Педагогика и психология

 

Игенбаева Р.Т. – педагогика және психолгия кафедрасының

доценті,   п.ғ.к.

Қазақстан Республикасы,   Қызылорда қаласы,   Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті,   IRT_2208@mail.ru

 ОҢҒАР ДЫРҚАЙҰЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ

 

Сыр сүлейлерінің көрнекті өкілі – Оңғар Дырқайұлы соңында өшпес мұра қалдырған өткір тіл,   орақ ауызды жыраулардың бірі. Оның қайталанбас туындылары - нақыл,  өсиет түріндегі жырлар,   дәуір,   салт-дәстүр тынысын білдіретін толғаулар,   арнау-өлеңдері ұлттық тәрбиенің қайнар көзі десек болады.

Сыр бойы жырауларының барлығы дерлік адамзаттың құнды қасиеттерін өз жырларына арқау еткен. Дүр Оңғар жырларында да жастарды тәрбиелеудегі адамгершілік,  сүйіспеншілік,  ұлтжандылық,  рухани сұлулық,  өзін-өзі танып білуге,  жақсылыққа ұмтылу сынды қасиеттерге баулитын жырлары мол. Педагогика ғылымындағы тәрбие бағыттарының барлығын ақын шығармашылығынан табуға болады. Мысалы, адамгершілікке баулитын шығармалары: Кеңеске, кемеңгерлер, салсаң құлақ, Жүйесін тауып,  жөн сөйле, Заман туралы.  Ақын «Жүйесін тауып, жөн сөйле» деген өлеңінде:

Біреулер дос, біреу қас,

Біреу кәрі, біреу жас,

Түртпе ешкімнің шабына

Тіл деген кескір көк тиғы,

Қынаптан шықса кесетін, - деген өлең кестелерінен жеткеншектерді парасаттылыққа,  жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге,  сыйластыққа тәрбиелейді. Ақын өлеңдерінде жүрекке жетерлік ой тастайды,  жыр желісімен ғибрат беретін,  тәлім-тәрбиеге толы  адамгершілікті насихаттайды [1, 33-б.].

Сондай-ақ,

Ау,  жақсылар,  өтiңдер

Екi жақты ойланып.

Өмiр деген шоп-шолақ,

қарасаңдар ойға алып.

Бiреу жарлы,  бiреу бай,

Өткен жоқ ешкiм бiр қалып.

Бақытты,  бiреу,  бақытсыз,

Жүрмiн деме құр қалып.

Аз өмiрдiң iшiнде,

Болмашыға таласып, -  деген жолдар  адамзаттық құндылықтың  қадір-қасиетін танып,  жастардың жаманнан жиреніп, жақсылыққа ұмтылу керектігіне тәрбиелейді [1, 41-б.]. Ақын шығармаларынан жастар өзінше ой түйіп,  үлгі алады.

Дүр Оңғардың өлең-жырының,  толғауларының,  айтыстарының тәлім-тәрбиелік мәні зор. Асыл қасиеттерді жоғары қояды. Ол тайсалмай сөйлеп,  маржандай асыл сөздерін төге біледі.  Ақыннның мына  бір сөздеріне назар аударалық: «Адамшылықтың алды – махаббат,  әділет,  сезім», яғни бұл үшеуі бірлікте,  олар жеке-жеке күйінде жарамсыз. Сонымен қатар жырау «Әділет – ізгіліктің анасы»,  «Кімде әділет жоқ болса,  оның ұяты да жоқ» деген нақыл сөздер арқылы ұят жоқ жерде туыстық бауырмалдыққа,  махаббатқа орын жоқ екендігін келтіреді. Шынында дүр Оңғардың «ұят жоқтық сенімді жоғалтады» деген аталы сөздерінен біз қазіргі таңдағы жастар бойында кездесетін олқылықтарды көреміз,  осы олқылықтарды жою жолдарын қарастырамыз.

