Резуанова Ғ.Қ., Төлеужанова Ж.М., Серғазина Қ.Ж.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті

Астана, Қазақстан

Қазақ қаламгерлерінің шығармаларындағы

«махаббат» концептісінің көрінісі

 

Адамның ғұмырының мәні – махаббатында. Ол елге, жерге деген махаббат, туып-өскен халқына деген махаббат және шын мәніндегі ғашықтық сезім оятатын әйел мен еркек (жігіт пен қыз) арасындағы махаббат  болуы мүмкін. Әлемдік адамзат баласына ортақ нәрсе, қарапайым да аса күрделі құбылыс, адам өмірі  қаншалықты жұмбақ болса, махаббат – сондай шешуін таптырмас таңқаларлық дүние. Сондықтан да «махаббат» концептісі әлемдік ақындардың мәңгілік жыры. Жыр арқауының – сарқылмас қазынасы. Сол қазынаға қазақ ақындары қиялға жүгініп, сезімге беріліп, өз туындыларымен келді. Оның түп негізінде, туған елге, жерге, табиғатқа, адамзатқа деген махаббат жатыр. Негізінен, қазақ ақындарының көбі жырларында махаббат пен табиғатты байланыста алады. Мәселен, Т.Молдағалиев «Жапырақтар» деп басталатын өлеңінде: Жапырақтар, жапырақтар көп қандай, Махаббатқа, махаббатқа Алақанын соққандай. Сыбдырлайды, асығады, Сыбырлайды бәрі де. Бәрі бірдей қосылады Махаббаттың әніне, - дейді [29]. Өлеңдегі жапырақтардың махаббатқа алақанын соққандай сезілуі, сыбдырлауы, асығуы, сыбырлауы, бәрінің бірдей махаббаттың әніне қосылуы – табиғаттың өзі адамзат махаббатын қуаттайтындай, соған үн қосатындай, адамның ішкі жан-дүниесімен бірге үндесетіндей көрінеді. Яғни бұл жерден махаббат пен табиғаттың ұштастығын, байланысын аңғаруға болады.

