Бекбосынова А.Ж., аға оқытушы

Аманжолова Д.,  1 курс студенті

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

 

ОРЫС  ТІЛІ ТЕРМИНДЕРІН ҚАЗАҚША КАЛЬКАЛАУ АРҚЫЛЫ ИГЕРУ

Әдеби тілдің байлығы оның салаланып жатқан тармақтармен айқындалады. Кейнгі кезең келбетін танытатын осындай саланың бірі- терминологиялық лексика. Жалпы тілдегі болып жататын құбылысты қарап отырсаң, оның ішкі заңдылығынан тыс, оған қайшы жасалған бір де бір лексикалық элементті таппайсың. Бәрі сол заңдылыққа орай қалыптасқан ежелгі жүйемен жасалып жатады.

    Әдетте, әдеби тіліміздің даму процесін байқап қарасақ, екі түрлі бағдар байқалады. Бір жағынан,сөздік қорымыз қоғам өмірімен, ғылыммен, әдебиетпен, экономикамен тікелей байланысты болатындықтан ол үздіксіз байып, дамып, сол даму, баю барысында халық тілінің ішкі мүмкіндіктерінен пайдаланып, тіл мен тілдің қарым- қатынасын күшейтіп, өзгеріске ұшырап отырады. Екінші жағынан, мемлекеттік, саяси қоғамдық, бұқаралық іс атқару жұмыстары орныққан сайын, баспасөз, әдебиет, ғылым мен мәдениет дамыған сайын тілдегі қыруар байлықтардың тиімділері, тілге жатық, үйлесімділері, адамның ой- пікірін дәл айтуға жаламдылары сұрыпталып, жалпы халыққа бірдей ортақ қалыпқа түсіп нормаға айналады.

    Қазақ тілінде термин жасау, қабылдау қалыптастыру процесінде, негізінен, мынандай принциптар басшылыққа алынған:

    біріншіден, ана тілінің өз ішкі мүмкіндігін пайдалану, яғни қолданысқа түспей бұйығы, бейғам жатқан сөздер лебіне терминдік сипат беріп, олардың қоғамдағы қатынас құралы ретіндегі қызметін арттыру;

     екіншіден, орыс тілінен және орыс тілі арқылы халықаралық терминдерді сол қалпында қабылдап, қазақ тілінің сөздік құрамына ендіру;

      үшіншіден, көптеген терминдер мен терминдік тіркестерді қабылдау. Мұның екі түрлі жолы бар: бірі- аударылуға көнетін терминдерге қазақтың төл сөздеріне балама іздеу болса, екіншісі- тікелей калькалау жолымен беру.

      Осы уақытқа дейінгі еңбектерде терминдердің қолданылуы дәрежесіне  баса көңіл аударылды, ал олардың жасалу жолдары мен құрылымдық түрлерінің әдеттегі әдеби тіл нормасымен ара қатынасы, олардың контекстегі қолданылуы арнайы сөз етілмейді.

      Әрбір сөздің, терминдік тіркестердің, калькалық аударманың сөйлемде қолдануда ғана мағынасы нақтыланады. Ал терминдің сөйлемде қолдану ерекшеліктері бар. Оның өзің екі түрлі жағдайда қарастыруға болады: біріншіден, терминдердің ішкі құрылымдық ерекшеліктері жағынан. Терминдер бір сөзден де, бірнеше сөзден де құрала береді. Бұл жөнінде Л.С.Лоттенің еңбегін айтуға болады. Автор терминдердің дара және көп компонентті болатының айта келіп, соның ішінде үш сыңарлы түрлерін арнайы түрде өз алдына қарастырады.

     Қазақ тілі  терминологиясы құрылысы жағынан бір сөзді- көп сөзді болып келеді.

     Әрине, бір сөзді терминдер мен екі немесе одан да көп сөзді терминдік тіркестер сол құрамда бірдей бола қоймаған болса, керек, мысалы: журнал, кинофиль сияқты сөздер арқылы: кіріс журналы, шығыс журналы, бақылау журналы, тіркеу журналы сияқты екі сөзден бес термин пайда болды.

    Сөйлемдегі сөздер бір- бірімен белгілі бір байланысу формасында жұмсалатындығы сияқты терминологиялық сөздер де сөз санына қарай оралдың өзара белгілі бір байланысу формасында қалыптасады. Сонда олар екі немесе көп сөзді болғанымен, олардың арасында белгілі бір немесе бірнеше байланысу формаларының негізінде қалыптасады. Мұндай терминдік сөздердің де сыңарлары молайған сайын олардағы байланысу формалары да, оларды байланыстыратын дәнекерлер де молая түседі.

     Сонымен бірге қазақ әдеби тілінің терминологиясының толыға, жетіле түсуіне орыс тілінің жасап отырған ықпалы ұшан- теңіз. Біз ғылым мен техника саласындағы сансыз ұғым, түсініктерді білдіретін сөздерді орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа тілдерден алып отырмыз. Тіліміздің лексикалық қолданысындағы халықаралық терминдердің бәрі  де осы орыс тілі арқылы келіп жеткен. Ал қаншама термин орыс тілінен аудару тәсілімен жасалған.

