Магистрант Оспанова Зарина Ибрагимовна

Тұран-Астана университеті, Қазақстан

 

АДАМДЫ САУДАҒА САЛУДАҒЫ СУБЪЕКТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Қазақстан Республикасы өз егемендігін жариялағаннан бері, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекеттің құрылуы - әділет жүйесінде барлығын дерлік түбегейлі реформалауды талап еткендігі ешкімге де дау туғызбасы анық, оған тек сот қана емес, сонымен қатар мемлекеттік биліктің құқық қорғау институты да жатады. Сол егемендігімізді алған жылдар ішінде республикамыз тарих беттерінде алтын әріптермен жазылып қалатындай талай із қалдырды десек артық айтқан болмас едік. Мемлекеттік биліктің барлық тармақтарында сан-алуан өзгерістер пайда болды. Әсіресе, заң шығару саласындағы өзгерістер. Жыл сайын республикамызда қоғамның әртүрлі салаларында алуан-алуан заңдар дүниеге келіп, заман талабына сай оларға өзгерістер енгізілілуде. Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабына сәйкес, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары [1,2]. Бұл әлемдік қоғамдастықпен бекітілген, тиісті халықаралық-құқықтық актілерге сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Адам құқықтарын қатаң бұзатын құбылыстың бірі – оны саудаға салу. Мұнда адам құқық бұзушылықтарының толық спектрін байқауға болады: еркін-жүріп тұру құқығы, медициналық қызметке құқығы, еңбегіне лайықты ақы алу құқығы. Ең бастысы – бас бостандыққа құқығы шектеледі. Осы орайда мақалада қылмыстың субъектісінің ерекшеліктері қарастырылады. Қылмыс субъектісі 16 жасқа толған, әрекетке қабілетті жеке тұлға. Қылмыс субъектісі:

-  қорқыту, физикалық күш немесе басқа тәсіл арқылы өзге тұлғаның мүддесі үшін белгілі бір жұмыс түрін атқаруға мәжбүрленген тұлға;

-  ешқандай мәжбүрлеуге душар болмаған, бірақ оның еңбегін басқа тұлға өз мүддесі үшін пайдаланған тұлға [2,5].

Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен, пайдакүнемдік мақсатпен және арнаулы мақсат – адамды пайдалануға қалауымен сипатталады. Қылмыс құрамының дәрежеленуі ҚР ҚК 128-бабының 2-тармағында көрсетілген: алдын ала сөз байласуы бойынша адамдар тобымен; бірнеше рет; өмір мен денсаулығына қауірті күш қолданып немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы; қару немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолданып; кінәліге жүктілік жағдайында екендігі көрінеу белгілі әйелге қатысты; екі немесе одан да көп адамдарға қатысты; ауыстырып салу немесе өзгедей пайдалану үшін жәбірленушінің органдарын немесе тінін алу мақсатында; алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен; адам өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып; жәбірленушінің материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдаланып жасау. Адам саудасының алдын ала сөз байласуы бойынша адамдар тобымен жасалуы. Бұл ҚР ҚК 128-бабы 2-бөлімі «а» тармағымен сараланады. ҚР ҚК 31-бабының 2-бөлігі негізінде, егер қылмыс жасауға бір немесе одан да көп адам бірлесіп жасауы туралы күні бұрын уағдаласқан адамдар тобы қатысса алдын ала сөз байласып жасалған қылмыс деп танылады [3,5]. Адам саудасы операциясы оңай шаруа болмағандықтан, ол көбінесе адамдар тобымен жасалады. Бұл адамдар арасында қызметтік рөлдерді бөлу, жеткізушілерді, делдалдарды табу арқылы жүзеге асырылады. Криминалды нарық заңы бойынша, жоғары сұрауда әйелдер (жыныстық пайдалану үшін) және балалар (оң мақсатпен: кәрі шақта жалғыздығын басу үшін, биологиялық ата-ана бола алмау салдары; кей жағдайда теріс мақсатпен: балалар жезөкшелігі және порнографиясы) тұрады. Қылмыстық құқық тұрғысынан бірлесіп жасалған қылмыстардың барлығы алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобымен жасалған және ұйымдасқан қылмысқа жатпайды. Р.Р. Галиакбаров топтық қылмысқа былайша сипаттама беріп өткен екен: «Әр қатысушы қасақана, өзге қылмыскерлермен бірге барлығына ортақ қылмысты толық немесе ішінара жасау арқылы жүзеге асатын қылмыс». Қазақстанның қылмыстық заңнамасы бұл қылмытың жоғары қауіптілігін мойындап отыр. Отандық зерттеуші Е.А. Саламатов былай жазған: «Қылмыстық қызмет адам баласының туындысы ретінде тек жалғыз ғана емес, сонымен қоса криминалды «құқықтар» мен «міндеттерге» бөлінген адамдар тобымен де жүзеге асырылады». Н.Г. Ивановтың айтуынша, топтық қылмыстың қауіптілігі жоғары болып келеді және адамдар тобымен жасалатын қылмыс жалпы қылмыстың 2/3-сін құрайды. Осыған байланысты заңнама алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы мен қылмыстық топты ажыратқан. Жоғарыда аталғанның біріншісінде алдын ала сөз байласады, мақсатқа жету уақыты белгіленеді. Сөз байласудың мазмұнына рөлдерді бөлу, қылмыс жасалатын уақытты, орынды және тәсілді белгілеу кіреді. Осыған орай, 2005 жылы ҚР ҚК 128-бабының 3-тармағы бойынша, Е. Горская азаматшасына қатысты материалдық пайда түсіру және криминалдық бизнесті ұйымдастыру мақсатында кәмелетке толмағандарды жыныстық қанау үшін Біріккен Араб Әмірлігі территориясына жіберу мақсатымен ұйымдасқан қылмыстық топ құраған. Олар Қарағанды облысы, Сәтпаев қаласына келіп, сыбайластары Р.Ивановпен және М.Ивановпен көбі әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан кәмелетке толмаған қыздарды алдау жолымен азғырып көндірді. Шілдеден қазанға дейінгі айларда сегіз кәмелетке толмаған жас қыздар жезөкшелікке тартылыпы [4,65].