Ұлтжандылық  тәрбие бағытында ақынның «Алқалап келген әлеумет» атты өлеңін тілге тиек етсек болады:

Алқалап келген әлеумет,

Сөзімде болса әуесің

Сахарда бұлбұл сайрайды

Паналап бақтың сөресін

Баһарда дарақ гүлдесе

Бұтаққа шашар мәуесін

Жасанған жауға кездессе

Батырлар тартар жебесін, - деген шумақтарынан халық батырларының өрлігі мен қайсарлығын көре отырып, жас жеткіншектерді отансүйгіштікке баулимыз. Ер жігіттің ерлігі еліне көрсеткен қызметімен бағаланатынын шебер суреттеп,  жастарға  үлгі етеді [2, 41-б.].

Ақын шығармашылығына сұлулық пен әсемдікті сипаттау да тән. Эстетикалық тәрбие көзін қазақ қыздарының сұлулығын суреттеулерінен байқауға болады, бұл жырлары арқылы жастарды талғампаздыққа,  сұлулыққа  тәрбиелейді.

Қыздар сәнді көрінер,

Өзінің тапқан шешесімен.

Келіншек сәнді көрінер,

Әлдилеп сүйген бөпесімен, - деген шумақтардан ана болудың үлкен бақыт екендігін айта отырып,  қыздардың өмірдегі басты міндеті ана болу,  жар сүю екендігін тәлімдік сөзбен жеткізеді [1, 23-б.]

Ақын шығармаларында өлең шумақтарымен қатар,  кейінгі жас ұрпаққа тәлім-тәрбиелік мирас болып қалатын аталы сөздер де көп. Атап айтсақ, 

Ер — шаңырақ,   ел — уық,

үстемдiк етпе сұрланып.

Көп — құдайдың бiр аты,

сыртыңнан сынап жүр халық, - деген өлең кестелерінен ел басында жүрген ерлердің басшылықтағы орны,  беделі және халықты құдайындай сыйлаудың өгегелік ұстанымын көрсеткен [3, 72-б.] .

Қазақтың ұлттық тәрбиесінде сөздің алатын орны ерекше. Ұлы Абай сөз құдіреті жайлы:

Ақылмен ойлап білген сөз, 

Бойыңа жұқпас сырғанар.

Ынталы жүрек сезген сөз, 

Бар тамырды қуалар,   - деп жазған.

Сөз қадірі,   сөз дәйегі жайлы құнды пікірлер Оңғар жырау шығармашылығының өзегі іспеттес. Өлеңдерінің дені ақынның сөзімен айтқанда «мәнісін сөздің ойлап біл» дегенге саяды. Мысалы,   Дүр Оңғардың «Кеңеске,   кемеңгерлер,   салсаң құлақ» өлеңінде:

Шулайды,   ала қарға – сауысқандар.

Шанамен зейіл қойып,   сөйле десең,   - деу арқылы сөздің парқын білмейтіндерді қарға,   сауысқандарға теңеп,   сөз сөйлеушінің ойын,   сезімін білдіріп қана қоймайды,   оның мінездемесі болып та табылатынын,   кісінің тәрбиелік деңгейі көбіне сөзінің сипатынан байқалатындығын меңзейді [4, 16 б.].

Жырау «Өзім туралы» деген өлеңінде:

Жақсы жырау емеспін,   

Сөзін пұлдап,   ақы алған.

Жалған да жырау емеспін

Таусылып сөзі тақалған- дейді немесе «Ерлерім сөйле дегесін» өлеңінде:

Сөз пұлдаған емеспін,   

Әркімнен сұрап – емініп.

Қызыл тілім – сөз толға,   

Назарың салып оң – солға,   

Сөйле деп саған кім айтар

Қалған соң жерге көміліп?!

Бұл өлеңдері адамгершілікке негізделген [1, 18-б.].

Шынында да,   адамның адам болып тұлғаланып,   кемелденуінде сөздің атқарған рөлі баға жеткісіз «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше»,- дегендей,   адамдар бір-бірімен сөз арқылы ұғысып,   танысып,   жақындасып,   өзгені де сөзі арқылы танып,   өзін де сөз арқылы танытады. Жыраудың «Ерлер қояр құлақты» деген өлеңінде:

 Құдіретімен қайнатып, 

Шығарар таудан бұлақты

Орында сөзге ықыласпен

Ерлер қояр құлақты...

