыңдықтың барлық қасиетін сыйғызған,
ол жарылуға әзір буырқана қайнаған
құштарлыққа, қайшылықтарға толы.
Оларда қайталанбас бейнесімен сомдалған тірі геройлар әрекет
етеді. Оның үстіне, бұл әлем суреткердің жан
жарығымен сәулеленген, оның жан сезімімен суарылған
және де шыңдық туралы жай тарихи баяндаудан гөрі
әлдеқайда жарқын әсер етеді»-деген екен[1, 289].
З.Шашкин
– кейіпкерлерінің жан иірімдерін, ішкі толғаныстарын,
таңдаулары мен қалауларын, сезімдері мен
сүйініш-күйініштерін суреттеуде өзіндік соқпағын
салған суреткер ретінде танылады. Ең әуелі суреткерге
тән қасиет - кеіпкер психологиясын ашу. З.Шашкин сомдаған
кейіпкерлер өзінің шынайылығымен, даралығымен,
өзіндік мендерімен ерекшеленеді. «Суреткер белгілі дәуір перзенті.
Оның творчествосы сол өмірдің сәулесі, көрінісі.
Сондықтан жазушы шығармалары өз дәуірінің
әлеуметтік тіршілігінен, арпалысынан оқшау болуы мүмкін емес.
Бірде-бір шыңайы суреткер өз заманының саяси-әлеуметтік
мәселелеріне үн қоспай, қатыспай, араласпай
қалмақ емес»[1, 256]-деп Т.Ақшолақов айтқандайЗ.Шашкин
де бұл шығарманы тегіннен тегін жазған жоқ.1938 жылы
«халық жауы» деген атпен он жылға сотталуына байланысты біраз
жылдар әдебиеттен қол үзуге мәжбүр болған
қаламгердің дәрігерлік кәсіппен де түбегейлі
айналысып, 1945 жылы Иркутск медицина институтын бітіргені, 50-ші жылдардан
кейін Бурабайдағы «Бармашы» санаторийінде бірнеше жыл дәрігер болып
қызмет істегені, «Таң атты» («Наступило утро») деген атпен 1955
жылы жарық көрген алғашқы повесін осы кәсіптен
қол үзбей жүріп жазғаны өз алдына, ал Дарханов бейнесі
жалпы зиялы қауым келбетінің қазақ әдебиетіндегі
жиынтық көрінісі іспетті қабылданды. Жазушы А.Смайыл
бұл туралы: «Біріншіден, Дарханов білікті дәрігер, 60-шы
жылдардағы қазақ зиялысы, ұлттық
интеллигенцияның қалыптасу жолын көрсете алатын кішігірім болса
да тұлға. Екіншіден, махаббат оты күйдіре алатын пенде.
Үшіншіден, өз заманының патриоты. Бәрін тұтас
алып қарасақ, коммунистік режимнің 60-шы жылдардағы
түлегі»[2, 156]. Жазушы Дархановты осындай бейнелерде сомдай отырып, сол
тұстағы ұлт оқығанының шыңайы образын
жасаған. Дарханов образы несімен шыңшыл, несімен реалистік
образға жатады. Енді осы сауалдарға жауап іздеп
көрейік.Дарханов – білікті дәрігер, әрі сол
дәрігерлігін адал атқарушы. Ол «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол
ізде» деген мақалды ұстанатын
дәрігер сияқты. Шығармаға назар аударайық:«Осы
кезде сау етіп кешегі қарсы
алған екі жігіт пен бір жас мұғалім
«ассаламәләйкум!» деп кіріп келді, үй иесінің
жоғары шық дейуі-ақ мұң екен, жерде жасаулы ыдыс
аяқты, тағамды елең қылған олар жоқ, бірінен
соң бірі аттап төрге барды. Аяқтарының кірі
ыдыс-аяққа ұшып түсіп жатқанын, не шай
құйып отырған әйелі, не мұғалімнің
өзі ескермеді. Нияз жиіркеніп кесесін
төңкере салды. - Неге ішпедіңіз? Ішіңіз,
ішіңіз!-деп мұғалім де, әйелі де жалпақтап кесеге
қарай ұмтылып еді, Нияз қолымен баса қойды. - Жоқ. Мен жиіркеніп отырмын.
