Педагогические  науки” Современные методы преподавания

Курмашова Г.С.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Казахстан

 

Оқытудың жаңа технологиясы бойынша оқу үрдісін ұйымдастыру және басқару

 

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың  Қазақстан халқына жолдауында «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте  оның білімдік деңгейімен айқындалады» деп айтылған.

Егемендік алған тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы-білім жүйесі. Жоғары оқу орыны-білім жүйесінің ең басты буыны.

Қазіргі кезеңдегі басты мәселенің бірі жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуында ұстаздардың атқаратын рөлі ерекше. Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі  өз орны, ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы – ұстаз қолында.

Сонымен бірге  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер-бүгінгі оқушылары, оқытушылар оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген болатын. Қазіргі заман оқытушыларына тек өз пәнінің терең білгірі болу емес, тарихи танымдық, педагогикалық-психологиялық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық  сауаттылық талап етілуде. Ол заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тәрбие ісіне еніп оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген жан болғанда ғана білігі мен білімі жоғары жетекші тұлға ретінде ұлағатты саналады.

Қазіргі оқытушыларының логикалық ойлау қабілеті, өздігінен іздену деңгейі төмен.  Оқушылар тек қана тыңдаушының рөлін ғана емес, ізденушінің рөлін де атқару қажет. Оқушылардың білуге деген қызығуын арттыру үшін:

·                оқушылардың өздерінің ізденістерін ұйымдастыру қажет;

·                өткен сабақ пен жаңа сабақты байланыстырып отыру қажет;

·                оқушылардың білімі мен білігін тексергенде әр түрлі жұмыс формаларын пайдалану керек;

·                сабақта жаңа әдістермен белсенді сабақ түрлерін пайдаланған жөн.

Жалпыға жаппай орта білім беру кезеңінде оқушылардың бәрін бірдей  жақсы оқытуға міндетті. Сондықтан қазіргі кезде мектептерде жаңаша оқытуға көшу жүйесі жасалынды, пән оқытушыларының алдында тұрған жауапты міндет-оқушылардың білім деңгейлерін барынша жетілдіру.

Оқушылардың білім деңгейлерін төмендігі-олардың қабілетінің жоқтығынан емес, өз беттерімен жүйелі түрде білім алуға дағдыланбаудан, жүйелі еңбектің жоқтығынан. Сондықтан әр оқытушының мақсаты — оқушылардың алған білімін қолдана білуге үйрету. Олардың жеке тұлға ретінде дамуына жағдай жасау, өз бетінше білімді меңгерту, оқушылардың біртұтас өмірге деген көзқарасын қалыптастыру және интеллектуалдық іс-әрекеттерге әзірлеуде, білім берудің инновациялық әдістерін қолданудың маңызы зор.

Пән аралақ байланыстар оқылатын негізгі пәндерді оқушылардың жан-жақты және терең меңгеруіне көмектеседі.

Қазіргі оқу үрдісінде дәстүрлі емес сабақтар,  әртүрлі әдіс-тәсілдерін кеңінен қолданылап жүр. Сабақты әртүрлі әдіс-тәсілдерді  қолданып, түрлендіріп өткізу оқушыларымыздың білімге, оқып-үйренуге құштарлығын арттыратыны анық.  Оқытушы қандай әдіс-тәсіл қолданса да мақсаты біреу, ол оқушыларға тиянақты да сапалы білім беру.

Оқушы белсенділігін, ізденушілік қабілетін дамытатын сабақтардың бірі- кіріктірілген сабақтар. Егер кіріктірілген сабақтарды рөлдік ойындар ретінде өткізсе, оқушылар сабақта белсенділікпен жұмыс жасап, өз бетінше  ізденуге, қорытынды шығаруға, іскерлікке дағдыланады. Ондай сабақтарда оқушылар материалды игеріп қана қоймай, зерттеу, сынау, сараптау, өмірмен байланыстыру, білім мен білікті практикада пайдалану, өз пікірін қорғай білу арқылы белсенділік көрсетеді.

Білімді меңгеру белгілі әрекет үстінде жүзеге асады. А. Науменко: «Ойын арқылы адам әлемді таниды, біліктілікті игереді, білім алады»- деп, өте орынды атап өткен.

 Тәжірибе көрсеткендей әдеттегі бірсарынды сабаққа үндемей отыратын оқушылар ойын   кезінде өте белсенді болатын кездер жиі кездеседі.Өйткені ойын кезінде олар тең құқыққа ғана қолы жетіп қоймай, басқаларды өзіне қарататын  мүмкіндікке ие болады. Олардың әрекеттері еркін және батыл болып, ойлаудың тереңдігін көрсете  бастайды.

