Көркем прозада ұлттық танымның берілуі
Максут А., А.Байтұрсынов атындағы
Қостанай мемлекеттік университеті Экономика факультетінің 1-курс
студенті.
Тіл мен ойлаудың
бірлігінің арнасында қарастырылатын жекелеген өзекті меселелердің бірі - тіл мен
оның дүниетанымдық қызметі. Осымен байланысты жеке
ұлт тілі ретінде қазақ тілінің
дүниетанымдық қызметінің қазақ
тілінің негізінде қарастырылуының маңызы, оның
ұлт мүддесі үшін қызметі, керісінше, ұлт
дүниетанымындағы қасиеттердің, арнайы
ұғымдардың ана тіліміздегі көрініс табуы да өз
дәлелдері мен соның негізінде кейбір ерекшеліктерін, тілдік
айналымдағы орнын көрсетіп беруді, осы сияқты
сұрақтар ауқымын жан-жақты аша түсуді қажет
етіп отырғандығы ақиқат.
Бұл ең алдымен
ұлт тағдырын тілмен тығыз байланыста қарап, "тіл
мен ұлт біртұтас" деген қағида негізінде оларды
өзара бірлікте қарау нәтижесінен туындап отырғандығы
да шындық. Осы тұрғыдан әр тілдің өзіндік даму,
қалыптасу ерекшеліктерінің көрсететін танымдық
негіздерін ашуға бағытталған жұмыстардың
маңызды болатындығы да түсінікті.
Осымен байланысты тілдің
табиғатын ұлттың тарихымен, таным-түсінігімен байланыста
тани түсудің қажеттілігінің мәнін тіл білімінде,
соның ішінде қазақ тіл білімінің де ұлттық
танымға негізделген жаңа үрдісті зерттеулері көрсетіп
отыр. Мұндай бағыттағы жұмыстардың
жүргізілуі ұлттық болмыс пен тұрмыс-тіршілігіне,
дүниетанымына қатысты ерекшеліктерді сипаттап, сайып келгенде, тіл
мен ұлттың тығыз бірлікте екендігін дәйектейді.
Сондықтан қазақ тіл білімінде тіл мен ұлттың
тығыз байланысын, тілдің дүниетанымдық негізін,
біртұтастығын, тілдің әр түрлі қырынан
тарихи-мәдени тілдік деректер негізінде қарастырып, тілдік
тұрғыдан кешендік сипатта саралаған жұмыстардың
болашағы зор болмақ.
Себебі,
бұл бағыттағы зерттеу еңбектерінде ұлттық
дүниетанымды беретін тілдік құралдардың түрлері,
терең тамырлы ұлт рухымен сабақтас тетіктері ашып
көрсетіліп, осымен байланысты тарихи шығармалардың негізгі
арқауын ұстап тұратын көркем мәтіндердегі
ұлт дүниетанымын білдіретін тілдің қызметін
көрсету, анықтау өзекті мәселелердің қатарында
саналады.
Тіл - ойды жарыққа шығаратын негізгі
құрал. Тіл мен ой біртұтас ұғымдар.
Әрқайсысы тіл білімі мен логика сияқты өз алдына жеке
ғылым салаларының объектісі бола тұрса да, бірінің
қызметі екіншісіне тәуелді категориялар болып табылады.
Тілдің ойды жарыққа шығарып жеткізу қызметі сол
ойдың қабылдаушы тарапынан қабылдану тетіктері арқылы
жүзеге асады. Мұның негізінде тіл де өзінің
қоғамдағы қарым-қатынас құралы
ретіндегі негізгі қызметін атқара алады. Тіл білімінде тіл мен
ойлаудың біртұтастығы жөніндегі бұл сияқты
тұжырым бірнеше кезеңдер, уақыттар үлесінде өз
дәлелдемелерін көптеген ғылыми еңбектерден тауып,
қазіргі таңда нақтыланған, орныққан тілдік
заңдылыққа айналды. Осы орайда этнолингвистика мен лингвомәдениеттану
ғылымдарының сабақтастығын тіл мен мәдениет
сабақтастығының көрінісі деп анықтауға
болады.
Әлемдік лингвистикалық
ой-тұжырымдарда этнос тілінің ұлттық мәдениетпен
тығыз байланыстылығы, ұлт мөдениетінің сол
этностың тілінде сақталып, дамып, болашақ
ұрпаққа жеткізілетіндігі туралы идея атақты ғалым
В.фон Гумбольдтың: "Тіл - халық рухы, халық рухы тіл
арқылы көрініс табады" деген белгілі концепциясынан бастау
алады [1,32].
Осыған сәйкес Ф.де
Соссюр, Э.Сепир, А.Потебня, Ю.М.Лотман еңбектерінде, қазақ
тіл біліміндегі Қ.Жұбанов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан,
Ә.Қоңыратбаев, Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов,
Н.Уәлиев, Ж.Манкеева, А.Салқынбай, А.Сейсенова, А.Сейілхан т.б.
еңбектерінде "тіл мен мәдениет"
сабақтастығына ерекше назар аударылған. Бұл
бағыттағы зерттеулердің Қазақстандық
ғалымдардың назарынан да тыс қалмағанын осыдан
байқауға болады.
