ЭСТРАДА
ӨНЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ
МУЗЫКАСЫ
Т.Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер
академиясының
2 курс магистранты
Қ.А.Садықов
Ғылыми жетекші,
педагогика ғылымдарының
кандидаты,
доцент:
Г.М. Канапьянова
Бүгінгі күнгі эстрада
өнерінде қазақтың дәстүрлі музыканың
орны ерекше. Ол, заман талаптарына сай әртүрлі деңгейлерде
түрленіп отырады. «Көңілді түзейтін машина
өлең-жыр. Ол машинаның тетігін біліп, сайрататын,
естігендердің ауызынан суын ағызып, көңілдерінің
уын шығаратындар кімдер? Ол – неше түрлі әуез білетін
әншілер, жыршылар. Халықтың көңілі
машинаның тетігіндей әнге ұста адамдар сайраса жібиді.
Қысқасы, сырнай-домбыраны тарта білмей, құр перне басып,
бақылдату қандай сүйкімсіз болса, әнмен
айтылмаған өлеңдер де сондай сүйкімсіз болады» – деген
сөз де бекер айтылмаса керек (Торайғыров
С. «Шығармалар». – Алматы, 1993. – 127 б.). Ең жоғары кәсіби
өнеріміздің бірі – ол, қазақ халқының
дәстүрлі музыкасы, соның ішінде дәстүрлі ән
өнері болып есептеледі. Осы күнге жеткен барлық дерлік
әндердің тақырыбы мен мазмұны жағынан болсын,
мақамдары мен әуен – ырғақтары жағынан болсын
халықтың көкейкесті ой-арманынан туған.
Бұған дәлел ретінде Б. Асафьевтің
«Қазақтың ән-әуендерінің тамаша бір
қасиеті – оның шын жүректен шыққан
эмоционалдық сезімталдығы мен сезгіштігі....
әуендерінің оралымдылығы, құлақтан кіріп
бойды, ойды аларлығы, ән тақырыптарының
әралуандылығы – осы қасиеттерінің барлығы
халық психикасының аса терең толғауын көрсету
арқылы, қазақ әншілерінің жарқын
орындаулары арқылы айқын сезіліп отырады» - деген сөзі десек
болады (Асафьев Б. «О казахской народной музыке» // Музыкальная культура
Казахстана. – Алма-Ата: Казгосиздат, 1955. – 121 б.). Осындай
құнды дүниелерді халық орындаушылары сақтап,
келесі ұрпаққа жалғастырып яғни, бүгінге
жеткізді. Сол себепті де, қазіргі бізге жеткен әндер
өмірдің тар жол бұралаңдарынан өтіп,
ұлттық мәдениетіміздің, дәстүріміздің
айғағы болып отыр. Ендеше қазақтың ән
өнері, күй жанры да өзінің тарихи түр-сипатын,
бет-бейнесін анықтап, дәстүрлі ерекшеліктерін белгілеп
алуға тиіс. Мұндай қадамдар қазақтың
дәстүрлі өнерінің түрлі жанрларының даму
сапасының келешекте жоғары сатыға көтерілуіне жол ашып
береді. Осы кезеңде біз табиғи қалпы сақталған,
әуен ырғағы бұзылмаған, бұрынғы
нұсқасы өзгермеген яғни, қаймағы
бұзылмаған әндерді студент жастарға үйретуге,
дәріптеуге міндеттіміз, әрі
мұны болашақта жас дәстүрлі әншіні
тәрбиелейтін музыкалық білім көздерінің қайнар
бұлағына айналдыруға тиіспіз. Себебі, ән –
қазақ халқының рухани асыл қазынасы.
