МАҚАН БАЙМУРЗИН

 

Апеева  Гүлнар  Серікханқызы

филология ғылымдарының кандидаты

 

Ақсуат жұртын сегіз қырлы, бір сырлы талантымен тәнті еткен айтулы ақын, сазгер, режиссер Мақан Мәмиұлы Баймурзин Қызылкесік ауылында 1928 жылы дүниеге келген. Ел ішін жайлаған індет салдарынан болашақ өнерпаздың 1931-1955 жылдар аралығындағы өмірі Қытай жерінде өтеді. Келе-ақ қолына күрек пен қаламды қатар алып, жыл өте келе өнердің әр алуан саласында өз бағын сынаған Мақан ақын жұлдызы жана түсті. Тоғыз түрлі аспапта ойнап, сахараны күңіренткен  әнші, композитор, актер, режиссер Мақан ақынның өз ортасында «топ жарған», «сал ақын», «сегіз қырлы, бір сырлы» аталуы қашанда болмасын талант дарынына төреші халық ықыласының кепілі еді.   

Алғашқы жылдары тұрмыс тауқыметінен аса алмағандығы сол кездегі өлеңдерінде айтылады. Қызмет бабында келіспеушіліктен туындаған арнаулар осы кезеңнің жемісі. Елге оралғаннан кейінгі өмірінен толығырақ мағлұмат беретін «Жылдар» атты өлеңінде:

Мен өзім зорлықпенен шошқа бағып,

Көңілім болып жүрді жарым-жарты –

деп өрнектейді. Десек те, шын алмастың қын түбінде жатпасы анық.

Жыл келді мың тоғыз жүз елу жеті,

Жазылып тарқай берді іштің дерті...

Сол жылы лауреат атақ алдым,

Ән мен сөзден жүлдені матап алдым.

Бұл жолдардың ақиқатына осы жылдар аясындағы еңбегінің нәтижесі болған әр түрлі дипломдар мен марапаттау қағаздары куә.

Режиссер, композитор, ақын, әнші,

Тігінші, суретші деп елім мақтап,-

деген жолдар Баймурзиннің әрбір қырынан кеңінен мәлім өнер иесі екендігінің үстеме дәлелі. Айтыскер Мақан ақынның зор да келісті дауысын көпшілік біледі. Бұл жайында ақынның өзі  бір өлеңінде:

Гармон тисе қолыма,

Кетуші едім шешіліп.

Алты қырқа астынан

Тұратын үнім естіліп-

деп жырлайды. Сондай-ақ бесаспап Мақан ақын бірнеше әннің де авторы. Сөзі мен әуенін қатар жазған «Ақ тоты», «Жанерке», «Таң шолпаны», «Өткізбе күнді бекерге» сияқты облыстық композиторлар байқауына қатысқан әндері мен бірнеше сахналық хорлары белгілі. М.Елемесов «Жігіт серігі – өнер»  атты мақаласында  бұл хақында «М.Баймурзин жолдас – әуесқой композитор. Ол шығарған оннан астам ән аудан жастарының арасында кеңінен тараған. «Ел жүрегі - партия», «Мұғалімдер жыры», «Ақсуат жастарының вальсі» атты әндері көпшіліктің жүрегіне ұялаған»,-дейді.  «Тарбағатай – малды аймақ», «Ақсуат жастарының жыры», «Желдірме Семейім» әндерінің әуені үшін 1962 жылы 8 тамызда дипломмен марапатталған.

Мақан ақын өнері бір-бірімен ұштас, қоян-қолтық сабақтаса өріледі. Аудандық халық театрының бас режиссері Мақан ақынның бұл саладағы еңбегі де телегей-теңіз.

