Т.Әбдіков  прозасындағы антонимдер

Испандиярова А.Т., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі.

       

            Антонимдер – жалпы адам  танымында, оның ішінде дүниені ғылыми және көркем тануда үлкен орын алатын құбылыстар.Автор өз шығармаларында өмірдің шындық құбылыстарын салыстыра отырып, көбіне философиялық көзқараста қарастырғанын көреміз. Мысалы: өмір мен өлім, шындық пен өтірік, жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдықты  суреттегенде байқаймыз.

Өмір атты арбаның екі жетегі болса, біреуі -  зұлымдық. Бірақ ол, сіз ойлағандай, адамға тек жамандақ әкелетін зиянды нәрсе емес. Айталық мойындалған қағида бойынша, зұлымдықтың бір өкілі - ажал. Бірақ ажал болмаса, жер бетінде қандай тіршілік болар еді? Тозақ қана болар еді. Өлімнің арқасында ғана өмір мәңгілік тоқтаусыз үрдіске айналып отыр”(1,18-б).  Бұл мәтінде  «өлім арқылы өмірдің мәнін түсіну деген ой айтылған. Өмір мен өлімнің” қарама-қайшылықта бірге жүруі арқылы қоғам да ілгері дамиды деген диалектикалық қағида берілген.

        Антоним сөздер толып жатқан стильдік мақсатта қолданылады. Автор антоним сөздерді ойды қысқартып, ықшамдап беруге де қолданған. Кеңшілікте дос та дос, қасың да дос, таршылықта қайрылған дос та өзгеше (1, 55-б). Осы сөйлемдегі кеңшілік, таршылық сөздерінің мағынасының арнасы кең, астарлы ұғымға ие болып тұр.  Ал бір антонимдік зат есім контексте қолданылуына қарай бірнеше мағыналық реңкке ие болып тұрады. Мысалы: Ақыр заманның күні де жел, түні де жел, бір жадырап ашылмады-ау (1, 68-б) дегендегі күн мен түн сөздері нағыз күн мен түннің өзі туралы мағынада жұмсалып тұрса, басқа сөйлемдерде бұл антоним сөздер қолданылу ерекшелігіне қарай бірнеше басқа мағыналарды да білдіреді: “Дүйсен күн демейді, түн демейді келе береді(1,12-б) дегенде, күн мен түн сөздері  Дүйсен қай уақытта келгісі келсе, сол уақытта келе береді деген ұғымның  орнына қолданылып тұр. Онда жұмыс күні, түні тынбайды(1, 66-б) дегенде, “күн мен түн” сөздері қарама-қарсы мәнде айтылып, “үнемі”  деген мағына беретін  сөздің орнына  қолданылып, мағынаны айқындай түскен.

       Антонимдік зат есім сөздер бірыңғай мүше ретінде келіп, абстракты ұғымды білдіреді: Ол, әдетте, ел ішінен жүн-жұрқа жинап, базар базарлап қайтқанда жол бойы алған, бергенін есептеп пайдам, залалым немесе ұтқаным, ұтылғаным деген екі ауыз сөзбен бүйірінің бір жағына тығып тастаушы еді(1, 23-б).  Осы сөйлемдегі  бірыңғай мүше ретінде келіп тұрған антонимдік абстракты ұғымдағы зат есім сөздер – пайдам, залалым, алған – берген, ұтқан ұтылған. Залал, пайда сөздері кейде тұрақты тіркесте ғибрат, өнеге, ақыл мәнінде айтылатын халықтың өткір нақыл сөзі ретінде қолданылады: Рас айтып залал тапсаң, Ақырында пайда табасың (1,72-б)  деп келеді.  Бұл  антоним сөздер кейде “жақсылық пен жамандықты айыра біл”  деген мағынада да жұмсалады: Пайда, зиян айырсақ жүре бермей жегуге (1, 21-б).

       Қиялды теңеумен бергенде, ойды әсерлі етіп айту үшін, антонимдік зат есімдер қолданылады: Мен шыңнан шыңырауға қарай тартылған әлдебір құпия күштің арасында тұрғандай болдым (1,77-б) дегенде, антоним болып тұрған “шың” мен  “шыңырау”. Мұнда “шың”  дегеніміз таудың биігі  болса, “шыңырау”  - түпсіз тұңғиық,  терең құз дегенді білдіреді.

        “Өмірдің қызығы мен шыжығы” деп қолданбай, бұл антоним сөздердің орнына “қуаныш, реніш” сөздерін қойып та айта береміз: Кейінгі өмірінің реніш, қуанышы да соны сенің қалай түсініп, қалай өткергеніңе байланысты (1,35-б).  Әрине, “қызық” сөзінің мағынасы “қуаныш”  деген сөздің беретін мағынасымен бірдей деуге болмайды, “қуаныш” болса, бір нәрсеге риза болу  сезімі, шаттық, көңілділік деген мағыналарды білдірсе, “қызық” сөзі “ғажап, тамаша” деген мағыналарды қамтып тұрады.

        Қарама-қарсы  мәнде айтылған “реніш, қуаныш” пен “қуаныш, қайғы ” деген сөздердің мағынасы “күйініш, сүйініш” және “қайғы, шаттық” антоним сөздері арқылы да беріледі: Менде түрлі-түрлі мінез бар: шың  құздың жиегінде құшақтасып отырған қыз бен жігітті көрген едім. Олардың тек жалпы қарасы  көрінгені болмаса, екеуі де тым аймаласып, қабысып кеткендіктен, қайсы қыз, қайсы жігіт екенін ажыратып болмайтын еді. Тап сол секілді менің бойымда да сүйініш пен күйініш, қайғы мен шаттық, күштілік пен әлсіздік қатар өмір сүріп жатыр (1, 158-б) дегенде, бұл сөздердің әрқайсысында өзіне тән стильдік мағыналық айырмашылық бар. Мысалы, “күйініш, сүйініш” деп қолданғанда, “күйініш” деген сөздің мағынасынан  “қасірет, қайғы, уайым” сияқты мағыналар аңғарылса, “реніш-қуаныш” деп қолданылғанда, “өкпе, кейіс, жабырқау” тәрізді ұғым береді.

    

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Т.Әбдіков «Әке» Повестер мен әңгімелер жинағы. Алматы «Қайнар»

     2005,384 б