Отырғандар не дерін білмей, шын ба дегендей таңдана қарасты
Нияздың бетіне. - Я, сендер
ауылға мәдениет әкелетін көзі ашық
азаматсыңдар, істейтіндерің артта қалған
надандардың қылығы. Кімді тәрбиелеп, кімге үлгі
боласыңдар? - Не болды, доктор жолдас, сонша таусылып?-деді жаңа
келген жастау мұғалім. - Жаңа
не істегеніңді өзің сездің бе? - Мен не істедім?
Жазғаным азамат деп сыйлап келіп, сәлем бергенім бе? -
Қайтейін, «сорлы» десем, өзіме тиеді. Хат танитын адамға
қажет медецинадан хабарың жоқ. Лас, кір етігіңмен
тағамға қарамай үстінен аттап өтесің де, не
істедім дейсің? Сенің жер басып жүрген етігіңде қандай тазалық бар?
Сонсоң, өздерің мұғалімсіңдер, жерге
қалай отырып, жерде қалай тамақ ішесіңдер?
Ауру-сырқаудың бәрі осыдан. Жердің сызы, есіктен
соққан суық ауа алдымен жерде отырған адамға
зиян! - Баяғыдан бері қазақ жерде отырып-ақ жан сақтап
келеді ғой!-деді тағы да әлгі жас мұғалім. -Бізді
құртатын осы сөз, айналайын!.. Сенің қайда оқығаныңды
білмеймін, бірақ білімін жоқ, надан адамның сөзін
сөйлеп отырсың. Қазақ арасында туберкулез неге
көп, сен оны білесің бе?- Көп
деп кім айтады?-Ойбу, қарағым-ай, таласпасаңшы, сенің
мына ауырып жатқан председатіліннің сырқаты да – сол
туберкулездің бір түрі. Егер осы ауылды рентгенмен қарап
жіберсең кемі төрт-бес адам табылады.- Таба алмайсыз!-деді жас мұғалім ерегесіп. Нияз бетіне
үңіле қарады да:- Сенің
өзің де сау емессің, сенен де табам! Мұғалім
қарқ-қарқ күлді.- Олай
болса, қазір менің аппаратымды алып келіңдер, ауыл адамдарын
түгел мектепке шақырыңдар, жарты күнімді жіберіп,
барлығын қараймын! - Бәрін бір күнде қарай
алмассыз. Шынында, жақсы келдіңіз, біздің оқушы
балаларды қарап беріңіз!-деді мектеп меңгерушісі. Нияз сол
күні түске дейін мектепте оқушыларды тегіс рентгеннен
өткізді. Мұғалімдерді де қарап, айтқандай,
ерегіскен жас мұғалімнің өкпесінен жан-жағы
жаңа ғана ісе бастаған очаг тапты[4, 210-211]. Бұл
диалогта Ниязды бетке айтар батыл адам қырынан таныдық.
Қисық сөйлеп отырған мұғалімге бет
қаратпай, қатесін бетіне басып айтты. «Сөз –
жүректің шері, оның да бар ғой айтылар жері» дегендей,
жүректегі шерін Нияз ашына айтты. Және де ол: «Олай болса,
қазір менің аппаратымды алып келіңдер, ауыл адамдарын
түгел мектепке шақырыңдар, жарты күнімді жіберіп,
барлығын қараймын!»[4, 216],-дейді. Ол өзін қарап
беруді өтініп, шақырған председательді ғана
қарап, жұмысын аяқтап, санаторийіне қайтып кеткен
жоқ. Ол ерінбей барлық ауыл адамдарын қарап береді.
Және ол үшін ақы сұрамайды. «Еңбек – ердің
сәні» демекші, ерінбей еңбек еткен Нияздың бұл да
жақсы бір қыры. Сол
еңбегіне қарай Нияз да елге қадірлі бола білді. Оны
Көкшетау маңындағы ауыл-аймақ тегіс біліп алды.
