Постмодернизм және
әдебиет эстетикасы
М.Әуезов
атындағы Әдебиет және өнер институты және
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
университетінің 2 курс магистранты, Алматы қаласы химия-биология
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ
тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:
Абдул Рахманұлы
Абдулкәрім
Жетекшісі: Ф.ғ.д.,
профессор А.Ісмақова
Анотация
Қазақша: Мақалада қазіргі әдебиет эстетикасы мен постмодернистік
тенденциялардың генезисіне шолу
жасалып, Отандық ғалымдардың ғылыми тұжырымдарына
баға берілген.
Кілт сөздер: постмодернизм,
әдебиет эстетикасы, интертекст
генезис.
Әдебиет
әрдайым жаңарып, түрленіп отырады. Оған тән
бүгінгі тенденциялар ертең жаңа тенденциялармен
толығып, алдыңғысы кейінгісімен ысырылып отырады. Кейде
әдебиеттанудың қызметі осы тенденциялардың ізімен
жүріп отырып, оларды тану, сипаттап беру ма деп қаласың.
Нәтижесіз, мәнсіз жұмыс сияқты. Тауды тасқа
көтермек болған ежелгі антикалық аңыздың
кейіпкері сияқты өнімсіз шаруа істеп жатқандай
көрінесің өз-өзіңе. Себебі бір тенденцияны танып
болдым дегенде екінші тенденция туындап жатқанын байқайсың,
одан да осы тенденциялардың туу, алмасу тарихын ұғуға
талпыну мағыналы шаруа ма деп қаласың. Сондықтан да
көптеген тенденцияларға сәл биіктен, тарихи циклдарды
көзбен көріп отырғандай үлкен уақыт
аралығын қамтып отырып баяндағың келеді, баға
бергің келеді, ой тұжырымдағың келеді. Бүгінгі күндегі
осындай тенденциялардың ең үлкені, ең күрделісі,
әртүрлі пікірмен, көзқарастарға толасы постмодернизм
екені анық. Біздің мақаламыздың «постмодернизм
және әдебиет эстетикасы» деп аталуы да сондықтан.
Жалпылама
алғанда постмодернизм ұғымы мен әдебиет
эстетикасының байланысы аз, мағынасы алыс сияқты
көрінеді. Әрине бұл жалпылыма алғанда ғана. Себебі,
біздің бүгінгі мақаламызда қарастырылып отырған
постмодернизм ұғымы таза әдеби ұғым емес екені
баршамызға аян. Бүгінде постмодернизмді постиндустриялды
қоғамның мәдени ахуалы ретінде қабылдау кең
тарап отыр[1][2][3][4]. Ал, әдебиет эстетикасы талғам мен талап
тоғысында туындайтын, прагматикасында рухани азық, ләззат
ретінде ұғынылатын абстракциялы ұғым. Бірі жалпы
қоғамдық мәдени ахуал болса, екіншісі әдебиет
категориясы ғана. Осы ретте, «онда осы мәдени ахуалдың
әдебиеттегі көрінісі қандай, оның әдеби эстетикаға
қатысы қанша?» деген сұрақ туындауы орынды
сияқты. Шама шарқымызша жауап беріп көрсек...
Ең
алдымен постмодернизмдегі қоғамның мәдени
ахуалының өзгеруі, жаңаруы оның рухани өмірдегі
тенденцияларының, танымының, талғамының
өзгеруімен байланысты. Ал, әдебиеттегі рухани талғам мен
танымды танытатын, тенденциялардың бағытын белгілейтін
әдебиет эстетикасы екені бәрімізге аян. Демек жалпылама
алғанда қоғамның мәдени ахуалын білдіретін
постмодернизмнің әдебиеттегі ең алғаш көрініс
беретін жері де осы әдебиет эстетикасы екені анық.
Постмодернизмнің жалпылама мәдени ахуалды білдіретін
ұғым екенін ескеріп, оның осы призмалық
көпқырлылығымен қамту мақаламыздың
ауқымына сыймайтындығын, ол біздің міндетіміздің,
пәніміздің аясына да кірмейтіндігін ескеріп(постмодернизм жалпы
мағынасында мәдени ахуал болғандықтан
мәдениеттанудың обьектісі болып табылады), постмодернизмнің
жалпылама табиғатынан гөрі әдебиеттегі табиғатын ашып
беру үшін оны әдебиет эстетикасымен сабақтастыра отырып
тануға тырысып көрмекпіз.
