Есбол Ғ.Ш.

 

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеттің аға оқытушысы

 

А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ МЕН Ә.БӨКЕЙХАННЫҢ АЗАТТЫҚ ИДЕЯЛАРЫ

 

Ерлік-жан дүниенің ұлы қасиеті

                              ( Н.М.Карамзин )

 

 XXI ғасырда Егемендік алғанымыздың 25 жылдығы мен Қазақ хандығының құрылғанының 550 жылдығына сәйкес келді. Енді шынайы тарихымыздың  б.з.д  6-5 ғасырынан басталатынын, ” Ұлы дала “ өркениетінің Еуразиялық құрлықта ерекше рөл атқарғанын болашақ ұрпағымыздың санасына жеткізуіміз керек. ” Мың өліп, мың тірілген “ қазағымның басынан не өтіп, нелер кетпеді десеңші? Сонау XX ғасыр басында қазақ елі Ресей патшалығының отарына айналды. Бабаларымыз: ” Атадан ер туады, ата жолын қуады “ демекші, А.Байтұрсынұлы мен Ә.Бөкейхан сықылды ерлерді тарих сахнасына әкелді.

А.Байтұрсынұлы мен Ә.Бөкейхан қазақ халқына азаттық алып беру жолына түсті. А.Байтұрсынұлы жас буынға үлкен үмітпен қарап:

Басың жас, қызығың көп көрер алда,

Мұңайма бақсызбын деп бүгін таңда.

'' Ұлы той көппен көрген ''деген бар ғой,

           Байқасаң аман қалған адам бар ма? [1]     

-деп, бай-манап болу арман емес, қиындыққа төзе біл, халқыңмен бірге болсаң ғана жетесің мұратқа дегені еді. Ахаң ағартушы ретінде елдің болашағы жастардың қолында екенін жақсы түсінді:

Не білгір, не данышпан – бәрі келген,

Жас та көп бұл арада кәріменен.

Танысып талай жұрттың жайын біліп,

Жолдас боп жүрсің міне, бәріменен. [1] –деп, жас буынға надан болма, оқы, тоқы жан-жағыңа жіті қара, бәрінің арасындағы маржанын тер '' адам болам '' десеңіз деген уағыз айтады. А.Байтұрсынұлы да, Ә.Бөкейхан да сол кезде шығатын журнал басылымдарына қазақ тағдырына қатысты әділетсіздікті әшкерелеп отырды.

Ә.Бөкейханның әр уақытта қатысуымен және сол кезде Орынборда шығатынУақыт  газеті:  ''  Мұсылман қазақтардың халі тым ауыр. Асыра айтқандық емес, қазір саны 7 миллион осы  милләт өмір, не өлім деп күресуде. Жыл сайын переселендік саясат олардың 1000 000 десятина жерін тартып алып, өздерін таулы-тасты, құнарсыз жерге қуып жатыр. Рас, патша жарлығымен қазақтарды жермен қамтамасыз ету қаралған-ды. Бірақ берілмек болып отырған 15 десятина жер қазаққа өте аздық етеді. Сондықтан олар бұдан бас тартты  '', - дегенді хабарлап қазақтардың отырықшы болуына тілектестігін білдіреді. [2]

Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, ғалым Дихан Қамзабекұлы « Егемен Қазақстан » газетінің № 74, 20 сәуір,  2016 жылғы санында: «Ә.Бөкейхан кеңесімен Түркияға жасаған Ш.Қосшығылұлы сапарының сілемі мен жаңғырығын шырамытқандаймыз. Түркиядан делегаттар: «Тюрк-Юрду» газетінің редакторы  Жүсіп Ақшора, «Фюза» газетінің редакторы,профессор Әли Гусейн–заде, дінтанушы-профессор Мұхаммед Әссад Әселиб –заде, Мұқым ад-дин Бейтшаю сынды қайраткерлер  сонау Батыс Еуропадағы Венгриядағы  Венада министр-президент Штюргк пен сыртқы істер министрінің орынбасары граф Фюргачтың қабылдауында болып мынадай талап хатын тапсырған:

1.   Бұқара  мен Хиуаны орыс бодандығынан құтқару, оларға Түркістанды қосу;

2.    Қазаққа саяси-әкімшілік тәуелсіздік әперу;

3.    Қазан  хандығы мен Қырым хандығын қалпына келтіру. Соңғысын түрік сұлтанының қамқорлығына беру;

4.    Еділ өзені мен Каспий теңізін бейтарап деп тану. [2]  

Мына деректерден Ә.Бөкейханның түркі-мұсылман  жұртымен тығыз қарым-қатынаста болғанын аңғарамыз. Мұндағы ең маңызды мәселе -Будапешт пен Венадағы құжаттарда қазақ ұлтының тағдыры туралы сөз қозғалғаны.  Бұдан біз Батыс Еуропа мемлекет қайраткерлерінің  Алаш зиялыларының қазақ еліне азаттық алып беру жолындағы жан-қиярлық күресінен  хабардар болғанын байқап отырмыз. Оларды құрмет тұтқанын көреміз. Шығыс елдері мен Батыс Еуропа елдері   Ресейдегі болып жатқан саяси-әлеуметтік дағдарыстарды жіті бақылап отырғандарын байқаймыз.

