Сейіт Г.А., Жапанова Р.Н.

Қарағанды «Болашақ» Академиясы

Жеткіншек шақтағы балалар мінез-құлқындағы ауытқушылықтардың пайда болу себептері мен алдын алу жолдары

 

 

Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінде бала құқығын қорғауға бағытталған тұлғаға бағдарланған тәсілдің дамуында психологтар, әлеуметтік педагогтар, мектеп инспекторлары және әлеуметтік жұмыскерлер үлкен рөлге ие. Бала тұлғасына құрметпен қарау, әлеуметтік өмірге дайындау елімізде қазіргі таңда болып жатқан бала мәселесіне қатысты барлық мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру тиімділігін арттырады.

Қоғам өмiрiнiң барлық салалары көптеген өзгерiстерге, бұрынғы мінез-құлық нормалары құлдырауға ұшырап жатқан кезде девиантты мінез-құлық мәселесі елiмiздегi ерекше өзекті мәселе болып тұр.

Девианттық мінез-құлық –қалыптан ауытқушылық және ол адамның қоғам мен әлеуметтік топта қабылданған өзін-өзі ұстау нормалары мен ережелеріне сай келмейтін іс-әрекеттері мен қылықтары. Девианттық мінез құлықтың мәнін түсінуде негізгі екі ұғымды қарастырамыз-«қалып (норма)» және «қылық». Әлеуметтік қалып-бұл нақтылы қоғамда тарихи түрде қалыптасқан жеке тұлғаның, әлеуметтік топтың немесе ұйымның мінез-құлық ережелерінің мөлшері, этикет, мораль, заңдық нормалар. Басқа да құндылықтар тәрізді, әлеуметтік нормалар тұлғаның бағалау және бағыт ұстау функцияларын орындайды, мінез-құлықты реттейді және бақылап отырады. Норма-идея, идеалдар сияқты бағыттап қана қоймай, белгілі бір ереже-міндеттерді жүктейді[1].

Мінез–құлықтағы қиындық және қиын балалар ұғымы 1920-1930 жылдары пайда бола бастады. Ұғым бастапқыда ғылымда емес, күнделікті өмірде қолданып жүрді. Біраз уақытқа ұмытылып, XX ғасырдың 50-60 жылдарында қайтадан қолданысқа енді. Алғашқылардың бірі болып бұл салада зерттеу жүргізгендердің бірі-П.П. Бельский. Проблеманы алғаш болып көтерген белгілі Ресей педагогы П.П. Блонский[2]. Ғалым қиын балалардың жеке басылық ерекшеліктерінің  өмір жағдайларымен, тәрбиемен өзара әрекеттестігін есепке алып, кешенді түрде зерттеулер жүргізіп, оны тәжірибеде қолдану жолдарын анықтады. Осыдан девиантты мінез-құлық деген ұғым сонау заманнан бері келе жатқан, ашылмаған сыры көп ұғым екенін білдік.

«Неліктен қоғамда девиантты мінез-құлықта адамдар көбейіп кетті?» деген сауал туындайды. Қазіргі таңда елімізде болып жатқан экономикалық өзгерістер, ертеңгi күнге деген сенiмсiздiк, жұмыссыздық, саяси бағыттардың өзгеруi, жаңа ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту ісінде нақты мәдени-адамгершіліктік бағдарламалардың болмауы девиантты мінез-құлықтардың қалыптасуы мен жеткіншектерді тәрбиелеудің қиындығына байланысты болып отыр. Сондықтан осындай әсер ететін факторлардың себебінен, девиантты мінез-құлықты зерттеудің қажеттілігін туғызып отыр.

Бұл мәселенiң ерекше өзектiлiгi сол, девиантты мінез-құлықтардың таралуы салдарынан қазiргi кезде қоғамның әр түрлi салаларының тұрақсыздануына, экономикалық және мәдени дамуының тежелуiне әкеліп отыр.

Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік күйреу процестері адамдар психикасына да теріс ықпал етуде. Ол адамдарда мазасыздық, ашу-ыза, қаталдық тәрізді сезімдердің туындауынан көрінеді. Елдегі жағымсыз жағдайлар біздің қоғамда қиындықтар мен ішкі қақтығыстардың, аморальді мінез-құлықтардың, қылмыстың және т.б. ауытқыған мінез-құлық түрлерінің кең таралуына әкелуде. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ауытқыған мінез-құлық әр түрлі әлеуметтік және демографиялық топтардағы адамдар арасында өсіп отыр. Әсіресе бұл кезең жеткіншектерге ауыр тиді. Асоциальді әрекеттерден (маскүнемдік, нашақорлық, қоғамдық тәртіпті бұзу, бұзақылық, вандализм және т.б.) көрінетін девиантты мінез-құлықты кәмелеттік жасқа толмағандар саны күрт артты. Олардың үлкендерге деген қарым-қатынастары өзгеріп, жауыздық пен агрессивтілік көріне бастады.

Алайда барлығын жағымсыз тұрғыда қарау ол қателік. Девиантты мінез-құлықты кең және тар мағыналарында қарастырады. Кең мағынадағы девианттық мінез-құлық деп–қоғамдағы қабылданған нормалар мен әлеуметтік стереотиптерге сай келмейтін кез-келген іс қимылды айтамыз. Бұл жағдайдағы девиацияны жағымды және жағымсыз деп екі түрге бөлуге болады.

Жағымды девиантты мінез-құлық–бұл көпшілік әдеттен тыс, таңғаларлық деп қабылдаса, кейбіреулер теріс деп қарамайтын құбылыстар болуы мүмкін. Бұлар-ерлік, өзін-өзі құрбандыққа шалу, біреуге шектен тыс берілу, біреуді шамадан тыс аяу т.б. көріністер болуы мүмкін.

Жағымсыз (негатив) девиация, керісінше, көп адамдарды мақұлдамау, жек көру сезімдерін туғызатын мінез-құлық ауытқушылықтары[3]. Мысалы, терроризм, вандализм, ұрлық, сатқындық, жануарға қатыгездік жасау т.б.

Тар мағынасындағы девианттық мінез-құлық дегеніміз жалпы қабылданған нормалардан тыс, жағымсыз, еш адам жақтамайтын ауытқулар.

Сол сияқты тағы айта кететін бір жәйт, қоғамның басқа топтарына қарағанда девианттық мінез-құлық жасөспірімдерде көбірек байқалады. Оның обьективті себебі, жасөспірімдерде құқықтық әлеуметтену процесі және деликвенттік мінез-құлық бір мезгілде жүреді. Девианттық мінез-құлыққа психологиялық, құқық, мәдениет немесе мораль нормалары сияқты жалпы қабылданған немесе оған негізделген нормалардан ауытқыған қылықтар жүйесін жатқызамыз.

Неліктен жасөспірім шақ қауіп тудыратын шақтар? Біріншіден, психогармоналды процестерден басталып, Мен концепциясының бетбұрысымен аяқталатын өтпелі кезеңдегі ішкі қиыншылықтар әсер етеді. Екіншіден, жасөспірімнің әлеуметтік жағдайының тұрақсыз болуы. Үшіншіден, әлеуметтік бақылаудың механизмдерінің қайта құрылуына байланысты туындаған қарама-қайшылықтар: бақылаудың балалық формалары, сыртқы нормалар мен үлкендерге бағынушылықты ұстану ықпал ете алмайды, ал ересектік әдістері қалыптасып үлгермеген.

Көп жағдайда девиантты мінез-құлықтардың қалыптасуының басты себептері отбасылық жағдайдың нашарлығы болып табылады: отбасында қалыпты мәдени-адамгершіліктік тәрбиенің болмауы, ұлттық салт-дәстүрлерді мойындамауы, ата-аналарымен және жақындарымен қақтығыстардың жиі болуы және т.б.

Кейбір зерттеулерде көрсетілгендей, жеткіншек-құқық бұзушыларға интеллектуалдық және әлеуметтік қызығушылықтардың төменгі деңгейде болуы, сонымен бірге жастары бойынша ересектердің  антиәлеуметтік бағыттағы ықпалы тән. Біздің қоғамда болып жатқан әлеуметтік-психологиялық, саяси өзгерістер өзіндік дүниеге көзқарастары мен құндылықтар жүйесі қалыптаспаған жеткіншектер  үшін қиынға соғуда. Өмірге деген тұтынушылық-өзімшілдік қатынас көптеген жастардың өзіне және қоршағандарға немқұрай қарауына әкеп соқтырады.

