Магистр-аға
оқытушы Байбатшаева С.З.
Шымкент қаласы,
Қазақстан
Оңтүстік
Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты
Қазақстанда
музыкалық білім беру педагогикасының даму тарихы
Музыкатану
саласындағы әдебиеттерде Қазан төңкерісіне
дейінгі кезеңнің өзінде қазақ даласында музыка
өнеріне баулу, кәсіби шыңдау бойынша едәуір
тәжірибе қалыптасқандығы мазмұндалған.
Сазгерлікке, әншілікке, күйшілікке баулу отбасында, жастардың
сауық-сайранында, мейрамдарда немесе арнайы кәсіби білім беру
мектептерінде жүзеге асырылып келген. Одан кейінгі кезеңдерде
Қазақстандағы музыкалық білім беру жұмысы
бұрынғы Одақ көлемінде жүзеге асырылды.
Республиканың
түпкір-түпкіріндегі елді мекендерде, мектептерде түрлі
музыкалық үйірмелер ашылып, көпшілік-насихат жұмыстары
қызу жүріп жатты. Сөйтіп, халық таланттарының
көзі ашылып, қазақ интелегенциясының қалыптасуына
ықпалын тигізді. Музыкалық-эстетикалық
тәлім-тәрбие бағытында бірқатар мектептен тыс мекемелер
өз жұмысын жандандыра бастады. Солардың бірі – 1920 жылы
Орынбор қаласында ашылған Қазақ өлкелік
тәжірибелік-эксперименттік мектеп-коммуна еді. Онда ән сабағы
аптасына екі сағаттан жүргізілді. Алайда, арнайы мамандар
болмағандықтан, ән сабақтарын музыкалық білімді
мамандар орыс тілінде жүргізді. [1].
30-шы
жылдары Одақ көлемінде кеңінен өріс алған
мәдени құрылыс ісі Қазақстанда музыкалық
білім беру ісінің дамуына үлкен септігін тигізді. Балалар музыка
мектептерінің, техникумдар мен жоғары оқу орындарындағы
жұмыстарды бір жүйеге келтіру ісі қолға алына бастады.
Алматы қаласында 1932 жылы алғашқы
музыкалық-драмалық техникумның және оның
базасында А.Қ. Жұбановтың басқаруымен қазақ
халық музыкасын зерттеу кабинеті және қазақ халық
аспаптары жетілдіру бойынша музыкалық-эстетикалық шеберхананың
ашылуы үлкен бастама болды.
40-шы
жылдары республиканың музыкалық өмірінде елеулі
уақиға болды. Ол 1944 жылы Алматыда мемлекеттік
консерваторияның ашылуы еді. Консерваторияға жоғары
квалификациялы түрлі мамандықтағы кадрлар даярлау,
қазақ, орыс, шетел музыкасы саласында ғылыми-зерттеу,
әдістемелік жұмыстарды орындау, ғылыми-педагогикалық
кадрлар даярлау, өнер мен ағарту саласында мамандардың
біліктілігін жоғарлату міндеттері жүктелді.
50-ші
жылдары ел еңсесі көтеріліп әлеуметтік-экономикалық жағдай
біршама жақсарды. Осыған байланысты білім беру саласында елеулі
жетістіктер бой көрсетті. Жетіжылдық және жалпыға
бірдей орта білім беру міндетті түрде жүзеге асырылатын болды.
60-шы жылдар 1962-1963
оқу жылы Қазақ ССР оқу министрлігінің
бұйрығына сәйкес халыққа білім беру
жүйесінің қайта құрылуына байланысты жалпы білім
беретін мектептердің бәрі жаңа оқу жоспары мен
бағдарламасына көше бастады. Сөйтіп, ән-күй
сабақтары бастауыш, сегізжылдық қазақ
мектептерінің 1-7 сыныптарында 1 сағаттық апталық
жүктемемен оқытыла бастады. Осындай өзгерістерге байланысты
ән-күй пәнінің бағдарламасы қайтадан
қаралды.
80-ші жылдары барлық
Одақтас республикалар сияқты Қазақстанда жаңа
бағдарламаның бейімделген вариантын жасау ісі қолға
алына бастады. Қазақ мектептеріне арналған бағдарламаны
жасайтын авторлық ұжым құрылды. Оның жетекшісі Б.
Ғизатовтың басшылығымен хрестоматиялар мен
фонохрестоматияларды жарыққа шығарды.
90-жылдары республикада ұлттық
музыкалық ерекшеліктер ескерілген, қазақ мектептерінің
мұқтаждығын қанағаттандыра алатын жаңа
оқу бағдарламаларын дайындау қажеттілігі өріс алып,
қазақтың көркем мәдениеті арқылы
оқушылардың музыкалық-эстетикалық тәлім-тәрбиесін
жетілдіру мен оқу орындарында жүзеге асыру жүйесінің
болмауы арасындағы қарама-қайшылық шиеленісе түсті.
[2].
М.Х. Балтабаев 100-ден аса мәдениеттану,
фольклор, музыкалық-эстетикалық тәрбие мәселелерін
қарастырған еңбектердің авторы.