Постмодернизм де,
эстетика да күрделі, көпмағыналы, концепциялық
ұғымдар екені рас. Бұл ұғымдарды
сабақтастыра алуымыз үшін осы екеуінің түйісетін
тұстарын анықтап алу біздің ең бірінші кезектегі
міндетіміз болса керек.
Қазірде
әдебиеттегі постмодернизм терминін есіткенде ең алдымен интертекст,
автор өлімі, хаос, белгісіздік (неопределенность), үзіп
алынған сәт (фрагментарность)(А.Ісмақова), деканонизация
және т.б. сынды қым-қиғаш ұғымдар елес
береді. Көпшілікті қинайтын да осыдан туатын сұрақ:
«Постмодернизм дегеніміз өзі не, ол қайдан, қалай, не
үшін туындап отыр, кімге қажет болып отыр?». Шетелдік
ғалымдардың бұл ұғым жайлы
көзқарастарын былай қойып өзіміздің ғалымдарымыздың,
жазушыларымыздың көзқарасы үшке жарылады. Бірі
постмоднернизмді жақтап, қолдап отырса(Ә.Қодар[5],
Ә.Бөпежанова[6], Т.Әсемқұлов[7]), екіншісі
түбегейлі қарсы шығып, мойындамай отыр(Ә.Тарази[8],
А.Әлімұлы[9]), ал үшінші топ ғылыми салқынқандылықпен
оның бар болмысын тануға, танытуға талпынып отырған
бейтарап топ екенін көреміз(С.Қасқабасов[1],
А.Ісмақова[10], Б.Майтанов[11], Ж.Жарылғапов[12]). Біз үшін
ең табысты жол үшіншісі екені анық. Бірақ бұл
жерде де біршама сұрақтардың жауапсыз екенін ескеруіміз
қажет. Мысалы, академик С.Қасқабасов постмодернизм туралы: «Шынтуайтына келгенде модернизм дегеннің
өзі – жаңа деген сөз. Постмодернизм – өндірісі
қатты дамыған постиндустриялы елдерде кең таралған.
Өйткені, олар бұрынғы классикалық әдебиеттен
қол үзіп кеткен. Біз болсақ, классикалық реализмнен,
классикалық әдебиеттен қол үзгеміз жоқ. Одан
қол үзе алмайтын себебіміз, бізде әлі постиндустриялық
қоғам құрылған жоқ. Ол үшін
өндіріс өте мықты дамып, капитализмнің ең биік
шыңына жетіп, бүкіл өмірдің бәрі индустриялануы
керек, қалалық ұлт болып қалыптасуымыз керек. Сосын
бүкіл қалалық өмір мен далалық өмір
араласып, құжынап жатуы тиіс. Бірақ біз оған жеткен
жоқпыз. Сондықтан постиндустриялық қоғам болмай
тұрып, постиндустриялық қоғамның өмірін
суреттей алмаймыз. Алайда, постмодернистік тәсілді меңгеріп
алған біздің кейбір қаламгерлердің ісі сыртқы
көрініс қана. Кейіпкердің сандырақтауы, елес
көруі, болмаса кейіпкердің басқа бір нәрсені ойлап,
басқа бір әлемге шарлауы, осының бәрі шындап келгенде,
өз әдебиетіміздің әсерінен шыққан
нәрсе. Постмодернизмнің сыртқы көрінісі қандай
деген сауалға жауап беретін болсақ, ол – өмірдің
бейнесінен алыстап кету, ойда жоқ нәрсені айту. Я болмаса, елес
қуып, адамның екіге бөлінуі, екі ойлы болуы,
сандырақтап бір нәрсені айтуы [11,4]». Бәрі түсінікті
бірақ кеудеде бірден туатын сұрақ «неге? не үшін?».
Яғни, «өмірдің бейнесінен алыстап кету, ойда жоқ
нәрсені айту, елес қуып, адамның екіге бөлінуі, екі
ойлы болуы, сандырақтап бір нәрсені айтуы» не үшін
әдебиетке келді, қандай қажеттіліктен туды? Ондай жазуды
эстетикалық талап дәрежесіне жеткізген не? Дәл осы
сұрақтарды ғалым А.Ісмақованың: «постмодернизм –
белгілі-бір ғылыми теориялық, философиялық, эстетикалық
пайымдаулар кешені. Постмодернизм – қазіргі менталитеттің
сипаттамасы, дүниетанымдық тәсілі». Постмодернизмде
«..бәріне күдікпен қарау – әлемді танудың кілті
іспеттес.
