Резуанова
Ғ.Қ., Серғазина Қ.Ж., Төлеужанова Ж.М.
С.Сейфуллин
атындағы Қазақ агротехникалық университеті
Астана,
Қазақстан
«ҮЙ»
КОНЦЕПТІСІНІҢ ЭТНОМӘДЕНИ СИПАТЫ
«Үй» концептісі мәдени мұралар қатарына жатады.
Себебі әлем халықтарының заттық
мәдениетінің айғағы ретінде үй этностың,
тайпаның, халықтың мекен-жайын білдіре отырып, олардың
өмір сүру жағдайынан, тұрмыс-салтынан,
әдет-ғұрпынан хабар береді. Басқа халықтармен
тарихи-мәдени байланысын, материалдық және рухани, эстетикалық
дамуын көрсетеді. Ал мұндай жағдайдың бәрі
тілімізде тіл білімінің этнолингвистика атты жаңа саласында
қарастырылады. Ұлттық дәрежеде болған «үй»
концептісінің тілдік деректерін этнолингвистикалық аспектіде
қарастыруымыз керек. Ондай аспектіде қарастыру үшін
тіліміздің құндылықтарына, яғни мақалдар мен мәтелдеріне,
көркемсөз байлығына мән бергеніміз дұрыс.
Қазақ
мақал-мәтелдері сонау Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен бастау
алады. XII-XIII ғасырлардан бізге жеткен жазба ескерткіштердің
тілінде мақал мен мәтелдер баршылық. Мысалы: Орхон
жазбаларында: «Бастыны еңкейтіп,
тізеліні бүктірген» («Күлтегін» жырынан), «Өлімнен ұят күшті» («Тоныкөк» жырынан)
деген мақал-мәтелдерді кездестіреміз. Ал Махмұт
Қашқаридің «Дивани лұғат-ат түрік»
сөздігінен: «Ұлық
болсаң, кішік бол, халық үшін бәлік бол», ал
«Құдатғу біліктен»: «Біліп
сөйлеген білікке саналар, білімсіз сөз өз басын жояр» [1,
156] дейтін мақал-мәтелдерді байқауға болады. Бұл
деректерге сүйене отырсақ, мақал-мәтелдердің
бастауы сонау көне ескерткіштерде жатыр. Мақал-мәтелдер –
халық даналығының қазына байлығы. Олар
ғасырлар бойы қалыптасып, сол халықпен мәңгі
бақи бірге жасап, біте қайнасып кеткен дүние. Сондықтан
да оны жұртшылық жадына сақтап, өзінің
күнделікті өмірінде, өзара қарым-қатынасында
пайдаланады. Мақал-мәтелдер әр алуан тақырыпқа
сай туындаған. Мәселен, туған жер жайында, отбасы
жөнінде, достық туралы, еңбек, адам, адамгершілік, білім
туралы, т.б.. Қай тақырыптағы мақал-мәтел
болмасын оның құрылуына, жасалуына қандай да бір
сөздер ұйытқы, негіз болады. Сондай ұйытқы
сөздердің бірі – «үй». Себебі адам болған соң
кім-кім де отбасын құрып, өз алдына үйі болуын ойлауы
керек. Адам баласы үй-күйі
болмаса азып-тозып кетеді. Осыны түсінген қазақ «Үйің болса, күйің
болады» немесе «Үйі
жоқтың – күйі жоқ» деп жатады. Бұл
мақалдар арқылы екі бірдей мағына беріледі. Ол бұл
мақалдардың құрамындағы «үй» сөзімен
байланысты. «Үй» бір жағынан алғанда тура мағынасында,
яғни баспана мағынасында жұмсалып тұрған
сияқты. Себебі баспанасы болмаған адамдардан маза кетіп, басына
баспана алудың қамымен жүргендіктен, шынымен-ақ ол
адамдардың күйі болмайды. Екіншіден, бұл жерде «үй»
дегенді отбасы деп те қабылдауға болады. Өз отбасын
құрған адамдар орнығып, көңіл-күйлері
жай табары анық. Сондықтан, үйленбей ұзақ
жүріп қалған балаларына ата-аналары ««Үйің болса, күйің болады» үйленуді
ойластыр, балам» деп жатады. Алайда,
отбасы болған соң онда әке де болуы керек, шеше де болуы
керек. Тек қана толыққанды отбасында өскен бала ойын
еркін айтып, еш кемшілікті сезінбей өседі. Әкенің, не
ананың болмауы баланың ер жетіп, қалыптасуында өз ізін
