ф.ғ.к., доцент м.а. Н.Б. Есенова, аға оқытушы С. Момынова

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

 

Қазақ халқының адамгершілік дәстүрлері және олардың тәрбиелік мәні

 

 

Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет мәртебесіне ие болуы, қазақ тілінің мемлекеттік дәреже алуы, тұңғыш Конституция, «Білім беру» заңының қабылдануы, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша қарауды, оны жақсарту жолдарын нақты айқындауды талап етеді.

Қоғамымыздың іргесін нығайту мақсатында ең алдымен адамгершілік, ізгілік, имандылық тәрбиесін көркейту қажет. Оның негізгі мұраты - баланы жастайынан әлеуметтік ортада мәдениетті қарым-қатынас жасай білуге үйрету, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсетуге, елжандылыққа баулу.

Қазақ халқының өзіне тән ерте заманнан қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиесінің асыл қазынасы, мол тәжірибесі бар. Оның бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесінің негізіне алынуы егеменді еліміздің мүддесі, халқымыздың талабы.

Халқымыз тәрбиелеу және оқыту ісін баланың неғұрлым жас кезінен бастау керек деген қағиданы жоғары қойған.

        Адамгершiлiк тәрбиесiндегi басты мәселе баланы құрметтеу. Әрбiр жасөспiрiм өзiн-өзi рухани жетiлдiру үшiн өзiн-өзi тәрбиелеуге, өздегiнен бiлiм алуға ұмытылуы  қажет  екендiгiне түсiнуi  тиiс .

Адамгершiлiк тәрбиесiнiң мазмұны жалпы адам құндылығын жоғарылату қажеттiлiгiнен көптеген өзгерiстерге бет бұрды. Егемендi ел болғаннан берi жас ұрпақты адамгершiлiкке, парасаттылыққа, саналықпен, жауапкершiлiк тәрбиесi арқылы жеке тұлғаны қалыптастырудың сипаттарына: жауапкершiлiк, көздеген мақсатқа жету, кiсiлiгiн қадiр-қасиетiн сақтау, сенiмдiлiк жатады. Адамның жеке тұлғалық қасиеттерiн жетiлдiруi оның өзiн-өзi құрметтеуiне, өмiрде табысқа  жетуiне үлкен ықпалын  тигiзедi.

Адамгершiлiкке тәрбиелеу iсi бiлiм берумен ғана шектелмейтiндiгi  айқын. Бұл балаланың сана-сезiмiне әсер ету арқылы, iшкi жан-дүниесiн оятудың нәтижесiнде оның дүниетанымын  қалыптастырады.

Баланың сана-сезiмiн, адамгершiлiк мұраттарын қалыптастыру – тәрбиенiң ең бiрiншi мiндетi. Тәрбие барысында әрдайым осы мұраттарды  басты нысана етiп  ұстау қажет. Себебi баланың көзқарасы оның күнделiктi iсмен сәйкес келмесе олар ойлауға шебер, бiрақ iске жоқ адамдар болып қана шығады. Баланы имандыққа баулып, мейірiмдiлiк, қайырымдылық, кiшiпейiлдiлiк, қамқорлық, iзгiлiк сияқты қасиеттердi бойларына сiңiру – әрбiр отбасы мен тәрбие беретін  ұйымдардың басты парызы.

Дана ақын, халықтың ырысы «Құтты бiлiктiң» негiзiн қалаушы Жүсiп Баласағұн – адамның мiнез-құлқы мен оның қоғамдағы орнына ерекше тоқталады. Адам – бұл дүниеге қонақ, сондықтан ол  артына ылғи да жақсы сөз бен жақсы iсiн қалдырып отыруы қажет. Ол үшiн әр кез жаман қылықтан сақтанып, адалдықпен жүрiп-тұруы тиiс деген ойлары  бiзге жақсы мәлiм.

Ендеше балаларды рухани-адамгершiлiк тәрбиесi арқылы толыққанды жетiлген азамат етiп тәрбиелеу – қоғамыздың  басты мақсаты. Рухани тәрбие, бiлiм беру адам дамуының рухани үйлесiмдiлiгiн түсiнудi қамтамасыз етедi. Рухани тәрбиенiң адамның iзгiлiк, имандылық ұстанымдарын тәрбиелеп, ақыл-ой мен iс-әрекеттерiн iзгiлiк мұраттарға бағыттап, рухани көз қарастарын  қалыптастырады.