Қазіргі кездегі жеткіншек мазмұны жағынан күрделі әлемде өмір сүреді. Бұл, біріншіден, техникалық-технологиялық жаңалықтардың жылдамдығына және адамдарға жаңа талаптардың қойылуына байланысты. Екіншіден, ақпараттың сипатына байланысты, себебі жеткіншектің нақты өмірлік позициясы анықталмағандықтан, оған жаңалық пен өзгерістер терең әсер етеді. Үшіншіден, қоғамдағы экономикалық және экологиялық күйзелістер балаларда сенімсіздік тудырады. Сонымен қатар елдегі әлеуметтік, экономикалық және моральдік жағдайлардың тұрақсыздығынан жеткіншектер басқа жас тобындағылардан гөрі көбірек қиналады.

Жеткіншектердің мінез-құлық нормаларын бұзуын тудыратын көптеген себептерді анықтап, уақытында жоюға болады. Сонымен қатар девиантты мінез-құлық факторларының ішінде оның алдын алу және жою үшін қажетті шаралар әлі табылмағандары да бар.

Бұл категорияға толығымен психологиялық-педагогикалық факторларды жатқызуға болады. Жалпы орта білім беретін мектептерде девиантты мінез-құлықты балалармен алдын алу жұмыс жүйесі бойынша төмендегідей шараларды ұсынады[4]:

-балалардың әлеуметтік қорғауын қамтамасыз ететін мамандардың тобын құру (әлеуметтік педагогтар, психологтар, дәрігерлер және т.б.);

-балалар мен жасөспірімдер үшін тәрбиелеу ортасын құру;

-балалармен және жасөспірімдермен байланысты мәселелерді шешуге ата-аналарды үйрететін әр түрлі бағыттағы мамандар тобын құру;

-қауіп тобындағы балалармен олардың отбасына кәсіби әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық, медициналық көмек көрсетіп және тәрбиелік алдын алу жұмыстарымен айналысатын мамандар даярлауды ұйымдастыру;

-мінез-құлық нормаларынан ауытқушы жастар мәселелесіне көңіл бөлуді күшейту мақсатында қоғамдық білім беру бағдарламаларын құру (теледидар бағдарламалары, оқыту бағдарламалары және т.б.)

-ақпараттық ағартушылық жұмысты ұйымдастыруға мүмкіндік береді[5].

Қорыта айтқанда, девиантты мінез-құлықты балалардың алдын алып, оларды тәрбиелеуде, түзету жұмыстарын жүргізу барысында мектеп мұғалімдерімен қатар әлеуметтік педагогтардың рөлі өте зор. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерді қоғам өміріне бейім, әлеуметтік нормаларға сай келмейтін мінез–құлықтардан бойларын аулақ ұстауға ықпалын тигізеді

Болашағыңды болжау үшін ұрпағыңның денсаулығы мен тәрбиесіне көңіл бөлу керек екендігін естен шырмай, әрбір отбасы бала дүниеге келгеннен кейін емес, баланы дүниеге әкеле алдында тәрбиеге мән берсе дұрыс болар еді деп өз ойымды айтып кеткім келеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1 А. Айтбаева. Әлеуметтік педагогика негіздері. Алматы, 2011ж.- 216 б.

2 Ш.Е.  Джаманбалаева. Социальные проблемы девиантного поведения (на материалах Республика Казахстан) Дисс.к.с.н. -Алматы, 1996г. -137с.

3 Е. В. Змановская. Девиантное поведение личности и группы : учеб. пособие.- СПб.: Питер, 2010г.- 349с.

4 Г.И. Макартычева. Коррекция девиантного поведения. Тренинги для подростков и их родителей / Г. И. Макартычева. - СПб.: Речь, 2007г. - 368 с.

5 Р. В. Овчарова.  Справочная книга социального педагога / Р. В. Овчарова. - М.:ВЛАДОС, 2004г. - 395 с.