З.С.Тоқбергенова,
т.ғ.к.,С.Қ.Әлімбаева, социол.ғ.к.
Тараз
мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.
Отбасы құндылықтарының заманауи тәрбиедегі
көрінісі
Қазіргі кезде
өркениетті елдерде мәдени тұтастанудың: «адам – отбасы
– мәдени шағын топ – этномәдениет – үлкен
өркениет – адамзат» сынды жүйесі бар. Осыған тең
келетін қазақ шежіресіне тән жүйе: «ата баласы – ру –
тайпа – жүз – ұлт».
Қазақ отбасылары –
Қазақстан Республиксының негізгі тұрғындары,
әлемдегі жалпы саны 13 миллионнан асады, исламдық дамыған
өркениеттің солтүстік шығыс жағын мекендейді.
Алтай тіл бірлестігінің түрік тілінің қыпшақ
топтамасына жатады. Қазақ халқының этномәдени
негізін байыптау үшін маңызды болып саналатындығы, басты
ерекшеліктерінің негізгісі – Еуразия материгінде Еуропа мен Азияның
ортасында алтын көпір іспеттес орналасуы және еуразиялық
Ұлы дала көшпенділерінің
мұрагері болуы. Қазақ халқының
мәдени кеңістігі осы негіздер аясында қозғалыста
болады: қалыптасады, дамиды, өзгереді, қайта
жаңғырады.
Балаларды адамгершілік
тұрғыдан дамытушы күрделі әрі тұтас жүйе –
отбасы болып табылады. Отбасы азаматтық
мінез-құлықтың негізін қалыптастырып,
жастарға өзінің мәдени және әлеуметтік
тәжірибесін сіңіреді. Жастар үшін отбасы әке мен
анаға, олардың түсінігі мен қолдауына, өз «Менін»
жүзеге асыруға және тағы басқа әлеуметтік
және психологиялық қажеттіліктерді қанағаттандыру
үшін таптырмас орын. Осы көзқарас тұрғысынан алар
болсақ, отбасы – маңызды құндылық.
Сондай-ақ, қоғамда болып жатқан әлеуметтік,
экономикалық, саяси өзгерістер ең алдымен отбасыға
ықпал етеді.
Елбасы:
«Өз тілін, тарихын, мәдениеті мен дәстүрін
қадірлей білген ұлт қана толыққанды болып
табылады. Біздің қоғамда дәстүрді
сақтаудың маңызды институты – Отбасы. Мемлекет пен қоғамның
өмір сүруі тұтастығына тәуелді. Біз мемлекетімізді
нығайтудың маңызды факторы ретінде
қоғамдағы дәстүрлі отбасылық
құндылықтарды нығайтуға тырысамыз».
Сондықтан
қоғамның рухани-адамгершілік жағдайы – бүгін
біздің мемлекетіміздің ең маңызды проблемаларының
бірі. Маңызды міндет – ол
тартымды отбасы үлгісін қалыптастыруға жағдай жасау
болып табылады. Барлығы әрбір адамның
құндылықты ұстанымдарына байланысты.
Қоғамның әлеуметтік-экономикалық
құрылымы қанша ауысқанымен, отбасы оның негізі
болып қала береді.
Отбасы -
қоғамдық қатынастар мен процестердің алуан
түрлі формалары біртұтас болып
ұштасатын кешенді әлеуметтік құбылыс болып
табылады. Сондықтан да әлеуметтік құбылыс бола отырып,
ол адамзат өмір сүру жағдайына қарай
құрылып, оның дәстүрлері мен әдеттері
ғасыр өткен сайын жаңа сипатта көрініс береді. Отбасын
әлеуметтану ғылымында былай деп көрсетеді «отбасы дегеніміз
–тарихи өзгеріп отыратын әлеуметтік топ, оның жалпы белгілері
– бөтен адаммен жыныстық байланыс орнату, туысқандық
қатынастар жүйесі, адамның жеке-дара адамгершілік сапаларын
қалыптастырып дамыту, белгілі бір экономикалық қызметті іске
асыру». Яғни, адамзат отбасын құра отырып, сол шағын
мемлекетке әлеуметтенеді, отбасылық құндылықтар
қалыптастырады және әдет-ғұрып
дәстүрлерін дамытады. Отбасының жоғарыда келтірілген
анықтамасы бойынша, ол - отбасындағы қатынастар,
отбасының құрылымы мен формасы тарихи өзгеріп отыратын
әлеуметтік топ.