Тәрбиелік тұрғыда аса мазмұнды мәтіндермен байытылған оқу кітаптарына зор маңыз берген жөн. Оқуға арналған кiтаптарды талдау бұл жайлы растай  түседi. Тәрбиешінің қолында тәрбие мақсатында шебер пайдалана бiлген жағдайда балалардың негiзгi адамгершiлiк түсiнiктерiн қалыптастыру жолында тұрақты жұмыс iстеуге мүмкiндiк беретiн бай материалдар бар. Оқулықтағы мәтіндерді авторлар осы жастағы балаларға сай iрiктеген. Мәтіндермен жұмыс iстегенде тәрбиеші мейлiнше айқын бейнеленген көркем образдарға баса көңiл  аударады, әр бала оны қабылдай бiлуi, түсiне және сезiне бiлуi керек. Балалардың бейнеленген кейiпкерлерге деген сезiм күй әсерлерi олардың адамгершiлiк түсiнiктерiн қалыптастырудың негiзi болып табылады. Балалар көп ретте бiр кейiпкердiң жақсы, ал екiншi бiреуiнiң жаман екенiн дәлелдеп, негiздей алмайды, бiрақ мұны жақсы сезiне алады.

Сондықтан да тәрбиеші шығармадағы кейiпкерлер қылықтарының  адамгершiлiк жақтарын талқыламас бұрын балалардың әдеби бейнелердi  дұрыс та терең түсiнгендiгiне, оларға және шығармада суреттелген оқиғаларға қарым-қатынастарын толық бастан кешiргендiктерiне көз жеткiзiп алу керек. Жекелеген тәрбиешілер балалардың алған әсерлерiн күшейте түсу үшiн оқыған жайларға өздерiнiң қатысын терең сезiндiру үшiн балаларлардың көңiл-күйiне суреттелiп отырған оқиғаның мәнiне сай келетiн музыкалық шығармаларды, олардан алынған жақсы үзiндiлердi пайдаланып отырады.

Тәрбиеші балалардың бойында оқу материалының мазмұнына деген ынта-ықыласты оята алса, ұйымдастырылған оқу іс-әрекет үстiнде тәртiп сақтаудың қосымша шараларын қолданудың қажетi болмай қалады.

Адамгершілікке тәрбиелеу баланың жеке басын қалыптастыру мен дамытудың аса маңызды бір саласы болып табылады, ол оның ата-анаға, айналадағыларға, ұжымға, қоғамға, отанға, еңбекке өз міндеттерін және өз басына қатынасын қалыптастыруды көздейді. Ұжымдық қызметтің қоғамдық бағыттылығы тәрбиеленушілерге өмір жақсара түсу үшін не істеуге болатынын байқау тілегін оятады. Адамгершілікке тәрбиелеу үрдісінде балалардың бойында патриотизм – азаматтық, жолдастық, ұжымдық сезімдерін, өмір шындығына белсенді көзқарасын, еңбек адамдарына терең құрмет сезімін қалыптастырады. Адамгершілік тәрбиенің негізгі міндеті - қоғамның әлеуметтік қажетті талаптарын әрбір баланың борыш, намыс, ождан, қадір-қасиеті сияқты биік адамшылық ішкі стимулдарына айналдыру болып табылады. Адамның адамгершілік жағынан қалыптасуы оның туған кезінен-ақ басталады.

Тәрбие ісі жалпы әрбір нақты кезеңнің және өзіне тән ерекшеліктерін сақтай отырып, болашақтың ерекшеліктеріне бағдар ұстайды, соған әзірлейді, ал одан әрі баланың бұдан бұрынғы кезеңдерде жинақтаған өмірлік тәжірибесін белсенді түрде пайдаланады. Белгілі кезеңде баланың психикасында пайда болған жаңа жақсы қасиеттері әлі де әлсіз және шектеулі болса да, тәрбиеші соған сүйенуге тиіс. Осыған байланысты психологтар мынаны анықтайды: мектеп жасына дейінгі балалар сыртқы ықпалды өте қабылдағыш, үйреткеннің, айтқанның бәрінің шындығына, адамгершілік нормалардың сөзсіздігі мен қажеттігіне сенгіш келеді, бұл жастағылар өзгелерге қойылатын адамгершілік талаптар жөнінде ымырасыздығымен, мінез-құлықтарымен, еркіндігімен ерекшеленеді.

