Магистр Беріков Санат

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

 

 Қазақ Халық педагогикасында Ұлттық құндылықтар

 

 

Қазақ педагогикасының өзіндік төл ерекшелігі оның ізгілендіру мен парасаттылықты, адамгершілік пен адами құндылықтарды жоғары қоятын бай халықтық педагогика мұраларымен айрықша орын алады. Егер де біз қазақ педагогика ғылымын дамыту барысында тағы да батыстық үлгімен кетсек, қателесетініміз анық. Біз түркілік төл дәстүрімізді сақтай отырып, ұлттық ойлау, ұлттық болмыс өзгешелік-ерекшеліктерімізді нығайта түсіп, қазақ педагогикасын шығыс педагогикасының үлкен бір саласы ретінде қалыптастыру деңгейіне қол жеткізуіміз керек.

Қазақтың болмысы түрлі мәдениеттің тоғысында қалыптасқан, ал қазақ педагогикасы рухани мәдениет дамуының қалыптасқан белгілі бір бағдары, деңгейі болып табылады. Қазақ педагогика ғылымының қалыптасуын зерттеу барысында мынадай екі талапты басшылыққа алу керек:

- тарихи-педагогикалық танымның әдіснамасы;

- тарихи-педагогикалық ілімнің құрылымы.

Осы уақытқа дейін қазақ педагогикасының әдіснамасының жасалмауы мен оның теориялық деңгейде толық зерделенбеуі қазақ этнопедагогикасы мен қазақ педагогикасын  бір мағынада қабылдауға алып келгені ақиқат. Оған қазақ педагогикасы нысанының, мазмұндық құрылымы мен пәндік ерекшелігінің анықталмауы себеп болып отыр. Қазақ этнопедагогикасы өзіндік ұлттық сипаты бар педагогиканың бір саласы болып табылса, қазақ педагогикасы адам тәрбиелеудің жалпыадамзаттық құндылықтарын қамтитын әлемдік педагогиканың құрамдас бөлігі болып саналады. Бүгінгі таңда қазақ педагогикасын бірден ұлттық тарихтың немесе ұлттық сананың, тәжірибенің үлгісі ретінде қараушылық айқын. Мұның өзі оның өз алдына дербес ғылым ретінде қалыптасуына, әрі дамуына кедергі жасап отыр. Сондықтан қазақ педагогика ғылымының әдіснамасын жасауда мынадай мәселелер өз шешімін табу керек деп есептейміз:

1. Қазақ педагогика ғылымы қалыптасуының тарихи кезеңдерін, әлеуметтік тегін талдау, оның басқа ғылымдармен өзара ықпалдастығы мен байланысын ашып көрсету.

2. Қазақ педагогикасының негізгі идеялары мен рухани бастауларын көркемдік – философиялық және әлеуметтік-педагогикалық тұрғыдан талдау.

3. Қазақ педагогикасының қайнар көздері көшпелілер мәдениеті мен түркі өркениетінен нәр алатынын ғылыми тұрғыдан негіздеу.

Қазақ педагогикасы тарих пен мәдениеттің өткен кезеңдерінің мәселелерімен ғана шектелінбейді, ол халқымыздың ұрпақ тәрбиелеудегі бүгінгі тәжірибесін, тіпті оның болашаққа жету бағдарын да қамтып тұжырымдауға бейім болуы және соған қызмет етуі шарт. Жасыратыны жоқ, қазақ педагогикасы дегенде өткен тарихқа көңіл аудару, оның тарихи алғышарттарына назар аудару басым. Қазақ педагогикасының әзірге болашаққа қызмет ететін әдіснамасы жасалмағаны анық. Сондықтан да қазіргі кезде қазақ педагогика ғылымын мойындамаушылар, оның табиғатына күмәндана қараушылар аз емес екені шындық. Ұлттық ұстаным – халқымыздың ұрпақ тәрбиелеудегі мол тәжірибесін, педагогикалық ілімін пайдалануға, оның өсіп-өркендеп дамуына еліміздің тәуелсіздігі мүмкіндік беретіні айдан анық. Мұның өзі қазақ педагогика ғылымын өз деңгейіне көтеру, оның әлемдік педагогикадағы өлшемін айқындау және ұлттық тұжырымдамасын жасауға күш салу міндеттерін алға қояды.

Қазақ педагогикасы ғылыми білімдер жүйесінде арнайы ғылым болып табылады деуге толық негіз бар. Ғылым болу үшін оның зерттеу нысаны мен пәні, зерттеу әдістері мен ұғымдық аппараты болу керектігі мәлім. Сондықтан қазақ педагогикасын ғылымның басқа салаларымен тығыз байланыста қарастыра отырып, оның дербес ғылым саласы ретінде орнын анықтаудың маңызы зор.

Қазақ педагогикасы ең алдымен, түркі өркениетінен бастау алатын қазақ халқының ұрпақты тәрбиелеу, білім беру, оқыту мәселелерімен айналысады,  қазақ ағартушыларының педагогикалық идеялары мен тұжырымдамалары негізінде педагогика ғылымының заңдары мен заңдылықтарын, бағыттары мен ағымдарын, іргелі педагогикалық теориялары мен қағидаларын айқындайды, сонымен бірге қазақ халқының ұлттық болмысына сай педагогика ғылымындағы барлық ғылыми жетістіктер мен педагогикалық мұраларды қоғамдық құбылыстармен, ғылымдармен, идеологиямен, т.с.с. байланыста зерттейді. Басқа кез келген ғылымдар сияқты, қазақ педагогика ғылымы да фактілерді тек ашып қана қоймайды, оларды түсінуге мүмкіндік жасайды.  Ғылымға тән нағыз шынайы ерекшелік оның табиғаттың, қоғамның және ойлаудың даму заңдарына қатысты болуы, оларды ашу және танып-білу болып табылады. Философияда заң, заңдылықтар деп объективті, мәнді, тұрақты және қайталанатын себеп-салдар байланысты айтатыны белгілі. Осыдан қазақ педагогикасы көшпелі мәдениет пен түркі өркениетінен рухани бастау алатын қазақ халқының ұлттық болмысына, халықтық тәжірибесіне сай балалар мен ересектерді тәрбиелеу, білім беру және оқыту заңдары мен заңдылықтарын зерттейтін ғылым деген қорытынды жасауға болады.

 

Қолданылған әдебиеттер тізім:

39 Қазіргі педагогика ғылымындағы жалпыадамзаттық құндылықтар // Қарағанды университетінің хабаршысы. Педагогика сериясы.  - 2008. - №1 (49). - Б.80-83.

40 Қазіргі педагогика ғылымының қайнар көздері. Монография. - Алматы: Білім, 2008.  - 243 б.

41 Ж.Баласағұни мен А.Құнанбаевтың педагогикалық идеяларының сабақтастығы // Қазіргі заманғы маңызды проблемалар. – 2008. - №4 (17). – Б.246-250.