Осы бағыттағы
еңбектерге көркем мәтін тілін талдаған Р.Сыздық, Е.Жанпейісов,
Б.Шалабай, Б.Момынова, С.Ғұбайдуллин, К.Еңсебаева, Б.Мұратбек
т.б. зерттеулері негіз болған.
Кез-келген тіл өзіндік жасалу
жолдары бар жүйелі сөзжасам жүйесінен тұратын
тіліміздегі басқа лексикалық қолданыстағы сөздер
қабаты сияқты дүниетанымдық лексиканың да өзіндік
жасалу жолдары бар. Бұл ұлт тілінің мүмкіндігіне,
екінші жағынан, жазушы шығармаларының тіліндегі сөз
қолданудағы жазушының шеберлігіне байланысты туындаған
тәсілдер болып келеді. Сондықтан дүниетанымдық
лексиканың жасалу жолдарын Т.Әбдіков шығармаларынан
алынған мысалдармен нақтылай отырып, өз алдына бөлек
талдап көрсетуді жөн санадық. Бұл тұрғыдан,
жазушының өзіне ғана тән сөз қолдану
тәсілдері, сол арқылы ұлт дүниетанымын, болмысын берудегі
шеберлігін ашып көрсетуді де негізге алдық. Сондықтан
жалпыұлттық тілдегі аталған сөздер
қабатының жасалу жолдары мен жазушының өзіне тән
қолданыстардың табиғатын өзара салыстыра отырып талдап,
ара жігін ашып көрсетуге ұмтылдық. Сол арқылы
тілдің дүниетанымдық лексика жасаудағы
мүмкіндігіне барынша тоқталып өтуді мақсат еттік. Жазушы
шығармаларында жиі кездесетін дүниетанымдық лексика қатарын
түбір сөздер құрайды. Алайда, бұл арада
түбір сөздердің барлығын дүниетанымдық лексика
қатарына жатқыза бермейтіндігіміз белгілі. Өйткені, жазушы қолданысындағы
кез-келген түбір сөз осындай ұлт танымына қатысты
сөздер бола бермейді. Олардың өз реті, қолданыста
айқындалатын ұлтқа, ұлт тіршілігіне қатысты
өз мағынасы бар екендігі айқын.
Жазушы шығармаларында
қазақ баласының туып-өскен жерге деген сезімі ұлттық болмыспен
ашылған. Мысалы, «Туған жерің, мейлі көкмайса болсын,
мейлі кезерген шөлейт болсын, бәрібір көкем де, ал
балалық шағың мейлі рақатпен өтсін, мейлі
жоқтықпен өтсін, бәрібір балдан тәтті емес пе.
Жаз бойы Қоңыраулы өзенінің жағасында бие байлап,
қымыз ашытатын он шақты киіз
үй менің көз
алдымда әрқашан әсем, көрікті күйінде елестейді.
Солардың күнге күйіп, қоңырайып кеткен көне туырлықтары да,
түтінге ысталған түндіктері
де, жел соқса сартылдап, сабалап тұратын үзік баулары да көңіліме алабөтен
ыстық. Мен көкжиектен шашырап, күн көтеріле
бастағанда-ақ шөпшілердің кешкі салқыннан аши
қоймаған саумал
қымыздың екі-үш кесесін сіміріп салып, өгізге
жайдақ мінетінінен бастап, бұл ауылдың қашаған құлындарын қалай ұстап,
желіге байлайтынын, жылқы қайырып жүрген балаға
кемпірлердің не деп ұрсатынын, тіпті сәскеде
самаурынның трубасынан шұбатылған көкшулан, ащы
түтіннің желсіз тымақта қайтіп көтерілетінін,
түскі аңызақта көл жақтан қандай иістер
келетінін, ақырында бақташылардың кешкі айғайы мен
шыбыртқылардың сартылын, жұмыстан қайтқан
шөпшілердің дабырлаған дауыстарын – бәрін
қалдырмай башайлап суреттеп бере алар едім. Өйткені
бұлардың барлығы менің балалық шағымда
көріп, біліп өскен белгілі өмір ғой. Көзімді
жұмсам болды, осылар тізбектеліп, сол бұрынғы ап-айқын,
түсінікті қалпында алдыма келеді» [2, 129].
Автор шығармаларында ұлттық дүниетаным ата-ана,
үй лексемалары арқылы дәл берілген. Мысалы, «Есімде, біздің үй соғыс
басталған жазда Ақсуатта отырды. Біздің үй деп отырғаным – жездемнің
үйі ғой. Өзім тақыр жетіммін. «Әкең
атқа мінген, билік айтқан кісі. Мәмбетейдің ішінде
содан тәуірі болған жоқ. Бірақ не керек, кешегі
аласапыранда бәрі кетті... Ал шешең болса, соның
күйігінен өлді» дейтін маған үлкендер. Бәлкім,
солардың тәуірлігінен болар, әкеммен дәмдес
болған адамдар мені көрген жерде жылыұшырап,
маңдайымнан сипап қалады.
