АҒЫЛШЫН
ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛДЕРІНІҢ САЛҒАСТЫРМАЛЫ
ФРАЗЕОЛОГИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ.
Ф.ғ.к.,
доцент Н.Қ.Айтбаева., О.Қ.Қабылова., Филология
факультетінің 1 курс магистранты Түркістан қ., Қожа
ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік
университеті
Бүгінгі
ғаламдастыру, жаһандандыру саясатының аясында
ғылымдардың даму көкжиегін жаңа бағыттармен
кеңейту, қайсыбір ғылым саласы болмасын, оны "адами
факторлармен, адами құндылықтармен" бірлікте
қарастыру-адамзат өркениеті мен замана керуенінің алға
тартып отырған кезекті талабы. Әлемдік қолданбалы және
теориялық ғылымдардың ішіндегі негізгі
қоғамдық, әлеуметтік коммуникацияның жетекші
идеяларын жүзеге асыруда мақсат еткен тіл ғылымының
қазіргі бағыт-бағдары ғасыр талабына толық жауап бере
отырып, "адам-тіл-мәдениет" үштігінің
аясындағы тың міндеттердің шешілуін көздейді.
Қазіргі
тіл біліміндегі өзара туыс және туыс емес тілдерді
салыстырмалы-салғастырмалы тіл білімінің ұстанымдары мен
әдістемелерін кең қолдана отырып зерттеу - отандық және
шетелдік тіл біліміндегі ерекше дамып келе жатқан жаңа
бағыттардың бірі.
Құрылымы
әр түрлі ағылшын және қазақ
тілдерінің сөздік қорындағы сан алуан атаулардың
ішінде өте жиі қолданылатын, мағынаға бай,
қолданыс ауқымы кең тілдік бірліктердің бірі - фразеологиялық
теңеулер.
Фразеологиялық
теңеулердің басым көпшілігі ұлттық негізді
арқау ете отырып пайда болған. Олар – ұлт
өмірінің айнасы, сондықтан да бойында сақталған
ұлттық мәдени негіздерге сүйенеді, себебі
өркениеттің өрісі қаншалықты екені де тілден
бөлек дүние емес. Ендеше ұлт мәдениеті ұлт
тілінен бөлінбейді. Тіл мен мәдениет - өркениет
дамуының ең алғашқы кезеңдерінен бастап
үйлесімділік пен сәйкестікте өмір сүріп келе
жатқан құбылыс.
Тілі, ділі,
мәдениеті, дүниетанымдық көзқарасы әр
түрлі ағылшын және қазақ халықтарының
фразеологиялық теңеулері жан-жақты, құрылымы,
ішкі форма, аялық білім, жалғаса туындаған ауыспалы
мағына, концепт, лингвомәдени тұрғысынан зерттеу
нәтижесінде тіл-тілге тән ортақ заңдылықтар,
жалпыхалықтық рухани дүниелер, ұлттарға тән
танымдық ерекшеліктер т.б. жөнінде бірқатар жаңа
мағлұматтарға қол жеткізілді.
Ағылшын
және қазақ тілдері фразеологиялық теңеулерін
тақырыптық тұрғыдан топтастырғанда теңеу
образы ретінде келетін екі тілдегі атаулардың кездесу жиілігі мен
арақатынасында айырмашылықтар бары анықталды.
Фразеологиялық
теңеулердің ұлттық белгісі олардың
мағыналық ерекшеліктерінен айқын көрініс табады, себебі
кез келген халықтың бүкіл мәдени және
психологиялық күрделі кешенін оның қайталанбас ойлау
тәсілін жинақтайды. Бұл әр тілдің түрлі
бейнелерге сүйенетіндігімен, мағынасы ортақ болғанымен,
негізінде жатқан бейненің әр тілде өзіндік бояуы
болуымен анықталады. Дегенмен екі тілге ортақ бейнелерге ие фразеологиялық теңеулер
кездесетіні байқалады. Бұл құбылыс қазақ
және ағылшын халықтарының дүниетанымдағы
кейбір түсінік ұқсастығын дәлелдейді.
Тіл
білімінің басқа салалары сияқты фразеология да бүгінгі
таңда терезесі тең, дербес пәнге айналып отыр. Фразеология
саласын тіл білімінің жеке саласы ретінде қалыптастыруда,
оның нысандарын, тілдегі орны мен табиғатын зерттеу әдістерін
анықтауда, маңызды теориялық тұжырымдар жасауда
көптеген отандық және шетелдік
ғалым-фразеологтардың еңбектері ерекше орын алады.
