Есбол Ғ.Ш.

 

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеттің аға оқытушысы

 

А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ Ә.БӨКЕЙХАН

 

     Жақсылық жасау – парыз басқаларға

     Өкінбей өлу – парыз ақырында

                                               ( Ян Райнис )

 

       XX ғасырдың   басында  қазақ   зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы мен  Әлихан  Бөкейхан  қазақ  елінің  басына  түскен  қысылтаяң    заманда  білімдарлықтарымен  қатар, ұлтжандылықтарын  көрсете

білді. Бұл турасында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» еңбегінде: ” XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани – зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. “ –деп бағалаған болатын. [1]    

       1905 жылғы Ресей империясындағы орыс революциясы қазақ зиялыларына терең ой салды. 1905 жылы 25 шілдеде Қарқаралы қаласының жанында болған Қоянды жәрмеңкесінде ”Алаш“ көсемдерінің бастамасымен қазақ съезі болды. Съезде Ресей Министрлер Кеңесінің Төрағасына петиция қабылданды. Онда мынандай талаптар қойылды: шаруаларды көшіріп әкелуді тоқтату, қазақтар үшін дербес діни басқарма ұйымдастыру, цензураны жою, ресми іс – қағаздарын қазақша жүргізу, қазылар сотын енгізу, қазақ депутаттарын Мемлекеттік Дума шақыру туралы жобаны жасау жөніндегі кеңестің жұмысына қатыстыру болды.

       Алаштың ардақты арыстары саяси істерімен қатар, өздерінің жалынды жырларымен де  бұқара халықтың алдына шыға білді. Ахмет Байтұрсынұлы «Борыштымын» шығармасында:

 

        Алыппын сенен халық жан – тәнімді

        Жемейін не қылғанда қам тамаңды

        Балаларың азаптанған қадір біліп

        Шығарса жарар еді қал қарауды. [2] – осы елде тудым, өстім, ер жеттім, енді сендер үшін қызмет етемін дейді. Одан әрі Ахаң « Туған жер » арнауында:

        Не жетсін туған жерге өсіп – өнген

        Әуелгі кірің жуып кіндік кескен

        Не жетсін кең далаға ағын сумен

        Өзіңнің бала күннен үйреніскен [3] – деп, '' ер  туған жеріне – ит  тойған  жеріне...'' демекші, отаншылдығымен  қатар, өзінің  туған  жеріне  деген  шексіз  сүйіспеншілігін  жырымен жеткізіп  отыр. Ахмет Байтұрсынұлы өзінің үзеңгілес мұраттасы Әлихан  Бөкейханмен  бірге  тізе  қосып,  халықтың  еркіндік алу жолының  қамына  кірісіп  кетті.

         Ә.Бөкейхан XX ғасырдағы Ресей империясындағы либералдық – демократиялық қозғалыстың өрістегенін көрді. Бұдан Әлихан  еуразиялық деңгейдегі ғалым – энциклопедист ретінде, біріншіден, ұлттың өзін – өзі жылы билеуіне мүмкіндік жасау керек екенін өте жақсы түсінді. Қазақ жерін талауға беруге бағытталған, орыс қарашекпенділерін көшіру саясатына қарсы болды.

Петербор газет-журналдарында 1906-1910 жылдары жарияланған Ә. Бөкейхан Орынборда шығатын «Уақыт» газеті: «... Біз өз мүддемізді қорғауымыз қажет, әйтпесе келешегіміз аянышты болмақ. Бізге ана тілі, төл мектеп, өз дініміз керек. Ұлтымыз осылай деп жар салуы қажет»,- деп жазды.[4] Өзінің салиқалы ойын әрі қарай өрбіте келе, Ә. Бөкейхан: ”Қазаққа қатысуға хұқық берілмеген 1906 жылдан кейін шақырылған Мемлекеттік Думаларда мұсылман депутаттар (мысалы, 15.11.1912 жылы шақырылған IV Думада 6-ақ мұсылман болды) қал-қадерінше алаш жұртының проблемаларын көтерді. “ [4] деп, біріншіден, билікке қол жеткізіп, әрбір ұлт өз тағдырының иесі болуы керектігін алға тартады.