Жан сауыңда ойнап-күл,   

Мәнісін сөздің ойлап біл,   

Сөндірмей тұрып шырақты.

Аумаса жолдан ардақтап,   

Қадірлеп халқы сыйлайды,   

Жақсыдан қалған жүрәтті.

Жақсыдан қалған жүрәт – бүгінгі ұрпаққа аманат. 

Бүгінгі жастар сөз қадірін,   құдіретін  толық ұқпай қалыптасуда. Кітап оқу  «сәннен» қалып,   біріңғай телефон мен компьютердің «тұтқынында» жүрген жастарымыз ойын әсерлі,   мәнді етіп жеткізуге қиналады. Телефон арқылы бір-бірімен ақпарат алмасу  барысында өздері ойлап тапқан қысқартулар саналарына сіңіп,   болмыстарын билеп алған. Мысалы,   «сабақ оқып жатырмын» деген сөйлем «сабақ оқыватырм»,   «әңгіме айтып отырмын» деген тіркес – әнг.айтывотрм» болып жазылып,   қабылданады. Осы орайда «Бұраңдамай біздің тіл,   Жүйесін тауып жөн сөйле,   - деген жыраудың тағылымы осы жастарға тікелей арналып тұрғандай дегіміз келеді.

 «Орынды,   әділ сөзге тоқтау - әдептіліктің бір түрі. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен дана да шешен халқымыздың ата салтында жүйелі уәжге тоқтамаудан өткен пәтуасыздық жоқ. Ондайлар туралы халық: «Аталы сөзге ақымақ тоқтамайды»,   - деп,   кейіс білдірген. Сыр елінде Ерназар – Қаратамыр аталығынан шыққан Пышанның Төребайы деген би болған. «Көктабанның» сабатын жайлап отырған кезі екен. Төребай арнайы үш ақын-жырауды: Оңғар,   Жиенбай,   Тұрымбет Салқымбайұлын шақырады. Ағайынды екі ел болыстық пен ауылнайлыққа таласып,   бірін-бірі көрместей болған. Арада барымта жүріп дау-дамай көбейіп кетеді. Жыраулар бидің айтқандарын үнсіз тыңдап,   екі жақты бірлікке,   елдікке шақыру қажеттігін сезінеді. Бір жағынан,   арыстандай айбатты,   жолбарыстай        қайратты бидің өздерін сынап отырғанын түсінген жыраулар бұл жанжалды басуға күштерін салады. Аузымен құс тістеген айтыскер ақындарымыз әріптестері сөзден сүріндірген жерде дереу тоқтап,   жеңілгендерін ашық мойындап отырған. Бұл сөз қадірін танып,   мойындау да ірілікті,   кісілікті білдіреді» [5].

Дүр Оңғардың шығармашылығында нақыл сөздер де көптеп кезедеседі. Мысалы,   «Хас жаманның бір мінезі,   сөз тыңдайды шекесімен»,   

«Алдыңнан шығып жүрмесін,   жақсылық жаман еткенің»,   

«Әркім кетіп бетімен,   халықтың ғұрпын бұзбалық»,   

«Анық болса әділдік,   ағайын тұрар қорғанып»,   

«Жамандық жанға ойлама,   Жақсыға жасар үлестен,   Жүрерсіңдер құр қалып»,   

«Адам – керуен,   өмір – жол», 

«Орынды сөзге ықыласпен,   Ерлер қояр құлақты»,   

«Адамға тумақ – рас,   өлмек – мирас»,   

 «Жақсының ойын-күлкі мерекесі,   Жаманның тойы жұрттың келекесі»,   

«Жағдайсыздың қолы жаздырмас,   кемдік ердің көркін шығармас».