Н.И.Амосова, А.В.Кунин, И.И.Чернышева, В.Флейшер (W.Fleischer), М.М.Копыленко,
І.Кеңесбаев, А.Т.Қайдар, А.Д. Райхштейн, С.Е.Исабеков,
С.К.Сатенова, З.Қ.Ахметжанова, Д.Добровольский, М.Сабитова,
К.К.Дүйсекова т.б. атақты ғалымдардың жалпы және
салғастырмалы фразеология мәселелеріне арнап жазған
құнды-құнды еңбектері жарық көрді.
Кейіннен
осы атақты әдістің нәтижелері мен деректерін есепке ала
отырып, тіл білімінің жаңа принциптері айқындалды,
бұрынғы деректер жаңа мәліметтермен толықтырылды.
ХХ ғасырда салыстырмалы әдіс арқылы туыстас емес тілдерді де
салғастыра зерттеуге болады және зерттеу керек деген пікір
кең өріс алды. Бұл әдістің соңғы
жылдары кең тарағандығы соншалық, тіпті осыған
байланысты тіл білімінің жаңа тараулары, зерттеудің
жаңа бағыттары пайда болды: салыстырмалы-салғастырмалы
фонетика, салыстырмалы-салғастырмалы лексикология,
салыстырмалы-салғастырмалы грамматика, салыстырмалы-салғастырмалы
фразеология тілдің тағы сол сияқты басқа салалары
өз алдына дербес пән ретінде қаралып, талай ғылыми
еңбектердің негізгі нысандары болды.
Бүгінгі
таңда адамзат тарихының шексіз өрлеп, кемелденген заманында,
мәдениет пен өнер, саясат пен тіл салаларында
халықаралық қатынастың дамып, жанданған
уақытында салыстырмалы-салғастырмалы тіл білімі өзекті де
көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр. Тілдерді салыстыра – салғастыра зерттеу
әр тілдің өрнек бояуын, ұлттық ерекшелігін,
қайталанбас қасиетін танып білуге жол ашады. Осындай зерттеулер
мәдениетаралық қатынастың төрінен орын алып,
халықтардың бір-бірімен түсінісу барысын жүзеге
асыруға кеңінен ат салысады.
Соңғы
10-15 жыл ішінде қазақ тілі фразеологиясын герман (неміс,
ағылшын) тілдері фразеологиясымен салғастыра зерттеуге
арналған бірталай жұмыстар жарық көрді (Карбозова Г.,
Арғынғазина Ш., Оспанова Ф., Молдасанова А., Қапышева Г.,
Атаханова Р., Мықтыбаева Т. және т.б.).
Бірі
түркі, бірі герман тілдері тобына жататын қазақ және
ағылшын, қазақ және неміс тілдерінің тілдік,
ұлттық мәдени ерекшеліктерін түрлі тілдік бірліктер,
фразеологизмдер, мақал-мәтелдер бойынан тауып, олардың
бір-біріне ұқсастық немесе бір-бірінен айырмашылық
дәрежесін анықтауға, ұлттық нақышты
тереңірек түсінуге талпынған ғылыми еңбектер
баршылық, дегенмен шешімін таппаған мәселелер де жоқ
емес. Осындай негізгі мәселелердің біріне қазақ
және герман тілдеріндегі фразеологизмдерді қазіргі тіл
білімінің жаңа бағыттары мен ұстанымдары негізінде
салыстыра-салғастыра зерттеу жатады.
Тіл
бірліктерін «этнос (адам) – тіл – мәдениет» үштігіне сүйеніп
зерттеу үрдісі тіл білімінің этнолингвистика, тіл арқылы ел
тану, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика сияқты жаңа
бағыттарына жол ашты. Аталған бағыттардың негізінде
адамның тілі мен мәдениетінің өзара байланысы
мәселесі жатыр. Тіл мен халықтың, оның
мәдениетінің арасындағы тікелей байланыс халықтың
рухынан, тілінен көрініс табады. Олай болса, тілді зерттегенде оны сол халықтың
рухани байлығымен, мәдениетімен байланыстыра зерттеу қажет.
Тілді
этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеудің өкшесін
баса өз бастауын алған жаңа бағыттардың бірі –
тіл арқылы ел тану. Фразеология саласында бұл бағыттың
алар орны ерекше, өйткені әр тілдің фразеологизмінде
үлкен мазмұн – халық өмірі, мәдениеті бар.
Фразеологизм мағынасындағы елтану потенциясының пайда болу
принциптері тіл арқылы елтану бағытының еншісі болып табылады.
