АРАЛАС ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМ КОМПОНЕНТТЕРІНІҢ ОРЫН ТӘРТІБІ

 

 Қазақ тілі мен әдебиеті магистрі, аға оқытушы Есенғазина Б.Б.,

 Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

 

Профессор С.Аманжоловтың байымдауында «Әуелде жай сөйлем адам баласының қажетін өтеп, толық қарым-қатынасты қамтамасыз еткенмен, кейіннен қанағаттандырмайтын болады, тұрмыс өзгерген сайын, тіл де өзгереді; жабайы тұрмысқа лайық жабайы тіл; қоғамдағы өндіріс қатынасы өзгеруімен байланысты қатынас құралы да өзгереді, ол құралдың жоғары сатыға жетуі сөйлемнің түрін де өзгертеді, қоғамдық қатынас күрделі болған соң, оған лайық ойдың көрінісі сөйлем де күрделенеді. Біздің қазақ тілі ғана емес, барлық халықтың тілінде жоғарғы себептермен құрмалас сөйлем жасалады» [1,175]. Осындай басқыштардан өткен қазақ тіл біліміндегі жалпы сөйлем атаулының, оның ішінде, құрмалас сөйлем түрлерінің жеке компоненттері белгілі бір заңдылыққа бағынып, орын тәртібін қатаң сақтайды. Қазір де қазақ тіліндегі құрмалас сөйлем компоненттерінің орналасу тәртібінде ешқандай жұмбақ жоқ.     

Демек, салалас сөйлем түрлерінің жеке сыңарлары тиянақты тұлғада келіп, алдыңғысы соңғысына бағынушы сыңар ретінде телінсе, сабақтас сөйлемнің алдыңғы компоненті тиянақсыз тұлғада бағыныңқылық сипатты атқарады да, соңғы сыңары тиянақты тұлғада келіп, басыңқылы мәнге ие болады. Аралас құрмалас сөйлем сыңарларының да орын тәртібі, оның алғашқы пайда болуында-ақ, байланып құрмаласқандылығын алдыңғы мақаламызда көрсеткенбіз. Олар мынадай екі үлгіде түзелген болатын: 1) Тиянақты, тиянақсыз, тиянақты тұлғадағы түзілім: Жеңіл күйменің дөңгелегі қиыршық жолдың үстін қытырлатып келеді, қос қараның тағалары тасқа тиіп, қараңғыда от жарқ ете қалды (Ш.Мұртазаев). 2) Тиянақсыз, тиянақты, тиянақты тұлғадағы түзілім: Шолпы тағы бір сылдыр еткенде, жер бауырлай ілгерлей түсіп еді, жаппадан біреу тұрып жатқан сияқтанды (Ғ.Мұстафин). Мұндай тұлғалық өзгеріске түсу құрмаластың осы үшінші түріне ғана қатысты екенін баса айтамыз. Бұл жайды С.Аманжолов та аңғарып, «Қазақ тілінде салалас, сабақтастан құрылысы басқа, алатын орындары да басқа, жайы келсе, тұлғалық жағы да басқа құрмалас сөйлемдер бар. Ол – аралас құрмалас сөйлем» деген-ді [2,137]. Аралас құрмалас сөйлем компоненттерінің орын тәртібіне байланысты төмендегідей ерекшелікті де назардан тыс қалдырмаған жөн. Аталмыш үлгідегі бірінші түрдің ішкі бөліктерінің алмастырып құрмаластыруда олардың байланыстарға бағынатынын байқадық. Ең алдымен, оның ішкі предикативтік бөліктері әрі салаластық, әрі сабақтастық байланыста тұрып, құрмаластың басқа түрлерін көрсетуі мүмкін. Қараңыз: Ұлы сәскеде басталған шайқас шалқар түске жетпей тыным тапты, сай-сайда паналаған жеке топтары болмаса, торғауыттың тірі құтылғаны аз (Қ.Жұмаділов). Бұл сөйлемде екінші мен үшінші сыңар өз алдына сабақтас құрмалас сөйлем. Бірінші сыңар мен үшінші сыңарды құрмаластырып салалас түрін жасауға да көнеді. Мұндайда сөйлемнің құрылысына да, мағынасына да еш нұқсан келмейді. Дәл осындай тұлғалардағы аралас сөйлем сыңарларының мұндай еркіндікке көнбеуі де кездеседі. Мысалы: Мәлике де бұған үнсіз қарап тұрды да, кенет екі бетінің ұшына түймедей тамшы қызыл шеңбер пайда болып, ол тез арада жайыла бастады (Д.Исабеков).

