Заманауи
костюмдердің гармониялық үйлесімділігі
А.Ж.Куламанова - «Жеңіл өнеркәсіп
бұйымдарының технологиясы мен конструкциялауы және дизайн»
кафедрасының оқу шебері, техника ғылымдарының магистрі»
(Тараз қаласы. М.Х.
Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті)
Г.С. Смагулова – «Жеңіл өнеркәсіп
бұйымдарының технологиясы мен конструкциялауы және дизайн»
кафедрасының аға оқытушысы, техника және технология
магистрі»
(Тараз қаласы.
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті)
К.К. Иманбекова - «Жеңіл өнеркәсіп
бұйымдарының технологиясы мен конструкциялауы және дизайн»
кафедрасының аға оқытушысы, педагогика магистрі»
(Тараз қаласы. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті)
Көрсетуге арналған киімді
модельдеуде суретші-дизайнер бірінші кезекте оның эстетикалық
жағына басты назар аударады, оған қойылатын
тұрмыстық талаптар екінші кезекте, яғни, киімнің
тұрмыстағы қажеттілігі, ыңғайлылығы
назардан тыс қалады. Сондықтан, көрсетілуге арналған
костюм ерекше пішінде болуы мүмкін. Киім пішіндерінің өзгеруі
адамның жаңалыққа ұмтылуынан, оның
эстетикалық қажеттілігінен, сонымен қатар, моданың
жалпы дамуымен байланысты болады (1).
Қазіргі
кездері сәннің біртектілігі мен бірлігі аралас стильдерге орын
берген, мұнда халық костюмінің өзіндік ерекшелігін
көрсететін этникалық мотивтер мен тәсілдер бір-бірімен
үйлесімін тапқан. Алдыңғы қатарлы
дизайнерлердің коллекцияларында ұлттық стильде
дайындалған модельдер көптеп кездеседі. Киімдерде қазіргі
заман мен болашақтың элементтері байқалады (2). Керісінше,
жастарда ұлттық киімге сұраныс онша жоқ.
Сондықтан, қазіргі заман модельерлері ұлттық
дәстүр мен заманауи костюмдердің гармониялық
үйлесімділігін қамтамасыз ете алатын жаңа үлгілер
іздестіруде.
Ұлттық
костюмді өнер туындысы ретінде зерттеген сайын, одан көптеген
құндылықтарды табасыз, ол біздің
ата-бабаларымыздың жылнамасы ретінде көрінеді. Онда халық
өнерінің сұлулық заңдары мен
құпиялары ою-өрнек, пішін, түстер көмегімен
көрініс тапқан. Сондықтан, халық костюмі ешқашан
жоғалмайды, керісінше, халықтың өткенін қазіргі
заманмен және болашақпен байланыстыратын буын ретінде қалады.
Ұлттық
костюм бөліктерінің пішінінде, қолайлылығында
біздің ата-бабаларымыздың көптеген ғасырлық
тәжірибелері жинақталған. Көркем ою-өрнектер мен
безендірулерде халықтың көркемдік көзқарасы,
оның жаңа жетістіктерге жетуге ұмтылысы көрінеді.
Сондықтан, халықтық стильді пайдалана отырып, қазіргі
заманғы костюм жасауда халықтық стильге тән киімді
модельдеу мен пішу ерекшеліктерін, пішу мен декор бірлігін пайдалану керек (3).
Көне
дәстүрлерді пайдалануға бел буған әрбір суретші
өнердің әр түрлерінің шексіз мүмкіндіктері
бар екеніне көз жеткізеді. Мұндай мүмкіндіктер жаңа
модельде халықтың ұлттық өзіндік ерекшелігін
көрсетуге жағдай жасайды. Әртүрлі елдердің
мәдени дәстүрлерін пайдалану, әртүрлі
халықтар мен әртүрлі тарихи кезеңдердің
элементтерін араластыра пайдалану арқылы жаңа қайталанбас
туындылар жасауға болады (4).
Этникалық стиль әлемдік
мода нарығында өзіне лайық орын алған.
Өткеннің пішінін, түсін, силуэтін және декорын
пайдаланудан қазіргі заман дизайны ұтылмайтыны анық.
Мұнда өткеннен дайын
нақты пішіндер алынбайды, костюм жасаудың жалпы
қағидалары, көркем шығармашылық
дәстүрлері алынады, яғни жаңа деңгейдегі,
өткен заман мен қазіргі заман образдарын біріктіретін
ұлттық образ пайда болады. Ізденісті, экспериментті көп
қажет ететін жастар сәнінде эклектика басты тақырып болып
саналады. Стильдер мен бағыттарды шебер үйлестіре отырып,
костюмнің көп нұсқалығын арттыруға
болады. Мұнда костюмнің біртұтастығы мен гармониясын
сақтаудың басты шарты – талғам мен
қанағатшылықты сақтау болып табылады. Бұрын
біріктіруге болмайды деп саналатын элементтерді біріктіру жас
стилистердің сүйікті тәсіліне айналды, бұл тәсіл
жаңалықтар ашуға шексіз мүмкіндіктер жасайды.
Бірақ, фольклорлық мотивте жасалған қазіргі заман
костюмі ұлттық костюмнің дәл көшірмесі болмауы
тиіс. Түпнұсқамен байланыс неғұрлым жіңішке
болса, костюм соғұрлым гармониялық және жетілген болып
саналады (5).
Әдебиеттер:
1.
Ермилова
В.В., Ермилова Д.Ю. Моделирование и художественное оформление одежды. М.:
Академия, 2000г.
2.
Мерцалов
М.Н. Поэзия народного костюма. М. Легпромбытиздат, 1975г.
3.
Рассохина
Э. Казахские национальные традиции в современной одежде. Алма-ата, 1982г.
4.
Традиции
народной одежды и искусство современного костюма. Сборник научных трудов. М.,
1983г.
5.
Асанова
С., Птицына А. История казахского народного костюма и прикладного искусства.
Алматы: Тауар, 2000г.