Бір кезде менің де өзгелердей ата-анам болғанын, болғанда
анау-мынау емес, елге сыйлы, қадірлі, жақсы адамдар болғанын
шын сезінгім келіп, әлгі кісілердің мүсіркеген сөздерін
мөлиіп, беріліп тыңдаушы ем... » [2, 130].
Мақаламызда тіл мен ойдың, тіл мен танымның, тіл
мен тіршіліктің, тіл мен салт-сананың бірлігін дөлелдеу
үшін алдымен тілді, оның табиғатын тану қажеттілігі
туындайды. Яғни, аталган бірліктерді немесе олардың
әрқайсысын жекелей тани түсу үшін де ұлт тіліне
үңілуге тура келетіндігі өз-өзінен алдымыздан
шығатын тіл біліміндегі өзекті мәселе болып табылады.
Соның негізінде ұлт
болмысына, тарихына, салт-дәстүр, ұлттық санасына,
тұрмыс-тіршілігіне, т.б. өзіндік ерекшеліктеріне қатысты
дүниелердің сыры ұлт тіліне байланысты екендігіне көз
жеткіздік. Бұған мақаламыздың өн бойында
келтірілген мысалдар тобы да дәлел бола алса керек. Нәтижесінде,
ұлттың тілін тану оның бар болмысын, ұлттық
дүниетанымын тығыз бірлікте екендігі жөніндегі
тұжырымды нақтылай түстік. Қазақ тіл біліміндегі
тілтаным мен дүниетаным үғымдарының біртұтас ұғымдар
екендігін осындай пікірлермен, нақты Т.Әбдіков сияқты
ұлт болмысын, тарихын төптіштеп суреттеп беруге ұмтылған
жазушы шығармаларынан алынған мысалдармен делелдеп көрсетуге
ұмтылдық. Яғни, тілтаным мен дүниетаным біртұтас
ұғым. Жазушы шығармалары арқылы халық, ұлт
тілін, ұлт тілі арқылы ұлт болмысын, тарихын, тұрмыс-тіршілік,
салт-санасын тануға болады. Бір сөзбен айтқанда, ұлт
болмысы мен мөдениетін тануға болатын бірден-бір құрал -
ұлт тілі. Бұл - ұлт тілдерінің
қай-қайсысының қарым-қатынас құралы болудан
кейінгі маңызды қызметтерінің бірі деп
ұққан жөн.
Осымен байланысты зерттеу барысының
ең алдымен, ұлт табиғатын білдіретін ұлт тілі екендігі
жөніндегі тұжырымымызды дәлелдесе, екіншіден,
тіліміздің өз алдына мүмкіндіктері мен қызметінің
бар екендігіне мысал болып табылады. Яғни, ұлт тілін тани отырып, оның
мүмкіндіктерін де анықтауға мүмкіндік бар.
Аталған түйіндермен
үштасып жататын, тіл мен танымның бірлігіне байланысты тағы
бір мәселе - тілдің ұлт өкілінің ойлау
дәрежесін бере алу, жеткізе алу қызметі, соның негізінде
ғана барып ұлт деңгейінде қабылдауға
болатындығы жөніндегі мөселе. Яғни, ұлттық ойлау
да тілмен байланысты, ал оның қабылдануы да ұлттық
негізде жазылып, сөйленген - жеткізілген тілге тәуелді.
Тіл - ұлт
мәдениетінің айнасы. Сондықтан тіл тек қатынас
құралы ғана емес, ұлт мәдениетін таныту
және мәдени қатынас жасаудың да негізгі көзі болып
табылады. Бүл тіл біліміндегі мәдени аралық қатынас
теориясының мөселелері тұрғысынан да тілдің
негізгі қызметтірінің бірі болып табылады. Біздің де негізгі
мақсатымыздың қатарына - қазақ тілінің осы қызметін,
сол қызметті атқара алудағы мүмкіндігін Т.Әбдіков
шығармаларының тілі негізінде ашып көрсету. Осы жағынан
келгенде, Т.Әбдіковтың көркем мөтіндерінде
қазақ ұлтының мәдени
құндылықтары негізінде ұғындырылып, былайша
айтқанда, мәдени қарым-қатынастың
ұйтқысы бола алады.
Дүниетанымдық
ұлттық лексикаға байланысты екендігі бір ерекшелік -олардың
көркем шығарма тілінің көркемдік менін ашудағы
орнында. Ұлт тілінде жазылған көркем шығарма
тілінің көркемдігі сол ұлт тіліндегі лексикалық
байлықты барынша және орынды қолданудың негізінде
ғана көркемдік талапқа сай, әсерлі болуы көркем
шығарма тілінен алынған нақты мысалдармен дәлелденді. Осы
тұрғыдан, дүниетанымдық лексика көркемдік
мәнді ажарлап тұратын ұлттың ойлау ерекшелігін
жеткізетін көркем тілдік элемент ретінде анықталды.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1 Гумбольдт В. Избранные труды по языкознанию. -
М.:
«Прогресс», 2000. -400 с.
2 Әбдікұлы Т. Әке. Повестер мен
әңгімелер. - Алматы: «Қайнар», 2005. -384 б.