Адамды саудаға салуды бірнеше рет жасау. Бұл ҚР ҚК 128-бабы 2-бөлімі «б» тармағымен сараланады. ҚР ҚК 11-бабының 1-бөлігінде: «Осы Кодекстің  Ерекше бөлімінің белгілі бір бабында немесе бабының бөлігінде көзделген екі немесе одан да көп әрекетті жасау – қылмыстардың бірнеше рет жасалуы деп танылады». Қылмыстық заңнамада басқа дәрежеленуші белгілердің ішінен қылмыстың топпен жасалуы, бірнеше мәрте жасалуы көп аталады. Ерекше бөлім нормаларында қылмыстың бірнеше мәрте жасалуы қылмыстың дәрежеленген құрамы туралы айтуға мүмкіндік береді. Осылайша, ҚР ҚК бойынша бірнеше мәрте жасалу белгісі дәрежеленген белгі ретінде 60 қылмыс құрамында бар екен. Өмір мен денсаулыққа қауіпті күш қолданып немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы адам саудасын жасау. Бұл ҚР ҚК 128-бабы 2-бөлімі «в» тармағымен сараланады. Бұл дәрежеленуші белгіге төмендегі мысалды келтіруге болады. Адам саудасы құрбандары қылмыскерлердің айтқанын орындаудан бас тартатындықтан, қылмыскерлер олардың өміріне қарсы қауіпті күш қолданады не оны қолданамын деп қорқытады, бопсалайды. Қару немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолданып адамды саудаға салу. Бұл ҚР ҚК 128-бабы 2-бөлімі «г» тармағымен сараланады. Қару немесе қару ретінде пайдаланылатын заттар барлық жағдайда өмір мен денсаулыққа зиян келтіріледі. ҚР «Қарудың кейбір түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау туралы» 1998 жылы 30 желтоқсандағы Заңына сәйкес, қару – тірі не өзге нысананы зақымдауға сындарлы бағытталған құрылғылар мен заттар. Екі немесе одан да көп адамға қатысты адам саудасы. Бұл ҚР ҚК 128-бабы 2-бөлімі «е» тармағымен сараланады. Бұл Қазақстанның адам саудасы туралы қылмыстық-құқықтық нормасында бекітілген саралаушы белгісі бір немесе бірнеше адамға қатысты заңсыз мәмілелер жасалуымен сипатталады. Мұнда кінәліде тікелей  қасақана ниеттің болуы шарт емес. Екі немесе одан да көп кәмелетке толмаған балаларды саудаға салу жоғарыда аталған дәрежеленген белгі – бірнеше мәрте жасаумен ұқсастығы бар. Екі жағдайда да қылмыс бірнеше адамға бағытталып жасалуы мүмкін. Бірақ түпкілікті өзгешелік кінәлінің ниетінің бағытында. Екі не одан да көп кәмелетке толмағанға қатысты сауда операциялары жасалғанда көтерме (оптовый) сипат және сол операциялардың синхрондығы орын алады. Бірақ Е.А. Якубов мәмілелер әр түрлі уақытта, бірақ бір ниетпен жасалуы мүмкіндігін айтады және мысал ретінде егіздерге қарсы жасалған әрекеттерді келтіреді [5,31]. Сондықтан бұл жағдайдағы негізгі белгі кінәлінің ниетінің бағыты. 2009 жылы маусымда облыстық ішкі істер департаментіне 33 жастағы әйелден арыз түскен. Онда арызданушы еуропа тектес азаматтың өзін күштеп ұстап, жыныстық қатынасқа баруға мәжбүрлегенін айтыпты. Жапа шегушінің сөзіне қарағанда, маусым айының басында өзін прорабпын деп таныстырған азамат пәтер жөндеу бойынша жұмыс тауып беруге уәде етеді. 32, 33 және 39 жастағы үш әйелді алдап, сеніміне кірген алаяқ оларды теміржол вокзалы маңындағы пәтерлердің біріне әкеліп, сыбайласына 25 мың теңгеге сатып жіберген. Жергілікті полиция қызметкерлерінің айтуынша, қылмыскерлер азаматшаларды бірнеше күн қамауда ұстаған көрінеді. Оларды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Айтқандарына көнбегенін ұрып-соғу арқылы жазалап отырған. Адам саудалаған күдіктілер жедел іздестіру жұмыстары барысында қолға түсті.

