Магистр-аға оқытушы Смаилова М.С.

Шымкент қаласы, Қазақстан

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты

 

МУЗЫКА САБАҒЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ

ІС-ӘРЕКЕТІН ДАМЫТУ

 

Жалпы орта білім беретін мектептердегі оқу тәрбие жұмысының нәтижесі мен сапасын көтеру мәселесі бүгінгі таңда алдыңғы қатарда тұрған маңызды істердің бірі. Қазақстан Республикамыздың Білім беру заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті- ұлттық және жалпы адамзаттың құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу»- деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделді. [1]

Міне, осы мәселелерді жүзеге асыру үшін, өсіп келе жатқан жас ұрпақты заман талабына сай оқытып, білім беруде жаңа технологияларды қолданудың қажеттілігі туындады. Солардың бірі музыка сабағында оқушылардың танымдық іс-әрекетін дамыту. Балалардың танымдық белсенділігін дамытудағы негізгі мақсат мектепке дейінгі білім беруді ұлғайту жолымен балалардың білім алуына бастапкы мүмкіндіктерді бірдей камтамасыз ету болып табылады. Мектеп жасына дейінгі балалардың бойында оқу қызметін меңгерту олардың танымдық белсенділігін дамытудың басты бағыты болып саналады. Танымдық белсенділікті психологиялық-педагогикалық құбылыс ретінде анықтау, бұл мектепалды даярлық кезеңіндегі балалардың тұлғалық сапасының ерекшелігіне талдау жасауға, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиелеу және оқыту үрдісінде оны қалыптастыру жағдайлары мен құралдарын қарастыруға мүмкіндік береді. Ересек адам мектепке дейінгі балаға күшті педагогикалық әсер етеді, ол өзара әрекет үрдісінде кешенді әдістер мен тәсілдер көмегімен танымдық белсенділікті қалыптастырады, балалардың психикалық ойлау, қабылдау, ес, зейін, сөйлеуді, өзіне сенімділікті және ынталылықты дамыта отырып, олардың белсенді танымдық іс-әрекет пен шығармашылыққа бой алуына көмектеседі.

Балалардың танымдық белсенділігін дамыту мәселесі ұстаздардан теория және практикада жаңалықты іздеуді талап етеді, бүгінгі жағдайдағы анықтаушы мағынаға ие, оқытудағы белсенділік принципін жүзеге асыруға бағытталған оқудың мазмұнын, формасын, әдістері мен тәсілдерін, жағдайлары мен құралдарын әлі де жақсарту үшін жаңа мүмкіндіктерді іздестіруді керек етеді. Себебі меңгерілген білімнің сапасы мен беріктігіне тек балаларды оқыту, дамыту және тәрбиелеудің нәтижесі ғана емес, сонымен қатар мектепалды даярлық балаларының өзіндік танымдық іс-әрекеттеріне қатынасының қалыптасуымен тәуелді болып келеді. [2]

Музыка пәнінің мұғалімі жалпыға бірдей білім беретін мектепте музыканы оқыту барысында оқушы бойында музыка мәдениетін қалыптастырушы маман. Мұғалім оқу мен тәрбиені мектептерде қойылатын талаптарды басшылыққа ала отырып береді. Ол музыка бағдарламасы бойынша сабақ жүргізу барысында оқыту мен тәрбиелеудің тиімді әдісін таңдап ала отырып, оқу жоспарын орындайды. Мұғалімнің педагогикалық даярлығы оқушыларға музыкалық тәрбие беру міндетін шешу жолындағы қажетті шарт болып табылады. Мектептегі бала музыкамен үнемі қатынаста болып (музыка тыңдап), онымен бірге қатар өмір сүргенде ғана музыкалық тәрбие өз мақсатына жете алады. Егер бала сабақта ғана музыкамен қатысты болуымен шектеліп қалса, онда музыкалық тәрбиенің біржақты жүргізілгені. Сондықтан, мектептің тәрбие музыканың ролі тиісінше бағаланып, мектептің күнделікті өмірінде музыка мәдениетінің қалыптасуына үйірмелер мектептер ұйымдастырылған концерттер, кештер, жасұландар жиындары елеулі орын алуы тиіс. Мұндай жұмыстарды жүзеге асыруда музыка мұғалімі басты тұлға болғандықтан оның ұйымдастырушылық қасиетінің шешуші ролі бар екендігі түсінікті. [3]

Адамдардың танымдық іс-әрекеті мен шығарымпаздық қиялдарының ролі зор. Оқушылардың, жалпы балалардың қиялдай білу қабілетінің мәні айрықша. Баланы музыка арқылы қиялдауға үйрету арқылы, өмірге дайындайды. Ол төмендегі жолдармен сатылы түрде жүзеге асырылады:

І. Оқушы алдына мұғалімнің қойған нақты мақсаты.

