Абайдың
қара сөздеріндегі сын есімдердің қолданылуы
Миркемелова Айнұр Білісбайқызы
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай
мемлекеттік университеті
Практикалық лингвистика кафедрасының
аға оқытушысы, филология магистрі
Сөздер
лексика-грамматикалық жағынан бірнеше таптарға
бөлінеді.Олардың ішінде есімдер тобында зат есімдерден кейін сын
есімдер де өз алдына жеке сөз табы ретінде қарастырылып, басқа
сөз таптарынан тұлғалық, мағыналық,
құрылымдық жағынан ажыратылады. Тіл ғылымында
бұл жөнінде А. Ысқақаов, Ғ. Мұсабаев,
Ә. Төлеуов, С. Исаев т. с.с. ғалымдар сөз
қозғайды.
Сын есімдердің мағыналық топтары, оның теориялық мәселелері, жасалу тәсілдері біршама зерттелгенмен, сын есімдердің көркем шығарма, яғни жазушы стиліндегі семантикасы әлі де болса зерттелінбей, көңіл бөлуді қажет ететін келелі мәселелердің бірі.
Ақын
ойын көріктендіріп, әріне әр қоса түсуде сын
есімдер өзінің құрылымы жағынан ғана емес,
мағынасы жағынан да ақын прозасынан өзіндік орын алады.
Сын есімдердің мағыналық түрлері «Қара
сөздерде» жиі кездеседі. Сондықтан олардың жазушы
қолданысындағы мағынасын айқындау және
нақты мысалдармен дәлелдеу үшін талдау барысында сын
есімдердің тек сыртқы формасы ғана алынбай, әрбір сын
есімнің мазмұнына да, өзінің байланысатын сөзімен
тіркесу ерекшелігіне де көңіл бөлінеді.
Енді
«қара сөздердегі» сын есімнің мағыналық
түрлеріне тоқталайық.
Бірінші сөзде: «Ел бағу?
Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын
деген кісі бақпаса, не алабұртқан, көңілі
басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай
сақтасын!»
«Ақыры
ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза
берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын,
кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, керегі жоқ десе,
сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді
мұнан басқа еш жұмысым жоқ» дейді.
Бағусыз
дерт -у формалы етістікке -сыз сын есім тудырушы
жұрнағы жалғанып, қатыстық сын есім
жасалған. Бұл тіркес тілімізде қолданылмайды десе де болады. «Бағусыз» сөзі негізінен
малға (бағусыз мал), адамға (бағусыз бала)
қатысты, яғни деректі зат есімдерге қатысты
қолданылады. Ал ақын тілінде бұл сын есім өзіндік
өрнек тауып, абстрактілі ұғымды білдіретін (дерт) зат есіммен
тіркесіп, жаңаша тіркес құрайды. «Бағусыз» сөзімен тіркесіп тұрған «дерт» сөзі де тура
мағынасында қолданылып тұрған жоқ. Бұл
сөзді ақын ел басқару ісіне, сол кездегң ел
жағдайына байланысты алады. Орта жасқа келгенде ақынның
қолына қалам алып, өз ойын қара сөз түрінде
қағаз бетіне түсіруіне де осы ел ішіндегі келеңсіз
құбылыстар себеп болған. Сондықтан «бағусыз» сын
есімі семантикалық жағынан «емі жоқ», «емделмейтін» деген
ұғымда қолданылып, морфологиялық құрылымы
жағынан -сыз аффиксі
арқылы -у формалы қимыл
есімінен қатыстық сын есім жасалған.
«Қара
сөздерде» сын есімдердің сапалық түрі де кездеседі. «Ақ», «қара» сын есімдрі
түбір күйінде тұрып, ешбір қосымшасыз
семантикалық сипаты жағынан түр түсті білдіреді.
Сапалық сындардың қатыстық сыннан ерекшелігі: олар
өздері тіркесетін сөздерімен түбір формада іргелесе
тұрып, өзара мағыналық бірлікте болады. Ақын сөзінде басқа
топтарға қарағанда сан жағынан өте аз модаль
сөздерден де синтетикалық тәсіл арқылы жасалған
сын есімдер қолданылады.
Бірінші
сөздегі «керекті сөз»
тіркесі тілімізде жиі қолданылады. Бұл жерде ескере кететін жайт: «керек» сөзі екі түрлі
мағынада жұмсалады: негізгі лексикалық мағынасында;
модальдылық мағынада.
Төртінші
сөзден: «...әрбір жаман
кісінің қылығына күлсең, оған
рақаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы
күлкі өзі де қайғы». «Жаман кісі» - сапалық
сын есім зат есімнен мағыналық жағынан байланысып,
адамның бойындағы қасиетерге байланысты оның сапасын
білдіріп тұр.
«Ызалы күлкі» - басқа
сөз таптарынан қатыстық сын есім жасауда ең жиі
қолданылатын актив немесе өнімді жұрнақ -лы, -лі аффиксі. Ал сөз
таптарының ішінде жұрнақ жалғану арқылы
қатыстық сын есім жасайтын сөз табы – зат есім.
Жоғарыдағы тіркесте -лы аффиксі
абстрактілі ұғымдағы зат есімге тіркесуі нәтижесінде
күлкінің бір сапалық түрін көрсетіп тұр.
Семантикалық жағынан «ыза» зат есімі өзінің негізгі
мағынасымен мәндес қатыстық сын есім түрінде
қолданылған (-лы
аффиксінің жалғануы, яғни синтетикалық тәсіл
арқылы).«Жаман кісі», «ызалы
күлкі» дегендердің арасында логикалық байланыс бар.
