П.ғ.к., доцент Белгібаева
Г.Қ.
студент Серікбай М.
студент Айдарова А.
Қазахстан, Академик
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
Қыз бала
–ұлттың ұяты, халықтың
шырайы!
Қазіргі қоғамда ұлттық
тәрбиенің қайнар көзіне, қазақ халық
педагогикасы мен ұлттық салт-дәстүрлерін ой елегінен
өткізіп, жаңа көзбен қарап, оралту – заманның жай
ғана ағымы емес, өткір қажеттілік және
ауқымды мәселелердің ішінде қыз тәрбиесінде оны
тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Өйткені,
тәрбие саласында жүргізіліп жатқан реформалар мен
ғаламдық талаптардың біртіндеп ене бастауы – қыз
балаларымызды өзгермелі қоғамға
әлеуметтендірудегі уақыт талабымен бірге келген игілікті
мақсат. Олай болса, бұл мақсат-міндеттерді
тұтастықта іске асуы үшін, қазақ халқының
дәстүрлі тәрбие түрлерін әлеуметтік, рухани-мәдени
құндылықтарын сақтай отырып, қыз
тәрбиесінің негізі ең алдымен отбасында бастау алуы тиіс. Осы
жағдайда ұлт болашағының алға басуы
және
қоғамымыздың дамуы тарихи тәжірибеміздегі
педагогикалық-психологиялық құнды мұраларға
жаңаша көзбен қарап, дұрыс пайдалану қазіргі
қоғам талабы.
Бүгінде, жаһандану жүріп
жатқанда, ұл-қыздарымыздың ойына халық
дәстүрі негізінде, аталы сөзге тоқтау, ақыл-кеңес
тыңдау, ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау секілді
қасиеттерді салып отыру керек. Қазақ жастары
үлкендердің сөзіне тоқтаған. Бүгінде
қыздарымыз үлкеннің сөзіне тоқтамақ
түгілі, баса-көктеп, басыңнан аттап өтуге дайын
тұратындары баршылық. Әрине, бәріне бірдей
топырақ шашуға болмайды. Ал, бұлардай тапшы
ұрпақта кісілік, елдік деген түсінік жоқ болатынын
көрсетеді. Ондай адам «елдің қамын жемейді, нанын жеуге»
дағдыланады [1]. Сол себепті отбасында қыз бала атап өтуге
болмайтын әдеп-инабаттылық талаптары жайында жақсы хабардар
болуға тиіс. Әсіресе, қыз анасы, апа-жеңгелері үй
шаруасына икемділік, іскерлік, жүріс-тұрыс сыпайылығы мен
ширақтығы, әсемдігі, жинақылық пен тазалық,
өз бойын күту мен ашық қабақтылыққа
үйрету керек [2].
Қыздың бой жетуі, яғни жан-жақты
жетіліп, белгілі дәрежеде өмір тәжірибесіне ие болғаны
жөн. «Қыздың жолы жіңішке», «Қызға
қырық үйден тыйым» деген сияқты халықтың
тәлімгерлік талаптарының мәнін түсініп қана
қоймай, бой жете келе одан өзіне қатысты қорытынды
шығара білуі, іс-қимыл, жүріс-тұрыс дағдысын
басшылыққа алуы керек. Келешекте өз отбасын
құрғанда қажет болатын қасиеттерді жас
кезінен-ақ зердеге түйіп, ол үшін айналасына жағып, жақсы
атағы шыққан, әдепті, инабатты саналатын апайларына, қыздарға
жақын жүріп, сыр алысып, үлгі-өнеге
үйренуінің мәні ерекше. «Қыз қырық
үйден тәлім алады» демекші, әр үйден: біреуінен
тамақ пісіруді, бірінен жүк жинап, үй реттеуді, бірінен
өзін ұстауды, бірінен өз ара жағымды
қарым-қатнастарын, т.б. үйренуі бұрынғыдан келе
жатқан тәлім жолы. Қыз бала көп адам жиналған
орындарда көзге түседі, сыналады.Ондайда өзінің
ұстамдылығымен, жарқын жүзді сыпайылығымен, жинақы,
ширақ жүріс-тұрысымен, сергек-сезімталдық, ептілігімен,
өнерпаз, әрі сөзге ұсталығымен, жарасты әзілге
шеберлігімен көзге түсіп, «пәлен деген қызды-ай
шіркін!», «түгеншенің қызының тәлімдісі, зерегі-ай!»,
«шешесінен аумай қалған, үстінде кіршік жоқ, бармағы
майысып, он саусағынан өнер тамады, әуезінің өзі
қандай әдемі, сөзі қандай жағымды!» деп
тамсандырады. Ал мұндай жақсы атақтың қыз
болашағы үшін маңызы зор. Мұхаммед
пайғамбарымыздың хадистерінде: «Ұяттылық пен
әдептілік әрқашан қайырлы істерге бастайды» [3],-делінген.