түсірері сөзсіз. Бала тәрбиесінде ананың да,
әкенің де үлестерін қосқаны дұрыс. Әсіресе,
бала үшін ананың болуы өте маңызды. Себебі, әке
отбасының тірегі болса, ана отбасы-ошақ қасының жылуын
сақтаушы тұлға. Әкесіз өскен балалар негізінен
жасық, ал анасыз өскен балалар көбіне қатыгездеу болып
өседі. Мұны әуел бастан түсінген қазақ
халқы «Атасыз үй – батасыз,
анасыз үй – панасыз» деген даналық сөз айтады. «Үйді
қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады» деп тегін айтпаған
ғой, әйелсіз үйдің сәні, оттың жылуы
жоқтай сұрқия тартары да өтірік емес. «Үйдің басын қатын
қосар, Елдің басын батыр қосар» деп
тегін айтылмаған ғой. Бірақ қазақ үшін
атаның жолы бір басқа. Себебі
ата ақылын, атаның (бұл жерде «ата» деп алынып
отырған сөз әке
мағынасында жұмсалып тұр) дұрыс жол көрсетуін
ұғынған, соны бойына сіңірген
ұрпақтың болашағы да жарқын, ол
әрқашан көктеп, көгере берері анық. Мұны
тіліміздегі «Батасыз ел жарымас, баталы
ел арымас» деген мақалдан да байқауға болады. Алайда
өкінішке орай не тағдырдың жазуымен, не адамдардың өз қолымен,
өз еркімен әкесіз, яғни атасыз өсіп жатады.
Осыған орай халық даналығы «Атасыз үй болса да, ассыз үй болмайды» дейді.
Бұл мақалды көбіне жол жүріп келе жатқан
жүргіншілер айтады. Қазақ халқы ежелден
қонақжай халық, ол қолындағы барын «құдайы қонағынан» аянған
емес. Сондықтан да «Келгенше
қонақ ұялады, келгеннен соң үй иесі ұялады»
демекші, қай үйге түсерлерін, яғни түнеп
шығарларын білмеген жолаушылар, негізінен үйдің сыртқы
келбетіне үлкен мән берген және үйдің
сыртқы пошымына қарап ол үйдің иесінің кім екенін
айқындап отырған. «Үйлері қоңыр екен деп көп ауылдан
кетпеңіз» деген
халық даналығын да жадынан еш шығармаған жолаушы кейде
кедей ауылға түнделетіп тап болып отырса да, түнеп
шығуды өтінген. Ондайда көбіне «Аш адам ұрысқақ, арық адам
тырысқақ келеді» демекші жарлы-жақыбайлар жарты наны
болса да бөліп жеуді, тіпті жейтін наны болмаса да «Қуыс үйден құр шықпас» деп
ыстық сумен болса да бойларына әл беруді жөн көретін
қарапайымдылық, қонақжайлылық танытылып
отырған. «Үй иесі мейірлі отырса, қонақ
көңілді отырады» дегенде естен шығармауға тырысып,
жылы қабақ танытады. Қазақта «Би болмасаң болма, би түскендей үй бол» деп
тегін айтпайды. Жолаушылап келе жатқан адам әр түрлі
жағдайларды басынан өткерері анық. Кейде түсетін
үйінде «ер адам болмай, ұялып қалмаспыз ба» деген ой да
мазаламай тұрмаған. Алайда үй таңдайтындай күйде
емес екенін, бір шыны болса да ыстық шай ішіп, әсіресе қыста,
бой жылыту қажеттігін түсінген жолаушылар «Атасыз үй болса да, ассыз үй болмайды» осы бір
үйге түсейік деп шешкен. Өкінішке орай, ондай
жүргіншілерді әркезде құшақ жая қарсы ала
бермеген, кей үйдің иелері түнеуге рұқсат бермей,
басқа үйге жөн сілтеп,
шығарып жіберіп те отырған. «Үйі аппақ
екен деп оңаша үйге түспеңіз» деген
мақал осыдан қалса керек. «Үйінен
қырық қадам шыққан адам — мүсәпір»
демекші мұндай қылықты басынан кешу ауыр тиген жолаушы
қазаққа жат мінез танытқан кезде «Әдепсіз үйге кірме, әкімсіз елде тұрма» деген
осы да деп қана кетіп отырған. Ондай үй иелері тек өз
басының ғана қамын ойлайды, елмен араласуды білмейді.
Қазақ халқына мұндай қылық тән емес.