«Батыс өңірінің
кәсіби ән өнерін ХIХ ғасырдағы аса дарынды
өнер саңлақтары паш етеді. Олар: Мұхит (Бөкей
ордасы Орал және Атырау облыстары), Қайып, Тастемір, Досат,
Өскенбай және т.б. (Маңғыстау). Шығыс
өңіріндегі, атап айтқанда, Арқадағы кәсіби
ән өнері саласының дәстүрі (Орталық
Қазақстан – Арқа облысы) ХIХ ғасырдағы аса
көрнекті тұлғалары Біржан салдың, Ақан
серінің, Жаяу Мұсаның, Үкілі Ыбырайдың,
Мәдидің, Әсет Найманбайұлының, Абай
Құнанбайұлының, Естайдың, Майраның
әндерінің арқасында бүкіл Қазақстанға
кеңінен тарады» (Жұбанов А. «Замана
бұлбұлдары». – Алматы, 1975.-464 б.). Олардың тәлім-тәрбие алған ұстаздары
болғаны, сол ұстаздардың арасында қазақтың
әншілік, жыршылық, күйшілік, шешендік, ақындық
сияқты өнер түрлері қалыптасқаны мәлім.
Өнерді көріп, әдісін тауып баптайтын шынайы бапкер
болғанда ғана шеберліктің шыңына көтерілуге
болады. Қазақта ән өнері тәжірибесі өте
жоғары дәрежеде болғанын дәлелдейтін жүздеген
әндер, ән жанрының дәстүрлік сипаты, ән
жанрының мектептері т.б. сапалық дамуы тарихи шындық.
Бұдан түйеріміз, халық өнерпаздарының
өздері жасаған әдістемелік жүйесі бар екенін
осыдан-ақ білеміз.
Ұлтымыздың әншілік
өнері жанрлық сипаты жөнінен алуан түрлі. Б.
Тұрмағамбетова өзінің «Қазақстанның
Батыс аймағының ән мәдениеті» атты еңбегінде
ғұрыптық, тұрмыстық ән жанрларымен
қоса, өңірдің өзіне ғана тән
«мәтөк» ән жанрының қалыптасқанын айта
келе: «Ғашықтық сезімді арқау еткен әндер
қатарын мәтөк әндер тобы толықтырып отыр.
Мұндағы «мәтөк» осы өңірде ғана
кездесетін диалект сөздерінің бірі» – дейді. Сонымен қатар Б.
Тұрмағамбетованың еңбегінде мәтөк
әндерінен басқа «қоңыр ән», «сағыныш
ән», «қара өлең» деп аталатын үлгілер
маңызды орын алады. Автордың көзқарасы бойынша,
тұрмыстық және лирикалық жанрды жан-жақты
зерттеуде мұндай туындылардың өңірде ән
мәдениетіндегі алар орнын анықтау, болашақта міндетті
түрде ғылыми тұрғыда қарастыруды мақсат
етілетін іс.
Бүгінгі
күнгі ән үйрену әдістемесі ғасырлар
бойы қалыптасқан күй үйрену тәжірибесінің
қағидаларымен тығыз байланыста болуы керек. Халық
әншілері қалдырған әнмен қоса күй
үйрену тәжірибесінің негіздерін жинақтап, қазіргі
домбыра үйренудің жүйелі әдіс-тәсілдерін жасап,
домбыра үйренудің болашақтағы бағыт-бағдарын
анықтап алуды өмірдің өзі талап етіп отыр. Ал,
әнге келетін болсақ, халық әншілері қалыптастырып
кеткен әннің негізгі айтылу нақышынан адасып қалмау
керек. Әннің мазмұнын түсініп, әр мектептің
дәстүрін бұзбай, мәнерлеп жақсы айту үшін
шеберлік қажет. Ән айтудың барлық сырларын, оның
тұнып тұрған әдістерін жүйелі түрде
үйрену үшін ұстаздық үлкен тәжірибе керек,
ғасырлар бойы қалыптасқан әнді орындау өнерін
жан-жақты меңгеру үшін әдістемелік жүйе керек.