Жыраудың кейбір өлеңдерінен кедейліктің кермек татқан өз тағдырына налыған шақтарын  байқауға болады. «Жалғыз болсаң,   топқа басың кіре алмас,   жарлы адам ел шаңына ере алмас» деген нақыл  сөзінен де теім өскен ақынның кедейдіктің кермек тәмін татқандығын байқаймыз.  «Жетімге жеті бидай да тамақ» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Дүр Оңғар да өз өлеңдерінде әлеуметтік теңсіздікті сөз етеді:

Бай сенің тамырың ба,   танысың ба?

Жарлыны жарылқасаң намысың ба?

Қосыма өзім жоқта ат жіберіп,   

Көпсінген бір-екі бау қамысың ба?

Адам өмірі керуен сияқты,   бірдебірде көшті тоқтатады,   бірде көшеді,   шырғалаңға толы,   шегі мен шеті жеткізбес ойлар,   таусылмайтын арман.

Оңғар жырау жұртпен әңгіме үстінде отырған адамдардың мінез-құлқын қалжыңдап,   көзіне ілінген затты жұмбақ қылып өлең шығара береді екен:

Бір нәрсе темір басты,   ағаш сапты, 

Алдыңда қарсы қарап құлап жатты.

Ағеке тапқыш болсаң,   осыны тап,   

Өзімнің жақсы көрер ағам атты (Балға)  немесе:

Бір нәрсе өзі нәзік ұстағанда

Көреді үйде отырып тыстағыны,  

Жаласы зәредей бола кетер, 

Өмірін жаратыпты қысқа қылып (әйнек)

Дүр Оңғардың жұмбақтарының ішінде философиялық сипаттағы толғаныс,   тебіреніске толы жұмбақтарды да кездестіруге болады. Солардың бірі адамның өмірі,   ой-арманы туралы мына бір жұмбағы:

Кең дария таяздайды кешкен сайын

Бір шәрбат жан тоймайды ішкен сайын.

Бір тесік тарылады тескен сайын.

Бір жіп бар күрмеледі шешкен сайын .

Алдыңда көрінеді бір асқар тау

Жақындап ұзарады көшкен сайын.

Жалпы, ақынның жұмбақтарының өзі тәлім-тәрбиеге тұнып тұрғандай. Мысалы: Бір нәрсе қыза түсер өшкен сайын  (Нәпсіқұмарлық);  Бір дарақ өсе түсер кескен сайын (Ұрпақтардың өсіп-өну );  Бір көлік қалмайды артта көшкен сайын(Ұрпақтар жалғасы); Бір арқан тарқатылар ескен сайын (Ой-тілек).  Көріп отырғанымыздай әр жұмбақта өзіндік ой,тағылым бар. Сонымен қатар жастарды тапқырлыққа, зеректікке баулиды. Ақын жұмбақтарын қолдана отырып, білім алушылардың   тапқырлығын ұштауға болады.

Дүр Оңғар шығармашылығының тағылымдық сипаты ерекше,   жас ұрпаққа рухани азық болар өлең-жырының,   толғауларының,   айтыстарының тәлім-тәрбиелік мәні зор. Барлық Сыр сүлейлері сияқты Дүр Оңғар да жақсыдан үйренуді,   жаманнан жиренуді,    асыл қасиеттерді бойға сіңіруді  насихаттайды. Қазіргі таңда өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуде Сыр сүлейлерінің жарқын өкілі – Дүр атанған Оңғар Дырқайұлының шығармаларын кеңінен қолдану жаһандану жағдайында  тәрбиенің кемшін қалған тұстарын толықтыратын бірден-бір рухани азық деуге болады.

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.   Дүр Оңғар (өлең, толғау, айтысы және бірқақпайлары мен жұмбақтары. – Алматы:Арыс, 2004. – 104 б.

2.   Айсауытов Ә. Дырқайұлы Оңғар // Сыр елінің өнер өрендері. – Қызылорда, 1999.

3.   Дайрабаев Т. Дүр Оңғар// Екі мың жылдық дала жыры. Алматы,2000

4.   Дайрабаев Т. Дүр Оңғар // Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. – 3 том. - Алматы, 2001.

5.   https://kk.wikipedia.org Дүр Оңғар

6.   Егізбаев Н. Сыр сүлейлері. – Қызылорда, 2011.