О.Бөкейдің адам мен
табиғатты үндестіруі
Миркемелова Айнұр Білісбайқызы
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай
мемлекеттік университеті
Практикалық лингвистика кафедрасының
аға оқытушысы, филология магистрі
Оралхан Бөкей көркемдік әлемнің
ерекшелігін айқындайтын сипаттың бірі – адам мен табиғат
қарым-қатынасы мәселесін бейнелеудегі шеберлік
тәсілдері дейді.
Табиғат суреті – пейзаж
көркем шығармада маңызды рөл атқарады.
Көркем әдебиет мысалдарына қарасақ, табиғатты
суреттеуде ежелден келе жатқан, орнықты болған бір
үлгілерді байқаймыз. Мәселен, бір үлгіде табиғат
суреті оқиғалардың қандай жерде болғанын
көрсету мақсатында ғана беріледі. Екінші бір үлгіде
табиғат көріністері қаһарманның
көңі-күйіне үндестіріліп суреттелген. Мысалы,
қаһарман көңілді, қуанышты жағдайда
болғанда табиғат әсем бейнеде көрсетіледі.
Бұған керісінше, егер қаһарман ауыр немесе
қайғылы жағдайға душар болса, табиғат суық
кескінде бейнеленеді. Үшінші бір үлгіде табиғат
құбылыстарының суреттері қаһарманды алдынан
қуанышты ма, қатерлі ме – қандай да бір оқиға
күтіп тұрғанын аңғарту үшін беріледі.
Мысалы, С.Пушкиннің «Дувровский» повесінде қыстың күні
кейіпкер жолға шығар алдында, үйде тамақ ішіп отырып,
терезеден сыртқа көз салады. Тұтасқан қара
қою түтін сияқтанып, аспанды бүркеп, жылжып келе
жатқан бұлтты, ұшқындаған қарды
байқайды. «Боран бола ма, жолда бейнет көрем бе?» деп,
көңіліне күдік кіреді. Құдайға сыйынып
жүріп кетеді. Бірақ жолы болмайды. Түтін
сияқтанған қара бұлт, ұшқындаған
қар жаманшылықтың белгісі болады. Жолда Дубровскийді
қарақшылар тонап кетеді. Оралхан Бөкей табиғат
әлемін кең көлемде бейнелейді. Оқиғаларды дамыту,
шығарманың мәнін ашу, айтылатын ойды өткірлеу,
қаһармандардың тағдырын таразылау, осылармен
қатар көркем туындының эмоциялық
әсер-қуатын арттыру мақсатында табиғат
көріністерін жанды етіп суреттеуге, сүйтіп табиғаттың
эстетикалық образын жасауға ұмтылып отырады.
Жазушының қай
шығармасын алсақ та, табиғат көрінісі шығармада
көтерілген мәселеге, тартыстың сипатына, кейіпкерлердің
адамшылық қалыптарына қатысты бейнеленеді. Пейзаж
шығарманың идеясын ашуға, образдардың сипатын
толықтыруға қызмет етеді. Бұл суреттерден
жазушының ой-толғанысының тереңдігі көрінеді.
“Мұзтау” повесінде
табиғаттың адасқан адамға сүйеу болғаны
бейнеленеді. Бір үңгірде тығылған қазына бар екен
дегенді естіген дүниеқор Ахтан сол байлықты өзі
иемденбек болып, түнде жасырынып барып үңгірге түседі.
Үңгірдің қабырғалары мұздақ екен,
Ахтан аяғы тайғанап құлайды, талықсып біраз
жатады. Есі кіргенде мұздай терең шұңқырда
жатқанын біледі. Тырмысып жоғары шықпақ болады.
Бірақ аяғы тайғанап жығыла береді. Таң атып
үңгірде азырақ жарық түскенде Ахтан шұңқырда
құлай өліп жатқан адамның денесін көріп
қатты шошиды. Өліктің киімінің сыртынан буылған
жалпақ күміс белдігі, аяғында ұзын қонышты
саптама етігі бар. Өліп жатқан адам – өзінің әкесі екенін Ахтан осы заттардан
таниды. Әкесінің де үңгірден тығылған
қазынаны аламын деп жасырынып жалғыз келіп, құлап
өлгенін түсінеді. Үңгірден шыға алмаса Ахтан да
осылай өледі. Ахтан үрейленеді. Үңгірден
шығуға қайтадан тырмысады. Жоғарыдан түсіп
тұрған кішкентай сәуле сонда бұған әл
береді. Ахтан ептеп жоғары көтеріледі.
Оралхан Бөкей табиғат
пен адамның қарым-қатынасында гармониялық үйлесім
болуын тілейді. Бұл үйлесімнің бұзылуы табиғатты
да, адамды да үлкен кесапатқа ұшырататынын ескертеді. Жазушы
табиғатқа тіл бітіріп, оны адаммен сөйлеттіреді. Міне,
екеуінің диалогы:
–
“Ей, қызыл құм, баяғыдай неге
көшпейсің?
–
Көше бергеннен көрген пәтуам қане?
–
Адамдар үшін жалғыз жұтым суыңды неге қимай , қазған сайын қаша
бересің?
–
Қазір адамдардан су ғана емес, табиғаттың орман,
тоғайы, аң-құсы – бәрі қашып барады”...
[1,32].
Табиғаттың тауы, суы,
топырағы, өсімдігі, аң мен құсы, ауасы мен
желі, қары мен жаңбыры – бәрі
бір-бірімен байланысқан. Егер біреуіне зиян келсе, оның зардабы
бәріне тиеді. Бүгінгі адамдар табиғаттың осы
заңдылықтарын ұмытқан. Табиғатқа
зорлық жасаған. Сол себепті жазушының ұнамды
қаһармандары табиғаттың бүгінгі тартып
отырған қасіреті үшін өте күйзеледі.
Табиғаттың сәні бұзылуына ең бірінші
жазықты сендерсіңдер деп адамдарға ауыр кінә
қояды.
Оралхан
Бөкей адамдардан қиянат көрген табиғаттың
адамдардан өш алғанын көрсетуді алдына міндет етіп
қоймайды. Адамдар аяламаған, олардан зорлық көрген
табиғаттың ерте тозып бүлінетінін, бүгінді
орманды-тоғайлы, өзен-көлді, қалың
құрақты, құнарлы жерлер ерте ағаштары
қураған, сулары тартылған, аңдары мен
құстары жойылған, шаңы бұрқыраған
қу тақырға айналып қалатындығын,
бұның ақыры әлемдік апатқа ұшыратып, жалпы
адам баласын жер бетінде тіршілік етуіне қауіп қылатындығын,
табиғатқа бүгінгі жасаған қиянат –
адамзаттың ертеңгі болашағына жасалған
қастандық екенін адамдардың көздеріне елестетіп
ұғындыру – міне, жазушының көздеген негізгі
мақсаты осы. Жазушыны адамдардың келешектегі тағдыры
терең толғандырады [2,85].
1. Бөкеев О. Таңдамалы
шығармалар жинағы. 1т. –
Алматы 1994. – 326 б.
2.
Жәлелова Г. Табиғат пен адамдыүндестіру.
Қазақтілі мен әдебиеті. – 1996, №11.
3.
Уақытжәнеқаламгер. Әдебисынмақалаларжинағы.
1988 – 250б.
4.
Ананьев Б. Человек как предмет познании
1968. – 314 с.