Тұманбайдың табиғатты сұлу суреттеуі туралы ғалым Б.Кәрібаева: «Ақын табиғаттың адамды тәрбиелейтін сұлулық сиқырын өз сырынан кем біліп, кем бағаламайды. Оның әрбір қозғалысын қызықтайды... Өзін де, өзгені де табиғат әуенінде әлдилейді», - деп өте тамаша атаған [1, 154]. Шынында да, Тұманбай Молдағалиев өлеңдері адамның нәзік сезімін, жан толқындарын, жүрек қылын шертетін қазақ поэзиясындағы сыршыл лириканың үлгісі іспеттес. Ол өзінің нәзік сезімге, махаббатқа толы жырларын бүкіл халықтың, әсіресе, жастардың жанына дарыта білген. «Тұманбай – махаббаттың жаршысы» деп тегін айтылмаған. Ол шынымен-ақ «махаббаттың жаршысы»  болуды армандаған секілді. Мысалы, ақын өзінің өлең жолдарында: Бұл өмірде дұшпаным бар, досым бар, Мені ылғи да бақыттыға қосыңдар, Мені көрер, жырларымды көргенде ел, Махаббаттар, жарқыраңдар, сөнбеңдер. Мен тірі де – махаббатты өлді деп Ойламаңдар, ойлауға орын бермеңдер, Қайда барсаң көлеңкелер көлбеңдер, Мен өлгенде – көмулерің заңды ғой. Бірақ, менің махаббатым көнбеңдер, [2] - дейді.  «Мен тірі де – махаббатты өлді деп ойламаңдар, мен тірі жүргенімде әрдайым да махаббатты жырлап өтемін, тіпті мен өлсем де менің махаббат жайлы жазған жырларым артымда қалатынын ұмытпаңдар» дейді ақын.  Қаламгер алдымен махаббаттың не екенін адамдарға түсіндіргісі келетіндей. Ол «махаббат деген не деп?» сауал қояды да, өзі соған: Махаббат – оқ, бір-ақ рет атылған, Махаббат – жау, қан майданға шақырған, - деп жауап береді. Бұл жерде ақын  махаббатқа өзінше баға береді. Махаббаттың бір жылт етіп сөнуі бір мәрте ғана атылған оққа баланады. Ақын махаббатты жауға теңеу арқылы «қан майданға шақырады», яғни «әркім өз махаббаты үшін күресуі қажет, өз махаббатын қорғай білуі керек» деген ойын білдіреді. Жалпы, Тұманбай Молдағалиев махаббат, сезім тақырыбына көп қалам тартқан ақын. Оның ғашықтық туралы жазылған барлық өлеңдерінен махаббат сезімінің ерекше екенін  көруге болады. Себебі ақын «өмірдің өзі махаббат» екенін, яғни «махаббат өмір тұтқасы» екендігін жақсы түсінген. Қазақ қаламгерлерінің ішінде Төлеген Айбергенов те махаббат тақырыбын шынайы аша алған ақындардың бірі. «Өмір –  махаббат» екенін ақын өзінің «Өмір» атты өлеңі арқылы танытқан. Ақын шумақтағы бірінші тармақты ұйқассыз қалдырып, келесі үш тармақты бірыңғай үлестіріп отырады: Өмір – деген пәк жаралған махаббат, Ғашықтықтан жарқылдаған көздері, Ұғынбайтын өз ойынан өзгені, Өз жүрегін өртейтұғын өз демі – дейді [3, 135]. Автор бұл жерде «өз жүрегін өртейтұғын өз демі» деп өмірдің ғажайып жұмбақ сырға толы дүние екенін айтады.  Яғни өмірді махаббатқа балайды. Махаббат мәңгі, өмірдей шексіз. Сондықтан да: Өмір – мәңгі гүлдеп жататын, Құштарлықтың толғағы мен көктемі. Ешкім оған қоя алмайды нүктені, Өмір деген сөйлем емес өйткені - деп өмір мен махаббатты параллель түрде алып көрсетеді [3]. Ақын сол өмір – деген көк мұхиттың толқынынан өз ғашығын іздейді. Махаббат жолында «аяғына құрық түскен асау құлындай, бұлқынды асау жүректер» десек те, «көзіме сыйған дүние, сөзіме сыймай тұр менің» деп қынжылады. Бұл жерден ақынның Абайша «ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл» дегеніндей махаббат сезіміне бөленген адамның тілі байланып не айтарға сөз таппай, дел-сал күйге түсетінін көрсетеді. Ақын «мен де өзімше жаратылыс сияқтымын бөлек бір, көзім – жұлдыз, ал маңдайым тау шыңындай ерек тұр» деп, жүрегін – күн, ойын – тасыған өзенге балайды. «Қағылез қара бала болғаныммен, жүрегім кәдімгідей ақын менің» деп «Қарақалпақ қызына» наз тастайды. Қалайша арман саған елтімесін, Дауысын қазды аспанның келтіресің, Қайтпасам болмайды енді Алматыма, Сен мені өртей-өртей өлтірерсің [4, 145]. Бұл жерде ақын ғашықтықтан адамның басы айналып, ақыл-естен айрылып, туған жерінен де безіп кететінін көрсетеді. Алайда ақынның туған жеріне деген махаббаты да ерекше екенін оның өлеңдерінен анық аңғарамыз.  Ол табиғатының суретін, бояуларын саяси лирикада да, философиялық лирикада да, махаббат лирикасында да шебер қолдана біледі. Төлеген поэзиясы – сол шынайы махаббатымен сөйлеген поэзия. Махаббат лирикасында – Мағжаннан кейінгі шоқтығы биік көрінген ақын – Төлеген Айбергенов.  Сондықтан да оны лирик ақын десек болады. Ақынның махаббат лирикасына Әбіш Кекілбаев: «Ақынның адамдарға, табиғатқа деген махаббаты әншейін абстракция емес, нақты, өміршең махаббат» [5, 271], - деген баға береді.

