Қабылова
Қалдыкүл Құрманбайқызы.
№17 Ататүрік атындағы мектеп
гимназиясы. Түркістан қаласы.
Наурыз - бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің мерекесі.
Бұл күні -
күн мен түн теңеседі. Табиғаттың,
дүниенің жүзі жаңарады, Жер-Ана бусанады. Бұл –
әз Наурыз! Атауы айтып тұрғанындай, бұл –
ЖаңаКүн»! Наурыз - қазақтың Жаңа Жылы! Халықта
«Әз болмай, мәз болмас» деген сөз де осы алты ай қыспен
қош айтысып, Жаңа Жылды қарсы алуға қамданатын
ұлысымыздың ұлық мейрамына қатысты
айтылған. Әуелгі сөз Наурыз мейрамының шығу
тарихы турасында. Бірқатар тарихшылар түп төркіні
Орталық Азиядан таралды делінетін осынау көне мерекенің 3000,
енді бірі 5000 жыл бойы тойланып келе жатқанын алға тартады.
Қазақша айтқанда бұл бір есте жоқ ескі заманнан
келе жатқан ықылымның мейрамы. Парсы тілінен аударғанда
«жаңа күн» деген мағынаны білдіретін мерекенің
халық ауызындағы аңыздары да тарам-тарам. Әйтеуір
ғалымдар ортақ мойындаған ақиқат: Наурыз -
үш мың жылдан бері салтанатты түрде Балқаннан
Орталық Азияға дейінгі ауқымды өңірде тойланып,
өз бойына гуманизм, бауырмалдық пен төзімділік сынды
құндылықтарды сіңірген мейрам. «Мереке 18
ғасырға дейін Ежелгі Грекияда, Ежелгі Римде, Ұлыбританияда
аталып өтіліп, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте тойланып келген»
делінеді. Сонымен қатар, ұлық мереке туралы мәліметтер
ежелгі және орта ғасырдағы жазушылардың
еңбектерінде де кездеседі. Шығыс жыл санағы бойынша, мереке
ирандықтардың жаңа жылы «Наврузбен» жанасады. Тәжік
халқы бұл мерекені «Бәйшешек», «Гүлгардон» немесе
«Гүлнавруз» деп те атап жатады. Түркі тілдес халықтар да
кеңінен тойлайтын мереке бұл. Мысалы, татарлар «Нардуган»,
бирмалықтар «Су мейрамы», хорезмдіктер «Наусарджи», буряттар «Сагаан
сара», дейді. Армяндар «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе» деп те атайтын
көрінеді. Бір сөзбен айтқанда ең көне,
тарих-тамыры тым тереңде жатқан мерекенің бірден бірі –
Наурыз. Ал осы мейрамның қазақ даласында да ықылымнан
бері тойланып келе жатқаны ақиқат. Мәселен, Наурыз
мерекесінің тойлануына қатысты белгілі тарихшы, қоғам
қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Қойшығара Салғараұлы оның көне
түріктер ұғымында да кеңінен орын алғанын
алға тартады. «Наурыз түркінің төл мерекесі. Алайда
кейін осы Орта Азия өңіріне, Қазақстан жеріне парсылар
үстемдік жасаған кезде ол «Наурыз» деген атқа ие болды.
Наурыз» түркінің сөзі емес, «жаңа күн» дегенді
білдіретін парсының сөзі. Ал, бұл мерекені түркі
бабаларымыз атам заманнан бері тойлаған. Қытай деректерінде
бұндай фактілер бар. Түркілер бұл мейрамды «Жас Күн»
деп атаған», - дейді тарихшы Қ. Салғараұлы. Оның
айтуына қарағанда, Наурыз мерекесі Шығыс халықтарына
тән, ортақ қуаныш. «Бұл - қараңғы мен
жарықтың, жамандық пен жақсылықтың
теңесетін күні. «Жас Күн» - соның
жақсылығына бейімделетін, жарықтың үстемдік
құратын кезі. Түркілерде бұл үлкен мереке
болған. Бүгінгі тілмен айтқанда кәдімгі
олимпиадалық жарыс деңгейіне жеткен. Осы күні бүкіл
түркілер тау үңгірлеріне барып, құрбандық
шалған. Жарыс ұйымдастырып, аттың жүйрігін,
жігіттің балуаны мен мергенін бәсекеге түсірген.
