Мақан Баймурзин шығармашылығының зерттелуі

 

Аксакова Б.М.

 «Өлеңді баста десе бастайтұғын,

Бәйге аттай аяқтарын тастайтұғын.

Атамызды сұрасаң Би Боранбай,

       Өлең тұр ғой, жауыңнан қашпайтұғын»,-деп өлең құдыретін жете түсіне білген Қаз ССР-не еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, сатирик, драматург, әнші-сазгер, айтыскер ақын Мақан Баймурзин шығармашылығы бүгінде зерттеу нысанына алынып, әдеби-ғылыми айналымға түсіп келеді. Ақынның көзі тірісінде ол туралы жазылған мақалалар аудандық, облыстық, республикалық басылым беттерінде жарық көрген болатын. М.Оралов, М.Ибраев, С.Түсіпов тәрізді жерлес қаламгерлер М.Баймурзин туралы бірнеше мақалаларын жазған. Ақынның өзінің де әр түрлі жанрдағы өлеңдері, айтыстары, скечтері жарияланған болатын. Қалихан Алтынбаев «Ақсуат» атты кітабында Мақан ақын есімін аудан тарихына айшықты әріптермен жазылатын тұлғалар санатында атайды. 2001 жылы филология ғылымдарының кандидаты Г.Апеева «Мақан Баймурзин» атты курстық жұмыс жазып, соның нәтижесінде «Мақан ақын» атты шағын зерттеуін жариялаған. Бұл зерттеудің негізгі тұжырымдары нәтижесінде ұстаздар сайтында «Сегіз қырлы, бір сырлы Мақан ақын» деген мақала шықты. Ал ақынның тұңғыш шығармалар жинағы «Жырым да, сырым да - Ақсуат» деген атпен жарық көрді. Бұл тұңғыш жинаққа толғаулар, драмалық шығармалар, лирикалық жырлар мен әндері топтастырылды. Ақын жырларындағы ұлтына деген ұлы құрмет, ұлттық рухтың - ұрпаққа азық.

«Айтыстың Құлагері» атанған жармалық ақын Қалихан Алтынбаев 1998 жылы жарық көрген «Ақсуат» атты кітабында әріптесі Мақан Баймурзин туралы ерекше пікір айтқан екен. Оның бір парасы былай болып келеді: «Ауданымызда әртістік пен ақындық өнерді ұштастыра білген тұлғалар аз емес. Солардың бірі ... Ақсуаттан айтыстың айшықты туын көтеріп шыққан Мақан Баймурзин болатын. Дауысы зор, өзі балуан денелі, домбырасы мен үні бір-біріне сай келіскен осынау жігіт ағасы жаман әнге жан салып, жақсысын одан сайын құлпыртып жіберетін. Ол – облыстық айтыстың неше дүркін жүлдегері. Халық театрының қызметін ақындықпен қоса атқарып, түрлі тақырыпқа бірнеше скетч пен сахналық өлеңдер жазды. Тоқ етерін айтсақ, ауданның өнерлі қауымының ішінде Мақан марқұмның есімі мінездемесін оқығаннан кейін айшықты әріптермен жазылуға тиіс».

Мәуітқазы Зүкеновтің пікірі: сан қырлы өнерпаз ақынның алғашқы жыр жинағы үлкен ұлы Қуаттың қолдауымен 2009 жылы ақынның 80 жылдығына орай, Семейдегі «Үш биік» баспасынан жарық көргенін естідім. Бес бөлімнен тұратын, ... жинақта ақынның поэзия жанрының сан қырлы тақырыбын қамтыған өлеңдері тамаша һәм өрнекті суреттермен берілген екен. Сондай-ақ, жинақта оның драмалық шығармалары, ақын туралы естелік жазбалар мен айтыстар да орын алған екен.

Сөзімнің бағы менен сәті білер,

Өмірден қандай орын аларымды, – деп өз шығармашылығына әрі күдікпен, әрі үмітпен қарайды. Бір білеріміз, бұл күнде күдік кетіп, үміт ақталғандай. Тағы бір түйсінгеніміз, қалың жұртшылық оның жинағындағы сан түрлі толғауларын сүйсіне оқып, тамсана тағылым алатынына сеніміміз зор... Жалпы, ол кісінің осы тектес бірнеше әні бар. Драматургияда да өз қолтаңбасын қалдырып кеткен Мақан атаның «Енді соғыс болмасын», «Аюбай мен Арыстан» сияқты пьесалары аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орынға ие болғанын әркім біле бермес. Ол бұған қоса айтыскер ақын ретінде облыс жұртшылығына әбден танымал болған тұлға-тын. Ақын ағамыз 1991 жылы шабыты шалқыған, нағыз кемел шағына келген 63 жасында о дүниелік болды. Десек те, Мақан ағаның артында әлі де қалың оқырманға беймәлім қаншама әдеби мұрасы қалды. Ақынның туғанына  – 85 жыл толғаны Ақсуат ауданында аталып өтілді. Мәдениет саласында 40 жылға таяу еңбек еткен ол өмірінің соңына дейін туған жері – бұрынғы Ақсуат ауданының өркендеуі үшін тер төккен азамат»,-дейді.

Гүлнар Апееваның пікірі: «Мақан Баймурзин – ел ішінде әрбір қырынан кеңінен мәлім өнер иесі. Ақынның өзі «Жылдарында»: Режиссер, композитор, ақын, әнші, Тігінші, суретші деп елім мақтап,-дейді... Айтыскер Мақан ақын дауысы Біржан сал мен Мәдидің үнінен кем болмаған десек артық айтпаймыз... Сондай-ақ бесаспап ақын бірнеше әннің де авторы. Сөзі мен әуенін қатар жазған «Ақ тоты», «Жанерке», «Таң шолпаны», «Өткізбе күнді бекерге» сияқты облыстық композиторлар байқауына қатысқан әндері мен бірнеше сахналық хорлары белгілі. Мақан ақын он үш жыл бойы халық театрының режиссері болып, үлкенді-кішілі 57 драманы сахнаға шығарған. Өзі әнші, музыка аспаптарының барлық түрінде ойнайтын Мақан ақынның сан қырлы өнері бар. Ол ағаш шебері, етікші, суретші. Мақан Баймурзиннің барлық жиырмаға тарта айтыстары мен өлеңдерін, мысалдарын, сөзі мен әуенін қатар жазған әндерін, поэмаларын топтастырған мезетте соңына айтарлықтай мұра қалдырған, айтыс өнерінің кезеңдік даму сипатына өзіндік үлес қосқан айтулы ақын екендігі сөзсіз»,-деп ақын шығармашылығына жоғары баға берген.

Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне елеулі үлес қосқан осындай тұлғалардың шығармашылығын жинақтап, зерттеп-зерделеу күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болмақ.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                     Ақсуат. Құдыретті ұрпақ, қасиетті топырақ.

2.                     Апеева Г.Мақан ақын. Семей, 2008.

3.                      Баймурзин Қ., «Жырым да, сырым да - Ақсуат»  кітабы, 2010 ж.