Ақын туған ел, Отанына, туған халқына деген шексіз сүйіспеншілігін, шексіз махаббатын  өлең жолдары арқылы білдіреді. Ақын «Туған жер» өлеңінде: О, менің байтақ мекенім, Жанымның қаршығасы сен, Шырқағым келіп кетеді Жазбаған ән шығарсың сен. Қызығың тербеуде мені, Тарқамас той шығарсың сен, Туылған тар кеудедегі, Тумаған ой шығарсың сен... – дейді [4]. Бұл жерден ақынның туған жерге деген шексіз махаббатын, адалдығын, сүйіспеншілігін көреміз. Ақын Отанын биікте самғар қаршығаға теңейді. Сен дегенде өлең жазбай қалай отырамын, сенің сұлулығың, сенің барлығың бейне бір тойдай мені қуантады, сен туралы өлең жазғым кеп кетеді дейді. «Туылған тар кеудедегі, тумаған ой шығарсың сен» деп сенің қадіріңді білмей жүргендер бар ма екен деген ой қозғайды. Төлеген Айбергенов туған жерінің әрбір тасын, әрбір табиғи көрінісін жан-тәнімен түсініп, өлеңіне қосады: Күн – бикеш көкжиектен құлап кеткен, Самал жел сыбырлайды құрақты өпкен. Сүңгітіп тереңіне жұлдыздарды, Сақылдап қайнап жатыр бұлақ біткен. Тосшы сен құлағыңды аңдай қалып, Барады кең дүние әнге айналып. Нар қамыс суылдаса жер бауырлап, Бақалар тамсанады таңдай қағып... – дейді [4].  Демек, бұл өлең жолдарынан біз ақынның табиғаттың әсем қозғалысын қалт жібермей, табиғатпен тілдесе білгенін аңғарамыз. Ақын табиғаттың әр құбылысын тірі жандай құбылта кейіптей білген. Самал желдің сыбырлап, сезімді қытықтатуы, таза тұнық саздың жанды дірілдердетуі, сұлу тіршілік тынысын тап баса білуі ақынның көңіл көрегендігін танытады. Күн батар шақтағы табиғаттың тыныштыққа кенелер кезін, желдің самал болып сыбырлауынан, бұлақтардың қайнап жатуынан көз алдымызға елестетеді. Табиғат тыныштығын ұрлаған қамыстың суылы мен бақалардың таңдай қағуы түннің келісті көрінісінен хабар беріп, жайбарақаттылықты жайып салады. Табиғаттың бір ғана мезетін бірер сөзге сыйдырып, әсемдікті қозғалыспен паш ету ақын шеберлігін көрсетсе керек. Ақынның: Аймалап ерке желі жан-денені, Бозарып қылаң беріп таң келеді.

Малынып шығар күннің шұғыласына, Көк құрақ мың құбылып сәнденеді  [4] – деуі туған ел табиғатына деген риясыз сезімді, мол махаббатты танытқандай. Туған жерінің табиғатын жақсы білген, оны бағалай алатын адам ғана осылай жырлауы мүмкін. Бақыт па ең қонған басыма, Қиялды ойнатасың сен, Құмар ғып ұйықтатасың да, Қуантып оятасың сен...[4] деген жолдардан ақынның осы елде туып-өскеніне қуанатынын, басқа жерді қажет етпейтін адалдығын көреміз. Ақынның еліне деген шексіз сүйспеншілігін, махаббатын, адал да абзал сенімін көреміз. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілігін, оттай ыстық сезімін «Туған елге» атты өлеңінен де байқауға болады: Сүйем мен туған елім әрқашаннан, Өлкені, өзен, тауды сен жасаған. Сүйемін шыңнан құйған бұлағыңды, Далаңа қазып ағып арна салған. Өзімен ала келген жаздарымды, Сүйемін қаңұқылдаған қаздарыңды.

