Есбол Ғ.Ш.

 

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеттің аға оқытушысы

 

А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ МЕН Ә.БӨКЕЙХАННЫҢ АҒАРТУШЛЫҚ ИДЕЯЛАРЫ

 

Адамның қызметі асқақ армандарменен рухтанбаса,

Жеміссіз де текке тұрғысыз.

 

     ХХI ғасыр «ғылыми төңкеріс» заманы, сонымен қатар жер шарының түкпір-түкпіріндегі дамушы елдердің еркіндік алып, өздерінің төл тарихын, салт-дәстүрін жіті тануына, өз қалауынша өмір сүруіне мүмкіндік алды.

     XXI ғасырда Қазақ елінің егемендікке қол жеткізгеніне 25 жыл толып, Батыс пен Шығыстың алдыңғы қатарлы дамыған елдерінің жанынан көрінбесе де, өзінің атом қаруынан арылып, адамгершілік жолын таңдаған, бірден-бір бейбітшілікті қалайтын мемлекет екенін баршасына танытты.

     Осы тәуелсіздіктің алғашқы кірпішін қалаған  XX ғасырдың басындағы алаш зиялылары А.Байтұрсынұлы мен Ә.Бөкейхан 1907 – 1917 жылдар аралығындағы Ресей патшалығының қазақ жерін отарлау саясатына қарсы шықты. А.Байтұрсынұлы ағартушы – ғалым, ал Ә.Бөкейхан көреген саясаткер, қоғам қайраткері ретінде бір топ зиялылардың, бұқара халықтың басын біріктірді. Олардың ұлттық сана сезімін барынша оятуға тырысты.

     А.Байтұрсынұлы «Бас қосу турасында» деген мақаласында:

   ” Қазақ керегінің көбі әркімге-ақ мағлұм ғой; біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек. “ [1]     ,–  қазақ ұлтының ” ұлы замана көшінің “ артында қалмай білім мен өнерді бойларына жинап, әр түрлі кәсіпті меңгергенде ғана елдік тұғырға көтеріле алатынын айтады.

     А.Байтұрсынұлы: « Біздің қазақтың ісі жаңа басталып келеді. Не болары белгісіз. Қазақ я құрып жоқ болар, я өз тілімен де өзгелердей тіршілік етер. 20  - ыншы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін, қолымызға алып быт - шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас.», - деп айтты. [2]         Міне жаңа ғасырға аяқ бастық, енді ата салт - дәстүріндегі құндылықтарды сақтай отырып, тілімізді, ділімізді, дінімізді және ұлттық болмысымызды сақтап қалуымыз керек екенін ұғындырады.

    Әлихан Бөкейхан ақпан төңкерісіне дейін өзінің жақын үзеңгілестерімен мәдениет, оқу-ағарту саласындағы  реформаларын бастап, жартылай іске асырып та үлгерді. Ол Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық идеяларын құптай: 

     «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениетін» (Казахская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиетін» (Казахская литература) тұрғызып қазақшылығын сақтамақшы» , - деді Әлихан Бөкейхан «Қазақ тарихы» атты мақаласында.

     Ұлт – тағдыры, мұсылманшылық, тіл, жер, саяси бағдар мәселесі бойынша қазақтың өз ішінде және түрік халықтары арасында пікірталас пен айтыстардың жүруін дұрыс деп есептеген Ә.Бөкейхан 1913 жылы жазған бір мақаласында:

     «Талас – дүние, ғұмыр сипаты. Талас – тартыс жоқ болса ғұмыр айып», - деген болатын. [3]   Ондағы айтпағы, пікір-талас, тартыста ғана ақиқатқа жетуге болады. Өмірдің мән-мағынасының өзі жамандықты терістеп, жақсылыққа, ізгілікке жетуде болса керек. Әлихан Бөкейхан шетелдердің шаруашылық реформаларынан хабардар болғанын:

     ” Біздің Ресей мұжығынан  Дания мұжығы 19,5 есе бай. Біздің Ресей мұжығы олақ егінші, «Дания мұжығы шебер малшы  келеді... Біздің қазаққа  қазіргі  кезде баласын  оқытатын  мектеп, жерін  гүлдететін су, елге  қызмет қылатын... май алатын, жүн  жуатын, тері илейтін, ет сататын, мал өсіретін, егін салатын  кәператип керек» деп жазды. “ [4]   - мына жолдардан  Ресейдің Батыс Еуропалық елдерден біраз артта қалып отырғанын көреміз.       Қазақ елін көркейту үшін, шаруашылықтың әрбір саласын жетілдіру керек. Содан кейін бәрінің бастарын біріктіріп, ірі өнеркәсіп құрғанда ғана жетістіктерге жете аламыз дейді.