Негізінен қазақтың қонақжай халық екенін
барша әлем біледі. Сондықтан да бала тәрбиесінде көбіне
ата-аналары балаларына «Ішілмеген ас
күлмен тең, кісі кірмеген үй көрмен тең»
үйіңнен қонағың арылмасын деп бата беріп жатады. «Үй баласымен базарлы,
қонағымен ажарлы», «Үйіңе қонақ келсін,
алыстан сұрап келсін», - деп
қонақ келсе мәз болып қарсы алуды,
қонақжайлылық танытуды уағыздайды. Әсіресе
жаңа отау құрып, еншісін алып бөлек шыққан
баласының бойына осындай қазақи
қонақжайлылықты дарытуға тырысады. Осыны естіп өскен
ұрпақ «Үлкен
үйдегілер күлсе, кіші үйдегілер езу тартар» демекші ата
жолын жалғастырып, қонағы келсе «Түтін шыққан үй жылы, Төскейлей
шыққан күн жылы»
деп қойын сойып, ет асып жатады.
Сонымен қатар қазақта
«Үйге келген адамға
үйдей өкпеңді айтпа» деген мақал бар.
Қазақта қаншама ренжулі жүрген адам болса да, ол адам
үйіне құдайы қонақ ретінде келгенде, еш уақытта да өкпесін
айтпаған, суық қабақ танытпаған. Керісінше, «Үйге кірген жыланның да басына
ақ құйып шығар» деген халық даналығын ұстанып, ол келген
адамға сый-сияпатын көрсетіп, дастарқан жайып,
дәм-тұзынан таттырған. Әрине, әркімге өз
үйі алтын діңгек. «Қайран
менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» немесе «Өз үйім, өрен
төсегім» деп тегін айтылмаған ғой, қаншама
қонақжайлылық танытқанмен де, әркім өз
үйіне оралғанша асығары да шындық. «Туған үйдің түтіні жылы, Туған
ананың күтімі жылы» деп
тегін айтылмаған ғой. Себебі үй ол – отбасы, үй ол –
Отан, үй ол – туған ел, үй – сенімен біте қайнасып
жатқан жұртың, халқың. Сондықтан да
халық «Жаман үйден
қосым артық. Сынық ошақтан мосым артық»
дейді.
Жалпы үй ол жеке бастың
ғана қорғаны емес, отбасының, елінің де
қорғаны болуы керек. Отбасы бар, балалы-шағалы
үйдің өмір салты да қызықты болмақ. Себебі
бала өріс, бала көптік, көпшілдік. Бала
болғандықтан туыс та көп, ұрпақ
жалғастығы да бар. «Үйде
кісісі көп болса, далада кісі тимейді» немесе «Үйде туысы көпке түзде дұшпан тимейді»
деген мақалдарда шындық жатыр.
Қазақта «Балалы үй – базар, баласыз үй –
қу мазар» деп тегін айтылмаған. Қазақ үшін
бала үлкен құндылық, өмірдің мәні мен
сәні. Бала былдырына, бала күлкісіне не жетсін. Бала –
қуаныш, шаттық сыйлаушы, бала – өмір ұзыртушы. Олай
дейтініміз психолог ғалымдар «адам неғұрлым көп
күлсе, шынайы күлсе, соғұрлым өмірі
ұзарады» дейді. Ал шынайы күлкі сыйлаушы пәк сезімді бала.
Ендеше бала – өмір ұзартушы
деп отырғанымыз орынды. Шынымен-ақ бүлдіршін баламен
сөйлескенде адам еріксіз балалық шағына қайтып
оралғандай болады. Үп-үлкен, тіпті лауазымдағы адамдар
да баламен бала болып жатқанын көргенде риясыз риза боласың.
Халықта: «Үйің үй-ақ екен, ішінде
ойнайтын баласы болса»
деп немесе «Үйінде ұл-қызы бардың
көгінде сөнбес жұлдызы бар»
деп тегін айтпайды. Адам – баласы үшін дүние жинайды, баласы үшін
еңбек етеді. Ал егер артыңда жиған тергеніңе ие болып
қалар ұрпағың болмаса, ғұмырыңның
зая өткені емес пе?! «Жалғыз
ағаш үй болмас, жалғыз адам би болмас» деген. Алайда, бір
үйдегі, бір отбасындағы адамдар бір-біріне қонақ
іспетті. Өйткені олардың әрқайсысы өсіп, жетіліп
өз алдына отбасын құрып, шаңырақ көтеріп
жатады. Осыны ұғынған халық: «Үй іші толған жансың, бір-біріңе
меймансың», - дейді.
