Гүлжамал  Қортабаева

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Шығыстану факультетінің

доценті, ф.ғ.к.

 

МИФОЛОГИЯЛЫҚ ТАНЫМ: «МАН» СӨЗІНІҢ СЕМАНТИКАСЫ

 

РЕЗЮМЕ

В данной статье рассматриваются мифологические и лингвокультурологические аспекты и этимологические разгадки топонимов окрестностей Мангистау.

SUMMARY

 This article discusses the aspects of mythological, linguoculturological  and etymological clues of toponyms of Mangistau locality.

        Абстракт:   Бүгінгі Маңғыстау жерінде «ман» деген түбірдің ертеден қалыптасқан сөз екенін  «Маната» (үлкен), Отман (биіктен от жағып, қарауыл қарайтын тау басы), «Маңсуалмас» (мол сулы құдық) деген жер атаулары дәлелдейді, сондай-ақ Қараман, Ақман т.б. сияқты антропонимдердің түп-қайнары экстралингвистикалық факторлар тоғысында қарастырылады.

Кілт сөздер: мәдениеттану, миф-мәдениет, миф-тіл, фразеологизм-миф, мәдени код, «ман» түбірі, ономастикалық деректер.

 

   Қазіргі ғылымда тіл теориясы мен мәдениет теориясының тоғысуында пайда болған тіл білімі саласы лингвистикалық мәдениеттану деп аталады. Лингвистикалық мәдениеттану ғылымы – тіл білімі мен мәдениет-танудың шегінде пайда болған, халық мәдениетінің тілдегі сақталған көрінісін зерттейтін саланың негізгі мақсаты – ата-бабалар рухани дүниесінің тілде қаншалықты дәрежеде көрініс тапқанын анықтау. Болжамды дәлелдеу мақсатында миф-мәдениет, миф-тіл, фразеологизм-миф концептілері қарастырылды.

         Семантика  терминін лингвоелтанулық зерттеу еңбек-терінде алғаш рет Е.М. Верещагин мен В.Г. Костоморов енгізген болатын.  Бүгінгі тілтанымдық зерттеулер үрдісі бұрынғы заманнан бастау алған, халық сана-сезіміне сіңіп, жадында жатталған  жалқы есімдер тарихына үңілу, олардың табиғи сырын ашып, тілдік қолданыс аясын анықтау, ұлт мәдениетімен сабақтастыра салыстыру тіл тарихының ұлт тарихынан да ұзақ екендігі лингвистикалық және экстралингвистикалық факторлар тоғысында қарастырылады. Сондықтан осы мифологиялық танымды тарихи, географиялық, фольклорлық, лингвистикалық мәліметтермен ұштастыра отырып, кейбір мәселелерді шешуге пайдаланбақпыз.

         Мақаланың  зерттеу нысаны ретінде 362 әулиелі жер – Маңғыстауды ғана алып отырмыз. Маңғыстау – бұл тек қазақ халқына қатысты  тарих беттері емес,  өз кезеңінде ноғайлар түтін түтетіп аруақтарын жерлеген,  түркімендер Отан еткен, қалмақтар жерін жайлаған, Хиуа хандығы “меншігім” деп көз тіккен бірнеше халықтың біте қайнасып өмір сүрген  мекені. Бүгінгі күні  бұл аймақ – республика  үшін  маңызды экономикалық шикізат орталығы болса, өткен дәуір өрлеуінде халықтар конфедерациясының ядросы  ретінде тарихтан өз орнын алып, бірнеше дала халқына баспана болып, талай соғыстарды басынан өткерген  ноғай-қалмақ-түркімен-қазақ этномәдени бірлестігінің  рухани бесігіне айналған өлке.

Ежелгі заманнан бері Каспий маңын, оның шаруашылығын, геологиясын, географиясын, тарихын зетртеушілердің қайсысы болмасын «Маңғыстау» сөзінің шығу төркініне тоқтамай кетпейді, бірақ қазірге дейін түрліше талқыға түсіп, бірізділікке түскен емес.