ІІ. Мұғалім мен оқушының мәселені шешудегі берлескен әрекеті.

ІІІ. Толық жан-жақты жасалған соңғы қорытынды.

Қай әдіс қолданылса да жан-жақты ойластырылып, орынды пайдаланғанда ғана ол нәтижесін береді.

Жас өспірімдерді музыка әлеміне терең бойлап, түсініп қабылдауға, талғамын арттыруға, эмоциялық сезімдерін қалыптастыруға, жан-жақты білімді, мәдениетті болып өсуіне зор ықпал ететін музыка сабағының орны еркше. Ал осы музыка сабағын баланың мектепке келген алғашқы күнінен бастап дұрыс ұйымдастырып, музыкалық тәрбие беру музыка пәні мұғалімінің алдында көптеген міндеттер жүктейді.

Қазіргі кезде танымдық белсенділіктің мәнін екі тұрғыда белгілі болып отыр. Кейбір зерттеушілер танымдық белсенділікті іс-әрекет ретінде қарайды, ал кейбіреулер сапа, тұлғалық білім деп ұғады. Бұл мәселені нақтылағанда «танымдық іс-әрекет» және «танымдық белсенділік» ұғымдарын ажыратып жіктеудің теориялық қана емес, тәжірибелік те мақсаты зор. Егер белсенділік пен іс-әрекетті ұқсас құбылыс пен ұғым ретінде қарастыратын болсақ, онда бұндай жағдайда мәселе өзінен өзі шешіледі, яғни, оқушылардың кез-келген іс-әрекеті белсенді іс-әрекет болып табылады, бірақ бұл оңай емес. Оқушының оқу белсенділігінің мәселесі терең педагогикалық зерттеулердің пәні. Бұны зерттеуге М.А.Данилов, Р.Г.Лемберг, И.Я.Лернер, М.И.Махмутов, М.Н.Скаткин, И.Ф.Харламов, Т.И.Шамова, Г.И.Щукина, А.Х.Аренова және т.б. үлестерін қосты. Оқу белсенділігінің әдіснамалық негізі таным теориясы болып табылады.[4]

Танымның мақсаты - жеке тұлғаның санасындағы объективтік шындықтың бейнеленуі болып табылады. Тәжірибелік және рухани әрекетте жеке тұлға өзін қоршаған әлемге әсерін тигізе отырып, өзінің қажеттілігі мен мақсаттарына сәйкестендіріп оны өзгертеді және таниды. Бұл таным процесінің ең жалпы үлгісі. Таным процесі оқушылардың құбылыстар туралы терең білуі ғана емес, меңгерілген білімнің және таным процесінің өзіне деген тұлғалық қатынасын қалыптастыру және оны ерекше ұғынуы. Сонымен қатар, белсенді танымдық әрекетте, білімді, дағдыны және іскерлікті меңгеріп қана қоймай, таным нәтижесіне және процесске деген әсерлі бағалау қатынасын орнату.

Қазақтың ағартушылары Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин қоғам қайраткерлері және педагогтар А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов өздерінің еңбектері мен тәжірибелік іс-әрекеттерінде оқушыларды шығармашылықты дамытуға, өз бетінше ойлай білуге шақырған. Кеңес одағының ғұламалары: Л.С.Выготский, Б.Г.Исипов, Л.В.Занков, В.В.Давыдов, Р.Г.Лемберг, И.Я.Лернер, М.Н.Скаткин және т.б. дамыта оқыту мен оқушылардың танымдық әрекетін белсендірудің теориясы мен тәжірибесіне үлкен, зор үлестерін қосты [5].

