Көркем шығармалардағы
метафораның қолданылуы
Испандиярова
А.Т., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік
университетінің аға оқытушысы, гуманитарлық
ғылымдар магистрі.
Тіл табиғаты, сөз
мағынасы күрделі құбылыс саналады. Тілдегі троп түрлері
мәтіннің экспрессивтік бояуын жасайтын құрал болады.
Тілде сөз метафорамен түрленіп ажарланады, бейнелі
құралға айналады.
Қ.Жұмалиев метафораны
«сыртқы не ішкі бір ұқсастығына қарап, бір
нәрсені екінші нәрсеге балау, екі нәрсенің арасына тепе-теңдік
белгісін қою» деп анықтаса [1,117], З.Қабдолов «метафора сөз
мәнін түрлендіре өзгертіп айту, суреттеліп отырған
затты не құбылысты айқындай түсу үшін,
ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас
өзге затқа не құбылысқа балау, сөйтіп,
зерттеліп отырған заттың не құбылыстың
мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдетіп, әсерін
күшейту» деп тұжырымдайды [2, 214].
Метафора
фразеологизмдердің бейнелілігін арттырып отырған. Мысалы, Сондайда
өзінің туған жері - Торғай бойы,
өскен-ыстық мекені көз алдына келеді де, әлдене жүрегін
шымшып ауыртады ( 4, 167-6).
Жүрегін шымшып ауырту -
сағыныш сезімін аңғартып тұр. Шымшу тек адамның
қолымен істелетін әрекет және адам жүректі шымши алуы
шындыққа жанаспайды. Дегенмен, автор сағыныш күйін
әсерлі бейнелеу үшін «жүректі шымшу» деген
фразеологиялық тіркесті қолданған.
А.Сыбанбаева:
«Метафораның қызметі арқылы тілдің лексикалық
және фразеологиялық қабаты, жалпы сөздік
құрамы, бір ұғым аясы кеңи түседі.
Сөздің метафоралануы арқылы сөз саны өспегенімен,
мағына аясы көбейеді, сөз мағынасы дамиды. Метафора - көптеген
тіл қабаттарының шығу көзі. Мәселен,
фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер метафораға
негізделіп жасалады»[3, 12],-деген тұжырым жасайды.
Жазушы шығармаларында метафоралар фразеологиялық
тіркес ретінде көрініс тапқан.
Қараса қабақ қағыста бес тоқты тыпырлап
қалған екен (4,126-бет). Әйтеуір, бір жақсысы,
түс кезінде сусын келеді. Дүйсен ауылдан қымыз алдыртады.
Бірақ өзінің де
шақшадай басы шарадай болды ( 4, 77-бет).
Бірінші мысалда келтірілген қабақ
қағыста сөзі - жылдам сөзінің мағынасын
алмастырса, екіншісі шақшадай басы шарадай болды тіркесі
– жұмысы бастан асты деген мағынада қолданған.
Шығармадағы кейіпкерлердің мінез
ерекшеліктері метафоралар арқылы айқындалған. Мысалы, - Мына отырған - Сабыр
ерегіс десе басын береді. Балаларымның
ішінде өзіме тартып туған
асылым.. Тасың өрге
домаласын! - деді ақсақал. Содан кейін, ақырын дауыспен - Жалғыз-ақ айтарым: күрес тe өнердің бір
төресі. Оны оңай кәсіпке айналдыра көрме! (4, 151-бет).“ – Жармағамбеттің бес ұлының ең жаманы мына Сейсен ғой...
Қалғандары қасқыр
еді шеттерінен.” (4, 73-б).
Бірінші
мысалда, ерегіс десе басын береді, тасың
өрге домаласын, күрес те өнер төресі - күрделенген метафоралар.
Бұл метафоралар арқылы кейіпкердің ішкі сезімі толықтай
берілген. Оның ризашылығы, қуанышы - бәрі
тұтастай бір сөйлем ішіне сыйып кеткен. Ал, екінші
сөйлемде,
Жармағамбеттің ұлдарының алғырлығын
баян еткен.
Лингвистикалық
әдебиеттерде метафора екіге бөлініп қарастырылады: бірі
дәстүрлі метафоралар. Олардың мағынасы
халықтың таным-түсінігіне байланысты болып келеді, әрі
көпшілікке ұғынықты, жиі қолданылатын бейнелі метафора
болып танылады. Сонымен қатар, дәстүрлі метафоралар тілде
тұрақты түрде қолданылады. Екіншісі - автордың
өзінің жеке қолданысынан туындаған метафоралар. Метафораның
бұл түрі қаламгердің тіл байлығымен, сөз
қолдану шеберлігімен байланыста болып келеді.
“- Өмір
дегенің қашан да – кеменің апаты , - деп бастапты хатын бейтаныс құрбым.
Мұхитқа батып бара жатқан кеме сияқты, өмір де
құбылмалы бір табиғаттың құбылысы
сияқты. Бірақ парасатты адам қашан да рухани
әлемнің биік қағидаларымен өмір сүргісі
келеді.” (4, 40-б)
Өмір
- апат тұрақты метафора болса, өмір
деген кеменің апаты, өмір деген құбылмалы бір
табиғаттың құбылысы - өзіндік жеке
авторлық метафоралар болып саналады.