Қазақта үйге, балаға байланысты «Балалы
үйде ұрлық жатпайды» деген де мақал бар. Бұл
баланың пәктігін, еш арамдық ойламайтын тазалығын
танытады. Шынымен-ақ бала біреуден бірнәрсені жасыру керек дегенді
білмейді. Балаға үйде еркіндік берілуі керек, сонда ғана
балада еркін ойлауға мүмкіндік туады. Ал ондай баладан жақсы
адам шығары анық. «Үйде
оңбаған түзде де оңбайды», «Үйде өскен
бұзау түзде өгіз болмайды» деген халық даналығы соны мегзейді. Ал «Үйде озған, түзде де
озар». «Түздегі май ішеді, Үйдегі зәр ішеді» демекші баланың
қанатын қайырмай, еркін ұшуына мүмкіндік беру
қажет. Бала шетке шығып білім-ғылым жинауы қажет. Ол
оның ертеңіне қажет болар азық. Саналы бала өмір
жолында көрген қателіктерінің кейін қайталанбауын
ойлайды, қиындықтарының арқасында шыңдалады. Оны «Үйден ұзап
шықпасаң, қатынға қадірің
болмайды. Ауылдан ұзап шықпасаң, жақынға
қадірің болмайды» деген мақал соның
айғағы іспетті.
Жалпы отбасы, отбасы тәрбиесі
туралы мәселе «үй» концептісімен тығыз байланысты болып
келеді. Себебі, отбасы дегеніміздің өзі «үй». Біз
жұмысымыздың екінші тарауында «үй» концептісінің
білдіретін мағыналарын санамалап ашып түсіндіргенбіз. Соның
бірі «үй» концептісінің білдіретін мәні отбасы екендігі. Ал
отбасы қоғамның тірегі. Қоғамдағы көп
нәрсе отбасы тәрбиесіне байланысты болып келеді. Қазақ
халқы үйде мақал-мәтел арқылы, тұспал
сөз (өлең), тұрақты оралымдар арқылы балаларын жайлап, ақырын, дауыс көтермей-ақ
тәрбиелеп отырған. Жастарға өнер-білім, тіл
үйретуде әсіресе мақал-мәтелдердің мәні аса
зор. Мақал-мәтелдерде бала тәрбиесіне үлкен мән
беріледі. «Қызға
қырық үйден тию» демекші бала тәрбиесімен тек
отбасы, өз үйі ғана емес, туған-туысқандары,
тіпті бүкіл ел боп айналысқан, жас ұрпақты
жақсылыққа баулыған.
Отбасында
адам бойындағы асыл қасиеттер
жарқырай көрініп, қалыптасады. Алайда үй болған
соң әр түрлі жағдайлар болып жатады. «Үй
болған соң шыны-аяқ шылдырамай тұрмайды», демекші
ұрыс-керіс те болып қалуы ықтимал. Дегенмен «Үйдегі қоқысты
далаға төкпе» дегендей ұрыс-жанжал шығарып,
ойбайлап шашын жайып көшеге шығу қазаққа жат
қылық. «Үйде – атан,
түзде – бура» бола білу керек. «Үйде шешен, дауға
жоқ, Үйде батыр, жауға жоқ» болудың
қажеті жоқ.
«Үй»
ол – қасиетті орда, тұрақ, баспана. Үйде жылылық
болуы қажет. «Үйде бір күн ұрыс болса,
қырық күндік ырыс кетеді» деп тегін айтылмаған. Сондықтан
әрқашан төзімділік таныту қажет, босқа
айқай шығарып, үйдің берекесін кетіруге болмайды. «Үйден шың шықса,
дастарқаннан құт қашар» «Үйге ұт кірді –
егіншінің көкейіне құт кірді» деген аталарымыз.
Ендеше отбасының, үйдің тірегі болып отырған ер адам
да, үйдің ұйытқысы болып отырған әйел адам
да осыны естен еш шығармауы тиіс. Сондай-ақ
қазақта «Үй ішінен жау шықса,
тұра қашып құтыла алмассың»
дегенді кесе көлденең тартып, ауызбіршілікке,
адалдыққа, ынтымақ-бірлікке тәрбиелеп отырған.
Алдымен, бір-біріне мейрімді, қорған бола білуге, соның
негізінде отбасы мәселесін, ел мәселесін жеке бас мәселесінен
жоғары қоюға тәрбиелеген. «Бір үй аш болса,
ауыл аш, ауыл аш болса, ел аш» дегенді айтып адам тағдыры ел
тағдырымен тығыз байланыстылығын танытқан.
«Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні
шықпас» дегендей атамыз қазақ жалғыз өзің
тойғаныңша, көппен бірге қиналуды бала бойына дарытуды
жөн көрген. Не көрсе де елімен бірге көруді дұрыс
деп тапқан халық бала қаншама жыраққа
шыққанмен, ол әрқашан еліне, үйіне қайтып
оралуы қажеттігін де баласының санасына құйып
отырған. Бұл жерде «Үй» концептісі отбасы мен қатар
Отан, ел, туған жер дегенді де білдіретіндігін айтуымыз қажет. Басқа
елдің тасы да бөтен, суы да бөтен демекші, әр
елдің өз салты бар, өз мүддесі бар. Сондықтан да «Басқа үйдің жығуын
білсем де, тігуін білмеймін» дейді қазақ. Бұл жерде
«үй» концептісі ел
мағынасында қолданылғаны байқалады. «Күйі бірдің күні бір,
үйі бірдің шиі бір», «Ордаға керек отауға да керек»
демекші не мәселе болса да бірге шешу керектігін айтады. Бүгін
елің үшін деп істегенің ертең өз
үйіңе де, яғни отбасыңа да қажетті шаруа екенін
түсінуіміз керек. Және керіcінше, Отан әр отбасынан әр
үйден құрылатынын да ұмытпауымыз қажет.
Яғни Отан, отбасы, үй
бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан «Бір үй аш болса, ауыл аш, ауыл аш
болса, ел аш» дейді. Елдегі болып жатқан жағдай отбасы
психологиясына, отбасы мәдениетіне, отбасы тәрбиесіне, қала
берді «Үйдегі есепті базардағы нарық
бұзар» немесе «Үйдегі нарық көшеге
тура келмейді» демекші отбасы бюджетіне де әсер етіп отыратыны
шындық. Бүгінгі күні
қазақ қоғамы алдында тұрған үлкен
келелі мәселелердің бірі осы – үй мәселесі.
Көптеген төл жұртымыздың баспанасыз отырғаны да
ащы шындық. «Үйі бардың
күйі бар, үйі жоқтың күйі жоқ» дейді халық.
Сондықтан да елбасымыз осы мәселеден шығудың бірден-бір
жолын ойластырып, өзінің бір Жолдауында «Тұрғын
үй-коммуналдық» мәселесін жолға қоюды
ұсынған болатын. Осы ретте «Үйі
жоқтың көңілінде алтын сарай жүреді»
демекші қолжетімді
баспана мәселесі бүгінгі таңда қолға алынуда. Ол
туралы бұқаралық-ақпарт құралдары жазып та
жатыр, сөйлеп те жатыр. Яки халықты жасалып жатқан істерден
құлақтандыру үстінде. Жалпы, «үй» концептісі
қоғам өмірінде әлеуметтік, мәдени,
экономикалық мәселелермен тығыз байланысты болып келетін
концепт.
Қорыта
келгенде «Үй» концептісі қазақ тілінің көптеген
лексикалық бірліктерінің құрамында ұшырасады.
Соның бірі мақал-мәтелдер. Біз «үй» концептісін
қарастыру барысында «үй» концептісі құрылымына негіз
болған сексенге жуық
мақал-мәтел таптық. Оларды зерделей келе, үй
қазақ халқының таным-түсінігін,
тұрмыс-салтын, мәдениетін, әдеп-тәрбиесін
көрсететін этномәдени концепті екеніне көз жеткізуге болады.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. –Алматы:
«Қазақ энциклопедиясы», 9 т. 2007. - 84 б.
2.
Жумашева
А. Ш. Лингвокультурология в условиях диалога культур и
проблемы интерференции. - Павлодар, 2010.
3.
Манкеева Ж.А. Этнос тілі табиғатының
ерекшеліктері // Тіл тарихы және сөз табиғаты. – Алматы:
Ғылым, 1997. – 272 б.
4. Нұрдәулетова Б. «Атамекен»
концептісі қазақ лингвистикасында // «Қазақ тілі мен
әдебиеті» журналы. № 5, 2009. – 74 б.
5. Манкеева Ж. Мәдени лексиканың ұлттық сипаты. -
Алматы: «Ғылым», 1997. – 272 б.
6. Қайдаров Ә.Т. Қазақ тілінің өзекті
мәселелері – Актуальные проблемы казахского языка. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 17
б.
7. Кенжеахметұлы С.
Қазақтың ырымдары мен тиымдары. - Алматы: «Ана тілі», 2002.