     Әсіресе, калькалаған сөздер тізбегінің ұшы- қиырына жету оңай емес. Мысалы: Красная Книга-Қызыл Кітап, круглый стол-дөңгелек стол, Вечный огонь- Мәңгілік алау, призер- жүлдегер, овощ- көкөніс, рукопись- қолжазба.

     Калькалау- терминдер және терминологиялық тіркестер арқылы жаңадан сөз тудырудың, сөздік құрамды байытудың ең өнемді жолының бірі.

    Калькалау- шетел тіліндегі терминдерді қабылдау принциптерінің бірі.

     Орыс тілі мен қазақ тілінің  байланыс нәтижесінде, терминдер ауысуы арқылы қазақ тілінде орыс тілі сөзінің үлгісінде сол тілді толықтыратын және байыта түсетін әр түрлі калькалар пайда болды.

      Калькалы терминдер құрылымы бойынша дара, күрделі және көп компонетті болады.

      Дара калькалар: агитация- үгіт, образец- үлгі, община- қауым, оклад- айлық, платеж- төлем, т.б.

      Күрделі калькалар: трудодень- еңбеккүн, безработные- жұмыссыздар, рукопись- қолжазба, т.б.

      Көпкомпонетті: свидетельство о рождении- туу туралы куәлік, бюро прогноза- ауа райы бюросы.

      Қазақ тілінде префикс жоқ, сондықтан орыс терминдері калькаланады немесе орыс тіліндегі қалпында қолданылады. Мысалы, интер- деген префикс өзгермей көп интернационалдық сөздерде кездеседі: интернациональный- интернационалистік, интервокальный- интервокальдық, т.б.

      Меж- между- префикстер бар терминдер қазақ тілінде орыс тілінен – ара-, - аралық сөздер арқылы калькаланады. Межнациональный- ұлтаралық, междугородний- қалааралығындағы.

      Орыс тілінің префикстері / пре-, на-, при-/ қазақ тілінде былай беріледі: предпраздничный- мереке алдында, надводный- су үстіндегі, наземный- жер бетіндегі, привокзальный- вокзал жанындағы.

       Ал префикс противо- қарсы деген сөзбен көрсетіледі: противозаконные действия- заңға қарсы әрекеттер, противовоздушная оборона- әуе шабуылына қарсы қорғаныс.

      Ультра- префикс бар терминдер былай калькаланады: префикс сөз ритмінде сақталынады, ал термин түбірі калькаланады: ультрафиолетовые лучи- ультра күлгін сәулелер, ультракороткие волны- ультра қысқа толқын.

      Көп компонетті калькалар орыс тілінде әр түрлі тәсілдермен жасалады. Мысалы, мынадай варианттары бар:

       а) П+С / прилаг.+ сущ. / сын есім + зат есім;

       б) С+С / сущ. + сущ. / -зат есім+ зат есім.

    Қазақ тілінде сын есіммен зат есімнен құрылған көп компонетті терминдер қазақ тіліне өзгеріссіз калькаланады.

    Мысалы: водный раствор- сулы ерітінді, белый сахар- ақ қант, горькая соль- ащы тұз, т.б.

   Анықталатын бөлімі екі сөзден тұратын терминдер- образный, - видный,- подобный деген компонетпен келгенде қазақ тіліне мына үлгіде калькаланады: егер түбір аударуға келмесе, ол сол қалпында сақталады, егер аударуға келсе, қазақ тіліндегі баламасымен ауыстырылады, немесе жаңағы жоғарыда айтылған компонеттер тәрізді деген сөзбен белгіленеді.

    Мысалы: конусообразная капсула- конус тәрізді капсула, яйцевидная капсула- жұмыртқа тәрізді капсула.

   Көмекші сөзсіз зат есім мен зат есімнен құрылған термин тіркестер калькаланғанды компонеттерінің орындары ауысады. Мысалы: отвар гвоздики- қалампыр қайнатпасы, отвар овса- сұлы қайнатпасы.

    Кейбір термин тіркестері грамматикалық көрсеткішсіз  ақ / ешқандай жұрнақсыз/ қазақ тіліне енген, өйткені олар орысша- интернационалдық сын есімі ретінде саналады /зат есім+ зат есім/.

     Мысалы: ацетилсалициловая кислота- ацетилсалицил қышқылы.

     Қорытып айтқанда, калькалау аудармалар қазақ тілінде терминдер тудырудың ең тиімді тәсілі екеніне көзіміз жетеді.

 

 

 

Әдебиеттер:

 

1.     Айтбаев Ө. Термин және оның дәурлік сипаты,Алматы,1989

2.     Баскаков Н.А. Двуязычие и проблема взаимопроникновения различных уровней при взаимодействии языков,Алматы,1998

3.     Лотте Д.С. Образование и правописание трехэлементных научно- технических терминов, М.1969.

4.     Сайранбаев Т.С. Структурные особенности терминов в словосочетаниях. «Проблемы казахской терминологии»,Алматы,1986