Тіл арқылы елтану теориясының пайда болып дамуы фразеология саласын
жаңа қырынан, яғни фразеологизмдерді кез келген
халықтың ұлттық мәдени дамуының айнасы
ретінде қарастыруға мол мүмкіндік береді.
Тіл
мен мәдениет арақатынасын зерттейтін тіл білімінің жаңа
бағыттарының бірі – лингвомәдениеттану.
Лингвомәдениеттану – қазіргі тіл білімінде кеңінен
қолданыс тауып келе жатқан антропоцентристік бағытпен,
яғни сол тілдің иесі болып табылатын адаммен, тілдің
функционалды қолданыс табатын әлеуметтік орта, тарих,
мәдениет пен танымдық процестермен байланыстыра зерттеу
үрдісінің нәтижесі болып табылатын тіл мен
мәдениеттің өзара байланыс тетіктері мен жалпы
ұлттық дүниетаным, ұлттық мәдениеттің
тілдегі көрінісін зерттейді.
Когнитивтік
лингвистика тіл мен сол тілдің иесі адам санасын тұтастықта
қарастырып, тілдік білімді адам миының жемісі, күрделі
ассоциативті-вербальды құрылым, болмысты рух пен ой бірлестігінде
танытушы жүйе ретінде кешенді сипаттауға негізделеді. Когнитивтік
үрдістің негізгі айырым белгісі тілді жаңаша зерттеуде жаңа
тәсілдер еңгізуде ғана емес, таза танымдық
бағдарының жаңалығында, тілді танымдық
тұрғыдан қарауында.
Когнитивтік
лингвистиканың негізгі мәселелерінің бірі – когнитивтік
мағына. Тілдік бірліктердің мағынасы адамның ойлау
жүйесімен қатар қарастырылады. Бұл бағыттың
басты назар аударатын негізгі ұғымдары: «әлем бейнесі»,
«әлемнің тілдік бейнесі», «әлем моделі» немесе «когнитивтік
модель». Когнитивтік мағына тіл арқылы құрылып
берілетін танымдық ақпарат ретінде қарастырылады. Когнитивтік
семантика – сол тіл арқылы құрылып берілетін адам
санасындағы концептуалды білімді таным моделі арқылы зерттейтін
ғылым.
Тіл
білімінің қазіргі даму кезеңі құрылымы
әртүрлі тілдерді салыстыра-салғастыра зерттеуге деген
қызығушылықтың артуымен сипатталады және
функционалды, прагматикалық, когнитивтік, антропоцентристік,
лингвомәдениеттану және басқа да парадигмалардың
қатар өмір сүруімен ерекшеленеді. Осы парадигмалардың
ортасында жеке тұлға мен адам қызметінің
әлеуметтік жағына деген қызығушылықты арттыратын
антропоцентрлік әдістеме тұр. Аталған бағыттардың
зерттеу нысаны – тіл мен мәдениет.
ХХ
ғасырдың соңғы жылдары дами бастаған тіл
білімінің антропологиялық парадигмаға көшу үрдісі
"адам-тіл-мәдениет" және "адам-тіл-ойлау"
үштігіне сүйенетін гуманитарлық зерттеулердің
жаңа бағыттарына жол ашты. Бұған дейінгі
салыстырмалы-салғастырмалы түрде жүргізілген зерттеу
жұмыстары құрылымдық-мағыналық
бағытта ғана қарастырылып келсе, бүгінгі таңда
антропоцентристік бағыттағы уақыт көшінде әртүрлі
тілдерді салыстыра-салғастыра зерттеу ерекше
қызығушылық танытуда. Тілді, тілдік бірліктерді адами
факторлармен, адами құндылықтармен бірлікте қарастыру
қазіргі тіл білімінің алға тартып отырған басты
бағыттарының бірі. Бүгінгі күні адами факторларға
ерекше мән беріп, тіл иесінің тілдік бірліктерді дұрыс,
ұтымды қолдану, мән-мағыналарын терең
түсіну мәселесі ғылыми еңбектерде жиі көтерілуде.
Осындай зерттеу жұмыстарында ұлттық
құндылықтарға қатысты мәдени деректерге
көп көңіл бөлініп, тіл тек тұлғалық
(формалық) жағынан ғана емес, сонымен қатар ол
мағыналық, ұғымдық, мәдени-концептілік
тұрғыдан жиі қарастырылып, талданатын болды. Тілді
ұлттың тарихымен, мәдениетімен, рухани қазынасымен,
яғни дүниетанымымен тығыз қарым-қатынаста,
бірлікте алып қарастырылған жағдайда ғана ұлттық
тілдің табиғатын шынайы танып білуге жол ашылады.