Ең алдымен біз жастар
тәрбиесіндегі отбасының рөлін айқындап алайық.
Әдебиеттерде көрсеткендей,
“Отбасы – жанұя, үй деген сөздің синонимі”,
яғни бір оттың (ошақтың) басында өмір сүріп
жатқан қандас адамдар жиынтығы. Бір оттың басында
өмір сүруге дайындық физиологиялық және
психологиялық тұрғыдан негіздеуді қажет ететіндігі
сөзсіз. Ер адам мен әйел адамның сезімдерінен туындаған
шешім мен жауапкершілікті ұғыну негізінде отбасылық
өмір бастала отырып, ұрпақ жалғастыру процесі
жүзеге асады.
Кейбір ғылыми
зерттеулерде, отбасыға мынадай анықтама берілген: қазіргі
заманғы отбасы – ерлі-зайыпты екі адамның арасындағы некеге
құрылған негізгі әлеуметтік топ, отбасыға сонымен
бірге ұрпақтары (ұл-қыздары) да кіреді. Отбасының
негізгі функцияларының қатарына мыналар кіреді: өмірге бала
әкелу, оны тәрбиелеп, өсіру, басқа ішкі және
сыртқы (әлеуметтік, экономикалық)
мұқтаждықтарын өтеу.
Отбасы
қоғамдағы әлеуметтік мәнді тәжірибелерді
жинақтау арқылы дамудың белгілі бір сатысынан өтеді.
Осы сатыдан өту барысында, отбасы шағын мемлекет ретінде
адамзаттың рухани қазынасы болып табылатын қасиеттерді,
яғни, үлкенді сыйлауға, еңбексүйгіштік пен
адамгершілікке, имандылық пен парасаттылыққа тәрбиелей
отырып, оның негізінде ұлттық құндылықтар
мен дәстүрлерді қалыптастырады. Отбасы кешенді әлеуметтік институт ретінде
адамды тек тәрбиелеуге ғана емес, сонымен қатар білім алуда,
мамандық таңдауда, өмірлік ұстанымды табуда
бағыт-бағдар береді және көмектеседі. Осыған
орай, отбасы қоғам мен мемлекет тарапынан көптеген
ақпарат легін алады да, сол ақпаратты игеру арқылы отбасында
адам өмірінің негізгі процестері қалыптасады.
Қазақстандағы отбасы және
мемлекеттің отбасы саясаты мәселелері дамыған елдерге
тән жалпы әлемдік даму бағыты ретінде бүгінде
республикамыз бастан өткеріп отырған даму кезеңінің де
басты ерекшелігі ретінде айқындалады. Осыған байланысты,
көптеген отбасыдағы проблемалар бүгін ғана туындап
отырған жоқ, толымсыз отбасы, ажырасу, ерлі-зайыптылар жанжалы,
сондай-ақ, жалғызбастылар проблемасы бұрын да болған,
бірақ, оған жете мән берілмеген. Оған қоса,
адамның өзінің жеке өміріне, некеге,
сүйіспеншілікті мүдделерінің қанағаттандырылуына,
рухани жақындыққа деген талабы да арта түскен.
Некелік-отбасылық қатынас бүгінгі таңдағы аса
маңызды қоғамдық-саяси мәселенің бірі.
Отбасы – халықтың өсіп-өркендеуінде, өсіп келе
жатқан ұрпақтар тәрбиесінде, ата-бабаларымыз мұра
еткен саяси-әлеуметтік тәрбие мен мәдени
құндылықтарды жеткізуде өте маңызды роль
атқратын қоғамның құрамдас бір
бөлігі. Отбасының тіршілік әрекеті экономикада, саясатта
және мәдениетте жүретін процестермен байланысып,
саяси-әлеуметтік шынайлықпен астарласып жатыр.