Кейіпкердің сөзге, уәдеге беріктігін автор
келесі метафораларды қолдану арқылы көрсетеді:
« Әкемнің өлер алдында айтқан
өсиет сөзі әлі есімде.Өлген адамның
соңғы сөзі - құдай
сөзі. Өлген
адамның өсиетін орындамау - кісілік емес. Мен де сертіне берік
болуға тырысамын. Әкемнің айтқан қақ жолды айнытпай ұстап келемін.» (4,120 - б)
Келтірілген мысалдағы құдай сөзі, қақ жол метафоралары
сөйлемнің әрін келтіріп, эмоциялық мән үстеген.
Сонымен қатар, кейіпкердің жеке сапалық қасиетін,
өзгешелігін айқындаған.
Т.
Әбдіков метафораларды қолдану барысында кейіпкердің
келбетіне, қоршаған ортасына т.б. қимыл-әрекеттеріне
баға беру мақсатын да ұстанған. Мысалы: “ Дүниеде соқыр сезімдер қаншалықты
құдіретті болғанымен,
жоғары сапалы парасат
әлемінде билеуші күш бола алмайды, ең бастысы,
болуға тиісті емес. Бірақ адам баласы әлі де өз “
Менін” өзі қызықтап, сол соқыр
сезім патшалығынан шыға алмай жүрген сияқты. ” (4,
40-б)
Қаламгер
соқыр сезім
қаншалықты құдіретті болғанымен, сапалы парасат
жармаған өмірдегі
өзімшілдік сезімдердің бар екендігін тұспалдаған,
өзінше метафора құраған. «Метафора ұғымға
атау ғана бермейді, сол ұғымды анықтап табуға
көмектеседі. Бұл бір жағынан жаңа ұғымды
түсініп, тез қабылдау үшін болса, екіншіден - тілдік
үнемділіктің нәтижесі» [3, 17].
Т.Әбдіковтың шығармаларынан мысал
келтірер болсақ, Дүйсен екі өкпесін қолына алып,
төбе астына барды... (7, 69-б)
Арада айлар
жатыр. қыз жарасы дa, aт жарасы
да жазылып келеді (4, 72-б).
Айлар жатыр ұғымы - көп
уақыттың өткенін білдірсе, қыз жарасы, aт жарасы - кейіпкердің
жүрегінде жатқан қайғының жарасы яғни
уайымы ауыстырылып әсерлі эмоциялық реңк беріп
көрсетілген.
Менің әкем өмір қыспағын
көп көрген (4, 69-б). Дүниенің
ащысы мен тұщысын көп көрді деген Роберттің өзі де
ұнатыңқырамай қалды (4, 188-б)
Өмірдің
қыспағы, дүниенің ащысы мен тұщысы — метафоралары
өмірдің қиындығын көргендіктен хабар береді.
Автор
кейіпкердің мінез-құлқын ашу мақсатында
қолданған метафоралар:
Гүлшайра
жеңгей машинаның есігін ашты да қабағын түйді:
- Әй, осы сен шірік, менің байымда не шаруаң
бар?! Тиісті наныңды жеп
жайыңа жүр. Әйтпесе аяғың
аспаннан келеді (4, 233-б).
Сен
шірік, тиісті наныңды же, аяғың аспаннан келеді деген метафоралар ауыспалы
мағынада қолданып, кейіпкердің мінезін, ашулану сәтін
көрсеткен.
Сонымен,
«сыртқы не ішкі бір ұқсастығына қарап, бір
нәрсені екінші нәрсеге балау, екі нәрсенің ортасына
теңдік белгісін қою» Т.Әбдіков қаламына тән
құбылыс деп санауымызға болады.
“Өмір күрес. Адамдар алдымен қара күшпен күресетін
болды. Одан кейін неше түрлі қару –
жарақ ойлап тауып, соғыс
ашып, халықтарды жаппай
қырғынғы ұшыратты. Енді қатері одан кем емес ақыл
– парасат майданы шықты. Егер бұл майданда ізгілік жеңіске жетпесе, адамзаттың рухани күйреу
дәуірі басталады. Одан құтқаратын
күш жоқ. Сіз сол екеуара шағын майданды бастадыңыз. Амалсыз
қабылдадым...” (4,22-б )
Жоғарыдағы мәтінде жазушы метафораларды
молынан қолдана отырып, кейіпкердің дүниетанымын бере
алған. Метафоралардың дүркін- дүркін қолданылуы
автордың шеберлігін дәлелдейді.
Сөзімнің бір ұшын мықыр мойынға тигізе сөйледім (4, 125-б). ...Түрі тac құдайға
ұқсаған мықыр
мойын бір көзілдірікті газет қарап отырған (4, 227-б). Оған жұрт та күледі, өзім де күлемін (4, 175-б),
Қалада
оқығандардың әдеті көзінің еті
өсе келетін,-деді түйеден түскендей етіп (4, 143-б)
Жұрт та
күледі, қалада оқығандар, қос бұрымы
қылт етті, мықыр мойын, көзілдірікті т.б. алмастырып қолданылған сөздер кісі
деген ұғымды ауыстырып қолданылған. Қорыта айтқанда
қаламгер туындыларындағы метафоралық қолданыстар жаңа ұғымдарға атау береді, әрі
тілді байытады, сонымен қатар тілдік үнемдеуді жүзеге асыра отырып,
берілген ойды нәрлендіреді.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1.Жұмағалиев Қ. Әдебиет теориясы.
Алматы, 1969, 243 б.
2.Қабдолов З.
Таңмамалы шығармалар ІІ том. Алматы, 1983, 456 б.
3. Сыбанбаева А. Метафораның тілдік болмысы және
концептуалды метафоралар. - Алматы, 2002. - 154 б.
4. Т.Әбдіков «Әке»
Повестер мен әңгімелер жинағы. Алматы «Қайнар» 2005,384