Ыстық қой шыңылдаған жартасың да, Көтерген айқайласам назарымды.

Аунасам ауырлығым білінбеген, Сұлу ғой гүлді далаң күлімдеген. Көркем ғой кісінеген көп орманың, Ораған көк шәлісін бастарына. Әсем ғой гүлді далаң күлімдеген, Мөлдірі жас жүректей дірілдеген. Қиялдың алып ұшқан асқарына, Көркем ғой ақша бұлтты аспаның да. Қойнымнан қазынамды төгем деген, Қозыдай жатыр тауың көгендеген. Сүймес ем сонда да мен бұл аймақты, Егер де сен болмасаң мекендеген [4], - деп еліне деген махаббатын ақын ағынан жарылып ашық айтады. Төлеген Айбергеновтың өмірге деген, адамдарға деген махаббаты – өмірдің, адамдардың, табиғаттың ұлан ғайыр ақиқатын ашып берген тәрізді. Махаббат – Төлегеннің болмыс құлпын ашатын кілт десек те болады. Оның еліне, туған жеріне, Отанына деген шексіз махаббаты адами махаббатын да, яғни қызға деген махаббатын да ашқандай. Ақын «Мені ойла» өлеңін оқығанда да қызға деген ғашықтық сезімін еліне деген сезіммен байланыстыра алғанын байқау қиын емес. Ол сезімнің нәзік қырларын адам тыныс-тіршілігінде қаншалықты орын алатынын тынымсыз әрекет арқылы көрсеткісі келген: Сеземін сүйген жүрекке Сағыну соқпас оңайға. Дегенмен, қалқам, қалайда Қалт еткен шақта мені ойла. Таңертең тұр да шықты көр... Оянған шақта мені ойла. Шұғылаға шығыс түп-түгел Боялған шақта мені ойла. Дүниені нұрлы кірпігің Қамастырғанда мені ойла. Талдарға көктем бүртігін Жаңа аштырғанда мені ойла [4].

Сүйген адамына табиғат пен өзін байланыстыра білуін тілейді. Өзінің қызға деген махаббатының таңғы шықтай, көктемде ағашта жарылған бүрдей  екендігін айтады. Өлеңнен ақынның сүйгеніне,  махаббатына деген сағыныш сезімінің салмағы сезіледі. Сол сезім оны ғашығының үнемі ойлауын қалайды. Төлеген өлеңдерінің құлақ күйі сағыныш болғандықтан, ол адамның ұлылығын, ойының даналығын, махаббатының баяндылығын осы бір сезімнің ақыл-таразысына салып өлшейді. Оның барлық арман-мұраты сағыныш сезімінің бесігіне құндақталады. Төлеген Айбергеновтің поэзиясы оқырманды сағынышымен жаулайды. Сағыныш жоқ  жерде  махаббаттың да, бақыттың да, адалдықтың да болмайтыны хақ.  Ақынның «Ойлай бер мені» өлеңі де сағынышқа толы махаббатты суреттеуге арналады. Жаныма қап ең жақын боп, Жүректе бүгін сыздау көп. Мен болсам кеттім ақын боп,
Азырақ бақытсыздау боп… Жолығар болсам қайта мен Сағыныш толы сол шақпен. Бәрін де саған айтар ем Жалғыз-ақ тамшы моншақпен. Махаббат! Неткен алып, қайратты едің, Мен сені мұншалық деп ойлап па едім. Тұсаулап, табандатып тағдырымды, Қолына қара көздің байлап бердің –
дейді ақын. Өлең ақынның өткен өміріндегі ыстық махаббатын сездіреді.  Сол сезімге деген сағынышты, жалғыз тамшы жас арқалып тұрғандай. Ақын тамшыны моншақ деген сөзбен ауыстыра отырып, келісті сөз кестесін өрнектеген.  Суреткер махаббатқа қайратты мінез дарыта отырып, жанды бейнеде сипаттайды. Арманы мен қуанышы ұштасып махаббат құдіретін паш етеді.