Маңғыстаулық көрнекті зерттеуші  Серікбол Қондыбай Маңғыстау туралы құнды-құнды «Маңғыстау географиясы», «Қазақ мифологиясына кіріспе», «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары», «Қазақ даласы және герман тәңірлері», «Есен-қазақ», «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі», «Казахская мифология»,  «Эстетика ландшафтов Мангистау», «Маңғыстау-нама», “Еуразияның ұлы даласында дәурен сүрген          салтанатты  көшпелілер өркениетінің тарихы мен мәдениетін, түркі тектес халықтардың         адамзат тарихындағы өзіндік орнын жаңаша парықтаған бұл еңбектер байсалды ой тұжырымдарымен жұртшылық назарын аудара білді” [1,7] деп пікір жазды көрнекті қазақ ғалымдары Қ.Салғараұлы мен А. Сейдімбек.

         Сергек те зерек ой иесі Серікбол оқырман қауымға өзінің салған сара соқпақ жолымен бұдан бұрынғы ерекше еңбектерімен жақсы таныс. Саналы жасын ғұмырында артына мол мұра қалдырған Серікбол Әділбекұлы Қондыбайдың «Маңғыстаудың жер-су атаулары» атты бұл еңбегінде 1989-2000 жылдар аралығында көз майын тауыса, шұқшия отырып, тірнектей, ғылыми түрде бір ізге түсіруді ойлап, жинақтаған Маңғыстау топономикасына байыпты, терең талдау жасалынады.

Маңғыстау жер-су атаулары, оларға қатысты аңыз-әпсаналар шежіре тарихымен, фольклормен ұштастырыла қысқа да нұсқа тұжырымды пайымдалған. Автор бұл еңбегінде жер-су атауларын жалаң талдамайды, айналасындағы материалдық айғақ-нысандардың барлығы тұтас қарпылып, жан-жақты қамтылған. Олар: Сай-сала, құдық, алқап, құмды массив, өңір ескерткіші, тау, шатқал, төбе, қорым, қорымдық, түбек, мола, ой, құлау, бұлақ, темір жол айырығы, жар, жарлауыт, арал, тарихи атау, ойыс, сор, қала, ауыл, аңғар, қыстақ, теңіз мүйісі, әулие, арал, шабындық, жыра, жота, арна, жал, зират, елді мекен, шоқы, тоған, күп, төбе, дөң, аран, дің, қорған, үйік, бал-қорым, ор тағы-тағылар әр қырынан жер-су атауларымен қатар сабақтастырыла, зерттеушінің назарынан бірде-бірі тыс қалмай, бір тұтастықта қарастырылған. Әсіресе, кез келгеннің назарына іліге бермейтін микротопонимдер өнікті кірістіріліпті.

 Тарихта тоғыз жолдың торабында орналасып, “жеті жұрт келіп-жеті жұрт кеткен” киелі мекен Маңғыстау көшпенді өркениет әлемінде тек қазақ халқының ғана  қоныстанған жері емес, өз дәуірінде оғыздан бастап ноғай, қалмақ, түркімен халықтарының интеграциялық орталығына айналған мекен. С.Қондыбайдың айтуынша, бір жағынан, бұл – тарихы тым қарапайым, «дерегі жоқ» делінетін өлке, сондықтан осындай ізденістер жүргізуге қажетті сынақ алаңы бола алады, екінші жағынан, Маңғыстау – ізденістер жүргізуге қажетті фольклорлық базасы сол сақталған өлке, ал фольклорлық материалдар біздің жағдайымызда ең басты мифологиялық қайнар көз болып табылады.