Бұның бәрін Көк Тәңірге, Жер анаға,
ата-баба рухына арнаған», - дейді ол. Түйіндей айтсақ, осы
түркінің төл мерекесі бүгінгі таңда дүние
халықтарының ұлық мейрамына айналып отыр. Оның
бірден бір себебі Наурыз – ізгілік шуағын шашатын, өз бойына
гуманизм, достық пен төзімділік сынды
құндылықтарды сіңірген, халықаралық
ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқаратын
мейрам. Наурыз - шығыс елдерінің
бүкілхалықтық мейрамы, Ұлыстың ұлы
күні. Наурыз шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде
тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтіледі. Қазақ
халқы да Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын
тойлап отыруды салт-дәстүрге
айландырған. Шығыстың данышпандары Махмұд
Қашқари, Омар Хаямнан бастап қазақтың ұлы
ақыны Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет
Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин сынды ұлт қайраткерлері де
Наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, асыл сөздер жазып
қалдырған. Кеңес Үкіметінің солақай
саясатының салдарынан Наурызда Құран оқылмаса да, діни
мереке ретінде бағаланып, оны 1926 жылдан бастап атап өтуге тиым
салынған еді. Содан ұзақ жылдар бойы мемлекеттік
деңгейде тойланбады. Бірақ ескінің көзін көрген
қарияларымыз ауылдық жерлерде наурыз көже даярлап, отбасылық
мереке ретінде тойлап келген. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан
кейін Наурыз мемлекеттік деңгейде барлық қалаларда, облыс,
аудан орталықтарында, ауылдарда бүкілхалықтық мереке
ретінде тойланып келе жатыр. Наурыз мерекесі үш күн
тойлантынын халқымыз қуана қабылдады. Қазақстан
Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы Наурыз мейрамын
жаңа тұрғыда мерекелеу қажет екенін айтқан
болатын. Мемлекет басшысының осы бастамасына байланысты Парламентке
заң жобасы келіп түсті. 2009 жылы 4 наурыз күні Мәжіліс
«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы»
қолданыстағы заңға өзгеріс енгізуді
көздейтін заң жобасын мақұлдады. Кейін Сенат
қарап, қабылданған заңға Қазақстан
Президенті қол қойды. Сол заңға сәйкес
мемлекеттік мереке Наурыз мейрамы бір күннің орнына үш
күн бойы, яғни, 21-22-23 наурыз күндері мерекеленетін
болды. Наурыз мерекесі күні - қасиетті күн. Данышпан
ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың айрықша
белгілерін ескере отырып белгілеген. Наурыз айын ерекше қасиеті бар ай
ретінде бағалаған. Күн мен түн теңелетін
күн, төрт түлік мал төлдейтін ай,
табиғаттағы барлық жәндіктер мен өсімдіктерге жан
бітетін ай. Қыстың соңы, көктемнің басы жыл
құстары келе бастайды. Самарқанның көк тасы
жібитін күн. Сол себептен де табиғаттың тылсымы мен
ғалам ғажайыптарын терең ұғына білген
ата-бабаларымыз бұл күнді Жыл басы деп есептеген. Наурыз
шығыс елдері үшін бірліктің, татулықтың,
еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі
ретінде тойланған. Сондықтан да болар, бұл күні
шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам
болмаған. Бұл күні жақсы тілек тілеу,
құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік
қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай
жақсы өнегеден үлгі алған. Наурыздың
айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік,
сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық,
қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным
ұғымдарының үлгі түрлері өте
көп. Оның барлығы әр адамды жоғары
саналылыққа, әдептілікке, өнегелікке,
бауырмалдыққа, көргенділікке, ізгілік пен білімділікке
баурайды. Наурыз мерекесін асыға күтетініміз, ерекше
даярланатынымыз содан болса керек. Қазір батыс елдері демократия деп
жүр ғой, оны біздің ата-бабаларымыз осыдан жүздеген
жылдар бұрын қалыптастырған, Патшалар өз тағы мен
билігін наурызда бір күн кедей-кепшікке беруді дәстүрге
айналдырған. Ұлыстың ұлы күні жұмыс
істемейді, іс бастамайды, ешкімді ренжітпейді, өзі де ренжімейді, дауыс
көтермейді, әбес сөйлемейді, шарап ішпейді,
құрбандық шалмайды. Бұл күні барлық
даланы Қызыр ата аралайды деп үйінің есігін ашып отырады.
Жастар үлкен кісілерден бата сұрайды, жігіттер қыздарға
сый-сияпат жасайды. Ренжісіп қалған азаматтар бір-бірінен кешірім
сұрайды. Айта кету керек, еліміздің оңтүстігіне
көктем ерте келеді, тұрғындар да ұлттық
өнерді айрықша қадір тұтады. Сондықтан да
Оңтүстік Қазақстан облысында Наурыз мейрамы ерекше
тойланады. Бұл мерекеге дайындық алдын ала жүргізіледі.