Қазіргі кезде елімізде
эстрадалық вокал мамандығы бойынша кәсіби әнші
оқытып шығаратын Т.Жүргенов атындағы Қазақ
ұлттық өнер академиясы (Алматы қ.), Қазақ
ұлттық музыка академиясы (Астана қ.) мен Ж.Елебеков
атындағы эстрада-ципк колледжі бар. Бұл оқу орнында елімізге
танымал қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары
дәріс береді.
Жалпы алғанда қазақ
халқының өнеріне эстрада жанры ХХ ғасырдың
30-40жылдарында ене бастағаны белгілі. Бұл жөнінде, «Басында
Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі», «Бұлбұл»
әндері, Ахмет Жұбановтің «Қарлығаш» тағы
басқа әндер эстрада жанрында өңделіп орындалды.
Бұл әндер қазақтың дәстүрлі
әндеріне жақын, жаңаша стильде дүниеге
келгенәндер болатын. Вальс жанрының заңдылығын
қазақ музыкасына алғаш енгізген бірінші қазақ
вальсінің авторы Латиф Хамиди болатын. «Қазақ
вальсінің» ерекшелігі автор вальс стилі қазақ
әнінің маңызды қасиеттерін жоғалтпай,
мәтініне әдемі үйлесетінін көрсете білді» - деп
жазылған (Омарова А. «Эстрадная песня в музыкальной культуре Казахстана» /
Дипломдық жұмыс. – Алматы: Құрманғазы
атындағы ҚҰК кітапханасы, 2003. – 106 б.).
Одан кейінгі кезеңге 50 – 60
жылдардағы лирикалық және патриоттық әндерді
жатқызамыз. « 50 – 60 жылдары музыкалық дәстүр
жаңаша түр алып, ән жанрында лирикалық әндер мен
қатар, патриоттық әндер кең өріс ала бастады. Осы
әндердің бірі Өмірбек Байділдаевтің «Туған ел»
әні халыққа жылы қабылданды. Ән алғаш
ағайынды Ришат пен Мүсілім Абдуллиндердің орындауында
танылды. Халықтың елге деген сүйіспеншілігін оятып,
жігерлендіріп, ерекше рух беретін бұл әннің жастарды
отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор еді.Тағы сол бір
кездері халық арасына кең тараған туған жер
тақырыбындағы Теміржан Базарбаевтің «Ауылым»
әнінің өзіндік ерекшелігі . Бұл ән
өзінің халықтық қасиетін жоймайтын мәңгілі
ән» (Ахметова М. «Ән өнері және уақыт». – Алматы,
1993.-212 б.).
Бұдан
кейін 60 – 70 жылдары жазылған әндерді айтамыз. Мысалы,
«Бақыт құшағында», «Сыр сұлуы»,
«Қайықта», «Әнім сен едің» т.б. көптеген
әндер. Бұл әндер қазақ эстрада өнеріне теңдесі
жоқ құбылыс жасаған, қазақ вальсінің
королі Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары болатын.
Бұл тізімде басқа да авторлардың бары белгілі. 70 – 90
жылдарғакелер болсақ, Сейдолла Бәйтерековтың
«Әлия», Кеңес Дүйсекеевтің «Сәлем саған
туған ел», Жанбота Тұяқбаевтің «Атамекен» әндерін
айтамыз. Бұл тізімде де көптеген авторлардың аты
жөндерінің бары анық. Осылайша бұл кезеңдерді ХХ
ғасырдың аяғы мен ХХI ғасырдың басындағы
композиторлардың шығармаларымен толықтыра береміз.
Жалпы қазақ эстрадасының
қалыптасуына мәтін авторлары – ақындарымыздың
еңбектері ұшаң теңіз десек болады. Себебі, әуені
мен поэтикалық мәтіні үйлескен туынды ғана
халықтың құлағына жетіп, санасына ой салары
анық. Бұл тақырыпты алдағы жазылатын еңбектерде
де зерттейтін боламыз.