Әрине, бұл сөйлемде де екінші мен үшінші сыңарлар өз алдына сабақтас құрмалас бола алады. Ал бірінші мен үшінші бөліктер өзара грамматикалық та, лексикалық та байланыс түзе алмайды. Яғни, сөйлемнің ішкі бөліктерінің бір-бірімен байланысуында белгілі бір байлаулылық бар. Алғашқы сыңар соңғы сыңармен тек ортаңғы сыңар арқылы ғана байланысса, соңғы сыңардың қолданысқа енуіне екінші сыңар ауадай қажет. Осы байлаулылық аралас құрмалас сөйлемнің тиянақсыз, тиянақты, тиянақты үлгісінде тіптен анық: Кірпіш, плите келіп қалса, алдымен алты қазандық ас үйді бітіріп тастайтын еді, кірпіш келе алмай қалды (Ғ.Мүсірепов). Сабақтастық қатынас бұл сөйлемде де бар. Бірақ орын ерекшелігі жағынан бірінші ыңғайда. Және соңғы тиянақты тұлғамен сатылана байланысу нәтижесінде ғана көрінеді. Бақсақ, аралас құрмалас сөйлем сыңарларының өзара байланысуларынан, оларды қатаң орын тәртібіне бағындыра отырып, екі құрамды құрмалас түрлерін түзіп шығаруға болатындай. Аралас сөйлемнің ерікті және тұрақты құрылымды түрі дегенімізді олардың осындай салаласу немесе сабақтасу нәтижесінде пайда болған ішкі бөліктерінің түзілімінен, байланысу тәртібінен шығардық. Сонда, ерікті құрылымды аралас құрмалас деп сыңарларын өзара алмастырып құрмаластыруда синтаксистік те, семантикалық та байланыстың бұзылмауынан болған сөйлем түрлерін айтсақ, тұрақты құрылымды аралас құрмалас деп сыңарларын алмастырып құрмаластыруға көнбейтін, белгілі бір байлаулықтың нәтижесінде ғана түзілім құратын сөйлем түрлерін айтатын боламыз. Мұндай құрылымды түзілімдерді тану аралас құрмалас сөйлемнің мағыналық қатыстылығына да тән екені белгілі. Қараңыз: Әуелде үні бір түрлі мәнерлілеу естілгендей еді, бірақ жаныма жақпайтын мәселені қозғаған соң, онысына көңіл бөлгенім жоқ. Шыққаннан кейін ат үстінде біраз қалғып едім, денем тоңазыған соң, ұйқым шайдай ашылды (А.Нұрманов). Берілген сөйлемдердің әр сыңарлары баяндауыштарының тұлғалану жағынан да, шылаулы болып келуі жағынан да, тіпті, мағыналық қатынасы жағынан да (қарсылықты- себептес) бірдей болып келген. Бірақ осылар компоненттерінің бір- бірімен байланысу реті жағынан әртүрлі құрылымда тұр. Бірінші сөйлем – ерікті құрылымды аралас құрмалас сөйлем. Өйткені бұл сөйлемнің бірінші мен үшінші, екінші мен үшінші сыңарлары өз алдына байланыса алады. Екінші белгі мынада: бірінші сыңар мен екінші сыңар аралығындағы қарсылық мәні қатынас еш өзгеріссіз бірінші сыңарды үшінші сыңармен байланыстыруда да бұзылмайды. Ал тұрақты құрылымды аралас құрмалас сөйлемде олай емес. Екінші сөйлеміміз осы талғамнан шыққан. Мұндай сөйлемдерді, біріншіден, алғашқы сыңар мен соңғы сыңардың синтаксистік байланысқа түсуіне мүмкіндік болмайды. Екіншіден, синтаксистік байланыс болған жерде мағыналық қатыстық та жоқ. Әрине, басқа құрмалас сөйлем түрлеріндей аралас құрмаласта да орын тәртібін қатаң сақтау басты заңдылық болғанымен, кейде, көбіне, бағыныңқы сыңардың орын талғамай, басыңқы сыңардың құрамына кіріп кетуі де кездеседі. Мұндай орын ауысуды ғалым А.Ысқақов: «…тілдегі нормалы заңнан шығып кеткендік емес» – деп санайды [3,60]. Ғалым Қ. Есенов мұндай ерекшеліктің сабақтас құрмалас сөйлемге де тән екендігін көрсетеді. Ол сабақтас құрмаласта бағыныңқы сөйлемдердің өз басыңқысынан бұрын орналасуын жалпы түркі тілдері үшін табиғи құбылыс екенін айта келе: «Солай бола тұрса да, айтушы адамның көзқарасы, мақсат, тілегі не нәрсеге баса назар аударуына байланысты кейде бағыныңқы сөйлемдердің орын тәртібі алмасып отырады. Осындай заңдылыққа сай олар сөйлемнің бас шенінде ғана жұмсалып қоймай, басыңқы компоненттің аралығына түсіп те, не болмаса одан кейін де қолданылып қалады» – дейді [4,108].

