Мырзахмет Ғ.К., Данаева Г

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОҢТҮСТІГІНДЕГІ ЖАҒДАЙ

 

ХІХ ғ. басында оңтүстікте қазақ қоныстары  үш ортаазиялық хандықпен шектесіп жатты: Бұхара, Хиуа және Қоқан. Қазақ хандығына ең көп агрессивті әсер еткен Қоқан мен Хиуа хандықтары. Ұлы жүздің көп бөлігі және Орта жүздің оңтүстіктегі  тайпалары Қоқан  хандығының  езгісінде  болды, ал Қазақстанның оңтүстік – батыс бөлігі Сырдарияның төменгі ағысы,  Үстірт, Маңғышлақтың оңтүстігі Хиуа бақылауында болды. Хиуада  Мұхаммед Рақымның  басқару кезеңінде (1806-1825жж) бұл хандық  күшті мемлекет еді. Мұхаммед Рақым Кіші жүздің  оңтүстік қоныстарын  үш рет талқандылды.(1812, 1816, 1820). Соңғы шабуылда бірнеше  жүз қазақ өлді, 1000 әйел, сансыз мал жауға олжа болды.

         Мұхаммед Рақым өлімінен кейін Хиуа тағына  оның ұлы Алла-Құл отырған уақытта оңтүстік –батыс Сырдария маңы далаларында қазақтар мен  хиуалықтар арасында ұзақ соғыстар болды. Өз саясатында Хиуа билеушілері  руаралық өшпенділікті және келіспеушілікті тиімді пайдаланды, руларды өзара өшіктіріп, өз билігін жүргізді. Хиуалықтар  өздерінің ықпалын бекіте түсу үшін Сырдарияның төменгі ағысында бірнеше  қамалдар салды.

Қоқан хандығы ХVІІІ ғасырдың басында пайда болды. Орталық Азияда қазақ пен қалмақ жаугершілігі күшейген заманда ферғана даласында  бірнеше  өзбек тайпалары ( мың, жүз, қырық) бірігіп, жаңа  саяси ұйым құрды. 1799  жылы билікке Әлім келді. Ол алғаш рет хан титулына ие болды. Осы уақыттан бастап Ферғана Қоқан хандығы деп атала бастады. Әлім хан  кезеңінде хандық территориясы  жаулап алу негізінде  кеңейе түседі, көбінесе  Ұлы жүз жерлерін  жаулап алды. Ол Ташкен, Шымкент, Сайрам және тағы  басқа  қалаларды  бағындырып, мұнымен шектелмей Түркістан және Әулиеата өлкелеріне маза бермеді.

Қоқандықтардың тәуелділігіне  түскен қазақтар бірқатар салықтар төледі:  малшылар зекет, жер иеленушлер-харадж және бірқатар  қызметтер көрсетті. 

Харадж егіншілікпен айналысатын халықтан алынды. Тұқым себілген алқаптың көлемі «тақып» өлшемімен өлшенеді. Бір тақып 1/6 гектарға тең болады. Мал санының қырықтан бір бөлігін алуды белгілеген барша мұсылман заңына қарама-қайшы қоқандықтар неше түрлі зорлық-зомбылықпен түтін басынан жыл сайын алты қойдан, ал бай қазақтардан бұдан екі есе көп алды, бұл санға басты зекетшіге, сондай-ақ оның көмекшілеріне берілетін сыйлықтар енбейді. Егіннен қоқандықтар түсімнің 1/3 бөлігін, ал қамал маңында көшіп-қонып жүретін кейбір қазақтардан астық күйінде алынатын харадждың орнына піскен нан мен тары алатын. Салықты отын, көмір, пішен түрінде алу да харадж есебіне жатқызылды. Әр түтін басынан жылына 24 қап көмір, төрт тең сексеуіл және бір мың бау шөп пен қамыс талап етілді. Әлім ханның мирасқор інісі Омар 1809-1821 жылдары билік құрды. ХІХ ғысырдың басында Омархан  билік құрған  кезеңінде  бірқатар қамалдар салынды: Жаңақорған, Ақ мешіт, Шым-қорған. Ол өз дәуірінің саналы адамдарының бірі еді. Омар хан қоқан хандығының шекарасын едәуір кеңейтті. Ол ең әуелі Орта жүз қазақтары мен Алатау қырғыздарына сұқтанды. Оның тұсында айнала төңірегімен қоса Түркістан қаласы басып алынды. Қаланы алу құрметіне Омар хан үлкен той жасап, Қожа Ахмет Яссауи мешітіне барып, онда барлық шейхтарға сый көрсетті. Түркістан ауданының жаңа әкімі болып Шайх-и-Бадаль тағайындалды. Қоқан хандығының Ұлы жүз бен Қырғызстандағы жаулап алу саясаты тек феодалдық тонау мақсатымен көздеп қана қойған жоқ, сонымен бірге сауда-саттық мүддесін де ойлаған. Қоқанның өзі және оған бағынышты Ташкент, Әндіжан қалары өздерінің географиялық жағдайына орай әуелден-ақ сауда-өнеркәсіп орталығына айналған.