Басқа әрекеттер сияқты сабақтағы ойын әрекеті де белгілі бір мақсатқа негізделіп,   оқушылар оның қажеттігін сезінулері керек. Ол үшін оқушылардың психологиялық ерекшеліктерін ескеріп, ойынның мақсаты, міндеті, мазмұны мен жүрісін анықтап алуы қажет. Оқу ойындарының мазмұны қызықты, балаларды тартатындай болуы және әрбір ойын әрекеті оқушылар үшін құнды,  белгілі бір қорытынды алумен бітуі қажет.

Оқыту үрдісі педагогикалық үрдістің басты құраушысы болып табылады. Оқыту үрдісі оқытушы және оқушының бірлескен әрекеті  ретінде оқыту мен оқудың  бірлігін көрсетеді. Қазіргі таңда оқыту:

1.            екі жақты сипатта;

2.            оқытушы мен оқушылардың бірлескен әрекеттері;

3.            жоспарлы ұйымдастыру мен басқару;

4.            тұтастығы және бірлігі;

5.            оқытушылардың жас ерекшелігіне сәйкестігі;

6.            олардың даму мен тәрбиесін бақылау, басқару белгілеріне ие.

Оқытушы мен оқушының бірлескен әрекетінде мынадай кезеңдер айқындалады:

·                оқушының оқуға қызығушылығын ояту;

·                оқушының білім, білік, тәжірибесін айқындау;

·                жаңа тақырыпты меңгеруін ұйымдастыру

·                өткенді пысықтау;

·                оқытудың нәтижелілігін айқындау.

Әр кезеңде оқытушы мен оқушының өз міндеттері бар, бірақ екеуінің де мақсаты ортақ.

Білім, білік, дағдыны меңгерудегі оқытушы мен оқушының бірлескен әрекеттерінің негізгі кезеңдерін сызба түрінде төмендегідей көрсетсе болады:

қабылдау (тапсырма, мәселе қою, өзектігі, ынталандыру) — түсіну (ұғыну логикалық, сезінушілік) — меңгеру (білім, білік, дағды) – бекіту (қайталау есте сақтау) – қолдану (теориялық, тәжірибелік, сөз арқылы) – қорыту (дәлелдер, теориялық ұғымдар, тәжірибелік әрекеттер, шығармашылық әрекеттер) – диагностикалау.

Оқыту үрдісі қызығушылық оятудан басталуы керек. Оқытушы оқушыға сұрақтар қою, әңгімелесу арқылы өтілетін тақырып бойынша бала не біледі, қаншалықты осы білімді іске асыратындығын анықтайды. Оқытушы сабаққа дайындалу барысында мынадай мақсаттарды көздейді:

·                баланың қазіргі білімі мен білімді қабылдауға қаншалықта жеткілікті екенін анықтау;

·                олардың білгенін еске түсіру үшін қандай тәжірибелік материал, жаттығулар ұсыну;

·                жаңа тақырыпқа қызығушылығын тудыру үшін балалардың сезімін ояту.

Жаңа тақырыпты айқындағаннан-ақ білімді қабылдау үрдісі басталады. Бұл кезеңде оқытушының оқушы алдындағы борышы — осы жаңа білімнің алдағы өміріне қажеттілігіне көзін жеткізу.

Меңгеру нәтижесі болып-заттардың, құбылыстардың, үрдістердің мән мағынасы туралы оқушыларда ұғымдар туралы түсінік қалыптасуы табылады.

Осы меңгерілген ұғымдар, түсініктер бекіту кезеңінде өтілген материалды тәжірибеде қолдану барысында жетіледі.  Оқытушы бұл кезеңде үнемі қайталаудың маңызын есте сақтағаны дұрыс. Оқыту үрдісінің соңғы кезеңі-оның нәтижелілігін анықтау. Диагностикалау-балалардың білім, білік,  дағдыны қаншалықты меңгергені көрсетеді, оқытудың сапасын, кемшіліктерді анықтауға көмектеседі.

Қорыту кезеңінің мақсаты - білім, білік, дағдыны жалпы бір жүйеге келтіру.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:


1. Иманбекова Б., Әбдіреймова К, Мазаржанова Қ. «Сабақ – оқытудың негізгі формасы». Алматы,.
2. Информатика негіздері журналы, 2011 жыл, №6
3. Информатика негіздері журналы, 2012 жыл, №2
4. 12 жылдық білім» Республикалық ғылыми-әдістемелік және ақпараттық-сараптамалық журналы, 2006, №2.