Ғалымдар көрсетуіндегі бағыныңқы сөйлемдердегі ерекшелікті қазіргі тіл фактілері де жоққа шығара алмайды. Ол аралас құрмалас сөйлем құрамында да кездесіп отырады. А. Ысқақовтың айтуынша, «…бағыныңқы сөйлем тұтасымен тұрып басыңқы сөйлемнің негізгі мүшелерінің арасына түсіп кетеді» [3,58]. Басыңқы сөйлемнің осылайша екіге жарылуы, профессор Қ. Есеновтің пікірінше, «…бір сөздің (басыңқы бастауышының) айрықша даралана көңіл бөліне айтылуымен де тығыз байланысты» [4,108]. Мысалы: Қопарған тақтайды аунатып тастаған Темірбек, оның орнына адам денесі сиятын болмаған соң, басқаларын да қопарайын деп еді, олар бола қоймады (С. Мұқанов). Жүріп, жүріп бір жіңішкелеу тұсты тауып еді, жағадағы қара сора мен қалың мия, ат қарғығанда, аяғына оралып қалатындай көрінді (Б. Нұржекеұлы). Мысалдардан байқағанымыздай, аралас құрмалас сөйлемнің құрамындағы басыңқы сыңардың ішіне ену және соның бір мүшесіне (әсіресе, бастауыш) жеке интонациялық мән беру бағыныңқы сыңардың бойынан табылып жатады. Бірақ бұл құбылыс орын тәртібіне байланысты заңдылықты бұзуға әкелмейді. Біздіңше, бағыныңқы сөйлем ішіндегі бір мүшені айқындау, оның жеке интонациялық құбылысқа тәуелді болуы тиянақты сөйлем тарапынан да кездеседі. Тек ол қыстырма немесе қыстырынды сөйлемдер болады да, басыңқылық қызмет атқара алмайды. Мысалы: Егер әлденені сылтауратып, ондай сылтау аз ба еді, Цин өкіметін Құмылдан ары асырып тастаймын десе, оған кім бөгет берер еді (Қ. Жұмаділов). 16 жасар Мехмет Сапарұлы Адай (ол Түркиядағы ауғанстандық қазақ ағайындардан еді) хадис жаттаудан бас бәйгені иеленіп, бірқатар медресе түлектері бағалы сыйлықтармен марапатталды («Қазақ елі» газеті).

Сөйлем соңында бағыныңқы компоненттің келуі де тіл заңдылығында сирек кездесетін құбылыс. Мұның, әсіресе, «деп» конструкциялы түрінде көптеп кездесуін ғалым Р. Сыздықова нақтылы материалдармен көрсеткен-ді. Абай шығармаларындағы күрделі ойды беру жолдарын жете танытқан ғалым: «Мұндай құрылымдарды тек ауызша сөйлеу тәртібі емес, жазба дүниеде де орын алатын стильдік норма деп санаймыз. Бұлардың біріне деп дәнекеріне аяқталған құрылымдар жатады», – дейді [5,166]. Әсіресе, төл сөзді құрылымдардың «деп» түріне аяқталуы Абайға дейінгі және Абай шығармаларында көптеп кездессе, қазіргі көркем шығармаларда соңғы компоненттің тиянақсыз тұлғаға бітуі де мол. Дәмежан бірінші боп тіл қатты: – Мен кеше сенің ағаң Дохалдайға мән-жайды түсіндіріп айтқанмын, – деді ол Бужынхаға бұрылып. – Басқаны білмеймін, ал Шәуешек қолдан шығып кетеді екен деп уайымдамай-ақ қойыңдар, – деді шойыннан құйылғандай шойқара денесімен орындықты сықырлата шірене түсіп (Қ. Жұмаділов). Алдыңғы сөйлемнің басыңқы сыңары автор сөзі мен сөздің «деді» типінде келіп, бағыныңқы сыңар сөйлем соңында келген. Соңғы сөйлемнің басыңқы сыңар қызметін төл сөзден болған қарсылық мәнді салалас атқарып, ол «деді» типімен шектелген. Ал автор сөзіндегі бағыныңқы сыңар сөйлемді аяқтаған. Асылы, аралас құрмалас сөйлемнің құрамындағы компоненттердің орналасу тәртібін әңгімелегенімізде оның дәстүрлі түрін ғана танып қоймай, осындай орны ауысып қолданылатын сыңарларының да болатынын естен шығармаған жөн. Демек, айтылған мәселеге, ғалым Қ.Есеновтің көрсеткеніндей, «сөйлем ішіндегі жеке компонент, жеке сөздердің орын алмасуларын кездейсоқ құбылыс емес, тіл табиғатының заңдылығына сай өз орнымен болып жататын табиғи процесс ретінде қарауымыз керек» [4,113].

 

 

 

Әдебиет:

1. Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. – Алматы:

Санат, 1994.

2. Аманжолов С. Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқа курсы. – Алматы,

1940.

3. Ысқақов А. Қазақ тіліндегі сабақтаса құрмаласудағы бағыныңқы

сөйлемнің даму жолы туралы // ҚазССР ҒА Хабарлары. Лингвистикалық серия.

шығуы. – № 77, 1948.

4. Есенов Қ. Құрмалас сөйлем синтаксисі. – Алматы: Білім, 1995.

5. Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегі. – Алматы: Санат, 1995.