Ауыстырып салу немесе өзгедей пайдалану үшін жәбірленушінің органдарын немесе тінін алу мақсатында адамды саудаға салу орын алғанда ҚР ҚК 128-бап 2-бөлігі «ж» тармағы бойынша жауапкершілікке тартылады. ҚР «Азаматтардың денсаулығын қорғау туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңның 1-бабының 19-тармағына сәйкес, ауыстырып салу (трансплатация) – адамдардың тіні мен органдарын (органның бөліктерін) организмдегі өзге орынға не өзге организмге ауыстыру, көндіктіру. Кейбір авторлар трансплатацияға тыйым салу керек деген ойларын білдірген, себебі бұл адам саудасының бой алуына септігін тигізеді деген. Қазіргі кезде денсаулық сақтау саласында гендік инженерия мен органдарды клиникалық ауыстырып салу дамуымен қатар, бұл салаға байланысты қылмыс саны да өсуде. Сондықтан 2002 жыл жайдан жай Денсаулық жылы деп жарияланған жоқ. Бүгінгі күні әлемде адамның органы мен тінін ауыстырып салу бойынша 500 ірі хирургиялық орталықтар бар. Ұқсас операциялар да көбейіп кетті. Операциялардың қажеттілігіне орай, олардың бағасы да өсті. Мысалы, бауырды ауыстыру 350 мың АҚШ долларын, жүрек - 100 мың, бүйректі ауыстыру – 400 мыңды құрайды. Ю.Н. Мольков, С.Д. Голикова, Т.А. Сидорина бір дауыстан өмірлік маңызды органдар мен тінін ауыстыруда жеткен нәтижелер қазіргі медицинаның даму шегінде тұрғындығын 1974 жылы айтып кеткен болатын. К.Айтбаевтың мәліметінше, 1993 жылы қажеттілік 2700-ді құрағанда 1700 бүйрек ауыстырылып салыныпты [5,72]. Осыған байланысты М.И. Ковалев дұрыс айтып өткен: «Өмір куәландырғандай, адамзаттың ең үлкен жауы – адамның өзі» [18,73]. Әлем бойынша адам органдары мен тінін ауыстырып салуға қатысты 200-ден артық нормативтік-құқықтық актілер қабылданған. Қазір органдарды ауыстырып салу мәселелерін реттейтін нақты әрі тура заңнаманының жоқтығы үлкен сұрақ тудырып отыр. Нақты айтқанда бұл мәселені Г.Р. Рустемова, К.Айтбаева, О.Фоменко, Ф.Галицкий, А.Жакенов қозғаған. 2006 жылы осы мәселеге байланысты заң жобасын талқыға салған сенаторлар адам органдары мен тінін заңды пайдалануға қатысты арнайы бір заңның жоқтығына, ерікті түрде басқа адамға өз органын бергендерді қорғау мәселесінің шешімін таппағанына назар аударды. Нәтижесінде, бірқатар пысықтаулардан кейін заң жобасы Мәжіліске қайтарылды. 2009 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында адам саудасы мәселесіне қатысты заң жобасы мақұлданды. Алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен адамды саудаға салу. Бұл ҚР ҚК 128-бабы 2-бөлімі «з» тармағымен сараланады. Адам саудасына байланысты қылмыстардың 70% алдау-арбау жолымен жүзеге асырылады. Себебі адам алдында қандай жағдайда, қандай жұмыс күтіп тұрғанын білсе, ондай жағдайға бармайды. Адам өз қызметтік жағдайын пайдаланып адам саудасын жасауы. Бұл ҚР ҚК 128-бабы 2-бөлімі «и» тармағымен сараланады. Мұнда кінәлі міндетті түрде қызмет жағдайы жәбірленушіден жоғары болу керек және оның бұл жағдайы ойлаған қылмысын жүзеге асыруын жеңілдетеді [6,52]. Қыруар қаржы әкелетін саудамен айналысатындар әбден әккі, әрі ізін суытуға дағдыланған. Адам сатуға кейбір мемлекеттік қызметкерлердің де қатысы бар. Осындай айыппен 2007 жылы түрлі деңгейдегі үш шенеуніктің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Біреуі ұсталып, алты жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Адам саудасы жәбірленушінің материалдық немесе өзге тәуелділігін пайдаланып жасалғанда өзіне қызметтік не өзге жағдайда тәуелді адамға қарсы белгілі бір әрекетті жасаймын деп қорқыту, бопсалау жолымен жүзеге асады. Бұл ҚР ҚК 128-бабы 2-бөлімі «к» тармағымен сараланады. Жоғарыда аталған дәрежеленген белгілер орын алғанда кінәлінің мүлкін тәркілеп немесе онсыз бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. ҚР ҚК 128-бабының 3-тармағында ерекше дәрежеленген белгілер көрсетілген. Оған осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге әкету, Қазақстан Республикасына әкелу немесе бір шет мемлекеттен екіншісіне Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасу мақсатында жасалған әрекеттер, сол сияқты осындай әрекеттерді жасау мақсатында адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге әкету, Қазақстан Республикасын әкелу немесе бір шет мемлекеттен екінші мемлекетке Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасу. Бұл жағдайда кінәлінің мүлкін немесе онсыз жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады [7,52].

Адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге әкету Қазақстан Республикасының азаматтарын Қазақстан Республикасының шекарасынан тыс жерлерге жіберу. Адамды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасу – шетел азаматтарын бір шет мемлекеттен екінші шет мемлекетке Қазақстан Республикаы территориясы арқылы өткізу. ҚР ҚК-нің 128-бабы 4-тармағында бірінші, екінші және үшінші бөліктердегі әрекеттер ұйымдасқан топпен жасалса, абайсызда жәбірленушінің өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса жауапкершілік қарастырылған. Бұл жағдайда кінәлінің мүлкін тәркілеп, жеті жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасы Конституциясы. Алматы.: Юрист. 2007.

2. Н.Балабаева, Н.Кикимова. Унесенные в.неволю. // Мысль.-2006.- №3.

3. Комментарий к Уголовному кодексу Республики Казахстан. // Под ред. И.Ш. Борчашвили.– Алматы: Жеті жарғы, 2007.

4. Комментарий к Уголовному кодексу Российской Федерации. // Под общ. ред. В.М. Лебедева. Москва, 2004.

5. Корзун И.В. Преступления среди женщин в Казахстане. А.: Жеті жарғы. 1998.

6. В.Д.Иванов. Уголовное право. Ростов на Дону: Феникс, 2002.

7. Н.Ф. Кузнецова. Семь лет действия УК РФ. // Вестник Московского университета. – 2003 - №3.

Резюме

В научной статье рассматриваются понятие и виды субъекта преступления. Подробно раскрывается значение субъекта при анализе состава преступления и квалификации совершенного преступного деяния.

Resume

In the scientific article it is considered notion and kinds of the subject of a crime. Value of the subject is in detail considered at the analysis of structure of a crime and qualifications accomplished criminal act.