Ұлт
мәдениетінің қай түрінде болмасын, онда сол
ұлттың бүкіл таным болмысы мен тұрмыс-тіршілік суреті
сақталған. Белгілі бір ұлттың тарихынан,
мәдениетінен, таным болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен хабардар ететін
тілдік бірліктерге ең алдымен тілдегі фразеологизмдер,
мақал-мәтелдер, нақыл сөздер жатады, себебі бұл
тілдік бірліктер белгілі бір ұлттың өзге ұлттардан
менталдық айырмашылығын көрсететін, салт-дәстүр
ерекшеліктерін білдіретін ұлттық өмір
көріністерінің айнасы болып табылады.
Сонымен,
тіл – халықтың мәдениеті, салт-дәстүрі, қадір
тұтатын заттары мен құндылықтар дүниесінің,
қоршаған ортаның т.б. өмір сүру үлгілерінен
хабардар ететін құрал. Мәдениет – адамның тілде
көрініс табатын бүкіл рухани өмірі, тәжірибесі.
Халықтың
рухани өмірі мен мәдениетінің ұштасқан
тәжірибесі әлемнің тілдік бейнесін бойына
жинақтаған концептілерде көрініс табады. Қазақ
және ағылшын тілдеріндегі концепт түрлерін салғастыра
келе ойсурет, фрейм, схема, сценарий және логикалық-ұғымдық
концепт типтерінің екі тілге де ортақ екендігі айқындалды.
Жағымды/жағымсыз концептілік өріске енетін
фразеологиялық теңеулер әр түрлі атаулар негізінде
қалыптасқанымен, фразеологиялық мағыналары көп
жағдайда сәйкес болып келеді. Ал олардың мағыналық
айырмашылығы теңеу тіркесі диапазонының
алшақтығына екі тілдегі фразеологиялық теңеулер
құрамында бірдей сөздердің болмауында, сөз
компоненттері мазмұнында ұлттық мәдениеттің
бейнеленуіне байланысты. Ағылшын және қазақ
тілдеріндегі концепт құрылымына ұғымдық,
бағалауыштық, бейнелілік компоненттер тән.
Фразеологиялық теңеулер жүйесі екі тілде де әр
түрлі бірліктер мен мағыналық аяларды қамтиды. Әр
мағыналық өріс микроөрістерге, микроөрістер –
қатарларға тармақталып когнитивтік модельдер құрайды.
Мағыналық
шеңбері мен қолданыс аясы кең ағылшын және
қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулер
жүйесін лингвомәдени тұрғысынан
салыстыра-салғастыра талдау осы жүйенің екі тілде де
ұлттық танымнан мол ақпарат беріп,
ұлт-мәдениет-өркениет жиынтығынан құралатын
әлемнің тілдік бейнесін сипаттаудағы мәні ерекше екені
байқалады.
Екі тілдегі
фразеологиялық теңеулердің пайда болу көздері әр
халықтың тарихымен, заттық және рухани
мәдениетімен, өмір-тіршілігімен тығыз байланысты.
Олардың мағыналарын, тарихи-этимологиялық көздерін
лингвомәдени және лингвокогнитивтік талдау жүргізу арқылы
ғана ашуға болады.
Тіл
білімінің антропоцентрлік және когнитивті коммуникативті жаңа
даму кезеңі фразеологизмдерге жаңа көзқараспен
қарауды, нақты ізденістерді талап етеді. Диссертацияның
тұжырымдары мен нәтижелері болашақта әр түрлі
тілдерді салыстыра-салғастыра зерттеуде тіл білімінде этнолингвистика,
лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика бағыттарында
жүргізілетін ізденістерге, зерттеулерге жол ашады.
ҚОЛДАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Исабеков С.Е. Картина Мира во фразеологических единицах
неродственных языков // Актуальные проблемы межкультурной коммуникации и
перевода. – Алматы, 2001. – С.13-17.
2. Ислам А. Ұлттық мәдениет контексіндегі
дүниенің тілдік суреті: Автореф.дисс. ... филол.ғ.д. –
Алматы, 2004. – 50б.
3. Оспанова Ф.А. Фразеологизмдер уәждемесінің
лингвомәдени аспектісі: Дисс.филол.ғ.к. – Алматы, 2006. – 136 б.
4. Мықтыбаева Т.Ж. Қазақ және
ағылшын тілдеріндегі анималистік фразеологизмдердің коннотативтік
семантикасы: Дисс.филол.ғ.к. – Алматы, 2005. – 132 б.