Отбасы — адамның жаны
тыныштық тауып, рахатқа бөленетiн, бойға қуат,
ойға шуақ алатын құтты мекенi. Ол
имандылықтың ұясы, өзара келiсiм мен
сүйiспеншiлiктiң тұрағы. Отбасы —
үлкен тәрбие мектебi. Балалар үшiн ғана
емес, үлкендер үшiн де. Әркiмнiң отбасы осындай
болғанда ғана ол шын мәнiнде бақытты болмақ. Тек
бақытты адамдар ғана ұлы iстердi, қайырлы iстердi
атқара алмақ. Мұның бәрiн дана халқымыз «Отан
отбасыдан басталады» деп бiрауыз сөзбен түйген.
Елбасы
жарлығымен 2013 жылдың қыркүйек айының екiншi
жексенбiсi Отбасы күнi мерекесi ретiнде белгiленiп отыр. Орынды,
әрине. Отбасылық құндылықтар дәрiптелмек.
Оның әлеуметтiк институт ретiнде нығаюына ықпал ететiн
iс-шаралар атқарылмақ. Бүгiнгi қазақ
қоғамы осындай мерекеге, тап осындай насихатқа сусап отыр.
Өз үйiне тек тамақтанып, түнеп шығатын,
жуынып-шайынатын, шаршаса тынығатын әрi кетсе компьютерден
ғаламтор қарап, теледидар тамашалайтын орын деп қана
қарайтын адамдар көбейiп барады. Отбасы күнi дегендi естiп,
бәлкiм, ойланар. Оннан бiрiнiң санасына сәуле түсiп,
әр отбасының киесi барын, оны қадiрлеу, сүю керектiгiн,
қуанышына ортақтасып, ауыртпалығын көтеру қажет
екенiн ұғынса, қане?!
Бүгiнде
қазақ отбасы қандай? Оның басты
құндылықтары қайсы? Жақында Англиядағы
тәуелсiз әлеуметтiк зерттеу орталықтарының бiрi «Отбасы
берiк әрi бақытты болуы үшiн ең алдымен не керек?»
деген сауалнама өткiзiптi. Оған Ұлыбритания, Франция,
Германия, Испания, Италия елдерiнен 10 мыңдай ерлi-зайыпты
қатысқан. Респонденттердiң 34 пайызы отбасылық бақыт үшiн ең алдымен, тұрақты әрi
қомақты табыс керек деп есептесе, 29 пайызы жұбының көрiктi болуын немесе өзара
сүйiспеншiлiктi, ал 27 пайызы түсiнiстiктi некенiң баянды болуының басты
кепiлi деп көрсеткен. Сұралғандардың 4,6 пайызы толық бақытты болу
үшiн ерлi-зайыптылардың ең болмағанда бiреуi танымал,
дәулеттi немесе лауазымы жоғары болуы керек деп ойласа, тек 3,9
пайызы ғана «отбасы балалары
мен бақытты» деп есептейдi. Сауалнамаға қатысушылардың
қалған 1,5 пайызы «қызығушылықтардың немесе
кәсiптiң ортақ болуы», «бала кезден бiрге өсу» деген
секiлдi жауаптар берген.
Бұл
көрсеткiштер еуропалықтардың рухани тұрғыдан
қаншалықты құлдырағанын көрсететiндей.
Әрине, қазақ отбасының сипаты өзгешелеу. Бiзде әлi де мейiрiм мен
тәрбиелiлiк басым. Алайда, өкiнiшке қарай, бүгiнгi
қазақ қоғамында да отбасылық
құндылықтарға жеңiл қарау,
материалдық игiлiктi бiрiншi орынға шығару секiлдi
жағымсыз тенденция байқалады. Көп жiгiттер үйленудi
оқу, жұмысқа орналасу, үй салу секiлдi көп
қажеттiлiктiң бiрi ретiнде бағалайды. Жарайды,
үйлендi-ақ делiк. Бiрақ отбасылық өмiр
даңғыл жол емес. Оның өзiне ғана тән
қалтарыс-бұлтарысы көп. Әрi қажеттiлiк деп
алған жары жансыз зат емес, оның да мiнезi, жандүниесi,
өз көзқарастары мен дүниетанымы бар. Содан
қиындықтар, түсiнбеушiлiктер туындайды. Есi барлары кеш те
болса ойланып, ортадағы балалардың обалын, некенiң
қадiрiн сезiнiп, қалай да отбасын сақтап қалудың
жағына шығады. Ал қалғандары барлық
қиындықтардан құтылудың жалғыз жолы ажырасу
деп шешедi.