«Махаббат», «Сағыныш» ұғымдары ақын шығармаларында үнемі бір-бірімен астасып жатқан егіз дүнеилер. Ол сан қырлы сезімдерден туындайды. Туған жерге, анаға, Отанға, туған-туыстарға деген сезімнен туатын махаббат болатыны сияқты сүйгеніне деген шынайы сезімнен болатын махаббат бар. Адамның жүрегін тербеп, көңіл-күйін қозғар, ақын жүрегінде шабыт пен тебіреніс туғызып, жыр жолдарына арқау болатыны да - осындай сезімдерден туған махаббат. Ақын сағынышты неге ұлы сезімге балап сомдаған. Себебі өмірге деген махаббат жалыны кеудесін өртегендер ғана сағына алмақ. Сағынған, сүйген жандар ғана тазара алмақ. Тірлікті тазарта алмақ. Ендеше Төлеген шынайы сүйе білген, махаббат дертін басынан кешкен  ақын дей аламыз. Төлеген жырларына сезім кілітін өлеңімен өрнектейтін Фариза ақын: «...әртүрлі гүлзарларымен, даланың самалымен, жусанның иісі, таудың бұлағымен – өзімен өзі тыныш жатқан поэзиясының қалғымалы тірлігіне кенет көтерілген мұхиттың жал-жал толқындарындай асау ағысты екпінімен әсер еткен Айбергенов поэзиясы қазақ өлеңінің өресін биікке көтерді» [5, 127], - деп баға берген.  Міне, бұл  нағыз баға, оған бұл ақынның қай жырларын алмасақ та толық жауап бере алады.

Төлеген Айбергенов өз өлеңдеріне адамды сүюді арқау еткен және оның ұлылық қасиеттерін айрықша шабытпен жырлаған ақын. Ол ылғи да адамдардың бәрімен сырласып, қайғысын бірге бөлісіп, қуанышына ортақтасқысы келіп тұрады. Оның өлеңдерін оқығанда адамгершіліктің аялы алақанын сезінгендей болып, ұзақ жылдар көрмеген досыңмен қауышып, сырласқандай әсердің бесігіне бөленетініміз де сондықтан. Ақын күнделігіне мынадай бір ойларын жазып кетіпті: «Жұрт не десе, о десін, мен адамға бір берілгенде құлай берілгенді құптап едім. Менің ойымша, құлай берілу, ессіз сүю – шексіз адалдықтың белгісі. Өмірде өзінен басқаға құлай берілмейтіндер, достықта, жолдастықта, махаббатта қателеспеуі мүмкін, бірақ оның шын адал достарының аз екендігіне, тіпті жоқ та екендігіне сенімім кәміл» [5]. Бұл да болса лирик ақынның романтик екенін, өзіндік ерекшелігін танытады.

Қыз бен жігіт махаббаты дегенде «махаббат» концептісі қазақ қаламгерлерінің шығармаларында «сұлулық» концептісімен астасып жататынын айтуымыз керек. Мәселен  Ғ. Малдыбаев «Қырым қызы» поэмасында: Оралып он алтыға жасы келді Бұралып қынай буды қыпша белді. Арзының атқан оғын әкеле алмас Басқа қыз тырысқанмен тырнап өңді [6, 99], - деп Арзының жастығын, нәзіктігін «қыпша бел» тіркесімен берумен қатар, сұлу қыздың сымбатты ғана емес, қылығы да, іс-әрекеті де сұлу екендігін оның оқ ату өнерін қоса көрсету арқылы берген.  