         Белгілі бір аймақтың топонимиконын тарих қалыптастырады, сөйтіп, дәуір топонимдері сақталады. Тілдік таңбаның ерекше түрі болып табылатын ономастикалық бірліктерде ұлтымыздың мәдени кодтары жатыр. Жалқы есімдердің семантикасында ұлттық құндылықтарымыз бар, нақтырық айтқанда, басқа заттарға ұқсатып, салыстыра атайтын бейнелік топонимдер бар, оларды  ғалымдар           В.Г.Костамаров пен Е.М.Веращагин «тарихи-әлеуметтік тұрғыдан коннотациялы» [2,59]  дей келе, Хиросима –  жай ғана жапон қаласы емес, ядролық жарылыс құрбаны, Киев – орыс қалаларының анасы, яғни символдық мәнге ие екендігін айтады. Осы тұрғыдан келгенде,  Маңғыстау – “жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен жер”, «Маңғыстаудың қара ойы, 362 әулиенің бар ойы» деп ғасырлар бойы аталуы жайдан-жай емес деп ойлаймыз.

         Маңғыстауда «ман» сөзімен келетін Үстірттің қыры мен Маңғыстаудың қара ойын жалғастырып жатқан он төрт құлама жалдың негізгісі «Маната» деп аталады. Осы құлама жолдың екінші аты – «Қаратүйе-Маната». Манатаға ұқсас «Манатау» деген топонимді алсақ,  «Манатау» – Құрманғазының осы жерге келгенде шығарған күйі және «Манатау» – Кіші жүздік жетірудағы Жағалбайлы руының ұраны. Соңғысының маңғыстаулық Манатаға қатысының бар жоқтығы белгісіз, дегенмен оны да есім сырын ашуға пайдаланып көруге болады.

 Ман-Ата аймақ үшін қандай маңызға ие? Ең әуелі – оның есімінің, яғни “Ман” сөзінің бүтін жартыарал мен облыс, тарихи аймақ – Маңғыстаудың өз есімімен ұқсас болуы.

Ең алғаш рет «Маңғыстау» сөзіне түсінік берген Махмұт Қашқари «Түрік диалектерінің сөздігі» деген еңбегінде: Маңғыстау сөзінің «ман» бөлімі өгіз – түркімендер тілінде төрт жастағы қойдың аты деп,  «Маңғыстау» – түркімен жеріндегі «Қой қыстау» деген географиялық атау, анықтама берген.

Әрине, біз «Маңғыстау» сөзін бұл шағын мақалада арнайы талдауға алып, пікір айтпақ емеспіз, дегенмен өгіз – түркімендер қойдан басқа мал ұстамады деген пікірге қосылғымыз келмейді. Маңғыстау түркімендері көшпелі тұрмыста болып, шөп шауып, мал азығын жинамаған, сондықтан да уақ малдан гөрі теуіп жайылатын жылқы мен ұзын тұяқты түйе малын көп ұстаған. Сол себептен де «жылқы - ер қанаты»  деп қадірлесе, түйені ауыр жүк пен сүт азығын беретін түлік есебінде қадірлегені, «Маңғыстаудың ойы -ай, көшекке жайы-ай» деп айтылған сөз дәлелдейді.  Мұнда «көшек» сөзі – түйе, бота мағынасын береді. Осыларға қарағанда, Махмұт Қашқаридың сөздігіндегі «ман» сөзі бүкіл айыр тұяқты мал арасынан шыққан жалғыз дөнен қойдың атының бүкіл бір жарты аралға географиялық атау бола қоюы ретсіз сияқты.

         Сол сияқты Маңғыстау жерінде XI ғасырдан бері табан аудармай қоныс теуіп келген түркімендер де Маңғыстау сөзінің бұлай атауына шүбә келтіреді. Академик М.С.Буйнаковский «Маңғыстау және Үстірттің физикалық географиясы» деген кітапшасында: «А.Б.Борнеман и М.Д. Спиридинов пишут: Правильно называть этот полуостров не Мангишлак а Маңғыстау, как его и называет все местные казахское население, что означает 1000 кстау – зимовок или вечная кстау». В слове же Мангишлак искажено введено узбекское слова «кишлак» чуждое казахскому населению».