Шексіз салық қанау мен тонау және қырып-жою қазақтардың  Қоқан мен Хиуа  шенеуніктеріне, салықшыларына қарсылыққа шығуына әкелді. 1858 жылдың наурызында Әулие ата ауданында, кейін  Шымкенттен Мерке  қамалына дейін және Ташкенттегі наразылық толқулары  қаруланған  көтеріліске  ұласты. Көтерілісшілер  Қоқан салық жинаушыларын  және тағы басқа шенеуніктерді қуып жіберді. Ташкенттен шыққан әскер Әулие-атаны   қоршаудан босатты, бірақ көтерілісті  баса алмады.  Көп  кешікпей  көтерілісшілер Әулие-атаны  қайта алды. Тау өлкелерді мен жолдарды алды. Жазда көтерілісшілер Оңтүстік Қазақстан территориясын бақылады. Осы жағдайда қоқандықтар жеңілдіктер жасап, Ташкент басшысын ауыстырды. Орыс әскерінің Орта Азияға жақындауы да қоқандықтарды көтерілісшілермен  тіл табысуға мәжбүр етті. 1860  жылы күзде қазақтар қоқандықтармен бірігіп, Жетісу өңірін  орыс отрядтарынан  босатуға  тырысты. Қоқан хандығы  орыс бекінісі (1844 жылы  салына бастаған) Верныйға қарсы 12 мыңдық әскер аттандырды. Оған  қазақтар және қырғыздар қосылды. Көптеген билер мен старшиндар, енді қоқандықтарға  өте бастады.

         Қазақтардың жекелеген жасақтарын  Сұраншы би, Диқамбай, Кенесары  ханның ұлдары  басқарды. Бұл қосылған әскер саны 22 мың адамды құрады.  Мұсылман әскері 20-шы қазан күні Қара-Қастек түбінде  (Ұзынағаш)  орыс отрядтарымен  кездесті. Қоқан мен қазақ әскерлерінің жорығы үлкен жеңіліспен аяқталды.     Патша үкіметі Сыр бойын, Түркістан және Ташкент өңірлерін бағындыру үшін 1864ж. әскери жорыққа  дайындалды. Олар Мерке, Әулие-ата,  Түркістанды басып алды. Бірақ Шымкен түбінде жеңіліс тапқан  соң шегінуге мәжбүр болды. 1864 ж. қыркүйекте Түркістанның  генерал  черняев, әулие-атадан  подполковник Лерх әскерлерді бастап Шымкент қаласын қайта  қоршап алды. Осылайша барлық Қазақстан  территориясы Ресей құрамына  өтеді. 1865 жылдан бастап қазақ даласы Ресейдің ішкі колониясына айналды. Қазақ даласын жаулап алуға  жүз жылдан артық  уақыт жұмсаған Ресей Орта Азияны үш жылда  тізе бүктірді.