Маңаймыздағының бәрі жалған, әрбір
өтірік өзінің уысында шындықтың бір
бөлшегін сақтауда, ал әрбір ақиқаттың өзінде
бір тамшы болса да у бар деп санайды бүгінгі постмодернистік авторлар
[10, 65]» − деген піріне қатысты да, ғалым
Ж.Жарылғаповтың: «Постмодернизм – постәдебиет. Яғни
дәстүрлі әдебиеттен кейінгі құбылыс. Бұл –
антижүйе. Бұрынғы әдебиеттен оқырман
өзінің арман-аңсарларын табатын, жазушы өмірдің
мәнін түсінуге көмектесетін. Қазір тек қана
әдебиеттің дүниесі, мәтіндердің жиынтығы
болып қалды. Мұндай шығармалардың тәрбиелік,
гуманистік ролі туралы да ойланатын кез келді[12]» − деген пікіріне
қатысты да, ғалым Б.Майтановтың: «постмодернизмдегі ең
басты дүниетанымдық ерекшелік – керітартпа романтиктердегі
сияқты өзіне таныс өмір сиқынан
түңілушілік. Олар айналаны өзгертуге де тырыспайды.
Бәрін шарасы таусылған көзбен, тіпті бейтараптықпен,
қадыры кетілген көбінесе өзіне қаратылған ащы
мысқылмен (самоирония, тіпті самопародия) топшылайды. Үкім
айтуға ұмтылмайды. Сырт қарап қана ілбіп отыратындай.
Шын мәнісінде бұл сияқты бетперденің (маска) ішінде
керемет қарсылық тулап жатады[11]» − деген пікіріне
қатысты да қоя аламыз. Атпағымыз, постмодернизмді алыстан
бағалап, оның әдебиет алаңында туындауына әсер
еткен тарихи-әлеуметтік аспектілерді ескермей, дәл осы
уақыттағы ғана кейпін оған қарама-қарсы
тұрып сипаттаумен, түсінуге талпынумен барлық
сұрақтың жауабын тауып, постмодернизмнің
табиғатын ашып берудің беймүмкін екендігі болып отыр.
Жоғарыдағы пікірлердің бәрінде постмодернизмді
қазірде әлемдік мәдени-эстетикалық қуатты
құбылыс ретінде емес, қозғалыссыз хәл
үстіне жатқан науқас сияқты сипаттау басым.
Постмодернизмнің «өмірдің бейнесінен алыстап кету, ойда
жоқ нәрсені айту, елес қуып, адамның екіге
бөлінуі, екі ойлы болуы, сандырақтап бір нәрсені айтуы» болсын,
постмодернизмде «..бәріне күдікпен қарау – әлемді
танудың кілті іспеттес» болсын, «постмодернизм – постәдебиет,
яғни дәстүрлі әдебиеттен кейінгі құбылыс»
деуіміз болсын, «бәрін шарасы таусылған көзбен, тіпті
бейтараптықпен, қадыры кетілген көбінесе өзіне
қаратылған ащы мысқылмен (самоирония, тіпті самопародия)
топшылайды» деуіміз болсын постмодернизмнің неге, неліктен туғанын,
не үшін қажет екенін танытпайды, эстетикалық мотивировкасын
түсіндіріп бере алмайды. Бұл біз постмодернизм
құбылысындағы әдебиет эстетикасымен сабақтастыра
отырып жауап таппақ болған сұрақтарымыздың,
қызығушылығымыздың бірінші қыры, себебі болатын.
Ал, екінші қырынан келгенде, жоғарыда постмодернизм
постиндустриялды қоғамның мәдени ахуалы дедік.
Оның әдебиеттегі көрінісі көбіне әдеби ағымдардың табиғатына жақын болып
келеді. Бірақ бұл ретте постмодернизмді ағым ретінде
қарастыру біршама қиындық та тудыратыны бар. Мысалы,
ағым атаулының арнасы болады, бағыт бағдары болады,
шегі, шекарасы болады, белгілі бір шарттылықтары болады, ал
постмодернистік таным атаулы шектеу мен шекараға, арна атаулыға,
шарттылық атаулыға жаны қас болып келеді. Бұл ретте
постмодернизм қабылдауға қанша қиын болса да
арнасыздықты басты арна ретінде алып отырғанын көреміз. Сол
себепті оның белгілі бір шарттылықтарын атап берудің
өзі беймүмкін. Әрине бұл оны тану мүмкін
еместігін дәлелдемейді. Тек дәстүрлі әдістердің
бұл арнада қабілетсіздігін көрсетеді. (Сондықтан да
кейде постмодернизмнің барлық мақсаты да осы
дәстүрдің қауқарсыздығын таныту деген
тұжырымдар кезігіп жатады, тіптен жоғарыдағы
сұрақтардың туындауы да осы дәстүрлі
әдістің қауқарсыздығынан да болуы мүмкін).