Осылайша, 2010
жылыелiмiзде 146 мың 443 неке тiркелсе, 41 мың 617 жұп ажырасқан,
2011 жылы 160 мың 494 жұп заңды некеге тұрса, 44
мың 862 отбасы бұзылған.
Қазақ
отбасы сипатының өзгеруiне,
құндылықтарымыздың алмасуына нарықтық
қатынасқа көшкен тұстағы әлеуметтiк
қиындықтар да әсерiн тигiзбей қалмады. Онсыз да жаны
жүдеу, рухы пәс азаматтар жұмыссыздық пен кедейлiкке
төтеп бере алмады. Осы тұста әйелдер отбасының
асыраушысына айналды. Сөйтiп, үйдегi «билiктiң алмасуы» талай
ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер мен
ережелердiң тас-талқанын шығарды.
Отбасының
әлеуметтiк институт ретiндегi рөлiнiң төмендеуi
қоғамда түрлi жағымсыз құбылыстардың
туындауына себеп болды. Ең бастысы, бұл жәйттер
демографияға керi әсер еттi.
Елімізде
халық саны 17 миллионнан асса, отбасылардың шынайы саны 4
миллионнан артық. Отбасылардың 70 пайызға жуығының құрамында 3-тен 5-ке дейін адам
бар. Жалпы халық санының 30 пайызын балалар құрайды.
Бұрынырақта
қазақтың отбасында 2-3 келiнге дейiн еншi алыспай бiрге
тұрған. Ата-әже, бала мен келiн және немере деген
үш ұрпақтың өкiлдерi 10-15 адамға дейiн бiр
шаңырақтың астында ғұмыр кешкен. Қазiр еншi
алыспай бiрге тұратындар сирек. Оның үстiне қазiр
көптеген отбасыларда бала саны 2-3-тен аспайтыны белгiлi. Отбасы
көп, бiрақ ондағы адам саны аз. Орташа әр отбасында 4,
3 адамнан өмiр сүруде. Мұны қалыпты жағдай деп
қабылдайтын болғанымыздан шығар, қазiр адамдар
көп балалы отбасы десе, мүсiркей қарайтынды шығарды.
Шын мәнiнде, қиындықтары бар болғанымен үлкен
отбасы дегенiңiз — үлкен бақыт, мол шаттық.
Ата-ана тәрбиесі негізінде
отбасында тұлғаның адами
сапалары қалыптасады. Бұл адами сапаларға
адамгершілік, қайғыра білу, сөйлеу мәдениеті,
зейінділік, мақсаттылық, инабаттылық, ізгілік және т.б.
қасиеттер кіреді. Керісінше, ата-ана стиліне қарай, отбасылық
қарым-қатынасқа
байланысты өзімшілдік,
қаталдық, үлкенге деген дөрекілік, қоршаған
ортаға салғырттық, жауапсыздық және
аяусыздық сияқты жаман қылықтар да дамитыны
сөзсіз. Осы орайда, ұрпағының тұлғалық
сапаларын қалыптастыру мақсатында ата-аналар әр
жағдайда отбасылық салт-дәстүрді ұстанып,
өз ата-анасына құрметпен қарап, баласына үлгі
боларлық тәрбиеші болып, шыншылдық, адалдығын
көрсетіп, оны жетілдіруі керек.
Жалпы тәрбиеде
психологтар жасөспірімдер әлемінде агрессия мен суицидтің
етек алып бара жатқанын байқайды. Бұл жастардың
әлемді, өмірді өз бетінше қабылдауынан. Жаңа
ұрпақтың деңгейіне жету үшін балалар мен
ересектерді жаңаша тәрбиелеу керек. Қазір еркектер
үйленгісі келмейді, ал қыздар тұрмысқа шығып,
бала тууға құлшынбайды. Бұл – жеке адамдардың
ғана емес, қоғамның проблемасы. Демек, отбасылық
құндылықтарды үйдегі ата-анамен бірге ұстаздар
қауымы да мектеп қабырғасында, жоғары оқу
орындарында да насихаттағаны абзал.