Аға оқытушы, п.ғ. магистр Шыниева Р.Т.

Сұлтанбекова А.Д. 2 курс студенті ДОВ 14-1

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты. Тараз қаласы

 

КЕҢЕС ДӘУІРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ -САЯСИ ҚЫЗМЕТІ

 

 

Еліміз тәуелсіздік алып, дербес даму жолына түскен сындарлы реформалар кезеңінде бүгінгі қоғамдық өзгерістерге азды-көпті ықпал жасаған демократиялық жаңаруларды ой елегінен өткізіп, ғылыми талдау жасаудың маңызы зор. Арнайы желі етіп қарастырылып отырған тақырыптың хронологиялық шегінде қоғамдық қатынастар тоталитарлық тәртіптің қатал құрсауында болып келгені белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Тоталитарлық режим қазақ ұлты жөнінде таза экономикалық және таза таптық міндеттерден басқа ұлттық өсіп-өнудің негіздерін тікелей қирату бағытын ұстады» деп аталған қоғамның сипатын анықтап берді. Осы тұрғыда қарастырар болсақ, тоталитарлық тәртіп жағдайының қысымы ұлт зиялыларының қарсылығын туғызатын қоғамдық-саяси фактор ретінде бағалануы тиіс. «Идеологияны күштеп енгізуге жол ашатын саяси жүйе құрылысының шешуші рөл атқаратыны жақсы мәлім. Ол бөгде ойларды жаныштау, ақпараттық перде құру т.б. әдістер болатын» болса зиялы қауым осындай идеологиялық қыспақ жағдайында ұлттық мүдде үшін күресушіге бірден-бір пәрменді әлеуметтік топқа айналады. Демек, тоталитарлық билік тұсындағы ұлттық зиялы қауымның қоғамдық-саяси қызметін қоғамда демократиялық құндылықтар орнату жолындағы күрес құрамында қарастыру отан тарихының өзекті мәселелерінің бірі ретінде бағаланады.       

Ондаған жылдар бойы номенклатура жүйесінің өз қатарын жаңалап отыруындағы осындай саяси-әлеуметтік шектеулер қоғамның потенциалды элитасын-интелектуалды қабілеті жоғары, дарынды, шығармашыл тұлғалардың билік институттарына араласуын қанағаттандырмады. Содан да бұл элита өкілдері эмиграцияға кетті, диссиденттік жолға түсті, әрі кеткенде контрэлита қатарын толықтырды. Кеңес Одағы бойынша олардың қатарында академик А.Сахаров шығармашылық элитадан В.Высоцский бастаған жүздеген тұлғаларды атауға болады. Ал осы кезеңде Қазақстан көлемінде ондай тұлғалар болмады деп айта алмаймыз. Шығармашыл элита қатарында осы ахуалды бастан кешкен композитор Ш.Қалдаяқов пен жазушы Б.Соқпақбаевтарды, саясатта Мехмет Құлмағамбетов, Хасен Қожахметті атауға болар еді.

Республикадағы партиялық-мемлекеттік номенклатураның ең жоғарғы эшелонында қызмет еткен ұлт зиялылары тоталитарлық қоғамның тәртібіне қанша адал болды десек те ұлт мүддесіне келгенде олардың арасынан биліктің шешіміне үзілді-кесілді қарсы шығушылардың болғандығы жасырын емес. Сондай ұлтжанды қайраткерлердің бірі- Жұмабек Тәшенов еді. Н.С.Хрущевтің қазақ жерін бөлшектеу идеясына биік лауазымынан ұлт мүддесін жоғары қойып, бірден-бір тойтарыс берген Ж.Тәшенов болатын. Деректерге көз салайық:

1960 жылдың күзінде Ақмолада үлкен жиналыс болады. Осы жиналысқа Хрущев қатысады. Кешкі сағат он  шамасында Д.Қонаев Тәшеновке Хрущевтің шақырғанын айтады. Жұмекең барады. Хрущев біраз мәселелерді әңгімелеп отырады да мынадай сөз айтады: «Жедел шешетін мәселе –ол республиканың жер көлемі. Жолдас Қонаевпен және облыс басшыларымен пікір алысқанбыз. Олар бұл пікірді қолдады. Жұмабек Ахметович, енді сіздің пікіріңізді білгім келіп отыр» -дейді. Сонда тайсалмаған Жұмекең: «Никита Сергеевич, бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуына қарсымын!» деп қасарысады. Өте қатты ашуланған Хрущев: «Саяси бюроның келісіміне қарсы шығатын сен өзі кімсің!? Әрі –беріден соң бұл мәселені сендерсіз-ақ шешеміз. Совет ел-бір мемлекет, қай жерді қайсы республиканың меншігіне беру – СССР Жоғарғы Кеңесінің еркі!»-деп столды бір ұрады.