          «Маңғыстау» сөзінің мәні мен тарихы жайлы түркімен ғалымы Гурман Алманиязов: «Маңғыстау» көптеген авторлардың топшылағанындай түрін өзгерткен «Мың қышлақ» емес, ешқандай өзгерісі жоқ түркімендердің әдеттегі қолданып жүрген, сөйлеп жүрген ман - “үлкен, кең ұлан”  деген төркінін сақтаған. Сонда бұл жарты арал түркімен халқының байтақ, мол және «кишлак» деген сөздері әуелде шыққан «кең қыcтау», «ұлан байтақ қыстау» деген шаруашылық өмірінен алынған географиялық атау деген пікірі Буяновскийдің де көзқарасымен ұштасып жатыр.

         Қазіргі Маңғыстау жерінде «ман» деген түбірдің ертеден қалыптасқан сөз екенін  «Маната» (үлкен), Отман (биіктен от жағып, қарауыл қарайтын тау басы), «Маңсуалмас» (мол сулы құдық) деген жер атаулары дәлелдейді.

         Х ғасырдағы белгілі араб географы Әл-Истахри Сиях-Кух  Маңғыстау туралы: «Мен бұл аймақта Сиях-Кухтан басқа адам мекендейтін жерді білмеймін. Тек сол өңірде ғана түркілердің бір тайпасы тұрады, олар бұл жерге оғыздармен болған қақтығыстардан кейін қоныс аударып әдеттерін игеріп, тұрақтап қалды» деп жазса, сол уақытқа байланысты тағы бір автор Ибн Наджиф Бекранның дерегі  толықтыра түскендей: «Маңғышлақ – түркілердің бір тайпасы, олар осы жерге оғыздармен болған татуластық салдарынан қоныс аударып бескүн шығанағына жаяу жерге Сиях-Кухтан қоныс тапты. Оларды маңғышлақтың адамдары деп атайды, олардың өз билеушісі бар, оны хан деп атайды» деп жазыпты. Араб-мұсылман дәуірінің авторларына тән олқылық – олардың бір аймақ туралы уақыт өзгеруіне қарамастан бірінікін бірін пайдалана беру үрдісі болғанымен, Бекран Әл-Истахрид көшіре отырып, оған толықтыру енгізген. Бұл толықтыру–  Маңғыстау түбегін және оған жапсарлас аймақтарды оғыздарға дейінгі мекендеген белгісіз тайпаның маңғышлақ деп аталуы.

         С.Қондыбай осы 9-10 ғ.ғ. Маңғышлақ тайпасының аты мен бүгінгі әулие Ман-атаның арасында тікелей байланыс бар деп есептейді. Өйткені көшпелі топонимика дәстүріндегі ат қою тәсілі бойынша белгілі бір сөздердің артына «қышлақ» деген анықтама жалғану үшін әлгі сөз: 1) нақты тарихи тұлғаның аты (ру басы, әулие, хан); 2) ру аты, яғни этноним; 3) белгілі бір шежірелік, мифтік есім (ру атасы) болуы қажет. Осы шартқа сүйенсек, Ман-ата – белгісіз тарихи тұлға (хан,батыр, ру көсемі, би, абыз), аңыздық тұлға (мифтік шежірелік аталардың бірі) немесе нақты ру-тайпалардың есімі болып шығар еді. Осы болжамды С.Қондыбай “оғыздарға дейінгі әуелі Үстірт пен Сам өңірін кейін Маңғыстауды мекендеген халықтың аты – «ман» болғандықтан, олардың аударылып, оғыздар жалпылама түрде «манның қышлақтары» деп атап, кейін бүкіл аймақтың атауына айналдырып жіберген” деп  түйіндейді.

         Ман ата – 9-10 ғғ үстірттік және маңғыстаулық ман жұртының өкілі болып табылады. Ол – сол жұрттың реалды тарихи тұлғасының есімі ме, әлде мифтік түсініктеріндегі тұлға ма? – оны дәл айту мүмкін емес. Тұлғаның мифтік генезисі тұрғысынан қарағанда, маңғыстаулық Ман-ата үндіарий мифологиясындағы бірінші адам – Ману деген бейнемен бір текті болуы әбден мүмкін [3,33] деп жорамалдайды  зерттеуші С.Қондыбай.