Он жылда елу жеті пьесаны,

Шығардым сахнаға бәрін баптап-

деуі тегіннен-тегін айтылмаған. Ең алғаш рет ауыл жастарының сылбырлығын көрген ол арнайы сұраумен «Ленин жолы» совхозынан клуб аштырып, 1956 жылдан соның меңгерушісі болып, ел құрметіне бөленген. Актерлік қызметі ең алғаш сықақ оқудан басталған. Семейде он ай баянистер курсында оқып жүріп, қалада өткен жастар фестивалінде сықақ оқудан бірінші дәрежелі дипломмен мараптаталады. Бұдан кейін іле-шала ауданның өнерлі жастарын бастап, Алматыға барған сапарында да табысты оралады да, осы жолы ауданның көркемөнерпаздар үйірмесі халық театры атағын алып қайтады. Өзі әнші, музыка аспаптарының барлық түрінде ойнайтын Мақан ақын  – ағаш шебері, етікші, суретші. Аудандық халық театрының қаз тұрған шағында оның осы өнерлерінің ұшан теңіз көмегі тигені анық. Бұдан кейін М.Баймурзиннің мәдени еңбек жолы ауылдағы автоклуб меңгерушісі қызметіне ұласады. Мақан Баймурзин басқаратын осы №5 автоклуб облыстық байқауда жүлделі орынға ие болып, өзі құрмет грамотасымен наградталған.

М.Баймурзиннің лектор атануында да үлкен сыр жатыр. №24 округтік сайлау комиссиясының төрағасы от ауызды, орақ тілді Мақан ақын әр алуан насихат жүргізген. Қарапайым халық арасынан шыққан депутаттардың еңбек жолын жыр етіп, алға тартқан. Бүкіл ғұмырын ізденіспен сарп еткен Мақан ақын еңбек жолындағы талпынысы жоғары адамды құрмет тұта біледі.

            Ақсуаттың атанғалы Мақаны,

            Отыз жылға, міне, биыл тақады.

Жүрген сайын қалыптасқан жорғадай,

Бір өнерден бір өнерің асады,-

деп белгілі ақсуаттық ақын Нұрбек Сейілхан жырға қосқандай, Мақан ақын талантының осыншама қыры асыл сөзден маржан терген ақындығына әкеп саяды. Өнердің әр алуан саласында өзінің айшықты да бедерлі ізін салған ақынның әдебиетте де қалдырған мол мұрасы өзіндік орын алады. Облыс көлеміне айтыс ақыны ретінде кеңінен мәшһүр болды.

            Ақсуат – алтын бесік, туған жерім,

            Ордасы өлең-жырдың думан жерім.

            Сөз есесін ешкімге бермейді деп,

            Бәйгеге жылда қосқан халқым менің  -

деп ақын өзі жырға қосқандай, аудан намысын қорғар шақта үлкені ізет, кішісі құрмет еткен Мақан ақынды нық сеніммен аттандырған. Кеңестік дәуір жасап, Тарбағатай қойнауы төрт түлік малға мыңғырып жатқанда аудан төңірегін дүбірлеткен төл тойы ешқашан айтыссыз өтпейтін. Осы айтыстарда Мақан ақынның мерейі үстем болмаған кезі кем де кем. Шұбартаулық ақын Төлеу Көбдіков:

            Семейде менен басқа сегіз ақын,

            Бәрі де тілінен май тамызатын,-

деп айтыс өнерінің атақты саңлақтарының санатында атаған Мақан Баймурзиннің барлық жиырмаға тарта айтыстарын топтастырған мезетте соңына айтарлықтай мұра қалдырған, айтыс өнерінің кезеңдік даму сипатына өзіндік үлес қосқан айтулы ақын екендігі сөзсіз.     Мақан ақынның толғаулары, арнаулары, мысал өлеңдері, спектакль, интермедия, қойылымдары сан алуан тақырыпта жазылған. Осылайша өнердің бар саласында өз бағын сынап, сол жолда құмырсқа тырбаңмен шыңға көтерілген Мақан ақын еңбегі еленбей де қалған жоқ. Дауылпаз өнерлілігіне сай «КСРО еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» атағын алса, сөз мәресінде дес бермеген ақын «халық ақыны» атанды. Тұрмыс ағымына икемделе мәдени қызмет пен қоғамдық жұмыстарды ұштастырып отырған, бірнеше саланың тізгінін қоса қабат ұстанған ақынның есімі бүгінгі күні аудан тарихында алтын әріптермен жазылып жатса, шындығында, оның барлығы еңбекпен ұшталған табиғи таланттың жемісі дер едік.

Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне елеулі үлес қосқан осындай тұлғалардың шығармашылығын жинақтап, зерттеп-зерделеу кейінгі буынның, біздің тарапымыздан атқарылмақ  маңызды істің бірі болмақ. Туған жер үшін аянбай еңбек еткен бұндай тұлғалар ісі – келер ұрпаққа өнеге.