Ұят-әдепті белден басып өте беретін, отырғанда, тұрғанда
өзінің жаратылысын ескермейтін, қызға өте
жарасатын қымсыну, тартыну, қызару, имену деген ойына
кіріп-шықпайтын қыз өзіне ғана емес, ата-ана, бауыр-туғандарына
сөз келтіріп, жерге қаратады. Сондықтан қыз ибасы, қыз
әдебі дегенге жеңіл-желпі қарауға мүлде болмайды.
Қыздың, демек болашақ ананың
қолынан іс келуі – міндетті жағдай. «Салақ әйел
оймақшыл», «Жібекті түте
білмеген жүн етеді», «Олақтан салақ жаман», «Ана көрген
тон пішер», «Қыз еркем – қасиетімен көркем», т.б.
мақалдардың мәні осында. Киім тіге білу, дәмді ас
пісіре білу, түйме қадап, жыртықты жамай білу, онсыз
отбасының тіршілігі толыққанды бола алмайтын басқа да
осындай істер қыздардың қадірін асырады. Бұларды
ұсақ-түйекке санаған адам қатты қателеседі.
Өйткені отбасылық өмірдің сәнін кіргізіп, жылуын,
қызығын молайтатын, мән-мәнісін арттыратын, бір-біріне
ризашылығын, сүйіспеншілігін нығайтатын – нақ осылар.
Мұның тағы бір аса маңызды жағы, мүмкін
ең маңызды жағы шығар, келешекте өзінің де
ұл-қызын іске, өнерге үйрете алатын, өзі үлгі-өнеге
көрсете алатын болуы [4].
Осыған байланысты, «Қазіргі қазақ
қыздары қандай, барлығы да инабатты, әдепті ма?» деген сұрақ туындайды. Қазіргі
ұрпақтың ұлттық сипаты, рухани
құндылығы жоқ. Батыстың
тәлім-тәрбиесіне көп еліктейді. Батыс демекші, технология
әлемін, теледидар беттерін жаулаған рухани
құндылыққа зәру жарнамалық дүниелері
– бейне бір жер шарындағы ірге тасынан өз тілі, діні, ұлттық
мәдениеті бар елдермен күреске түскендей. Осы орайда «Батыс
мәдениетін» дүние жүзіне таралған жайылмалы дертті ісік екенін
мойындағандай боласың.
Артымызда өсіп келе жатқан
сіңлілеріміздің өзі есепшіл, өркөкірек, сезімге
сенбей, ақшаға ғана сенетіндер қатары көбеюде.
Тәрбиені ата-анасынан емес, теледидар, компьютерден алып жүрген жастар
буыны қалыптасып келеді. Ал, бұндай тәрбие алған бала
өскенде қандай болмақ? Осының алдын алатын кейбір
ата-аналардың да баласына көңіл бөлуге мүлде
уақыты жоқ. Осыдан барып бала әке-шешесіне суып, оларға
деген сыйластықтан мүлдем қалады. Бала кезінен жылылық,
мейірімді көрмеген адам қатігез болып өседі. Жүрегін
бойлаған суық ызғардың өшін өзгелерден
алатын жандар да болады. Сондықтан ата-ананың жылылығы, жақындығы
жастар тәрбиесіне әсерін тигізеді. Қазір, жасыратын не бар, бұрын
дәстүрімізде болмаған келеңсіз жағдайлар бой
көрсетуде. Қаладағы қазақ қыздарының
көбі бір-бірімен орысша сөйлеседі. Өз ұлтының
тілінде сөйлеуге талпынбайтыны өз алдына, кейбіреулері тіптен оны
намыс көреді. Күнделікті өмірдегі көріністерге бір
сәт назар аударайықшы. Мектеп қабырғасында жүрген
біраз қыздарымыз жарассын-жараспасын денелерін жартылай жалаңаш
көрсететін киімдер киіп, қымбат әшекейлер, алтын тағып,
бет-ауыздарын бояп, өздерінің инабаттылығы мен
сыпайылығынан, жастық жарасымдылығынан айырылады. Табиғаттың
өзі жан дүниесін сұлу, нәзік, мейірбан етіп
жаратқанына мән бермейді. «Жастықтың өзі
жастығымен әдемі» дегендей, жас қыздардың
өздері-ақ қырдың қызыл гүліндей әсем
ғой. Табиғат берген көрік пен сымбаттан артық не бар..?
