Көркем шығармалардағы троп түрлерінің қолданылуы

 

Испандиярова А.Т., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі.

 

А. Байтұрсынов: «Метонимия - арасында жақындығы бар екі нәрсенің атын ауыстырып, бірінің орнына бірін айту, алмастыру, ауысу»,-дейді [1,126].

       «Метафораға қарағанда, метонимияның қолданылу аясы әлдеқайда тар. Метафора стиль түрлерінің қай-қайсысында қолданылатын болса, метонимия мүлдем олай емес. Метонимия тілдегі стильдердің бәрінде бірдей қолданылмайды. Ал ғылыми стиль мен ресми-кеңсе стилінде жалпы кездеспейді. Оның көбірек қолданылатын жері - көркем әдебиет стилі. Шығармада метонимияны қолдануда белгілі дәрежеде шеберлік қажет» [2, 90]. Егер жоғарыда келтірілген тұжырымға сүйенер болсақ, онда біз жазушының сөз қолданыс шеберлігін танимыз. Себебі автор метонимияны орынды жұмсай отырып, кейіпкерлерін сомдайды. Т. Әбдіков өз шығармаларында метонимияларды түрлі мақсатта қолданған.

       1. Тұрмыс тіршілікті көрсету мақсатында.

Колхоз белсенділері өзгерген жоқ па?

Колхоз басшылары өзгерген жоқ па? (3,88-б ). Автор бұл мысалда ауыл жағдайын суреттеп отырған оқиғаны дәл беру үшін қолданған.

Жұрт көзіне қалай көрінемін (3,92-б). Бұл мысал көпшілік қауымға қатысты алынған.

        2. Кейіпкер тілінде келіп екінші бір каһарманның бейнесін тудыру үшін қолданған.  Мысалы, Ақ  жаулық  көнер емес. Осы тұқылга  ерегескенде қалай да көндіремін.

- Әй, көк тұқыл, сен өлген күннің мен ертеңіне кемпіріңді азғырып бір бойдақтың  арбасына салып жібермесем бе, әкел қолыңды (3, 209-б).

       3. Кейіпкерді мінездеуде метонимияларды ұтымды пайдаланған. Мысалы, Жуан қарын секем алып қалды. Дүйсенге қарап бірдеңе деп шүлдірлеп жатыр(3, 67-б). Жуан қарын метонимиясын жазушы жағымсыз бейне беру үшін қолданған.

       4. Т. Әбдіков кейіпкердің портретін жасауда да метонимияларды ұтымды қолдана алған. Мысалы, Мұртты қара айыбынан ақталып шығып, алғашқы абыройын қайтып алғандай көтеріліңкіреп отырып, баяғыда бір патшаның әкесіне тамды құлдарына салдырғанын, бірақ о дүниеде әкесінің тамы мойнына қарыз болып мінгенін, іреудің қолымен салынған топырақ топырақ салдыға есептелмейтінін айтты.(3,208 б)

5. Автор шығармаларында метонимияны сөздегі айтылатын ұғымдардың әсерлілігін арттыру мақсатында қолданған. Мысалы, Өңшең тобырлар жиылып ТОЗ құрыпты, тоздырып жіберу керек дейтін көрінеді өшіккен байлар (3 , 15-6). Айыр қалпақ қатты кейіді (3,91-6)

Тобыр, айыр қалпақ сөздері кісілер атауын алмастырып, сөйлемге эмоциялық мағына үстеген.

Кейіпкердің көңіл күйін беру үшін. Мысалы, Айнала орап, Қаулай жанып қара өрт келеді. Жел соққан сайын алтын найзалар жарқ-жұрқ етіп ырғып-ырғып түседі де дуылдай жөнеледі ( 3, 15-6).

Белсенділерден ығыр болған ба, кім білсін, мені керіп қаға беріске қарай айнала берді. Жауырда менің не шаруам бар ( 3, 17-бет).

Алтын найза сөзі өртті алмастырса, белсенді, жауыр деген атаулар адамға, атқа қатысты айтылған. Өрттің алтын найза секілді ырғи қозғалуы, жауыр аттың адамнан қашуы кейіпкердің сезімталдығын, көңіл-күйін көрсетуге жұмсалған тілдік бірліктер болып табылады.

        Қаламгер шығармаларында көріктеу құралдары - синекдоха, метонимия эмоционалды-экспрессивті мәні жағынан ұтымды қолданылған тілдік бірліктер болып табылады.

         Т.Әбдіков шығармаларында синекдоханы және метонимиялық қолданысты кеңінен, еркін түрде әрі шеберлікпен жұмсайды. Автор өзінің «Әке» атты еңбегінде аталған троп түрлерін ұтымды пайдаланып, кейіпкер бейнесін сәтті сомдаған. Ғалым Р. Сыздықова: «бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны (дараны), үлкеннің орнына кішіні қолданудың негізі сөз мағынасының ауысуы» [2, 203]. Т. Әбдіков синекдохаларды  шығармаларына көркемдік нәр беру әр сөзді құбылтып айтылатын ойды ажарландыра түсу үшін қолданған. Мысалы, Артында, құдайға шүкір, тұяқ бар. (3)

          «Арам сары  біздің бұл әңгімемізді ұнатпаған секілді» (3, 201-б). «Жел соққан сайын  алтын  найзалар  жарқ-жұрқ етіп ырғып түседі де,  дуылдай жөнеледі» (3, 209-б) «Шетен қалпақ  ұнатпаған кейіппен: - Неге тұрғанды білмейді, ә?- деп кекетті шала қазақшалап»(3, 265-б); «Әлі есімде, көктемнің жаңбырлы бір күнінде шинельді бір тапал келді» ( 7, 160-б)

       Қорыта келгенде, Т.Әбдіков шығармаларындағы троп түрлері жазушының тіліне эстетикалық нәр беріп, суреттеп отырған оқиғаның көркемдік әлемін байытқан.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.Байтұрсынов А. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989. – 318 б.

2.Нуржекеева Л.Метонимияның тілдік табиғаты. - Алматы, 1992. -

80 б