Біз бұл кезекте, жоғарыда айтқандай, постмодернизмнің
әдебиеттегі табиғатын оның арнасын, шекарасын тану,
«белгілеу» жолындағы әрекеттер барысында емес, осы
арнасыздықты тудырған эстетикалық талаптар
тұрғысынан қарастыруға, тануға, талдауға
тырысамыз.
Cонымен
жазушыларға интертекст, елес қуу, ойын элементтері, мифтік
элементтер, фрагментарлық, бәріне күдікпен қарау не
үшін қажет болды, неліктен эстетикалық талап дәрежесіне
көтерілді? Рет ретімен жауап беріп көрсек.
Интертекстуалдылықтың
жазушылар шығармашылығында көрініс табуының
алғышарттары не болды? Біріншіден, ғалым А.Ісмақова
айтқандай: «негізінде постмодернизм поструктурализмнің теориясын,
деконструктивизмнің әдеби-сындық талдауын (Йель
университетінің) бүгінгі өнердің көркемдік
тәжірибесі тұрғысынан тоғыстырады [10, 93]». Ал
поструктуралистік эстетика бойынша автор мен оқырман тең
құқылы, тіптен кей тұста оқырманның
шығармаға қатысты құқығы жоғары
болып есептелінеді (Р.Барт, «Автор өлімі»). Және де постмодернистік
таным бойынша: «творчество, гениальность, талант сегодня состоят не в том,
чтобы создать неповторимый шедевр, поделиться уникальным опытом или раскрыть индивидуальный
мир художника, а в том, чтобы открыть текст множеству различных прочтений,
чтобы его смыслы заключались не внутри него, а конструировались читателем
(зрителем) извне
[2, 184]»(дәл осы таным постмодернизмдегі тіл ойындарына
да, елес қууға да қатысты) болып табылады. Бірақ бұлардың
барлығы ғалымдар пайымдап, қоғам тарапынан
қабылданған толыққанды концепциялар болғаны
белгілі ал жазушылардың еңбегіндегі интертекстуалдылық
элементтері бұдан әлдеқайда алдын көрініс бергенін
білеміз және жоғарыдағы концепциялар олардың неге
қажет болғандығын да таныта қоймайды. Постмодернистік
әдебиеттің белді өкілі ретінде қарастырылатын
Х.Л.Борхес өзінің «Пьер Менар, Дон Кихоттың авторы» (1960)
атты романында интертекстуальдық, яғни Сервантес «романының
кейбір тарауларын ешбір әрпін де өзгертпей» қайта жазып
шыққаны айқын көрініп отырады. Әрине, бұл
жерде Борхес интертекстуалдылық әдісін қолдануды мақсат
тұтқандықтан бұл қадамға бармайды(оның
үстіне интертекст термині аталған роман жарыққа
шыққан соң жеті жылдан кейін ғана алғаш рет
қолданылған болатын). Біздіңше Х.Л.Борхесті мұндай
қадамға итермелеген ақпараттанған қоғам мен
шығармалардың соншалықты көптігінен олардың
сюжеттік желісі басталмай жатып кульминациясын танып қоятындай
мүмкіндікке жеткен оқырманға, 30 жылдардағы
дағдарыстардан кейін Америка мен Еуропа елдерінің
экономикасының тек қана өндіріске ғана емес,
тұтынушылық қоғамға да бейімделе
бастағандығының нәтижесінде туындаған
әдебиеттің де саудаға айналуына, көптеген
оқырманды тарту мақсатында жазылатын беллетристикалық
романдарға, жанрлық атауы бүкіл болмысын танытып беретін
туындыларға(детектив, фантастика) деген эстетикалық
қарсылық болса керек (қазірде бұл
аталғандардың барлығы бүгінгі постмодернистік мәдени
ахуалды тудырып отырған аспектілер деп түсіндіріліп
жүр[2][3][4]). Бұл біздіңше Борхестің жазушы ретінде
оқырманның пассивтілігіне қарсылық танытып, дайын,
қабылдауға жеңіл, интеллектуалдық еңбекті талап
етпейтін дүниелерді оқудың эстетикалық мәні
жоқтығын танытуға тырысуының ерекше үлгісі болса
керек. Екінші жағынан бұл шығармашылық процессіне
оқырманды да қатыстырудың, оған осы процессті,
оның маңызын танытудың ұтымды үлгісі
болғандығы да анық. Тағы бір қырынан
постмодернистік жазушылардың
модернистік жобаға, оның идеалдарына деген көзсіз
сенім нәтижесінде туған бірінші, екінші дүниежүзілік
соғыстарға, ол жобаның эволюциялық дамуы негізінде
пайда болған маркцизм, сталинизм, фашизм, тоталитаризм мен комунизм сынды
саяси жүйелерге деген қарсылықтары сол дәуірдің
бастауында тұрған, соларға сенген жазушыларға,
олардың аңғалдығына(наивность) деген
әжуамен(ирония), өзінің де көсемси, ділмәрси
алмайтынына деген әжумен(самоирония)(плюралистік қоғам
талаптарына сай) және қоғамдық
құндылықтарға, ақиқатқа деген сенім
дағдарысын(кризисный характер постмодернисткого сознания)
танытудың, жеткізудің жолы классикалық шығармаларды
қайта қарастырғанда ғана мүмкін болды.