Бастауыш сынып оқуышыларына музыкалық білім беру арқылы олардың бойындағы қасиеттерін ояту, дамыту үшін сабақтың әр іс-әрекетіне байланысты шығармашылық тапсырмалар беріп отырған өте дұрыс. Егер де сабақ өте тартымды, қызықты құрылған болса, оқушыларды ынталандыратын әр-түрлі тәсілдермен әдістерді қолдана отырып, оларға өз қалаулары бойынша апсырмалар беріп отыруға болады. Тыңдаған күйге, үйренген әнге байланысты не болмаса бүгінгі сабақ тақырыбына байланысты суреттер салу, әңгімен құрау, өлең құрау, әуен құрау, мүсін жасау. т.б. өз қолдарынан келетін өнерлері бойынша тапсырма беріп отыруды жүйелендіріп, әрбір жаңа сабақтың басында үй тапсырмасын тексеру ретінде 3-4 минут уақыт бөліп қадағалап отырса, әр оқушының бойындаға өнерге ғылымға деген бейімділікті қасиетті дамытуға болады. Осылайша оқушылардың жан-жақтылығы, іскерлігін, құлшынысын қалыптастырып, оларды еңбек етуге, белгілі бір нәрсемен шұғылданып, кәсіби мамандыққа бет бұруға баулимыз. Мұндай шығармашылық тапсырмаларлың нәтижесінде суретшілер көрмесін, ақындар айтысын, мүшәйрасын, жазушылар пікірталасын ұйымдастырып ,оқушылардың алға қарай ұмтылысын, ынтасын арттыруға болады.

Мектептегі музыка сабақтары оқушыларды әсемдік әлемінің таңғажайып сырын терең түсініп көркемдік атаулыны шынайы сезінуге одан рухани ләззат, әсер алуға, өмір жайлы ой толғауға ізгілікті мұра мақсаттарға жетелеп өнегелі істерге баулиды.

Музыка сабағы мектептегі басқа пәндерге қарағанда оқушыларға ерекше әсер етіп, олардың ой-өрісін дамып, танымдық іс әрекетінің дамуына, шығармашылығының қанаттануына зор ықпал етеді. Музыка сабағы арқылы оқушылар тек қана ән айтып, музыка тыңдап қана қоймайды, ғылым білімнің әр саласынан мағлұмат алып, бойларындағы қалаған өнердің немесе мамандықтың негізін қалыптастырады. Музыка сабағында оқушылар еркін ойлап, қиялдап, өз қиялдарының нәтижесін баяндауға немесе суреттеуге дағдыланады. Олардың бәрі оқушыны танымдық іс-әрекеттің және өзіндік дамудың субъектісі ретінде қалыптастыра алады. Оқу мақсаты адамның білім қазынасын көбейту ғана емес, тіптен адам өзінің аман-есен өмір сүруі үшін сол білімдерді пайдалана алуы да емес. Баланы өз заманына сай, айтарлықтай шығармашылық потенциалы бар жеке тұлғаны қалыптастыру үшін оқыту керек, ондай жеке тұлға үшін ғылым, білім, эрудиция қоғамдық құндылықтарды жасау арқылы қоршаған болмысты түрлендіріп, өмір мен басқа ортаны жақсартудың құралы болып табылады. Идеялық өнегелілік қоғамдық бағыттылық оның ниетін, ынтасын, өмірлік жоспарын белгілеуі керек. Оқытудың әлеуметтік мақсаттары ағартушылық, дамытушылық және тәрбие іс-әрекеті арқылы жүзеге асады. [6]

Қорыта айтқанда, музыка сабағы музыкалық білім беру процессін ұйымдастырудың негізгі формасы. Оның мақсаттары мен міндеттері, мазмұны, әдіс-тәсілдері музыка сабағының типтері мен құрылымын анықтауға арқау болады. Басқа да оқу пәндері сияқты музыка сабақтары мұғалімнің жоғары музыкалық-педагогикалық даярлығын, оқушылардың педагогикалық-психологиялық ерекшеліктерін білуді, музыка сабақтарын ұйымдастырудың бұған дейін белгілі болған амал жолдарын біліп қана қоймай, оның жаңа үлгілерін іздестіруді, сөйтіп музыка сабақтарын оқыту тәжірибесін үнемі байытып отыруын талап етеді.

Педагогика ғылымында «қабілеті жоқ бала болмайды» деп дәлелденген. Осы аксиоманы басшылыққа ала отырып баланың таным қабілеті мен білім деңгейін саралап, танымдық іс-әрекетін дамыту басты міндетіміз деп санаймын.

 

 

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1.   Бастауыш мектеп 2006 №9

2.   Дүйсенбінова Р.Қ. Музыкалық білім беру педагогикасы Т.2006

3.   Абдуллина Э.Б.  Методика музыкального образования –М,. 2006

4.   Кабалевский Д.Б.Введения// Музыка в начальных классах: методологическое пособие для учителья 1985 №6

5.   Выготский  Л.С. Избранные –М,: Изд АПН РФСР 1960

6.   Педагогикалық басшылық // Бастауыш мектеп.Т.1, 1987