Облыс, аудан және ауыл әкімшіліктерінің ұйымдастыруымен
нақты іс-шаралар жүзеге асырылады. Ақшаңқан киіз
үйлер тігіледі. Наурыз қарсаңында әр отбасы өз
үйінің айналасын тазартады. Бұл іске мекемелер мен жеке
адамдар да қуана кіріседі. Көшелерді тазалау жұмыстарына
барлық адам қатысады. Өзім жуырда оңтүстік
өңірдегі жолдастарыма хабарласып едім, олар Наурызға
дайындық қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты. Ал
Наурыз мерекесі күндері оңтүстікте қонақтарға
ұлттық тағамдар ұсынылады. Театрландырылған
көріністер көрсетіледі. Ұлттық ат спортынан жарыстар
өтеді. Соның ішінде көкпардың орны бөлек.
Әрбір ауылдың командасы тартысқа түседі.
Қазақша күрес, арқан тарту, бағанға
өрмелеп, жүлде алу секілді жарыстар қызықты болады. Гір
көтеру, жүгіру сияқты қазіргі заманғы
спорттық шаралар да өтеді. Және бір айта кетерлігі Наурыз
мейрамында жақсы ырыммен көшелер мен алаңдарға
тал-теректер отырғызылады. Бұл іске де кәрі де, жас та
қатысып, оның тәрбиелік мәніне назар аударады.Наурыз
мерекесіне тән - көпшілікке наурыз көже даярланады, ол
тағам жеті түрлі дәмнен даярлануы шарт. Халықта наурыз
көжені тойып ішкен адам келесі жылға дейін ішім-жемнен
тарлық көрмейді деген ұғым бар.
Үй иесі
үлкен кісілерден наурыз көжеге бата сұрайды. Ол кісілер:
«Пәле-жала жерге енсін!
Төрт түлік ақты болсын!
Өрісің
малға,үйің жанға толсын!
Ақ мол болсын!» деп бата
беріледі.
Тарихқа қатысты айта кетерлігі, әлем халықтары
арасындағы, оның ішінде күншығыс және Кавказ
мұсылмандары арасында ежелгі мереке саналып келген Ұлыстың
ұлық мейрамы Әз-Наурыз 2010 жылғы БҰҰ
қарарымен «Халықаралық наурыз мейрамы» ретінде тіркеліп,
содан бері қарай әлемдік мереке деңгейінде аталып
өтуде. Наурызға халықаралық маңыз беретін
бастаманы бауырлас Әзірбайжан тарапы ұсынып, кейіннен бұны
БҰҰ аясындағы Қазақстан, Ауғанстан, Иран,
Қырғыз, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Албания,
Македония және Үндістан елдерінің өкілдері қарар
деңгейінде қабылдатуға күш салды. Осылайша, дүние
халықтары арасындағы ежелгі мереке саналып келген Наурыз бір
ұлттың немесе бір ғана мәдениет өкілдерінің
мерекесі ретінде емес, бүкіл адамзат мұрасының аса
қастер тұтатын құрамдас бір бөлігі ретінде аталып
өтілуде. Наурыздың халықаралық деңгейі аясында
Қазақстан да осы мейрамның заңдық
мәртебесін лайықты ұлықтады. Соған орай, Наурыз
мейрамы Қазақстанда наурыз айының 21-22-сі және 23-і
жұлдызында, яғни, үш күн бойы аталып өтіп келеді.
Тоқтала кететін жайт, елімізде Наурыздан өзге бірде-бір мереке
ресми түрде үш күнге созылмайды. Ендеше Наурыз ең
алдымен қазақтың мәдени мұрасын
ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды
ерекше қадірлеудің жарқын жолы, ақиқатты
айғағы болып отыр.Наурыз тойлауға республикалық
деңгейде біртекті жоспар керек.Жалпы, Наурыз –
достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің,
жаңарудың мерекесі, халықтар бірлігі мен
татулығының бастауы. Сондықтан да, бұл мейрам бір
ұлтқа ғана емес, жалпыға ортақ болуы,
ұлыстардың ұйытқы болуымен шын пейілдегі
жалпыхалықтың мейрамына айналуы шарт. Ал бұл мақсатты
жүзеге асыру үшін ең алдымен Ұлыстың ұлы
күнін тойлау ауқымын да мазмұнын да кеңейте
түскен орынды. Осыған орай, Қазақстанда наурыз мейрамын
тойлаудың жалпыұлттық тұжырымдамасын белгілеу туралы
қоғам арасында мәселе көтеріліп жүргені де
талайдан белгілі. Шындығында, мұндай тұжырымдама керектігі
сұранып тұрған ақиқат.
Оған бірден бір дәлел ресми комиссия құрылып, арнайы
тұжырымдама бекітпесе де, Қазақстанның әр
түкпірінде Наурыз мейрамы әрқилы тақырыппен
кеңінен әрі дәстүрлі деңгейде тойлана бастады.
