Досова А.Т.
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай
мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының
кандидаты
Көркем мәтіндегі ұлттық тұрмыстық
ерекшеліктер
Көркем шығармалардың ішінде тарихи тақырыпқа жазылған шығармалар ұлттық дүниетанымдық лексемаларды молынан қамтиды. Біз Т.Ахтановтың соғыс тақырыбында жазған шығармаларын тарихи шығарма ретінде ұлттық дүниетанымдық түсінікті толық бере алатын, дүниетанымдық лексеманы молынан қамтыған көркем шығарма деп санаймыз.
Жазушының “Қаһарлы күндер”, “Шырағың сөнбесін”
романдары өткен ғасырдағы ұлттық дүние бейнесін көз алдымызға әкеліп, ұлттық менталитеттен хабар береді. Шығарма кейіпкерлерінің жай-күйін, заттар мен
құбылыстарды сипаттау түрлі тілдік тәсілдер арқылы ерекше бір қайталанбас ұлттық нақышпен өрнектелген.
Т.Ахтанов романдарында ұлттық
тұрмыс-тіршілік нышандары да байқалып отырады. Олар:
1) бала арқалау әдеті.
“Шырағың сөнбесін” романының баяндаушы кейіпкері Нәзира соғыс болып жатқан жерден тылға қарайғы сапарында орыс халқымен, орыс әйелдерімен бірге көп бейнет шегеді. Света есімді әйелмен достасады.
Бір топ әйел балалармен бірге бірнеше шақырым жер жаяу аттанады. Осы
ұзақ жол сапарын баяндағанда автор кейіпкер сөзі, іс-әрекеті
арқылы қазақ тұрмыс-тіршілігінің белгілерін аңғартып
отырады. Мысалы, “Байқап келем, бұл
әйелдер бала арқалау дегенді білмейді екен, үш-төрт жасар балаларды
қолақпандай етіп, бауырына қысып көтереді.
Ондайға адам шыдай ма, тез шаршайды ғой, содан кейін мен оларға бала арқалауды үйреттім. Кейбіреулері
бірден арқалай алмай әлек”[1, 107].
Жоғарыдағы мәтінде қазақ тұрмысындағы бала арқалау әрекеті көрініс тапқан.
Жазушы шығармаларындағы
қазақ тұрмыс-салтының бір көрінісі - ұлттық
тағам атаулары. Мысалы, “- Солдаттардың
сорпа ішуінен байқадым, азық-түліктерің тапшы болар, - деп
ол кемпірін шақырып алды. – Василиса Ивановна, мына жігіттерге жол азыққа
беретін нең бар?
Василиса
Ивановна екі алақанын шарт еткізіп, бәйек болды:
-
Қап, ет те жоқ. Азғана картоп бар. Ол не болады?! Нан пісіріп
беретін ұн да жоқ. Биыл бидайымызды да тарттыра алмадық.
Шал
қатты ойланып қалды.
-Ендеше
сіз, сол бидайды қуырыңыз,
- деді Ержан шалға.
Шал
түсінбей Ержанның бетіне бажырая қарады.
- Қуырған бидай өте жақсы тамақ, бала кезімізде талай жегенмін, - деді Ержан сәл жымиып [2, 276].
“Қаһарлы күндер” романының басты кейіпкерлерінің бірі – взвод командирі Ержан взводымен бірге қоршауда қалып қойып, Василиса Ивановна деген орыс әйелінің үйіне барып паналайды. Үй
иесі арып-ашып келген солдаттарға не берерін білмей, нан пісіретін
ұны жоғын, ал бидайды тарттыра алмағанын айтқанда,
Ержан сол бидайды қуыруын өтінеді. Шығарма авторы
қазақ тұрмысындағы тағам атауларының
ұлттық сипатын ашып көрсетеді. Бұл қазақ
халқының бидайды қуырып не тарттырып талқан жасап,
тағам ретінде пайдаланатын тұрмыс-тіршілігін
аңғартқандай.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 Ахтанов Т. Шырағың сөнбесін. Роман. Алматы: Ғылым, 1985. - 302 б.
2Ахтанов Т. Қаһарлы күндер. Роман.
Алматы: Ғылым, 1985. - 496 б.