Ақ жүзді, бота көзді, қара қасты, Қыр мұрын, алма ерін, жібек шашты Қаз мойын, қаршыға төс, кептер иық, Сабырлы, жарқын мінез, ықыласты. Болса да қудан сұлу сырын ашпас, Құлпыра сыңғырлаған шолпы тақпас «Ер жеттім қандай жігіт қырындар» деп Байлардың қыздарындай ойлап жатпас. Бұл жерден ақынның айналасы үш шумақпен Арзының тән сұлулығы мен жан сұлулығын қоса өріп, қайсар да салмақты мінезін оқырман жұртқа таныта білгендігін көреміз. Ақын поэзиясын айрықша әсем реңге ендіріп, сыңғыр әуез, күйлі саз бітіріп тұрған тілдің көркемдегіш құралдарының бірі – троп, фигуралар.  Ыстық қол жылытқандай қыздың жанын, Толғантып тулатқандай жүрек қанын Құттықтап көктің құсы сайрай берді Бұлғаңдап гүлдер соқты алақанын, [6] - дейді ақын.  Өлең жолдарында бұлғаңдаған гүлдердің алақан соғуы, аспандағы жұлдыздардың жымыңдап, көздерін қысуы көз алдымызға елестеп, еріксіз көңіл-күй сыйлары анық. Осындай махаббат пен сезімге арналған жыр жолдары адамды ләззат сезімге бөлейді.

         Сонымен, қорытындылай келгенде қазақ классикалық әдебиетінде махаббат тақырыбына жазылған шығармалар аз емес. Махаббатың көп жыл жасауы, махаббаттың әр қилы күйлері, сезімтал, рухани махаббат, оның сан алуан құбылуы, жалынды махаббатты аңсаушылық, нәзік сүйіспеншілік, қол жетпес махаббат бейнелері бәрі де көркем туындыларда жырланады.  Демек, ақындар «махаббат жаршысы» деуімізге болады. Махаббаттың адамзатқа сыйлары мол. Бұны М.Шаханов «Ғашықтық ғаламаты» дастанында: Ғашық болу келсе, кімнің қолынан, әлем соған сенеді. Бұл сезімнің ұшан-теңіз адамзатқа берері деген сөздері растай түскендей.  

Махаббат сезімі екі адамда бірдей пайда болса, оның келешекте дами түсуі, өмір бойы үзілмеуі, сарқылмауы табиғи нәрсе екенін, махаббат алғашқы сыйластықтан басталатынын ақындарымыз тілге тиек еткен. Орыс ақыны Марина Цветаева да «Пушкин мені  махаббатымен баурап алды» деп өзін махаббат тақырыбына қалам тартуға жетелеген Пушкин екенін айтады.  Махаббатты жырлау үшін, әдемі жырлау үшін, шынайы жырлау үшін құлай сүюді басынан өткеру қажет. Махаббат дертіне шалдықпағанның қаламынан әдемі сурет те шықпасы анық. Сол себептен де халық даналығы «Сүйіп көрмеген – өмір сүріп көрмеген», - дейді. Ал Мұхтар Шаханов «Ғашықтықпен өткен күндер ғана - өмір, ал қалғаны-жай күндер», - деп осы ойды нақтылай түседі.

Пайдаланған әдебиеттер

1.     Кәрібаева Б. Қара өлең және лирика. – Алматы, 2001. -154 б.

2.     Молдағалиев Т. Жаз өтіп барады (Таңдамалы шығармаларының үш томдығы). 2 т. – Алматы, 1996.

3.     Айбергенов Т. Өмірге саяхат. – Алматы, 1963. – 135 б.

4.     Айбергенов Т. Таңдамалы өлеңдер (жинақ). – Алматы, 1997. -145 б.

5.     Айбергенов Т. Естелік. – Алматы, 2001. – 271 б.

6.     Малдыбаев Ғ. Қырым қызы (өлеңдер мен поэмалар). – Алматы, 1967. -99 б.

7.     Әуезов М. А.С.Пушкинді қазақшаға аудару тәжірибелері туралы//Уақыт және әдебиет. – Алматы, 1962. -200 б.