Жұмабек ағамыз одан сайын өршеленіп: «Жоғарғы Кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті орындарсыз шеше беретін болса, СССР-дің  Конституциясын жою керек қой. Онда әр республика өзінің жерін өз меншігім деп пайдалануға құқығы бар. Егер де заңмен санаспайтын жағдай туса, онда біз халықаралық заңды мекемелерге дейін шағым беруден тайынбаймыз, ондай құқығымыз да бар» -деп Хрущевтің бетін қайтарып, солтүстік жақтағы бес облысты Ресейге қостырмай, туган жерін қайсарлықпен қорғап қалған журек жұтқан, көзсіз батыр Жұмабек ағамызды қалай ұмытуға арымыз шыдайды?!

ХХ ғ. екінші жартысында кең өріс алған ғылыми-техникалық революцияның барысы еліміздегі ғылыми-шығармашыл интеллигенцияның құрылымына ғана емес, сонымен бірге оның қызметінің мазмұнына да елеулі өзгеріс енгізді. Отандық ғылымды ұйымдастыру сияқты орасан зор жұмыстар атқарып, одақ көлемінде танылған академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев бастаған ғылым алыптары өздеріне жүктелген тарихи миссияны атқарып кетті.

Тоталитарлық қоғамның қысымына қарамастан өзінің табиғат берген көл-көсір шығармашылық қабілеті мен ұйымдастырушылық қызметін елдің игілігін молайтуға жұмсай алған жекелеген тұлғалардың арасында академик Қ.И.Сәтпаевтың есімін ерекше бөліп атауға болады. Оған елімізде ашылған Ғылым академиясының алғашқы президенті болу бақыты бұйырды. Әйтсе де, көптің бірінің қолы жете бермейтін бұл биік мәртебе оның иесінің қоғамның саяси-әлеуметтік өлшемдеріне сыймайтын бірегей тұлғасына деген қуғындау, қысым жасау түріндегі қоғамдық ықпал жүйесіне ұласты. Бұндай тұжырым жасауға Ғылым академиясының ашылғанына жыл толмай жатып Қазақстан КП ОК бюросының 1947 ж. 21 қаңтардағы мәжілісінде арнайы мәселе қаралып, «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының дөрекі саяси қателері туралы» қаулы қабылдауы негіз болады. Өйткені, осы қаулы бойынша институтқа ұлтшылдық сипаттағы көптеген саяси айыптаулар тағылды. Атап айтқанда Ә.Х.Марғұлан, Б.Кенжебаев, М.Маметова, Ә.Қоңыратбаев, Е.Исмаилов, Қ.Жұмалиев, Т.Нұртазин, М.О.Әуезов, С.Кеңесбаев, М.Балақаев, Н.Сауранбаев сияқты ғалымдардың атына айтылған ауыр сын саяси айыптауларға ұласты.

     Өзге де тарихи тұлғалар сияқты Қ.И.Сәтпаев та өз дәуірінің перзенті. Оның азамат болып қалыптасуы елімізде жаңа қоғамдық құрылыс орныққан кезге тұспа-тұс келсе, маман ретінде қалыптасуы еліміздің индустриялы дамуының кезеңінде іске асты. Ол кезде ғылыми ізденістерден теориялық тұжырымдармен бірге бірінші кезекте табиғат байлығын жүйелі түрде зерттеп, оны шаруашылық тұрғыда интенсивтілікпен игерудің жолдарын іздеп табу талап етілді. Уақыт кабинеттік үлгідегі ғалымның емес, жаңа қалыптасқан мемлекеттің жаңа қарқынмен дами бастаған жас өнеркәсібінде қызмет ететін жаңа үлгідегі ғалымның еңбегіне үміт артты. Бұл қажеттілік академик Қ.Сәтпаевтың ғылыми қызметі мен өмір жолын даңққа бөледі.

Ұлт зиялыларының, соның ішінде шығармашыл тұлғалардың да тоталитарлық қоғамдағы қызметіне баға беруде олардың иеленген биік лауазымы, мемлекеттік марапаттаулары емес, ең басты өлшем ретінде олардың ұлтжандылығы басты назарда болуы тиіс деп білеміз. Осыған байланысты тұлғатанудың әдістемелік мазмұнына кеңінен тоқталуға болады.