Шығармаға назар аударсақ:«Доктор Дарханов деген атақ
Көкшетау аймағына түгелдей тараған да, сол
маңдағы колхоз, совхоз, Шортанды, Степняк, Еңбекшілер,
Қызылту, Макинка сияқты аудан, қала орталықтарынан
науқастар келіп-кетіп, емделіп те жатады. Бірінің
қарлығып қалған даусын шығарып, бірінің
естімей қалған құлағын естіртіп, енді
бірінің кеңірдегіне дәрі құйып, рентгенде
қарап, науқасының диагнозын қойып, ерінбей еңбек
сіңірді. Кей дәрігерлердей істеген еміне бұлданып,
күбірлеп, жақтырмаған пішін білдірсе де, іштей бірдеме
дәметіп күн көрмеді. Жең ұшынан «мына бір
сыйлық сізге!..» деп ұсынған адамға:
«Үкіметтің берген ақшасы жетеді!» деп бетін талай
қайтарып та тастады. Нияз «еңбекақы» деп науқас адамнан
алған дәрігерлермен жаны қас, жеке адамнан ақы
алудың өзі ерсі. Қол созып, қайыр сұрағаннан айырмасы қанша
мұның? Бұ да – ескі дүниенің, сасық қылықтың
сарқыты»[4, 223]. Еңбегін сатып ақша алуға жаны
қас Нияз сияқты адал жандар мемлекетке қашан да керек.
Әсіресе ХХІ ғасырда қит етсе бармақ басты, көз қыстыға
баратын, өз қызметін пайдаланып пара алатын қазіргі
біздің заманымызда бұндай халық қамын ойлайтын адал
азаматтар онның бірі ғана.
«Зейін
Шашкин прозасының үздік табысы интеллигенция
өкілдерінің образын жасауында, әсіресе дәрігерлер
өмірін білгірлікпен суреттеуінде екенін мойындамасқа лаж жоқ.
Қазақ әдебиетінде дәрігерлер өмірін
жан-жақты тереңдеп, зор білгірлікпен, шеберлікпен суреттеу
жөнінде З.Шашкинмен иықтасар жазушы әзірге болмағанын
атап айту ләзім. Бұл тұрғыдан алғанда, З.Шашкинді
орыс әдебиетіндегі А.П. Чеховқа ғана
ұқсатуға болады»[2, 109]-деп Сапар Байжанов айтқандай,
шыныңда да бұл шығарма оқырманың лезде баурап
алатын, әр оқиғасынан сабақ алуға болатын,
дәрігерлер өмірінен ғана сыр шертіп қоймай, әр
адамның, әр тұлғаның ерекшелігін танытатын
керемет туынды, өшпейтін мұра!
Пайдаланылған әдебиеттер
1.
Т.Ақшолақов «Шығарманың көркем айшықтарын
таныту». - Алматы қ., «Рауан» баспасы, 1994жыл.
2. С.Байжанов
«Үш томдық тандамалы шығармалар». Замандас туралы
толғау. І-том. «Елорда». – Астана, 2006.
3. З.Ахметов
«Әдебиеттану терминдерінің сөздігі». Алматы қ., «Ана
тілі» баспасы, 1996 жыл.
4. З. Шашкин «Доктор
Дарханов». Алматы қ., «Раритет» баспасы, 2006жыл.
5. З. Шашкин.
Таңдамалы шығармалар, «Сенім». Алматы қ, «Жазушы» 1966.
6. З.Шашкин .
таңдамалы шығармалар. ІІ-том. Тоқаш Бокин. Алматы. «Жазушы»
баспасы», 1973 жыл.
7. З.шашкин.
Таңдамалы шығармалар. ІІІ-том. Теміртау.Алматы. «Жазушы» баспасы
1974 жыл.
8. З.Қабдолов
«Сөз өнері», Алматы қ., «Санат» баспасы, 2007 жыл.
9. Темірбек
Қожакеев. Сатира – күштілер қаруы. Алматы. Жазушы. 1985.