1914 жылғы мұсылман съезінен кейін, Ә.Бөкейхан мұсылман бірлігін отаршылдықпен күресте ерекше күшке айналатынына сенеді. Бірақ,  ұлт-азаттық  қозғалыс  кезінде әр ұлт өз мүмкіндігін, өз ата-дәстүр ерекшелігін, сол кезде туындаған хал-ахуалды ескеру керектігін айтады. [2]

Ахмет Байтұрсынұлы «Бас қосу турасында» деген мақаласында: '' Сиезге жыйылған адамдар елге қайтқанда, сиезде керек деген жұмысты қолға алып, тастамай  істеп, басқаларға басшылық етіп, өнеге көрсететін болса екен. Сонда сиезден мағына шығады. ''  [3]  деп, зиялы қауымның тізе қосып, қарапайым жұрттың алдына шығып, болып жатқан елдің басына түскен ауыртпалықты түсіндіріп  '' бірліктің түбі тірлік '' екенін жеткізу  еді. [3].

А.Байтұрсынұлы ойын әрі жалғастыра отырып: ” Ол болмаса, құр сиезге жиылып, '' анау керек, мынау керек, олай істеу, былай істеу тиісті ''дегеннен еш нәрсе өнбейді. Қалықтың ісі машинаның тетігі емес, бұрап қалса, басқа жөнге түсетін. Жұрт жұмысы құмырысқаның илеуіндей жұмыс сыйақты. Құмырысқаша жабыла тынбай істесе көнеді. Бірі оны, бірі мұны істеп, илеуде қарап тұрған құмырысқа болмайды. Жұрт жұмысын да солай істесе, алға басады. Әр құмырсқа бәріне керек илеудің өсуі үшін күші жетіп көтерген шөпшегін апарып салады. “ [3] –деп, Шоқан Уәлиханов айтқандай: '' Тіршіліктің ішкі-сыртқы жағдайларын жақсартуға талпыну адам баласына тән нәрсе...   '' сондықтан, ел боламыз десек, зиялылар соның жолын іздестіріп, ал барша жұрт елді көркейтеміз десе, еңбектеніп аямай тер төгуі керек екенін айтады

Еуразия ұлттық университеті  «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы: «Алаш елін-20-25 жылда екінші жапонияға айналдыруға Бөкейханов қалай ұмтылды» деген мақаласында:

Студент кезінде марксизм идеясын терең меңгерген Әлихан 1895-1897 жылдары өз мамандығы бойынша Омбы орманшылығында қызмет атқарумен қатар, сол қаладан шығатын «Степной  край» газетінде саяси шолушы болды.    Марксизм идеясын насиқаттаушы ретінде бүкіл Дала өлкесі мен Сібір өңірінде кеңінен танылды. 1896-1901 жылдар аралығында «Шербина экспедициясы», 1902-1903 жылдары «Шведсов экспедициясы» қазақтың жер-суын, тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын зерттеп, төрт түлік малын есепке алады. Осы екі экспедицияның жұмысын сараптаған Әлихан Бөкейхан Қазақ қоғамын төл мәдениетінің ерекшелігі, әлеуметтік  құрамы жағынан да, шаруашылығы тұрғысын да тапқа жіктеуге болмайтынына көз жеткізіп, марксизмнен бір жола қош айтысады.” [4]  – бұл мақаладан ,  Ә.Бөкейханның керемет саясаткерлігімен қатар, қазақ қоғамын жетілдіру жолдарын іздегенін байқаймыз.

А.Байтұрсынұлы мен Ә.Бөкейханның қазақ елінің азаттық алу жолындағы идеяларының үндестігін, сол жолда қаншама тер төккеніне куә болып отырмыз.

 

Әдебиеттер тізімі:

 

1.  Байтұрсынұлы А. Шығармалары жинағы.- 6 том.- Алматы, 2013.-51 бет.

2.   Бөкейхан Ә.  Тізе қосып отырған 5  миллион  қазақ . -  Егемен  Қазақстан.- № 74,  20 сәуір,  2016 ж.- 9 бет.

3. Байтұрсынұлы А. Шығармалар жинағы.-5-том. –Алматы, 2006.- 213 бет.

4. Сұлтан Хан Аққұлы.  Алаш  елін - 20-25  жылда  екінші  жапонияға айналдыруға  Бөкейханов  қалай  ұмтылды. Қазақ  газеті. -  №13-15 . 01-15. 2016.- 6 бет.