Ұлттық тарихта тұлғатанудың теориялық-әдістемелік тұжырымдарын қалыптастыруда өнімді еңбек еткен академик М. Қозыбаев былай дейді: «Тұлға - интелект, ақыл, парасат иесі. Ол өткірлігімен тапқырлығымен, басқаша айтқанда көсемділігімен, шешенділігімен, әділдігімен өз мүддесін ұлт мүддесімен ұштастыруымен, ұлтжандылығымен ерекшеленген жан» 

Партия, мемлекет қайраткерлері арасында ұлтжандылығымен ерекшеленген, ұлт рухының табиғатынан туындаған төлтума қасиеттерімен ұлттық  деңгейде танылған жеке тұлғалар көп те емес. Солардың бірі- Ілияс Омаров еді.

Ілияс Омаровтың ұлттық мәдениет пен өнердің дамуына жасаған ықпалына мынадай да мысал келтіруге болады. Одақ бойынша 60 жылдардың соңында эстрада өнері жоғары шарықтап дамып, одақтас республикалар осы салада едәуір жетістіктерге жете бастаған еді. Осы мәселелерге талдау жасай келіп, ҚазКСР Мәдениет министрі І.Омаров «Гүлдер» эстрадалық ансамблін құруға пәрмен береді. Осы өнер ұжымы қазіргі кезде елімізге ғана емес шетелдерге де танымал Қ.Құлышова, Р.Рымбаева, М.Жүнісова, Н.Есқалиева, Қ.Болманов сияқты өнер жұлдыздарын тәрбиелеп шығарды. «Гүлдер» эстрадалық ансамблінің ұлттық өнердегі биік жетістіктері, жаңашыл бағыты еліміздің аймақтарындағы өнер ұжымдарының дамуына үлгі-өнегеге айналды.

Ұлттық мәдениет пен өнердің дамуында халықаралық байланыстардың маңызы зор екендігі белгілі. Республика тарихында 1967 ж. 4 шілдесінде Канаданың Монреаль қаласында өткен «ЭКСПО-67» көрмесінің кеңестік павильонында Қазақ КСР-ы күнінің өткізілуі үлкен белес болды. Қазақстанның ресми делегациясы мен бір топ өнер шеберлерін Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының төрағасы С.Б.Ниязбеков бастап барды. Ресми делегация құрамында Мәдениет министрі І.Омаров, Қазақ КСР ҒА Президенті Ш.Есенов, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ә. Шәріпов болса, өнер шеберлерінің тобында КСРО Халық артистері Р.Жаманова, Р.Бағланова, Б.Төлегенова, Р. Абдуллиндер болған.

Қазақ өнерінің жетістіктерін халықаралық деңгейде насихаттау дәстүрі одан әрі жалғасын тапқаны осы І.Омаровтың Мәдениет министрі болып тұрған кезіне тұспа-тұс келеді. Осы кезеңде қазақ өнер жұлдыздары Канадамен бірге Франция, Индия, Швеция, Жапония және т.б. елдерде болып, өнер көрсетті.

Шен мен шекпеннің ресми өлшемдерімен шектеліп қалмай, тоталитарлық қоғамның қасаң идеологиялық қағидаларының өзін ұлттық рухани өмірін байытуға ұластыра алған І. Омаров сияқты тұлғалар ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси өмірдегі орны мен оның дамуына жасаған ықпалының арта түсуінде жасампаздық рөл атқарды.

Қорыта айтқанда, тәуелсіз қоғамымызда тоталитарлық биліктің жол берген бассыздықтарын әшкерелеп, әділеттілікті қалпына келтірудің мысалы ретінде қарастырылатын бұндай деректер алдағы уақытта тарихи салыстырмалы талдаулармен ғылыми айналымға ұсынылып, тың тұжырымдар жасалуы керек. Ұлт зиялыларының тоталитарлық қоғамдағы қоғамдық-саяси қызметтері мен жекелнген әрекеттерінен көрініс тапқан бұндай деректерге ғылыми талдау жасау арқылы елімізде демократиялық құндылықтардың орнығуы аса күрделі жағдайда іске асқандығына көз жеткіземіз. Әкімшіл-әміршіл басқару жүйесінің қатаң идеологиялық қыспағы жағдайында ұлттық мәдени-рухани құндылықтарды сақтап, ұлттық рухты ұлықтаудағы ұлт зиялыларының қызметі тәуелсіз сана қалыптастыру арқылы еліміздің тәуелсіздігіне негіз қалады деп білеміз. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Назарбаев Н. Тарих толқынында.-Алматы: Атамұра, 1999.-1,242-1,239

2.Омаров Ілияс.-Алматы: Санат, 2003.-184 б.

3.Қонаев Д. Өтті дәурен осылай. РГЖИ «Дәуір», МП «Ынтымақ». Алматы, 1992. -444 б.