[5].
Қазірде қыздардың ішінде
ұрлық жасайтындар мен шылым шегіп, алькоголді ішімдік ішетіндер де
кездеседі. Кейде, шашын қалай болса солай жинап, көзге ерсі
көрінетін киім киіп, аяғын бірінің үстіне бірін салып, темекі
түтінін құмарлана жұтып отыратын сылқым
бикештерді жиі жолықтыруға болады. Қастарында
отырғандардан еш ұялып, қымсынбайды да. Ал енді осыларды
көрген жас қыздарымыздың бұларға еліктемесіне кім
кепіл?
Кейде аялдамалардан, қоғамдық
орындардан, көпшілік жүретін жолдардан қыздарымыздың «үлкен
бар, кіші бар-ау!»,-деп қымсынбай жігіттермен
құшақтасып, сүйісіп тұрғанын көргенде
шыдамай төмен қарайсың. Ардақтауды, мәпелеуді,
құпиялықты қалайтын махаббат атты құдіретті
аяққа таптау емес пе бұл?
Әрине мұндай көргенсіздіктің
өзіндік себептері де болатынын білеміз. Бірақ ең бастысы
тәрбиенің кемшілігінде екені. Қыздарымыз
ұлтжан-дылығымен, өздеріне тән нәзіктіктігімен, сүйкімділігімен
және рухани тазалығымен ерекшеленуі тиіс. Ар-намысын жоғары
ұстай білген қыз ғана жұрт алдында әрдайым
абыройлы, сыйлы. Алайда қазіргі қоғамымызға
қарап, ертеңгі күні не болатынын білмегендіктен, «тек
өздеріне сеніп, бүгінгі күнмен ғана өмір
сүретін адамдар тобына айналып бара жатырған сияқтымыз ба?»,-деп
қорқамын. Себебі, біздің қоршаған ортамыз
жаңа дүниелер арқылы қалыптасу үстінде. Сол
себепті де қазіргі жандар адами құндылықтары жайлы
ұмытып, ну орманның арасында адасып жүр. Жаңа
дүниелерді қабылдаймын деп теріс жолға түскен жандар да
баршылық.
Қазірде қазақ қыздары
қазақилығын жоғалтып, бұзылу қаупін бастан
кешіруде. Олардың
бірсыпырасының әрекеттері ұлттық психологиядан
ауытқып бара жатқаны байқалады: ар сақтау, ұятты
білу, үлкенді ардақтау, кішіні құрметтеу, адамды сыйлау
ұмытылып барады, тіпті жойылып барады деуге де болады. Бізде оқып, білім алып жатқандар
негізінен ауыл қыздары. Ауылдағы ең қажетті, әрі
қасиетті шаңырақ, бір қазақтың алтын бесігі
– мектеп. Сол себепті де біздің оқу орнымыздағы қыздар
қарапайым, қазақтың нағыз инабатты да сыпайы, сыйлы
қыздары. Қыздар саналы да тәрбиелі болып өссе, терең
білім алса, елі үшін жаны ашыса берік, мықты ел боларымыз
анық. Өзім де жас қыздардың қатарынан бола
отырып, қыздарды жамандап, сөгуден аулақпын.