Нәтижесінде жазушылар шығармашылығында интертекстуалдық
әдістер көрініс таба бастады. Әрине осы ретте: «кризис все сделал хрупким
и обреченным. Упомянутые и другие события и явления и
вызвали переход современности в постсовременность. Результатом осмысления
происшедших изменений в обществе и культуре стал постмодернизм. В самом общем виде он означает утрату веры в человека,
гуманизм, разум и прогресс. В каждой конкретной области он проявляет себя
по-разному[4]».
Әрине
бұлар постмодернистік эстетиканың, оған әсер еткен
аспектілердің, оның көркемдік
әдіс-тәсілдерінің, эстетикалық талаптарының бір
бөлшегі ғана. Бірақ осының өзінен
постмодернизмнің табиғатын, әдебиеттегі эстетикалық
мотивировкасын шамалауға болатын сияқты. Қорыта келгенеде
ешқандай жаңа тенденция ырықсыз туа салмайды, өзіне
дейінгі тізбектің логикалық жалғасы болып табылмақ.
Маңыздысы сол тізбекті нақты тани алсақ, түсіндіре
алсақ болғаны.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. C.
Қасқабасов «Қазақ әдебиеті», №13, 10 сәуір,
2009 ж.
2. Модерн. Постмодерн. Культура. /Нуржанов Б.Г.
–
Алматы: «Өнер», 2012. – 336 стр.
3. Ильин И.П. Постмодернизм от истоков до конца
столетия: эволюция научного мифа. – М., 1996.
4. Эпштейн М.Н. Постмодерн в русской литературе: Учеб. пособие для
вузов /М.Н. Эпштейн. – М.: Высш. Шк., 2005. – 495 с.
5. «Әлемдік мәдениеттану ой-санасы» Он томдық.
7-том «Постмодернизм және мәдениет» − Алматы: Жазушы, 2006. –
496 бет. //Постмодернизм жөнінде бірер сөз. Ә.Қодар.
6. Бөпежанова Ә. «Гүлдер мен кітаптар» -
мәдениет құбылысы Дидар Амантайдың жаңа романы
туралы / Ә.Бөпежанова // Қазақ әдебиеті. – 2005.
– 9 қыркүйек. – 12б.
7. http://adyrna.kz/ Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ.
ИНТЕРТЕКСТ (Ербол Алшынбайдың бір дастанын оқығанда
туған ойлар)
8. http://adebiportal.kz/ Әкім Тарази: «Модернизм,
постмодернизм» деп зарлай бастаған білгішті көрсеңіз –
маңайынан безе қашыңыз. Демек, ол – дарынсыз»
9. http://kazgazeta.kz/ МОДЕРНИЗМ… ПОСТМОДЕРНИЗМ… ОДАН КЕЙІН
ҚАНДАЙ… ИЗМ?!
10. Ісмақова А.С.
Асыл сөздің теориясы. – Алматы. «Таңбалы», 2009. – 376 бет.
11. Майтанов Б.
Тәуелсіздік – күрес мұраты: зерттеулер мен мақалалар(60
жылдық мерейтойына арналған). – Алматы: «Құс жолы»,
2012. – 490 бет.
12. http://writers.kz/journals/Әдебиет бұл күндері кіммен егіз?