Филологические науки / Теоретические и методологические
проблемы исследования языка.
А.С.
Адилова,
филология ғылымдарының докторы,
Қ. Асылбекқызы, студент
Академик
Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
МЕДИАМӘТІНДЕРДЕГІ КӨРШІ ЕЛ РЕПРЕЗЕНТАЦИЯСЫ
Қазақ
елі геосаяси жағынан ежелден әр қилы алып мемлекеттермен
қарым-қатынаста болып, сан алуан байланыстар орнатып, олармен
тығыз байланыста болғаны, осы қарым-қатынастарда көршіге
тән барлық ұстанымдарды басшылыққа алатыны
мәлім.
Қазіргі
жаһандану үдерісі кезінде де еліміз алып мемлекеттермен көп
векторлы саясат ұстанып, көрші болып, тиімді экономикалық
қарым-қатынас орнатып, мәдени байланыстарын нығайта
түсуде. Бұл орайда Қазақстанның
шығыстағы және солтүстіктегі көршілері
Қытай мен Ресеймен байланыстары, олардың әсер-ықпалы
туралы ақпарат публицистика, яғни газет мәтіндерінде үнемі
беріліп отырады.
Адамның
дүниені танып-біліп, түйсінуі, басқаға танытуы
көркем мәтіндер мен публицистика мәтіндерінде жиі кездеседі.
Түрлі
функционалдық стильдерге жататын медиамәтін мен көркем
мәтіннің өзіндік ерекшелігі мен ортақ тұстары
көптеген зерттеушілер еңбегіне нысан болғаны белгілі.
Бұл мәтіндердің екеуі де адресат санасына, ойына, әлемді
қабылдауына әсер етеді, медиамәтіндегі ақпараттың
жеделдігі, нақтылығы, ашық бағалауыштығы, тез
әрі көп таралатыны ол әсер-ықпалдың да
шұғылдығына, оң немесе теріс
эмоционалдылықтың ашықтығына, бір жақты
бағалауға қызмет етеді, яғни адресат бірден пікір
түйіп, қорытынды жасайды. Ал көркем әдебиет
мәтіндерінен алатын әсер-ықпал ондай шұғыл емес,
біртіндеп, бүкіл мәтінді оқу бойында түрлі сезім
күйлерінің алмасуы арқылы оның ойлау жүйесінде,
айналаны, адамдарды қабылдауында, санасында өзгерістер
қалыптаса бастайды, яғни оның бойында рухани
құндылықтар орныға бастайды.
Осымен
байланысты әлемнің тілдік бейнесін түсінуге, зерделеуге
жетелейтін, оның бір бөлшегі танылатын концепт тілдің танымдық мазмұнын,
күй-қалпын айқындаушы ғылыми лингвистикалық
категория ретінде белгілі. Әлемнің тілдік бейнесінің бір
бөлшегі болатын концептілер адам танымында ерекше қызмет
атқарады. Негізінен осы күнге дейін концептілер ретінде адамзат
өмірінде үлкен рөл атқаратын ұғымдар
алынады, яғни, шындық өмірдегі белгілі бір мәдениет
үшін құнды әрі көкейтесті мәні бар
мәдени атаулар ғана концепт дәрежесінде танылады. Кең
мағынада концепт - жалпы әлем туралы білім жүйесінің
(әлемнің концептуалды бейнесінің) бір бөлшегі,
үзіндісі, яғни индивидтің объективті шындық туралы
өз танымындағы тірек ұғымдары, білетіні, ойлайтыны,
елестететіні. В.А.Маслованың анықтауынша, концепт ұғымы
эмоционалдық, экспрессивтік, бағалауыштық мәнімен
айрықша танылады [1]. Концепт адам санасында түрлі танымдық
әрекеттердің жүйелі қызметі нәтижесінде пайда
болатынын көрсеткен ғалымдар оларды былайша нақтылайды: 1.
Сезімдік тәжірибесі арқылы қалыптасады; 2. Өзіндік
тұрмыс-тіршілігі, қызметі нәтижесінде пайда болып,
қатталады; 3. Бұрын санада қалыптасқан ситуациялар мен
басқа концепт белгілері мен қасиеттерін сәйкестендіре
қолданудан танылады; 4. Тілдік таңбасыжиі қолданыстан
өтіп, стереотип деңгейін жетке таңбалармен танытылады; 5.
Тілдік бірліктер белгілі бір жағдай табиғатын танытады деген
тұжырымға келу арқылы қалыптасады [2].