Расында, кең байтақ даламыздың өңір-өңіріндегі
ауа райынан бастап, табиғаттың қолайлылығына,
жағдайдың жайлылығына қатысты тойлаудың әртүрлі
келетіні рас. Дегенмен, Наурыздың ортақтастыратын тұстарын да
ұмытпаған ләзім. Сондықтан да, Наурыз мейрамын
тойлаудың тұжырымдамасына қатысты мәселе өзекті.
Ең бастысы үш күндік мереке әдеттегі демалыс күні
ретінде өте шықпауы керек. Ең бастысы Наурыз –
Қазақтың төл Жаңа Жылы ретіндегі сипатқа
біртіндеп ене түссе игі емес пе? Тәуелсіздік алғаннан кейін
қайта жаңғырған төл мерекені Жаңа Жыл
ретінде бекіте түсуді Мемлекет басшысы Н. Назарбаев та біраз жылдар бойы
айтып келеді. «Бұл күні араз ағайын табысатын, ренжісіп
қалған жастар қайтадан табысып, махаббаттарын арттырып, бас
қосатын, барлық жаманшылық ұмытылатын,
жақсылыққа қарай бет бұратын кез болған.
Түбінде біздің нағыз жаңа жылымыз осы - Наурыз мейрамы
болуы қажет. Қытай өзінің жаңа жылын
ақпанның ортасында бір апта тойлайды. Шығыстың
барлық халқының өз жаңа жылдары бар. Біз де
түбінде өз мерекемізге келуіміз керек», деген болатын Елбасы осыдан
біраз жыл бұрын жұрт алдында.
Және бір сөзінде Мемлекет басшысы Н. Назарбаев тағы да
Қазақстанның Жаңа жылы Наурыз мерекесімен басталуы
тиістігіне назар аударып: «Біз Жаңа жылымызды әлі күнге дейін
І ‑Петр енгізген қаңтардың 1-інен бастап жүрміз.
Биыл біз Жаңа жылымызды кең ауқымда, бүкіл
халықтық деңгейде, көтеріңкі
көңіл-күймен, ерекше салтанатпен жаңа мазмұнда
тойлағалы отырмыз», ‑ деп еді. Осы бастаманы ары қарай
жүзеге асырсақ екен. Жылды «Наурыздан ‑ наурызға дейін»
деп қорытындылап, алдағы үмітті межелерді осы мереке
қарсаңында белгілесек. Әлгі қаңтардың 1-іне
келетін Жаңа жылдық дүмпу осы Наурызға қарай
ауысса игі. Өйткені, бұл Наурыздың ол жаңа жылдан басты
айырмашылығы онда жасыл қылқанжапырақты шыршаны
тамырынан ажыратып, түбінен отап жатса, Наурызда керісінше жасыл
атаулыға қамқорлық білініп, жаңа желектер
отырғызылады. Ізгілік те осында емес пе? Түптеп келгенде
Қыдыр Атаны Аяз атадан да қастерлі деңгейге көтеру де
өз қолымызда. Наурыздың арқасында ұлттық
құндылықтарымызға лайықты деңгейде көзқарасты
орнықты қалыптастыруға да болмас па? Бір сөзбен
айтқанда, ескі жылды шығарып сап, жаңа жылды қарсы алатын
нақты жаңа жылдық сипат енгізілсе. Билік ресми түрде
бұған қолдау жасаса. Ең ақыр аяғында Наурыз
– бұл нақты ғылыми, астрономиялық тұрғыдан
алғанда да шынайы жаңа жыл мерекесі. Өйткені, күн мен
түннің теңеліп, көктемнің басталуы,
тіршіліктің ұйқыдан оянып, жаңаруының басы. Сол
үшін де бұндай Ұлық күнді Жаңа жыл
деңгейінде атап өту – Наурызды мерекелеудің мазмұнына
да, ауқымына да жаңаша көзқарас қалыптастыратын,
жалпыхалықтық тойға айналатын еді. Сонымен қатар,
қазақ үшін Наурыз – бұл ұлттық
сананың, ұлттық бірліктің жарқын көрінісі
екенін де естен шығармауға тиіспіз. Ендеше Елбасы ұсынысына
жаппай қолдау жасап, Наурыз мейрамының Жаңа Жыл ретіндегі
ұлттық мәнін көтеру, мемлекеттік маңызын
тереңдету болғаны әбден ләзім. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы қарсанында
біздің мемлекетімізде Наурыз мейрамы 21-22-23 Наурыз күндерінде
еліміздің бүкіл аумағында тойланбақ.
Халқымызға Жаңа жыл, «Бейбітшілік пен жасампаздықтың
25 жылы» әрбір отбасына толағай табыстармен,
жақсылықтар әкелсін!