Себебі күлкіге осындай сипат беретін сол ортадағы
әртүрлі жағымсыз іс-әрекеттер. Ал, ондай әрекет,
Абай тілімен айтқанда, «жаман» адамдардың қолымен жасалады.
Осы
«сөзде» күлкі туралы, оның әр түрлі жайында айта
келіп, ақын «бояма күлкіге»
тоқталады. Мұндағы «бояма» сөзі қатыстық
сын есім, күлкінің бір түрін сипаттау үшін
қолданылған. Мағынасы
«жалған, өтірік, жасанды» деген ұғым. Егер «бояма»
сөз» контекстен тыс, жеке дара тұрып қолданылса, біз оны
сапалық ұғымды емес қимылдық ұғымды
білдіретін сөз табы, яғни етістік деп қарастырамыз. -ма, -ме аффиксі етістіктен зат есім,
сын есім сол сияқты болымсыз етістік жасайтын омоаффикс. Бұл
жұрнақ басқа сөз табуда есім сөз жасауда
сөз тудырушы қызмет атқарады. Ендеше, «бояма күлкі»
тіркесіндегі -ма аффиксі есім сөздің
алдында келіп, қимылдық мағынаны білдіретін сөз табына
жалғану арқылы өзінен кейінгі зат есіммен өзара
байланысқа түсіп, сөз тудырушылық қызмет
атқарады. Өзінің анықтайтын затының алдынан
келіп, сын-сипаты, сапасы, жай-күйі жағынан анықтау тек сын
есімге, оның мағыналық түрлеріне ғана тән.
Сол себепті «бояма» сөзі контекстегі орын тәртібіне қарай -ма аффиксі арқылы жасалған
қатыстық сын есім.
«Қара
сөздерде» Абай тіліндегі өзіндік жаңа тіркес, тек
ақынның өзіне тән қолданыстар да кездеседі.
Мысалы, сегізінші сөзден: «онша-мұнша
қой жүнді қоңыршалар күнін де көре алмай
жүр». Қой жүнді қоңырша – зат есім мен зат
есім және соңғы есімге -ді
аффиксінің жалғануы арқылы жасалған күрделі
қатыстық сын есім семантикалық тұлғасы
жағынан ел ішіндегі момын, әлсіз адамдарды сипаттап тұр.
Тілдік тұрғыдан келсек, бұл жерде сөз тудыру
тәсілі – аналитика-синтетикалық тәсіл және
субстантивтену. Бұндай қолданыс, жансызды жандандыру Абай тіліне
тән ерекшелік болып табылады.
Философиялық
терең толғаныстарға толып, тосын пікірлі, идеялы «қара
сөздерде» бір ғана қатыстық сын есім әр
түрлі мағыналық реңкте де қолданылып, түрлі
сөйлем мүшелерінің қызметін атқарады. Мысалы: «Адам ата-анадан туғанда есті
болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі
жақсы, жаманды танидыдағы, сондайдан білгені көргені
көп болған адам есті болады. Естілік жеке өзі іске жарамайды.
Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерін ескерсе, жаман
дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады» (19
сөз).
Ақынның
дайын тіркеске бой ұрмай, жаңаша, өзінше бір тың
қолданыс іздейтіндігі қай «сөзінен» болсын көрініп
отырады. Мысалы: «Олардың
адамшылығының кәмелет таппағы (кәмелат – сенім,
наным деген мағынада) – қиынның қиыны» деген
қолданыстың орнына өте қиын, тіпті қиын, тым
қиын деуге де болар еді. Бірақ ақын тілде жиі
қолданылатын ондай үйреншікті қолданысты пайдаланбай,
өзіндік үлгі, қолданыс жасайды.
Сөйтіп, сын есімнің күшейткіш
шырай арқылы берілуі сапалық сын есімдердің қайталанып
келуі және олардың алдыңғысы ілік септігі,
соңғысы тәуелденген
формада келуі арқылы көрсетіледі.
Ақын
тіліндегі тағы бір ерекшелік «қара сөздерде» аят-хадистердегі
сын есімдерді де сол күйінде алып қолданады. Мысалы: «...Мұның
табылмақтығына себепкер - әуелі һауас сәлим
һәм тән саулық, бұлар туысынан болады».
Мұндағы һауас сәлим – жақсы сипат деген
сөз, һауас – жақсы деген ұғымды білдіріп
анықтауыш қызметін атқарады.
Қорыта
келгенде, қазақтың ұлы ойшылы, ақын, философ А.
Құнанбайұлының прозалық шығармалар тобына
жататын «қара сөздері» тек ақынның дүниетанымдық
көзқарасын, терең толғауларын, адамға,
заманға қатысты ойларын білдірумен ғана емес, сонымен
қатар әрбір сөзінің құрылымымен,
мағынасымен, формасымен де ерекшеленеді. Ақын тілінде
үйреншікті қолданыстан аулақ, ақынның өзіне
ғана тән сөз тіркестері де баршылық. Сондай-ақ
ақынның барлық «қара сөздеріндегі» кездесетін сын
есімдердің мағыналық түрлері әр түрлі
сөз таптарымен түрліше байланысқа түсіп, жаңаша
мағынаға ие болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. А.
Құнанбаев шығармаларының ІІ томдық толық
жинағы І-ІІ том А.., Жазушы,
2004.
2. Сыздықова Р.
Абай шығармалары тілінің грамматикалық сипаты. А.., Ана тілі,
1975, 56-59 б.б.
3. Жұбанов Қ. Қазақ тілі
жөніндегі зерттеулер. А.., Ғылым,
1966, 30 б.
4. Аманжолов С. Қазақ тілі
теориясының негіздері А.., Ғылым,
2002, 22-24 б.б.