Концепт – адамның ментальдік және
психикалық санасында жинақталған білімі мен тәжірибесін, түсіндіретін бейнелейтін
термин. Концепт - есте сақтау бірлігі ретінде әлем бейнесінің
адам психикасындағы көрінісі, ол жеке фрагменттерден тұрады
және ол адамзаттың әлем бейнесі туралы
жинақталған түсініктерін беретін тірек ұғымдар.
Концептілер
сан алуан мәтіндерде түрлі тілдік бірліктер арқылы тура
және жанама түрде көрініс табады.
Жоғарыда
аталған елдер әлемнің аса ірі мемлекеттері қатарына
кіреді. Бұл елдер көптеген мақалаларда
«көрші ел» бейтарап бояулы қолданысымен аталады. Мысалы, «Егемен
Қазақстан» газетінің тілшісі Дәурен Омаровтың
көркем-публицистикалық жанрда жазылған кітабына рецензияда
журналист С. Мәмет Қытайды «көрші ел» деп көрсетсе
(02.02.16), «Айқын» газетінде де осы тіркес жұмсалған:
«Қытай әлемді шарпыған қиындықтан
шығудың сан түрлі амалын ойластырып жатыр. Соның бірі -
шалғайдағы елдімекендерде интернет дүкендерді дамыту.
Осылайша көрші елдің көсемдері ауылдарда 100 мың
интернет дүкен құруды қолға алмақ»
(24.02.16). «Түркістан» газетінде белгілі медиамагнат А. Байтасовпен сұхбатта
Қазақстанмен шекаралас екінші ел Ресей де дәл осы жалпы
есіммен аталған: «...Халқымыздың саны, медиа алаңы
Ресейден әлдеқайда аз болғанымен, ел аумағын
ақпаратпен қамту мүмкіндігіміз көршімізден кем емес.
...Қазақстан мен Ресейдің ақпарат
құралдарын салыстырып, ел тұрғындарына
қайсының ықпалы жоғары екенін анықтау керек
болса, көрсеткіштер көршінің пайдасына
шешіліп кете ме деп қорқамын» (18.02.16).
«Қазақ
тілінің түсіндірме сөздігіндегі» «көрші»
сөзінің «1. Үйлері қатарлас, есіктес тұратын
адам, қоңсы. 2. Кеңістіктегі немесе
жазықтықтағы екі объектінің басқалардан
гөрі бір-біріне жақын орналасуы» [2, 418] деген анықтамасының
екінші бөлігі «Қазақ тілінің сөздігінде» [3,
329] «бөлме, мемлекет»
сөздерімен толықтырылған. Жоғарыдағы мысалдарда
осы дефиницияда көрсетілген белгілер өзектенген.
Лексикографиялық
деректер мемлекет сөзін «Қоғамды басқаратын, оның
экономикасы мен әлеуметтік құрылымын қорғайтын
негізгі саяси-қоғамдық ұйым» [2, 591], «Үкімет басшылығымен халықты
ұйымдастырушы, ұлттық, ауқымдық
саяси-қоғамдық бірлік» [3, 460] деп анықтайды. Ал осы сөздің терминдік
мағынасы түрлі сөздіктерде мемлекеттің зерттелу
сипатына байланысты әрқилы түсіндірілген. Мысалы, «Саяси
түсіндірме сөздігінде» мынадай дефиниция берілген: «Мемлекет –
билікті ұйымдастыру түрі, қоғамның саяси
жүйесінің негізгі әлеуметтік институты. Мемлекет
қоғам көлеміне тең келетін қауымдастық
қалпына еніп, жеке аумаққа орналасып, сол
қоғамның бүкіл мүшелерін қамтиды.