         Маңғыстау топонимиясын зерттеп жүрген ғалым Б.Көшімова “ман” топоформанты “тау” және “өзен” деген мағынаны беретін үндіевропалық сөз болса, Маңғыстау атауы “тауқыстауы” немесе “таулы қыстау” деген мағына береді деп топшылайды. [4,59].

 «Ман»  сөзінің адам мағынасында түркі есімдерінде (Отман, Ақман, Қараман, Айтман, Алып-Манас, Алпамыс, Манашы), жалпы тілінде (көрер-мен, майтал-ман, орал-ман) қолданылуына қарап осы тұжырымды негіз етіп алған. Бастысы – Ман-ата Маңғыстаудың Жер-су иесі іспетті символдық координаттары болып табылады. Біріншісі - «Вара»  танымдық жүйесінің түсініктері. Есен-ата – Асан қайғы, Орманбет, «ман» - дар (Манашы, Маната, Отман, Қараман, Ақман т.б.) сияқты образдардың түп-қайнары осы мәдениетте жатыр [5,29].

         Екіншісі – сопылық (суфистік) мәдениеттің далалық исламдық қағидаларға сәтті бейімдей алуы. Ежелгі Маңғыстау – үстірттік және жан-жақтан қашып келген жеке адамдар мен ру-тайпалардың діни түсініктері, халифтері мен эпостары тек осы сопылық ислам уағызшыларының арқасында бірыңғайланып, ортақ түсініктер мен образдарға айналды. Ежелгі әр түрлі сипатты мифтік образдар енді бірыңғай, стандарт бейнелі «сопы жағдайына» айналып шыға келді. Біз Баба түкті Шашты атаның да, Шопан-ата мен Шақпақ-атаның, Масат-ата, Түкті-ата мен Қалипаның, Қапам мен Қараман-атаның, Есен-атаның және басқалардың қай-қайсысының образдарына ежелгі алуан-түрлі мифтік сипат алғандығын айтуға болады.

         Міне, киелі өңірдің шағын топонимиялық тізімінде осындай атаулар жинақталған. Әулиеге деген сенім екі мың жыл бойына киелі Маңғыстауда үзіліссіз келеді. Әр топонимикалық тұлғада жүрегіне ыстық естілетін, мәңгілік жадында қалатын атамекен атаулары бар десек, артық айтпаған болар едік. Атамекен атаулары кіндік қаны тамған, балалық шағы өткен, еш уақытта ұмытылмас, қимас Отанының, ата жұртының символы іспетті екені баршамызға аян, сол себепті осындай киелі ұғым Маңғыстау  топонимиялық әлем көрінісіне тән деп айтуымызға болады. «Бұл тұста ономастикалық деректер халықтардың ұлттық менталитетінен, тұрмыстық және мәдени ерекшеліктерінен, олардың шығу тегі мәселелерінен, көші-қонысынан мәлімет береді» [6,45] .

Топонимдерді жинақтау, зерделеу, семантикасын ашу – халық үшін де,  ғылым үшін де  маңызы жоғары,  олардың арасынан да аса маңызды тарихи ақпар беретіндері табылып қалады.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1.Қондыбай С.Арғықазақ мифологиясы.  – Алматы: Дайк-Пресс, 2004.

2.Веращагин Е.М., Костамаров В.Г. Язык и культура: Лингвострановедение в преподавании русского языка как иностранного. М: Русский язык, 1990

3. Кондыбай С.Казахская мифология.  – Алматы: Нұрлы әлем, 2005.

4. Көшімова Б.А. Маңғыстау топонимиясындағы ежелгі тілдік қабат // Сөз семантикасы: лексикография, семасиология, терминология. Алматы, 2009.

5. Қондыбаев С.Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары. – Алматы, 2000.

 

 

Mifologiyalyq tanym: "man" sozіnіnq semantikasy

Kortabayeva Gulzhamal