Ғалым-педагогтың «Қазақстанның дәстүрлі
көркем мәдениеті» атты монографиясы, «Педагогикалық
мәдениеттану» оқу құралы, жалпы білім беретін
мектептердің 5-6 сыныптары үшін «Музыка», 10-11 сыныптар үшін
«Өнер», балабақшалар үшін оқу бағдарламалары,
бастауыш сыныптарға «Әсем саз», бастауыш мектеп мұғалімдеріне
арналған «Елім-ай» оқулықтары, оқу
құралдары жарық көрген.
М.Х. Балтабаевтың жетекшілігіндегі
авторлық ұжым «Елім-ай» ән-күй бағдарламасын
дайындады. Бағдарламаның мақсаты – оқушылардың
рухани мәдениеттің ажырамас бөлігі болып табылатын
музыкалық мәдениетін қалыптастыру.
«Елім-ай» - қазақ халық
мәдениетінің өзара байланысы мен синкреттілігін ашып
көрсететін бағдарлама. Оның авторлары өскелең
ұрпаққа өнер түрлерінің (ән,
аспаптық, сәндік-қолданбалы, би, ауызекі-поэтикалық)
мәні мен маңызын, олардың халық өмірінде алатын
орнын түсіндіруді, шығармашылық мұраға деген сыйластықты
көзқарасын, сондай-ақ балаларды осы өнер түріне
қатысты іс-әрекеттерге тартуды мұрат еткен. [3].
Аталған
бағдарламаның басты ерекшелігі – балаларды домбыра шертуді нотасыз,
ауызша әдіспен үйрету және халық әндерін
домбыраның сүйемелдеуімен орындауға машықтандыру.
Халық ән-күйін меңгерту қарапайымнан
күрделіге қарай принципіне негізделген. Нәтижесінде «Музыка»
пәні бойынша «Елім-ай» (жетекші М.Х. Балтабаев). «Мұрагер» (жетекшісі
А. Райымбергенов) сияқты бірнеше баламалы бағдарламалар
өмірге келді. Осындай бағдарлама Ш.Б.
Құлманованың, М.А.Оразалиеваның, Б.
Сүлейменованың авторлық бірлестігі арқасында
жарыққа шығып, Қазақстан мектептерінің
игілігіне айналды. Бағдарламаны әдістемелік қамтамасыз ету
үшін әдістемелік тұрғыдан негізделген, түрлі
нұсқаулар, хрестоматиялар, білім стандарты жарық көрді
[4].
Р.Р.Джердемалиева
болашақ музыка пәні мұғалімінің әдістемелік
даярлығы проблемаларын құрастырумен қатар, жалпы білім
беретін мектептегі музыка пәні оқу бағдарламаларының жасалуына
да үлкен үлес қосты. Ол 1977 жылы академик Д.Б.
Кобалевскийдің жетекшілігіндегі авторлық ұжымның
«Музыка» пәні бағдарламасын Қазақстан мектептеріне
ендіруге байланысты қазақ мектептеріне лайықталған бағдарлама
жасауға қатысты.
Осы
кезеңдегі музыкалық-эстетикалық тәрбие беру
жұмысы профессор С.А. Ұзақбаеваның зерттеу
еңбегінде жан-жақты талдауға алынған.
Зерттеушінің «Өміршең өнер өрісі» атта
еңбегінде осы жылдардағы музыкалық тәлім-тәрбие
берудің тарихы, ерекшеліктері жан-жақты сипатталады. Автордың
халық педагогикасы идеяларының дамуы мен қалыптасуына берген
тарихи-педагогикалық сипаттамасы музыкалық педагогика проблемаларын
зерделеуге қосқан аса маңызды үлесі болып табылады [5].
Қорыта айтқанда, музыкалық білім
беру педагогикасының дамып, қалыптасу жағдайына көз
жіберу, тұтастай алғанда, жалпы педагогиканың,
психологияның, эстетиканың, музыкатанудың,
мәдениеттанудың түйісер тұсында дамып,
қалыптасқан ғылымиаралық, дербес ғылым саласының
пайда болғанын айғақтайды. Музыкалық білім беру
педагогикасының дамып, қалыптасу тарихын таразылау оның
ғылым саласы ретіндегі мәні мен ерекшеліктерін түсінуге
мүмкіндік береді.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Қазақстан
Республикасының "Білім туралы заңы" 27.VII – 2007ж.
Алматы.2007.
2. Касенова
Р., Танкешова Ф. Мектептегі музыкалық тәрбие әдістемесі. –
Шымкент. 2001.
3. Балтабаев М., Өтемүратова Б. Елім-ай. Алматы: Рауан, 1993. - 86 б.
4. Ш.Б.Құлманова, М.Оразалиев, Б.Сүлейменова «Музыка» Жалпы білім
беретін мектептің 1-сынып оқулығы Алматы «Атамұра» 2008 ж.;
Ш. Құлманова, М.Оразалиев, Б.Сүлейменова «Музыка»
Жалпы білім беретін мектептің 2-сынып оқулығы Алматы
«Атамұра» 2002 ж.; Ш.Құлманова, М.Оразалиев,
Б.Сүлейменова «Музыка» Жалпы білім беретін мектептің 3-сынып
оқулығы Алматы «Атамұра» 2003 ж.; Ш. Құлманова, М.Оразалиев, Б. Сүлейменова
«Музыка» Жалпы білім беретін мектептің 4-сынып оқулығы Алматы
«Атамұра» 2004 ж.
5.С.Ұзақбаева «Халықтық
педагогикадағы эстетикалық тәрбие» Алматы,1993