'' Ел құлағы елеу демекші '' зиялылар істерінен хабардар болған жұрт өздерінің наразылықтарын жер – жерде жан-жақтан білдіре бастады. Ол туралы Әтішев А.А «XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы Қазақстанның саяси ой-пікірі» деген еңбегінде: ” Ресейдегі қоғамдық-саяси қозғалыс Ақмола уезінде де, әсіресе ондағы тұрғындарының мұсылман бөлігінде де үндестік тапты. Оның үстіне мұндағы жұрттың құпия, бұрынғы талап тілектері мен арман-мұңдары ағытылып, айқын көрініс бере бастады “,-деп арызданды ояз бастығы Ақмола облысының әскери губернаторына. [5] ”Алаш!“ деп атойлап, ата-баба дәстүрін бойына сақтаған қазақтың ардақты зиялылары азаттық туын алға ұстап, ұлттың қамын ойлады.

'' Ер-елдің қанаты, ез-елдің азабы ''демекші, елдің қамын ойлаған Ахмет Байтұрсынұлы сол кездегі елдің басына төнген хал-ахуалды:

   Болармын нағып ырза туысыма?

   Туыппын таршылықтың уысында.

   Шамам жоқ жан-жағыма қол созарлық,

   Тар көрдің тығылғандай қуысына.[6] деп, Ресейлік патшалық озбырлық саясатының өте тереңге кеткенін ескертеді. Ахмет Байтұрсынұлы кезінде ата-бабаларымыз '' ұлын құлдыққа, қызын күңдікке бермегенін '' азаматтардың есіне түсіріп, намысқа шақырады:

      Айта алмай шын сөзіңді, қорғалайсың,

      Туғаның бүйтіп қор боп құрысын да!

      Бар пайдаң өз басыңнан артылмаса,

      Мал ғұрлы мағына жоқ тұрысыңда. [6]

         Ахаң бұл замана ағысының қазақ елінің басына үлкен ауыртпалық әкелгенін, сондықтан барша есіл ер-азаматтарды тезірек есін жиып, халықтың мұң-мұқтаждықтары үшін қызмет етуге үндейді.

         Ал, Әлихан Бөкейхан '' Алаштық '' ел құруды мұрат тұтқан кемеңгер ретінде айналасында болып жатқан саяси хал-ахуалдар қатты алаңдатады. Ә.Бөкейхан Орынборда шығатын «Уақыт» газетіне:

   ” Мысалы, ІІІ Думада Мұсылман фракциясы переселен саясаты мен жалпы білім туралы заңды талқылауды күн тәртібіне қойып, халық үнін үкіметке және әлемге (бұл туралы С. Максудовтың Лондон сапарына қатысты айтамыз) жеткізді. “ [4] деп, айтылған мәселелерге Ресейдің Мемлекеттік Думасының назарын аударды.

Ә.Бөкейханның түркі халықтарының ұлттық сана-сезімінің оянуына ықпалы өте күшті болды. Қапқаздан келген өкіл Халилбек Хасмамедов патша өкіметінің Қапқаз, Түркістан, Қазақ елі бағытындағы отаршыл саясатын, переселен мекемелеріндегі содырлықты аяусыз сынайды.

Ә.Бөкейхан: «Үкімет жасанды түрде ұлтаралық қырғи-қабақ жағдайды тудырып, шет аймақтарда жергілікті халықтың ұлт-азаттық тенденциясына қарсы күресте арқа сүйейтін күш жасақтады», – дейді ол. [4]  Жоғарыда айтылған пікірлерден Әлиханның терең ойлы қоғам қайраткері екенін ұғамыз.

Қытай халқының мынадай: '' аласапыран заманында өмір сүр '' деген қарғысы болған дейді. Өйткені, адам қысылтаяң кезеңде ауыртпалықты көріп,  шынығып, содан кейін ғана жетістіктерге жетеді. Иә, ойланатын мәселе?

 А.Байтұрсынұлы және Ә.Бөкейхан азаттықтың туын бетке ұстап, жастар үлгі тұтарлық, бүгінгі қазақтың  ” Мәңгілік ел! “ болуының алғы шарттарын жасап кетті. 

 

 

Әдебиеттер тізімі:

 

1.  Назарбаев Н. Тарих толқынында. - Алматы,   1999.-156 бет.

2.  Байтұрсынұлы А. Борыштымын. 5-том.-Алматы, 2006.-187 бет.

3.  Байтұрсынұлы А. Туған жер. 5-том.-Алматы, 2006.-189 бет.  

4.  Бөкейхан Ә.  Тізе  қосып отырған  5 миллион  қазақ. - Егемен Қазақстан. -№ 74,  20 сәуір,  2016 ж.- 9 бет.

5.  Әтішев А.А.  XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы Қазақстанның саяси ой-пікірі. Алматы, 1979, 131-бет.

6. Байтұрсынұлы А. Шығармалары.-6 том.- Алматы, 2013.-140 бет.