Педагогические науки/5.Современные методы
преподавания
П.ғ.магистрі., аға оқытушы Қамза
Г.Б.
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті,Қазақстан
МУЗЫКАЛЫҚ БІЛІМ
БЕРУ ҮРДІСІНДЕ ҰЛТТЫҚ
АСПАПТАРДЫ САБАҚТА ҚОЛДАНУДЫҢ БІЛІМДІЛІК-ТӘРБИЕЛІК РӨЛІ
Қазіргі таңдағы
педагогика ғылымының өзекті мәселелерінің бірі -
жеке тұлғаны жан-жақты дамытуда музыкалық тәрбие
беру арқылы шығармашылық жұмыс істеуге қабілетті,
дүниетанымдық көзқарасы кең, рухани бай азамат
даярлау. Баланы жастайынан өнерге баулып, музыка
әлемімен таныстыру, оны сезіндіріп ән айтқызып, күй
тартқызудың мақсаты - халқымыздың асыл
қазынасын, дәстүрлі ән-күйлерін бойларына
сіңіре білу, олардың эстетикалық талғамын
жан-жақты байытып, дамыту - бүгінгі таңда өте
маңызды мәселеге айналып отыр.
Бастауыш
сынып оқушыларына эстетикалық тәрбие беруде, музыкаға
ынталандырудың қандай формасы болса да, оның ести білу
дағдысын, тыңдай білуге икемдігін, ойлана білу қабілетін,
жалпы өнерге деген қызығушылығын
қалыптастыруға
ұлттық аспаптарды музыка сабақтарында қолдану
оң нәтиже берері анық.
Қазақстанда білім берудің бүкіл
жүйесін ұлттық
негізде кайта кұру жағдайында кіші мектеп жасындағы
оқушылардың ұлттық музыка өнеріне, соның
ішінде ұлттық аспаптарда ойнауға және оны
тереңірек меңгерту қажеттігі туындайды. Оқушылар
өнерге еліктеген жағдайда, олардың тәрбиесінде ең
алдымен ұлттық құндылықтарды, әсіресе
төл музыкалық өнерімізді дұрыс қабылдап, аспаптық
музыкаға әуестенуге баулу, оларды
меңгерту теңдесі жоқ рөл атқарады.
Бастауыш мектепте пәндерді оқытуды жетілдірудің жаңа
технологиясын іздестіру жолында ғалымдар, жаңашыл педагогтар,
мұғалімдер еңбек етуде. Олардың ғылыми
еңбектерін зерттеу жұмыстарын саралағанда берік білім берудің,
оқу белсенділігін арттырудың маңызды жолдарының бірі
ұлттық аспаптарды сабақта тиімді пайдалану екендігін
байқатады.
«Баланың
ынтасын тарту үшін оқылатын нәрседе бір жаңалық
болу керек!» – деп жазады Ж.Аймауытов . Аспапта
ойнау бала болмысымен тығыз байланысты. Оны бала тәрбиесіндегі
маңызды құрал ретінде қолдану ғасырлар бойы жалғасып
келеді. Қазақ
халқы өнерге балаларды ерте жастан үйретті, оны меңгеруде өзіндік
әдістемесі болды, Мәселен, оларды сәби жастан домбырада ойнауға үйрете бастаған.
Олардың үлгі тұтар ұстазы
ата-аналары мен музыкалық қабілеті бар адамдар болды.
«Аспапта ойнауға үйрету-көрсету,
жаттығу, естігенін еліктеп қайталау әдістерімен жүзеге асырылып отырды.
Соның ішінде әсіресе, естігенін еліктеп қайталау әдісі баланың
музыкалық есту қабілетінің дамуына, естіген әуенді тез арада қағып алып,
қолма-қол аспапқа түсіріп ойнауына, ұзақ уақыт есте сақтауына септігін тигізеді.
Мысалы, ұстаз аспапты қалай ұстауды, қалай күйін дұрыс келтіруді, оң
қолмен қалай шертуді және сол қолмен пернелерді қалай басу керектігін
көрсеткеннен кейін, бір әуенді немесе шағын музыкалық шығарманы
ойнайды, ал үйренуші сол естіген әуенін, көргенін өз
аспабында қатарласа отырып қайталайды.
Музыканы осылай
жүйелі түрде, дәйекті жаттықтыру, ырғақты
есте сақтау қабілетін дамытып,
сол аспапты еркін меңгеруге
көмектеседі. Өзінің жеке басының үлгісімен
шәкіртін таңдандырып, оның әрбір ойынын талдай отырып, қарапайымнан күрделіге қарай
біртіндеп үйрете келе, «ұстаз» өз шәкіртінің шығармашылық
жағынан өсуін мұқият қадағалап, шеберлігі
мен ойнау дағдыларын жетілдіріп
отырған. Мысалы, А.Жұбановтың айтуынша халық композиторы,
атақты күйші Дина Нұрпейісова
9 жасынан бастап күй шертті,
алғашқы күйлерді ол өз әкесінен естіп,
үйренеді. Ал әкесі домбырада жақсы ойнайтын. 1870 жылы Дина
атақты домбырашы, қазақтың аспаптық музыкасының
негізін салушы Құрманғазымен кездеседі, ол оған орындаушылық
өнердің алғашқы сабақтарын береді. Осылайша
өзінің алғашқы ұстазы
Құрманғазыдан және басқа да белгілі домбырашылардан Д.Нұрпейісова
көптеген күйлерді үйренген.
Музыкалық аспапты сабақта қолданудың
ең негізгі жұмысы – балаға эстетикалық тәрбие
беру және музыкалық қабілеттерін қалыптастыру.
Ұлттық музыкалық аспапты сабақта қолдану
оқушылардың ой-өрісін дамытады, өздігінен жұмыс
жасауды, дұрыс қабылдауды, музыкалық есту
қабілетінің негізгі айырмашылығын ажыратуды үйретеді.
Оның педагогикалық құндылығы – іс жүзінде
алған білімді пайдалану. Ұлттық музыкалық аспапты
сабақта қолдану кезінде балаларда арнайы музыкалық біліммен
бірге, достық сезім, жауапкершілік, ұжымшылдық
қасиеттері қалыптасады.
Егер бұл
мәселеге тереңірек үңілсек, аспапта ойнау
балаларға білім беру мен тәрбиелеудегі маңызды
құрал болып қана қоймай, сонымен қатар ол
баланың қызығушылығын арттыруымен көңіл
аударуындағы негізгі өзгермейтін тәсілдердің бірі болып
табылады. Оқушы білімінің сапалы болуы сабақ
жүйесінде, әр сабақтың ішкі мүмкіндігіне, оларды
ұлттық дәстүрмен ұштастыра білуге,
оқушыларды шығармашылықпен жұмыс істеп, білімдері мен
дағдыларын біліктілікпен дамытуға көмектеседі.
Әдебиет:
1.
Қазақстан
Республикасының «Бiлiм туралы» Заңы. – Астана:
Ақорда, 2007 жылғы шілденің 27-сі. № 319-ІІІ ҚРЗ
2.
Аймауытов Ж. Педагогическое руководство
3.
Ұзақбаева С.А. Тамыры
терең тәрбие. Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқу құралы. - Алматы: «Білім», 1995.