Бұл ерекшеліктер мектеп жасына дейінгі балалардың оқып, тәрбиеленетіндігінің кепілі болып табылады. Балаларларды жүйелі және дәйекті түрде адамгершілікке тәрбиелеу үшін нақ осы жастарда зор мүмкіндіктер туады. Балалардың оңды адамгершілік тәжірибесі, адамгершілікке тәрбиелеуде шешуші маңызға ие. Тәрбиелеу ісі ең алдымен баланың күнделікті өмірінде өтіп жатады, мұнда ол адамгершілік ережелеріне, нормаларына, принциптеріне дағдыланады және олардың қажеттілігіне көзі жетеді.

Балаларлардың қандай да болсын қызметі айналадағылардың қоғамдық мүдделерімен, қоғам өмірімен белгілі бір дәрежеде байланысты болса, ол оның адамгершілік қызметі болып табылады. Сөйтіп, адамгершілік бастама баланың бүкіл сан қырлы практикалық қызметіне, оның сезімдік және интеллектуалдық сфераларына өзек болады. Балалар балабақша ауласында ойнап жүрсін,  солардың бәрінде де олардың қызметінен адамгершілікке тән немесе оған қайшы қасиеттері көрінеді. Осыдан келіп, адамгершілікке тәрбиелеуді тәрбие жұмысының айрықша бір маңызды бөлшегі деп те, тәрбие жұмысының кез келген басқа салаларының бір жағы деп те қарау керек деген қорытынды туады.

Халқымыздың кемеңгер ойшылдары Қорқыт ата, Әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Махмұд Қашғари, Ахмет Йүгенеки, Сайф Сараи т.б. шығармаларынан адамгершілік тәрбие, адамның адамгершілік бейнесі кең орын алған. Солардың біразына тоқталсақ, педагогикалық ой-пікірдің бастауларын Қорқыт атадан таратқан орынды. Тарихқа «алғашқы бақсы» ретінде танылған ғұлама Қорқыттың өмір мен өлім жөніндегі толғаныстарына адам ғұмырының философиясы мен мән-маңызы, адамның адамгершілік қасиеттері арқау болған. Оның «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман», «Мен-мен, тәкаппар адамды тәңірі сүймейді», «Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ», «Қонағы жоқ қараша үйден құлазыған түз артық» деген нақыл сөздері үлкеннен ғибрат алуды меңзейді, жастарды тәкаппарлықтан сақтандырып, ақылды көпшіл, қонақжай болуға шақырады.

Қорыта келгенде осы педагогикалық мәселе бойынша  тәрбиешілерге, ата-аналарға мынадай ұсыныстар жолдауға болады. Балалардың адамгершілік жағынан жетілуін, оның оқудағы, жазудағы, математикадағы және басқа ұйымдастырылған оқу іс-әрекетіндегі табыстары сияқты мұқият қадағалап отыру қажет. Тәрбиешілер өз балаларының, өз халқының, өз ұлтының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ата-баба мұрасын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихы мен әдебиетін, өнерін, адамгершілік пен имандылықты дәріптейтін қарым-қатынас, мінез-құлық қасиеттерді бойында қалыптастыру керек. Қазақ халқының мінез-құлқына тән негізгі қасиеттерді: мейірім, сөзге беріктігі, кеңпейілділік туралы әңгімелеу арқылы балалардың бойына сіңіру қажет

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Мұқанова Б.Ы., Төлеубекова Р.К. Педагогика. – Алматы: Дарын, 2004.

2. Баласағұни Ж. Құтты білік. – Алматы: Жазушы, 1987, - 301б.

3. Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. – Алматы, Ғылым, 1973. – 251б.

4. Меңжанова А.Н. Мектеп жасына дейінгі педагогика Алматы 1992.