Мұндағы бар айтпағым қыздың өз орнын біліп,
елінің еркесі, отбасының ұйытқысы болып,
әрқашан да қыз бойындағы ізгі қасиеттерді
сақтап, келешек ұрпақты дұрыс тәрбелесе екен
деген ой тастау, үндеу ғана. Солай десек те, «жаңа
әлемдегі – жаңа Қазақстанның» азамматтары да
жаңарды, әрбір адамның ісі, сөзі, әдебі, психологиясы,
көзқарасы өзгеруде. «Қазақ қызымын!» деу
мақтанышқа айналды. Осылай болашаққа деген ыстық
патриоттық сезім мен нық сенімді іске асырудағы
аналардың рөлі ерекше [6]. Демек, тарихи тәжірибеміздегі
көп аспектілі қыз тәрбиесінің дәстүрлерін
ой елегінен өткізе отырып, бүгінгі күнге лайықтап,
тәрбие үрдісінде қолдану қажеттілігі туындап отыр.
Педагогика тарихында қазақ
халқының өзіне тән қыз тәрбиесінің
қалыптасуында түркі тілдес халықтарының орны ерекше
екендігі белгілі. Осыған байланысты бүгінгі күні қыз
тәрбиесіндегі рух тәрбиесі, соның ішінде әрине, тән
тәрбиесі. Ғасырлар бойы жинақталып, қыз балаларды
тәрбиелеу дәстүрлерінің бізге жеткен түрлері мен
өзіндік ерекшеліктерін сабақтастықпен жүйелі пайдалану
кезек күттірмейтін мәселелердің бірі.
Қай заманда болса да заманына қарай қыз
баласының болмысын қарастыру туралы ойлар мен пікірлер
бәрімізді толғандырып келген. Қыз баласының
тұлғасын қалыптастырудағы әдептілік, пәктік,
кішіпейілділік сияқты тәрбие түрлерін ең жоғары
көрсеткіш ретінде қабылдау керек. Ол дегеніміз – осындай
тәрбиелілікті бойына сіңірген қыз баласы ұлтының
да тәрбиелі болуына үлес қосары сөзсіз екендігінде. Осы
орайда тәрбиенің қайнар көзін қыз бала ата-анасынан
алуы керек. Ұлтымыздың келешегін, ертеңімізді ойласақ, қыз-әйел
тақырыбында айтылар ойларға
салауаттылықпен қарағанымыз жөн. Демек, ұлттың
келбеті қалыптасқан қазақ қызы – ұлт
рухының ұлы тұтқасы деуімізге толық негіз бар [7].
Қорытындылай келе, қыздар – ұлт анасы!
Осы ұлт атағына лайық болыңыздар! Ұлт
тағдыры қыздарға байланысты екенін ұмытпаңыздар,
қазақ қыздары. Қазақ жігіттері, болашақ
ұлт анасына қамқоршы болыңыздар! Алла тағала
қолдаса, бүгінгі қазақ қыздары елін, жерін
қорғайтын балуан, батыр, болашақ ұрпақтың
асыл анасына айналарына сеніміміз мол. Қазақтың аяулы арулары
бүгінді ғана ойламай, болашақты, келешек ұрпақты
да ойласа деймін. Сөз соңын Елбасымыздың: «Әйел – бесік
иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз
түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді»[8],
- деген пікірімен қорытындылаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ж.Сарыбекова «Қыздар тәрбиесі». Алматы 2014.
2. Дайрабаева А.Е. «Қазақтың
халық педагогикасындағы қыздардың адамгершілік
тәрбиесі». Пед.ғыл.канд.дисс....-А.,1993. 158 б.
3. «Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистері»
/Ауд.Н.Қазыбеков.-Алматы: Жазушы,1993.-64 б.
4. Дадаұлы А. "Мұсылман
әйелдің ер алдындағы
міндеттері.-Алматы:Шапағат-Нұр,2002.-48 б.
5. Сандыбаев Г. «Иманды қыз, сүйікті жар ,аяулы
ана». Алматы, 2004.-32 б.
6. Башбаева З. «Қыздар сұлу көрінер». Алматы:
Қайнар,1993.-36 б.
7. Сарыбекова Ж.Т. «Ұлттық саясаттағы
қазақ қызының ролі». Білім, ғылыми-педагогикалық
журнал.№2(44)2009. 46-49 б.
8. Назарбаев Н.Ә. «Тарих толқынында». Алматы:
Атамұра.1999.-296 б.