     Ахмет Байтұрсынұлы ” Қазақ салты (қалпы) “ шығармасында :

     Бәрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп,

     Ұмтылып талап ойлап талпынбаған.

     Солардың қатарында біз де жүрміз

     Мәз болып құр түймеге жарқылдаған.  

     -деп, атақ мансапқа ұмтылмай, елдің көркеюі үшін терлеп еңбек еткен тілегіне жетеді. Ахаңның бұл ғибрат сөздері бүгінгі ''нарық дағдарысы'' белең алып отырған кезде жастардың ” мақсатсыз  іс әрекет-тұл... ал іс-әрекетсіз өмір-тұл “ дегендей, Қазақстанды ” Мәңгілік елге “ айналдыру үшін адам білімді де, өнерлі де болуы керек.

      Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың өкпесі» деген мақаласында: ” Дүниада ерге теңдік, кемге кеңдік, азды көпке теңгеретін ғылым менен өнерді, елсізді елдіге теңгеретін, жоқты барға теңгеретін ғылым менен өнерді керек қылатын қазақ аз. Теңдікке қолы қалай жетсін? Қатерлі жерде қаперсіз отырдық. Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ. “ [5] - енді күш-жігерімізді білім мен өнерді игеруге ұмтылуымыз керек деп уағыз айтады.

     Ахаң уағызын тереңдете түсе : ” Ғамалыңды түзет, түземесең, ешкімге кінә қойма! Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе? Талап жоқ, үміт мол бір халықпыз. Үмітіміздің көбі қошқар... қасқырдың үміті сықылды: өзім жатсам екен, керегім өзі кеп тиер болса екен дейміз. “ [5] ,- деп жақсы да, жаман да болу, елдің артында қалу әркімнің өз қолында екенін түсіндіреді.

   Ал, Әлихан Бөкейхан Ахмет Байтұрсынұлының уағызын қолдай отыра: ” Гәп егін салғанда, мал баққанда ғана емес: егін сал, мал бақ, кен қаз, бірақ – шебер бол! “ деп үндейді. [4] - бастаған әр істе де біліктілікті таныту керек.   

     Әлихан  ұлттық экономиканың  ауыр  өнеркәсіп саласын тұрғызып дамыту қазақ елінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі - Земствоны енгізу қажет деп санады: « Соқасыз,  шалғысыз, машинасыз қазақ болмайды. Көп земство қосылып, күрмеліп, союз болып завод ашпақ. Керек-жарақты осы заводта істетпек». [4] ,- дегендегі негізгі ойы  ұсақ өндірістердің басын біріктіріп, ауыр өнеркәсіпке айналдыру болатын.

    Ахмет Байтұрсынұлы мен  Әлихан Бөкейхан сол кездегі замана ағымынан қалыспай  '' Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті '' дегендей, отан алдында өздерінің азаматтық парыздарын орындады.

    ...Дариға-ай, енді заман құбылмасын,

    Мұңымнан болсын әсте жырым басым

    Әлекең салып кеткен сара жолда

    Алаштың байрақ туы жығылмасын! [6]

 

 

Әдебиеттер тізімі:

 

1. Байтұрсынұлы А. Шығармалар жинағы. 5 - том. - Алматы, 2006. -211 бет.

2. Байтұрсынов А. Қазақша сөз жазушыларға // Шора, №4. -Б. 110 - 113.

3. Қыр баласы. Жауап хат// Қазақ, 1913, 1 – 7 сентябрь.        

4. Сұлтан Хан Аққұлы.  Алаш  елін - 20-25  жылда  екінші  жапонияға айналдыруға  Бөкейханов  қалай  ұмтылды. Қазақ  газеті. -  №13-15 . 01-15. 2016.- 6 бет.

5. Байтұрсынұлы А. Қазақтың өкпесі. 5-том. –Алматы, 2006.- 203 бет.

6.  Б.Тобаяқ. Ұлт көсемі.-Қазақ газеті.- №11-12, 18-25.03.2016.-10 бет.