Өкілетті орган бола отырып, мемлекет азаматтық қоғам –
халық, ұлт, тап, әлеуметтік жіктер, жекелеген
тұлғалардың мүдделерін жүзеге асырушы
құрал, қоғамдық қатынастарды реттеудегі
белсенді рөлімен ерекшеленеді» [4, 367]. Ал «Философиялық
сөздікте»: «Мемлекет – мемлекеттің негізгі функцияларын ішкі
және сыртқы деп бөлу қабылданған. Ішкі
функцияларына өмір сүріп отырған өндіріс тәсілін,
экономикалық және әлеуметтік жүйені қорғау,
таптық қарсыластарды жаншу (қарама-қарсы
мүдделері бар таптарға бөлінген қоғамдарда),
экономиканы басқару немесе шаруашылық қызметті реттеу,
сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қорғау
және тәртіпті сақтау, әлеуметтік қатынастарды
реттеу, мәдени-тәрбие, идеологиялық қызмет және
т.б. жатады» [5, 267] деп анықталған. «Оксфорд әлеуметтану
сөздігінде» мемлекет - state сөзіне
жоғарыдағыға ұқсас анықтамалар беріліп,
мынадай ерекше белгілері атап көрсетіледі: «...Сондықтан
қоғам бірөңкей құрылым емес. Ол қайта
ресурстарды пайдалану мен мемлекет саясатының бағыты үшін
әртүрлі мүдде арасында болып жататын саяси жанжалдардың
әрекет өрісі мен параметрлерін бейнелейтін институттар
жиынтығы. Бұлар көбінесе – сайланған саясаткерлер мен
сайланбайтын мемлекеттік шенеуніктердің немесе мемлекеттік
аппараттың әралуан салаларындағы саясаткерлердің
арасындағы саясат пен ресурстар жөніндегі жанжалдар. … » [6, 562].
Лингвистикалық
сөздіктерде көбіне сөздің жалпыхалықтық
мағынасы берілетіні мәлім.
«Көрші
ел» тіркесінің екінші сыңары «ел» сөзінің
анықтамасы бірнеше мағынаны қамтиды: 1. Жұрт,
халық, қауым. 2. Туған жер, өскен орта. 3. Негізі, шыққан
тегі; заты, руы. 4.Отан, туып-өскен жер. 5. Ауысп. Туыс, дос-жар. [3,
169].
Саяси
тұрғыдан «ел» сөзіне берілген терминдік
анықтамаға қосымша ретінде мынадай түсінік берілген: «ЕЛ – 1) қандай да бір елдің
әртүрлі таптардың, әлеуметтік жіктерден, топтардан,
этникалық және өзге де қауымдастықтан
құралған, тарихи тағдыры бір, өмір салты
ортақ бүкіл халқы; 2) Мемлекеттің жалпы жалпақ
атауы [4, 209].
Келтірілген
дефиницияларда мемлекет және ел сөздерінің түсінігінде
түрлі белгілер жинақталған. Оларда мемлекеттің,
елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық сипаты
қамтылған және оның ең басты белгілерінің
бірі – халық, қауым екені нақтыланады. Сондықтан
публицистикалық және көркем мәтіндерде көрші
мемлекеттер образын беруде түрлі семалар уәжге алынғаны
байқалады.
Мәселен, ЕҚ газетінде жарияланған
«Ұлт үшін туған ұл» (11.02.16); «Заман қайда бет
алды?» (12.02.16); «Қытайдағы қазақ қызы»
(13.02.16) мақалаларының тақырыптары айтып
тұрғандай, түрлі мәселелерді көтерген. Алайда осы
медиамәтіндерде адресанттың көрші елді бағалауы байқалады және оның
мақсаты өз кейіпкерінің ерекшелігін көрсету.
Алғашқы мақалада көрші елді «миллиард халқы бар ел»
деп перифразамен атаса, кейінгі абзацтарда сол ел тарихындағы саяси
терминге айналған «мәдени төңкеріс»,
«хунвейвиндер»
қолданыстары арқылы кейіпкер өмір сүрген
кезеңнің жалпы ахуалын сипаттайды. Прецедентті атауға
айналған «мәдени төңкеріс» номинативі және
оның перифериясын көрсететін «басына қағаз қалпақ
кигізу» бірден Қытай мемлекетін еске түсіреді. Бұл
қолданыстардың жағымсыз бояуын автор уәжді
пайдаланған.
Осы
көрші ел үшінші мақалада орыс тілінен калька арқылы
ауысқан, жалпыға белгілі «Аспанасты елі» деп аталған.
Автордың субъективті көзқарасы «Қандасымыздың құмырысқаның
илеуіндей құжынаған халқы бар Қытайда
қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп,
әріптестерінен оқ бойы оза шығуы – күллі
қазақстандықтар үшін үлкен мақтаныш
және абырой» сөйлемінде
көрінген. Екі автор да бұл мемлекеттің халқы
көптігін «көрші ел» концептісінің өзегі -
алыптықты көрсететін дифференциалдық сема ретінде
қолданған, тек біріншісінде бейтарап бояулы бірлік болса, екінші мысалда субъективтілік ашық.
Екінші
мақалада Қытай «әлемнің ең алып елі», ал Ресей «ТМД көлеміндегі ең ірі
ел» деп бағаланған, бұл да автор прагматикасынан
туындаған, яғни оның жағымсыз көзқарасы
жанама түрде берілген, себебі Ресей
де әлемдегі алып мемлекеттер қатарына жататыны ресми
деректерден белгілі.
