Досова А.Т.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

 

Ұлттық өнердің тілдік көрінісі

 

Т.Ахтанов шығармаларында ұлттық ерекшелік болып табылатын қазақ өнерінің болмыс-бітімі де кеңінен ашылған. Ол шешендік және музыка өнерімен байланысты көрінеді: Біз оны екіге бөліп қарастырамыз.

       1) музыканың ұлттық дүниетанымдық көрінісі;

       2) шешендік өнердің ұлттық дүниетанымдық көрінісі

       Т.Ахтанов романдарында ән айту өнері қазақ халқының ұлттық аспабы – домбыра мен оның үнін аңсаған қазақ солдаттарының көңіл-күйлері арқылы көрініс тапқан.

Жазушы романдарында көрініс тапқан соғыс кезіндегі қазақ жауынгерлердің демалыс уақыттарында ән кештерін ұйымдастыруы қазақ дүниетанымындағы қазақ жастарының алтыбақан құрып, ойын-сауық құруын еске түсіргендей. Мысалы, “Кішкене бөлмеде он бес шамалы жауынгер отыр. Іштерінде Раушан, Күләнда, Уәли де бар екен. Кәкібайдың қолында домбыра, күйге келтіріп, құлағын бұрап шертіп отыр…

- Кәне, Кәкібай, шырқап жібер. Сенің әніңді естуге келдік, - деді Мұрат.

- Құп, жолдас капитан. Өзімді де, жұртты да қыздырып алу үшін алдымен “Жамбас сипардан” бастайын. Содан кейін “мен шаршап қалдым, кішкене демалайын. Раушан бір ән айтсын. Қыз даусына қосылмай домбыраның күйі келетін емес”, - деп жармасты. Раушан “айтуға жағдайым жоқ. Басым ауырып отыр”, - деп тартыншақтап еді, қызып алған жұрт қоймады.

- Неменеге жүдейсің, Раушан. Ән сал. Көңілің ашылады. Біздің де көңілімізді аш. Тәңір жарылқасын, - деп Мұрат та қолқалады.

Раушан қызара жымиып Күләндаға қарады. Күләнда “айт, айтсайшы” деп сыбырлады. Раушан езу тартып күлсе де көз жанарында ұялаған суық сәуле жылымады. Ол Кәкібайға бұрылып “Татьянаның әнін тарт”, - деді.

Тереңнен шымырлап басталатын Абай әнінде үлкен сыр бар екен…

…Осыдан кейін барып, жұрт мақтау айтып дабырласып, Раушанға “тағы айт” деп жармасты.

…Тез бойын түзеп алып, Кәкібайға жалт бұрылып, “Майраны тарт” деді.

Серпінді, ескекті ән жүйтки жөнелгенде тар бөлменің қабырғасы қақ жарылып, қазақтың жусанды адыры, бозды даласы, қиқулап шапқан жігіт, той-думаны атой бергендей болды.

“Қызы едім, мен Уәлидің атым Майра,

Отыз тіс көмекейде, тілім сайра.

Шырқатып домбырамен жөнелгенде,

Ілесер осы әнге жігіт қайда?

Майра, Майра!

Сайра, осындайда!” [1, 328].

Жоғарыдағы мәтінде қазақ әндері – Жамбас сипар, Татьянаның әні, Майра – Кәкібай мен Раушанның орындауында, ал “Майра” әнінің бір шумағы өлең түрінде  берілген. Ән құдыреті “тереңнен шымырлап басталатын Абай әні”, “серпінді, ескекті ән”, “серпінді, ескекті ән жүйтки жөнелгенде тар бөлменің қабырғасы қақ жарылып, қазақтың жусанды адыры, бозды даласы, қиқулап шапқан жігіт, той-думаны атой бергендей болды” тіркестері арқылы ашылған.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 Ахтанов Т.  Қаһарлы күндер. Роман. Алматы: Ғылым, 1985. - 496 б.

2Ахтанов Т.  Шырағың сөнбесін. Роман. Алматы: Ғылым, 1985. - 302 б.