Мына
мысалда көрші ел экономикалық тұрғыдан термин
сөзбен бағаланған: «Қытай – Ресей үшін
үлкен нарық»
Жоғарыда
аталған кітапқа «Жаһанға жайылған жұрт»
деген ат қойылған. Бұл қолданысқа уәж
ретінде оның алыптығы алынған. Шығыстағы
көрші ел эмоционалды, экспрессивті тілдік бірліктермен аталған,
оларда елдің дифференциалды белгілері ретінде мемлекеттің
үлкендігі, халқының діл-болмысындағы ерекшеліктер,
қоғамдық-саяси өзгерістер, қазіргі
экономикалық жағдай алынғаны байқалады: «Дидары күліп тұратын
жұрттың, қатпары көп халықтың...;
Қытай халқының қазір әлемді өзіне
қаратуы...; Дүниені
«жаулап» алған Қытай өнімдері...; Елін
ұшпаққа шығарған ұлт
көсемдерінің...; миллиард ішіндегі... .
Төмендегі
мысалдарда этноним еш өзгеріссіз қолданылған, алайда осы
сөз қолданылған контекстегі перифраз, синекдоха көрші
елдің басты белгілерінің бірі – халық санының
көптігімен уәжделген: «Мына қытайға қараған
заманда тілін білмесең қор боласың» деп Сәнияны
қытай тілінде тәрбиелейтін мектепке беріпті. ...Қызым, қалың
қытайдың ортасына кетіп бара жатырсың...
Алтайдың саялы тау баурайында өскен ақ қайыңдай
қызға халқы құмырсқадан көп Қытай
астанасының ауасы жақпады ма, кім білсін. ... Қытайда бір
жарым миллиардқа дейін халық тұрады ғой,
аға». (Ханзуларға сабақ берген қазақ қызы,
ЕҚ, 11.03.2016).
Келесі мысалдарда нақты этнонимдер
қолданылмаған, алайда тілдік қолданыстың
географиялық тұрғыдан уәжделуі нәтижесінде
қандай мемлекеттер туралы сөз болып отырған біле аламыз:
«Егер Қазақстанның солтүстігінде ахуал аяқ
астынан ушыға қалғанда ежелден қазақ жеріне
көз аларта қарайтын шығыстағы көршілер
мен оңтүстіктегі «ағайындардың» да
қарап қалмасы анық болатын. Құдай бетін әрі
қылсын, кейде осындай болуы бек мүмкін жағдайларды
ойлағанда төбе шашың тік тұрады» (Ең
қасиетті құндылық, ЕҚ, 15.03.16). Бұл
орайда халық арасындағы «Өзбек – өз ағам»,
«Қазақ-қырғыз бір туған» фразеологизмдерін бірден
еске түсіруге болады, бұл жерде тырнақша да ақпаратты.
Жалпы,
аталған көрші елдер сипаты ауызекі сөйлеу тілінде, жыраулар
поэзиясында ертеден бар екені мәлім. Олардың арасында түрлі
жалпы есімдер де, жалқы есімдер де кездеседі. Мысалы, сары орыс,
қара қытай, Иван, Наташа, мәтүшке. Бұлардың
бәрі түрлі коннотацияға ие, қоғамдық-саяси
өзгерістерге байланысты бір кезеңдерде белсенді қолданыста
болса, енді бірде қолданысы азаяды.
Жалпы
алғанда, көрші елдердің сипатталуы үнемі
кездесетіндіктен және оларға көзқарас қазақ
халқының өзіндік мінез-құлқын,
психологиясын, танымындағы өзгерістер динамикасын
танытатындықтан, тілдік тұрғыда қарастырылуы
өзекті деген пікірдеміз.
Пайдаланылған
әдебиет:
1. Маслова В.А. Введение в
лингвокультурологию. -М.: Наследие, 1997.-268 с.
2. Попова З.Д., Стернин
И.А. Когнитивная лингвистика. - М.: ACT: Восток-Запад, 2010. — 314 с.
3. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы:
Дайк-Пресс, 2008.
4. Қазақ тілінің сөздігі. – Алматы, 1999
5. Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. – 616 б.
6. Философиялық сөздік. – Алматы: «Қазақстан
энциклопедиясы», 1996. – 525 б.
7. Оксфорд сөздігі. Әлеуметтану –
Алматы, ЖШС «Қазақстан» баспа үйі», 2002, - 632 б.